Қызылорда гарнизонындағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің әскери кафедрасында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерінің қатысуымен ашық есік күні өтті.
Шараға Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмат Жақыпов пен «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы, республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әкімжан Төлебай басшылық етті.
Ашық есік күнін өткізудегі басты мақсат – жас буынды әскери кафедраның тыныс-тіршілігімен таныстыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу болды.
Жас патриоттар аумақтағы әскери техникалармен, қару-жарақ түрлерімен танысты. Әскери кафедраның оқу материалдық-техникалық базасы мен оқу-жаттығу және саптық алаңдарын аралады. Кафедра сыныптарындағы жоғары оқу орны студенттерінің әскери дайындық сабақтарына қатысып, атыс дайындығы тренажерлар кешендері мен кафедра кітапханасында болды. Әскери тәжірибелік машықтарды қалыптастырушы лауазымды тұлғалар «Жас сарбаз» тәрбиеленушілерінің әскери қызмет пен дайындық жайлы сұрақтарына жауап беріп, болашақта Отанды қорғауға шақырды.
– Мен осы әскери кафедра жайлы естігенмін. Бірақ, кафедра аумағына кіріп көрген емеспін. Осы аталған шара барысында әскери кафедраны аралап, танысып шықтым. Алған әсерім жоғары. Осындай шаралар көп ұйымдастырылса әскери-патриоттық сананы дамытуға ықпал етері анық, – дейді «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшесі Шахридин Абдраймов.
Ашық сабақ соңында болашақ ел қорғаушы жастар әскери кафедра ұжымы мен ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров