Облыста кәсіпкерлік саласын қолдау бағытындағы шаралар биылғы жылы да жүйелі түрде жалғасын табуда.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жеңілдікпен несие беру құралына 5,2 млрд. теңге, ал кәсіпкерлік бастамалар үшін мемлекеттік гранттар беруге 4,8 млрд. теңге қаржы қарастырылып отыр.
Мемлекеттік гранттар 2 бағытта беріледі. Бірінші, облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы 400 айлық есептік көрсеткішке дейін жұмыссыз азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларына, екінші 5 млн. теңгеге дейін шағын кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларына беріледі.
Биылғы жылы бұл бағытқа облыста 120 млн. теңге қаржы қаралған. Оның 70 млн. теңгесі кәсіпкерлік қызметіне 3 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі азаматтардың жаңашыл бизнес-идеяларына бағытталатын болады.
Сонымен қатар жалпы бөлінген қаражаттың 20 пайызы (24 млн.теңге)халықтың әлеуметтік осал тобындағы азаматтарға берілетін болады.
Жаңашыл бизнес-идея деп – бұрын қолданыста болмаған материалдарды, технологиялар мен әдістерді пайдалана отырып, тауарлар шығаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстар орындауды көздейтін нақты жобаны іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастаманы айтады.
Ережемен экономиканың басым секторларының тізбесі бекітілген. Оған агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз, құрылыс материалдарының, металл өнімдерінің, өңдеу өнеркәсібінің өндірістері мен қызмет көрсетудің кейбір салаларыенгізілген.
Осы тізбеге сәйкес кәсіпкерлік қызметіне 3 жыл толмаған шағын кәсіпкерлер өздерінің бизнес-идеяларымен конкурсқа қатыса алады.
Жобаны іске асыру үшін грант сомасының кемінде 10 пайыз көлемінде бірлесіп қаржыландыруы, жұмыс орындарын құруы міндетті шарт болып табылады.
Бизнес-идеяның жаңашылдығы, грант сомасының кемінде 10 пайыз көлемінде бірлесіп қаржыландыруы халықтың әлеуметтік осал тобындағы азаматтарынан талап етілмейді.
Осал топтағы азаматтардың тізімі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабымен айқындалған (мүгедектер, атақ берілген көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, қандастар, ұлы отан соғысының ардагарлері, оған теңестірілген азаматтар, т.б.).
Грант қаражаты негізгі құралдарды, шикізат пен материалдарды, материалдық емес активтерді, технологияларды сатып алуға, кешендi кәсiпкерлiк лицензияға (франчайзинг) құқықтарды сатып алуға, зерттеу жұмыстарымен, жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығыстарға пайдалынылады.
Әрине, грант қаражатын пайдалануға болмайтын жағдайлары да бар. Мәселен, жылжымайтын мүлікті, жер учаскесін сатып алуға, жалдау ақысын төлеуге, бұрын қолданыста болған негізгі құралдарды (жабдықтарды), жеңіл автокөлікті сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын (ірі/ұсақ қара малды, құсты, бал арасын, сондай-ақ өзге де ауыл шаруашылығы жануарларын) сатып алуға тыйым салынған.
Мемлекеттік гранттар – салықтар мен мемлекеттік бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша, кредиттік тарихына сәйкес қаржылық міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешегі барларға, сондай-ақ бұған дейінгі конкурсқа қатысып, грант қаржысын алғандарға берілмейді.
Бұл талаптар Үкіметтің қаулысымен қабылданған арнайы Қағидамен бекітілген.
Осы Қағидаға сәйкес 1 тамыздан бастап конкурстық іріктеуге құжат қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Құжаттар 19 тамызды қоса алғанға дейінгі мерзімде qoldau.kz платформасы арқылы электронды түрде қабылданады.
Жобаларға грант қаражаттары – конкурстық іріктеу нәтижесімен беріледі.
Жаңа бағыттарда кәсіптерін іске қосуға бет бұрған, жаңашыл өндірістерді іске қосуды көздейтін өңір кәсіпкерлерін конкурстық іріктеуге қатысуға болады.