QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

УӘДЕ БЕРСЕМ ОРЫНДАЙМЫН!

Автор:QAA.kz

Авг 5, 2021

VII шақырылымдағы Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Нұрлан ТҰРҒАНБАЕВ: УӘДЕ БЕРСЕМ ОРЫНДАЙМЫН!

«Еңбегімізді халық бағалайды» деген қағиданы ұстанған депутаттардың бірі – Нұрлан Тұрғанбаев. Ол жеке кәсіппен айналысқанда да, депутат болғанға дейін де көпшіліктің шарапатына ие болды. Бүгінде халық қалаулыларының бірі болған ол тұрғындардың әлеуметтік, жеке бас мәселелерін алға тартып келеді. Сөзге емес іске мығым болуды жөн санаған депутатпен тілдесіп, атқарып жатқан жұмыстарын білдік.

— «Nur Otan» партиясы ұсынған сайлауалды бағдарлама бойынша бүгінге дейін қала көлемінде қандай жұмыстардың атқарылуына себепкер болдыңыз?

— «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Кедергісіз келешек», «Жастар Отанға!» және «Халыққа көмек» жобалары аясында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында мекемелер мен жеке ойын-сауық орталықтарында пандус мәселелері бойынша рейд жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, анықталған мәселелер өз шешімдерін табуда. Сонымен қатар «Шанхай» мөлтек ауданындағы О.Исаев көшесіне тас жол төсеу, Асфендияров көшесін жарықтандыру, ауыз су және тағы басқа да мәселелерді қала басшылығына ұсынып, мәселелердің шешілуіне атсалысудамын.

— Сессия отырыстарында депутат ретінде қандай ұсыныстар, сауалдар жолдадыңыз?

 — Қызылорда қалалық мәслихатының сессиясында қала көлемінде тұрғындар ренішін тудырған мәселелерді көтеріп келемін. Яғни, маған қарасты «Шанхай» мөлтек ауданы тұрғындарының талаптілектеріне байланысты аймақты абаттандыру, жарықтандыру және жол мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті депутаттық сауал жолдап, оның шешілу жолдары қарастырылуда. Тұрғындарды алаңдатқан басты мәселе – темір жол вокзалынан Шанхай мөлтек ауданына қарай өтетін жаяу жүргіншілер көпірінен өткендегі Қаржаубаев көшесін жарықтандыру мен жол мәселесі. Сондай-ақ халық аузында ескі переезд аталып кеткен Жанқожа батыр көшесіндегі темір жол өткеліне көпір салу мәселесі тиісті сала мамандарына депутаттық сауал ретінде жолданды.

— Бұл сіздің тәжірибеңіздегі депутаттық мандатқа алғаш ие болуыңыз. Жауапкершілік жүгін қаншалықты сезініп келесіз?

— Әрдайым өтірік сөйлемеуге тырысамын және қолымнан келмейтін нәрсеге уәде бермеймін. Уәде берсем орындаймын. Бастаған істің сапалы орындалуын қадағалауға көп мән беремін. Біз депутат болған соң халыққа қажетті мәселені шешіп беруге мүмкіндік мол. Жауапкершіліктің бір дәлелі деп тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жасалған жұмыстарды айтар едім.

 — Осыған дейін қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытушы ма едіңіз?

 — Жеке кәсіппен айналысқаннан кейін қоғамдық жұмыстарға көп уақыт бөле алмасам да тұрақты түрде қайырымдылық шаралардың, жастардың барлық бастамаларының жүзеге асуына және түрлі бағыттағы көптеген спорттық мәдени іс-шаралардың өтуіне атсалысып жүреміз.

— Жасыратыны жоқ, сессия отырыстарында және қабылдауларда ғана төбе көрсететін депутаттар бар. Өзіңіздің жұмысыңызды қалай бағалайсыз?

— Көпке топырақ шашпаймын. Әрбір депутаттың міндеті – халықтың сенімін ақтау. Қазіргі таңда тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын барынша жақсарту үшін жұмыс жасалуда. Депутатқа бағаны халық береді.

 — Жеке кәсіпкерсіз. Әріптестеріңіздің арасында кәсіппен айналысатындар жеткілікті. Олар қалаға қатысты қандай да бір шаруаның оң бағытта шешім табуына қолдау көрсетеді. Өзіңіз мұндай игі қадамдарға қаншалықты жақынсыз? Жалпы, қолыңыз ашық па?

— Әрине, адамгершілік тұрғысынан да мүмкіндігі шектеулі жандарға, мұқтаж жандарға қолдан келгенше көмектесуге тырысамын. Материалдық, моральдық тұрғыдан да. Ондай жандардың алғысын алғанға не жетсін?!

 — Өзіңізге тиесілі аумақтың тұрғындарымен қаншалықты байланыстасыз? Шағым естисіз бе, әлде алғыс па?

— Маған тиесілі «Шанхай» мөлтек ауданының тұрғындарымен жиі кездесіп, жеке қоғамдық қабылдауларда түрлі мәселелерді алға тартып, әлеуметтік желілерде де байланысып тұрамын. Тұрғындардың барлығына бірдей жағу мүмкін емес. Жасырып не істейін, шағым да естіп тұрамын. Алайда, басым көпшілігі әрдайым алғыс айтып жатады.

 — Өзіңіздің мұрындық болуыңызбен олардың қандай мәселелері шешім табуда?

 — Бағана айтып өткенімдей, тұрғындарды алаңдатқан басты мәселе — темір жол вокзалынан Шанхай мөлтек ауданына қарай өтетін жаяу жүргіншілер көпірінен өткендегі Қаржаубаев көшесін жарықтандыру мен жол мәселесі басты назарда. Бұл туралы қала басшылығына да депутаттық сауал жолдап, мәселенің оң шешім табуына жұмыстар жасап жатырмын. Сонымен қатар тұрғындардың жеке басына қатысты мәселелер де оң шешімдерін табуда.

— Әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы көпшілікпен жиі байланысқа түсетін депутаттардың бірісіз. Мұнан нендей нәтиже?

— Қәзіргі таңда көптеген адамдар әлеуметтік желілерді белсенді қолданады және сауалдарын да жолдап отыратыны белгілі. Сондықтан мен де «Facebook» желісі арқылы тікелей эфирге шығып тұрамын. Тікелей эфирде қозғалған мәселелер бақылауымда. Эфир біткеннен кейін де олармен жекелей байланысып, мәселелерінің шешілуіне оң ықпал етемін. Әлеуметтік желінің басты пайдасы — уақыт үнемдеу. Көптеген уақытым іс-сапарда болғаннан кейін, онлайн түрде тұрғындармен байланыста боламын.

 — Қалай ойлайсыз, депутат абыройы немен өлшенеді? Өзіңізді сол биіктемін деп ойлайсыз ба?

— Депутаттың абыройлы болуы – елдің сенімі. Депутат болу ол тек халық қалаулысы деген атақ емес, ол елге деген құрмет, білім мен тәжірибе, іскерлік қабілетпен келетін абы­рой. Біздің күнделікті өмірімізде жетістіктермен қатар, толық шешімін таба алмай жатқан мәселелер аз емес. Сондықтан әлеуметтік мәселелер, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықты жою жайы халық қалаулыларының үнемі басты назарында. Бұл міндеттерді кіршіксіз атқару – депутаттың абыройы деп есептеймін.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *