Қала әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда қаладағы ауыл шаруашылық, коммуналдық салалардың жұмысы сараланып, әкімдіктегі кадрлық өзгерістер де назардан тыс қалмады.

Қала әкімінің өкімімен қала әкімінің орынбасары болып тағайындалған Ғ.Еркебай сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы салаларына жетекшілік ететін болады.

Аппараттық жиында қалаға қарасты Белкөл кентінің алдағы жоспарлары пысықталды. Кент әкімі Жасұлан Сәду қала әкіміне жұмыр есебін баяндап, сөзі үшін «бес», ісі үшін төмен деген баға алды. Қала әкімінің де аппараттық жиынға жан-жақты дайындалғаны анық білінді. Бөлім басшыларына тосыннан сұрақтар қойып, олардың жауабымен өзінде бар мәліметтерді салыстырып отырды.

БОДАНОВ БІЛСЕ ДЕ…

Ұйымдастыру бөлімінің жігіттері қаланы аралап, өзекті мәселелерді суретке түсіріп, қағазға толтырып әкім үстеліне ұсынған. Қаладағы мектептердің де жылу маусымына дайын еместігі анықталды. Атап айтқанда 211-ші мектептің құбырларын көрген көпшілік жағасын ұстады. Жарылған, майысқан, ескірген, кетігін сыммен ораған… тағысын тағы. Білім бөлімінің басшысы Боданов бұл жайлы білсе де, қаржы күтіп отырған көрінеді. Сөздің шыны керек, аталған мектептің сай сүйегі сырқырап, ескіргені түрінен білініп тұр. Сәйкесінше құбырларының да құрығаны анық…

ҚАЙНАЗАРОВ ҚЫСҚА ДАЙЫН БА?

Коммуналдық бөлім басшысы Қайназаровтың айтуынша жылу қазандықтары жұмысқа дайын. Қазіргі таңда резервтік мазут отынның қалдығы 3929,3 тоннаны құрайды.

Оның ішінде: – ЖЭО – 2992,8 тн; – Оңтүстік қазандықта – 616,5 тн; – АБМК, Белкөл қазандығында – 32,0 тн; – ҚазалыТеміржолЖылуда – 288 тн. Бұл мазут станциялардың авариялық нормативтік қоры болып сақталуда. Алдағы 2022-2023 жылу беру маусымына қажетті резервтік (10 күндік) мазут отының қоры – 4 133 тонна болып бекітілді. Пәтер жылуы, әлеуметтік нысаннан бөлек, үйінде пеш жағып отырған тұрғындардың да қыста жылы өмір сүруге құқы бар. Әсіресе қалаға қарасты ауылдық округтерге біршама көмір қорлары керек. Қазірде 2022-2023 жылдарға арналған жылу беру маусымы кезеңінде Қызылорда қаласына қажет етілетін қатты отын көлемін шамамен 37 000 тоннаны құрап, әзірге 21000 тонна (57%) қатты отынмен қамтамасыз етілген.

КӨМІРДЕ КҮДІК БАР

Бұдан бөлек, өткен жылы Қызылорда қаласы мен оған қарасты кент және ауылдық округтерде шамамен 3000 тонна қалдық отын қалғандығы анықталды. Бұл дерекке де күмән келтіргендер болды. Қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов ауылдарда қалған көмір мөлшеріне күдікпен қарап, жергілікті әкімдерге өз ауылдарындағы әр тұрғынның қорасында қанша көмір қалғаны туралы ақпаратты талап етті. Көмір қорының жартыға жуығы келгенімен, қалаға жақын аудандардың тұрғындары суық күндері қаладағы көмір қорына «тап» беруге дайын отыр. Көбісі қаладан арзанға алып, ауылдарына қымбатқа сатып кәсіп жасап отыр.

Қалаға қарасты ауылдардағы көмір мөлшерін білсек, қанша көмір керегін әйтеуір жорамалдауға да жол ашылар еді. Түптеп келгенде, жылуға қатысты осындай мәселелер талқыланғанда коммуналдық саланың басшысы Қайназаров терлеп-тепшіп, маңдай терін ауық-ауық сүрте берді.

АЛТЫ АЙ БОЙЫ АЛА АЛМАДЫ

Коммуналдық салаға жақын тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбекке де таяқтың бір ұшы тиді. Газетіміздің өткен нөмірлерінде қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердің өжірелері толғандығы жайлы ақпарат таратқан болатынбыз. Жарты жыл бұрын анықталған бұл жағдай әлі күнге шешілмеген. Асты лас суға толған көппәтерлі үйлердің жартысы ғана бүгінде тазартылса, қалғанында адам бойымен бірдей су деңгейі әлі сақталып отыр. Қала әкімі А.Шәменов Рысбекке де біраз ескертулер жасады. Десе де, бөлім басшысының айтуынша «Қызылорда Тазалығы» мекемесінің қарауына кіретін пәтерлер судан тазарғанымен, өзге жеке серіктестердің су тазартуға мүмкіндігі, техникасы болмай отыр. Мүмкіндігі болмаса несіне пәтерге жауапкершілік алады екен? Қызық…

Жылу маусымы болса жақындап қалды, асты суға толы үйлер азаяр емес. Бұл тұрғыда әлгінде атап өткен әкімдіктің тиісті мамандары үй астын суретке түсіріп, әкім үстеліне ұсынса керек. Көгілдір экраннан көрген суреттің сұмдығы көп еді. Тақырыптан алыстамай, үй асты айтылған екен, асты құрғақ көппәтерлі үйлердің де өзіндік мәселелері бар. Ол – маскүнем, қаңғыбас адамдар болып отыр. Бұл мәселе бойынша да қала әкімі біркездері нақты тапсырма берді. Қалалық полиция басқармасы неліктен шара қолданбай отырғаны белгісіз. Өз сөздеріне сенсек, оларды ұстап, қараусыз азаматтарға арналған түнеу орнына апарғанымен келесі күні олар қайта шығып, үйреншікті мекеніне келеді екен. Қалалық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Құрақбаеваның айтуынша аталған азаматтардың көбісінің туысқандары, жақындары бар. Тек олар ішімдікке салынғандықтан жер-жерді кезіп жүр.

Қала әкімі бұл мәселе бойынша екі жақты татуластыру шарасын болса да қолданып, үй астарын тазартуды тапсырды. Өйткені осындай адамдар өжірелердегі винтельдерді ұрлап, ақшасына ішімдік алады екен. Ол ол ма? Сорақысы кейбірі тұрғындардың мазасын алады.

ӘЗІРБЕКОВ ӘЗІР МЕ?

Бұл мәселені де кеңінен талқылай келе тағы бір сала ауыл шаруашылығына бет бұрдық. Қазірде Қызылорда қаласы бойынша барлығы 9036 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде: негізгі дақыл күріш 3406 гектар, бидай 482 гектар, арпа 5 гектар, қант құмайы 189 гектар, мақсары 70 гектар, көкөніс, картоп, бақша 2823 гектар(картоп 503 га, көкөніс 1330 га, бақша 990 га), жаңа жоңышқа 994 гектарға егілсе, ескі жоңышқа 1067 гектарды құрайды. Күзгі егін жинау жұмыстарына 478 тонна дизель отыны қажет. Қажетті дизель отынынын жеткізуші операторлар болып «РК Мұнай» және «Нефтьтранс – Қызылорда» ЖШС-тері белгіленді. Дизель отынының әр литрі 222 теңгеден сатылуда. Қазіргі нарықта Дизель отынының құны қарыштап кетті. Қарапайым май бекеттерінің өзінде бір литр Дизель 450 теңгеден тұрады. – Менің білуімше, керекті 478 тонна дизелдің бір бөлігі ғана әкелінген. Неге толықтай Дизель отыны алынбаған?-деп қала әкімі ауыл шаруашығы бөлімінің басшысына сұрақ қойды. – Қазірде біз жеке шаруаларға отынды ұсынғанымызбен, олар әлдеқайда арзан жер тауып, ұсыныстан бас тартып отыр,-деді Н.Әзірбек.

Беріп тұрған Дизельден бас тартқан жағдайды қала әкімінің өзі бірінші рет көріп отыр. Әйтеуір ертең отын жетіспеушілігі болып жүрмесін деп ескертті. Сонымен қатар қаламыздағы егін даласында жапондық әдіспен егілген күріштердің өнімділігі көңілге қаяу келтіріп отыр. Су саласының маманы Жорабек Нұрымбетовтың айтуынша жапондық әдісті қоя тұру керек. Себебі, оны толық зерттеп барып, егжей-тегжейлі екпесе еш нәтиже шықпайтын көрінеді.

БЕЛКӨЛДІКТЕР ӘКІМІН КӨРМЕЙДІ?..

Бәрін айт та бірін айт, соңғы қаралған мәселе Белкөл кенті жайлы болды. Айта кету керек, кент әкімі Жасұлан Сәдудің жұмысына қала әкімі төмен баға берді. Сәйкесінше оған тәртіптік шара қарауды тапсырды. Ұйымдастыру бөлімінің жігіттері Белкөлде де болып, біраз ақпарат жинапты. Жергілікті халықпен тілдесіп, кент әкімінің қаншалықты ел-жұртпен жиі кездесетінін сұрапты. Сорақысы сол, көбісі оны танымайды да екен. Қысқасы халықпен байланысы нашар дейді. Кенттегі жарық шамдар, жол белгілерінің бәрі ескіріп, түсі оңып, жарықтары сынып, күйіп кеткен. Бұл кент әкімінің өз жұмысына немқұрайлы қарағанын білдіреді. Сондай-ақ, белкөлдіктердің ширек ғасыр бойы күткен темір жол өткелінің құрылысы басталды деп жар салған болатынбыз. Екі аптадай уақыт бұрын қала әкімі кент тұрғындарымен кездескен кезде бетоны құйылып тұрған өткел әлі де солай тұр. Жарты ай бұрын бетонның үстіне қоятын темір блок Шымкенттен келе жатыр деген еді, әлі жетіп болмай жатыр-ау.

– Мен қазір екі күн сайын сол көпір маңындамын. Мердігерлерге ескерттім. Олар қосымша қаржы қарауды ұсынып отыр,-дейді кент әкімі Ж.Сәду.

– Сіз екі күн емес, сағат сайын қасында жүруіңіз керек. Біз жарты ақысын аудардық. Шымкенттен құрастырып келеді деп еді, не қылған темір екенін сонша уақыт бітпей жүрген,-деді қала әкімі.

– Екі апта бұрын Әбдіқадіров көшесінің аяғында лас су төгетін аумақтың иісінен тұрғындар зардап шегіп отырғанын айтқан болатын. Кеше көрдік. Әлі тұр. Онымен қоса кенттегі темір жолдың арғы бетінде тұратын тұрғындар сіздің мүлде бой көрсетпейтініңізді айтуда. Кенттегі ескерткіштердің әріптері де қисық, көше белгілері майысқан. Қаржы керек етпейді. Соны түзеп қоюға болады ғой. Салықтан да, жұмысқа орналасу деңгейінен де сізде бірнеше қателіктер бар,-деді қала әкімі.

Белкөлдегі темір жол бойынан «Марал-Нұр» мекемесі 4 миллиард қаржыға вагон жөндеу орнын ашпақ. Нәтижесінде 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылады екен. Бұл – өте жақсы жаңалық. Аталған мекеме кентке медресе салып беріп жатыр.

Қысқасы, талқыланған мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. Сынның астында қалған басшылар көп болды. Олардың жұмыс нәтижесін уақыт көрсетер…

Дамир АМАНГЕЛДІ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған