QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ТАБИҒАТЫМНАН ЖАЙБАСАР ЕМЕСПІН…

Автор:QAA.kz

Авг 12, 2021

VII шақырылымдағы Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты
Айгүл МҰСАБАЕВА: ТАБИҒАТЫМНАН ЖАЙБАСАР ЕМЕСПІН…

Әркім де өз ісіне жауапкершілікпен қараса, оған артылар сенім де аз болмасы айқын. Бүгінгі күнде қоғамда белсенділік танытып, әр тұрғынның базынасын тыңдап, бабын табу да депутат үшін негізгі міндеттердің бірі болса керек. Одан қалды мектеп басшысы ретінде баламен, ата-анамен және ұстаздармен жақсы байланыс орната білу де салмағы басым жұмыс. Білім саласының қызметкері және халық қалаулысы ретінде, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып жүргендердің бірі, VII шақырылымдағы Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты – Айгүл Мұсабаева.

— Қала бойынша биылғы оқу жылына дайындық жұмыстары қалай жүзеге асуда?

— Оқу жылы өзіндік жаңалықтарымен бастау алмақ. Мәселен, бірінші сыныпқа қабылдау жұмыстары сәуір айынан басталды. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде 1-сәуір мен 1-тамыз аралығында құжаттарды қабылдау электронды бағытта жүзеге асты. Бұрын мектепке бала қабылдау қағаз жүзінде болса, енді бүгінде ата-анаға қолжетімді мемлекеттік қызмет көрсету стандарты негізінде WWW. EGOV.KZ порталы арқылы орындалады. Нәтижесінде, қала бойынша 6927 оқушы жаңа технология әдісімен қабылданды. Бұл біздегі алғашқы өзгерістердің бірі. Атаана мекемелерді жағалап әуреленбей, үйде отырып ғаламтордың көмегімен өтініш бере алады. Тағы бір қуантарлығы, атааналар мен мұғалімдер қағазбастылықтан арылды. Мектепке қабылдау үшін сұралатын құжаттар тізіміне өзгерістер енді. Одан кейінгі өзгерістердің бірі деп бала денсаулығы мен қауіпсіздігіне басымдық берілуін атауға болады. Осы кезге дейін білім беру мекемелерін кезекші бақыласа, енді арнайы күзет агенттіктеріне тапсырылмақ. Қала бойынша 42 мектеп, қалаға қарасты ауылдық округтерде 13 білім беру мекемесі бар. Барлығы 55 мектеп күзет агенттіктерімен келісімшарт негізіндеондағы адамдардың қауіпсіздігіне жіті мән берілмек. Сондай-ақ, қала бойынша мектептерге турникет қойылмақ. Одан кейінгі өзгешелік – ұстаздардың апталық оқу жүктемесінің 16 сағат болып бекітілуі.Нәтижесінде, мұғалiмдердiң ғылыми жұмыстарына уақыт бөлуге, ізденуге, әр баланың деңгейіне байланысты жеке жұмыс істей алуларына үлкен мүмкіндік туындап отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, оқу бағдарламалары, типтік оқу жоспарын белгілеп, жоспарларымызды нақтылап бекітіп отырмыз. Бірнеше жылдан бері қоғамда, ұстаздар арасында талқыланып жүрген мәселе – педагогтің мәртебесі мен әлеуметтік жағдайы болатын. Бүгінде ұстаздардың жалақысы көбейіп, жүктемесі азайтылды. Мемлекет басшысының дәстүрлі халыққа Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, соңғы екі жылда 50 пайызға көбейсе, 2022 жылдың қаңтар айынан бастаптағы 25 пайызға артпақ. Одан өзге қалаға қарастыбілім беру мекемелері 3Д форматта жұмыс істейтін STEM панельдермен, MOZABOOK интерактивті бағдарламасымен, BILIMLAND, ONLINE MEKTEP интернет платформаларымен және жаратылыстану пәндері бойынша заманауи-виртуалды зертхана, космо-робототехника, анимациялық кабинеттерімен жабдықталып, оқу бағдарламаларын игертуде толыққанды жұмыс жасауда. Бұл баланың оқу процесіндегі тиімділігін және электронды сауаттылықтарын арттырмақ. Ал педагогтар үздіксіз білім беруді дамытумен бірге оқытудың жаңа технологиясы-киберпедагогика және қашықтан оқыту методологиясы әдіс-тәсілін игеруде. Тиімділігі – бағдарламаға сәйкес сабақтардың жинақталуында. Бұл – осы салаға негізделген жаңалықтар жиынтығы.

— Білуімше, әр мектепте ғылыми орталықтар ашылмақшы екен?

— Біз оқушыларымызға тек білімді ғана игертпейміз. Бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу мақсатында жан-жақты болуға басымдық береміз. Ұстаздардың өзі үнемі ізденісте болуы керек. Өйткені, салаға қойылар талап уақытқа сәйкес өзгере береді. Мен әріптестеріме, мектепте жұмыс істейтін ұстаздарға көштен қалмай, заманға сәйкес бағыттарды әркез меңгеру керектігін айта жүремін. Ұстаздарымыз қосымша білім беру бағытына да басымдық беруде. Өзім басқаратын мектепке тоқталар болсам, ғылыми зерттеу жұмыстары жолға қойылған. Ғылыми зерттеу бағыты бойынша 6 кіші мектеп, 18 ғылыми-әлеуметтік жобалар бар. Мектебімізде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1 институт және 2 кафедра филиалдары ашылған. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында, университеттің профессор оқытушыларының ғылыми жетекшілігі негізінде «SCINCE FACTORY» ғылыми-зерттеу орталығын аштық. Мұнда қалаға қарасты мектептерден ғылымға қызығушылығы бар дарынды, талантты оқушыларды жинақтап, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындап, кәсіби бағыт-бағдар беруді жүзеге асырамыз. Олар бұл жақта жобаларының тақырыбын, бағытын, ғылыми жетекшілерін бекітеді. Сөйтіп, теория бойынша меңгерген білімдерін практика жүзінде орындауға күш салады. Өзім де балалардың ғылыми ізденіс жұмыстарына басшылық жасап отырамын. Осы қызметіме дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 20 жыл дәріс оқыдым. Тарих ғылымдарының кандидатымын, доцентпін.

— Мектеп директорларының лигасы құрылғаны белгілі. Бұндағы мақсат не?

— Республика бойынша «Серіктес директорлар лигасы» ең алғаш болып Қызылорда қаласында құрылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Бақтыбайқызының басшылығымен жүзеге асты. Лиганың құрамында облыс бойынша 22 мектеп бар.️ «Серіктес директорлар» лигасы білім беру саласындағы жаңа пікір, жаңа көзқарас, жаңа қарым-қатынас яғни, білім беру саласындағы басшыға деген қоғамның көзқарасын оң пікірге қалыптастыру бағытында ұйымдастырылған үлкен жоба. Лига жұмысы аясында 22 мектепке бағыттар бөлініп беріліп, біздің мектеп әлеуметтік ғылыми жобалар бағытында жұмыстар жасады. Жұмыстарымыздың алғашқы ашық-алаң таныстырылымын лига аясында енгізілген жаңа идея, жаңа әдіс, жаңа технология венчур жүйесін енгізу арқылы көрсеттік. Мектебіміздегі 6 кіші мектеп жұмыстарымен таныстыра отырып, «Жасыл ғаламшар» кіші мектебінің «Green study» жылыжай ғылыми-зерттеу орталығын аштық. Сонымен бірге лига барысында TedX форматында қорғалған венчурді дамыту теориялық жобамызды практикада ең алғашқылардың бірі болып білім беру саласына, оның ішінде мектебімізге енгізіп, Метеорология ғылыми-зерттеу алаңын аштық. «Серіктес директорлар» лигасы — білім беру саласын жаңғырту, мектеп басшыларын жаңа форматта басқару, ұйымдастыру бағытында берері мол ұйым. Көп өзгерістер, жаңа бастама, жаңа қадам еңгізе отырып өз жұмыстарымызбен бөлісеміз. Лига бағыттарының негізгі мақсаты — мектептердің, көшбасшылардың жаңа моделін жасақтап, нәтижесінде ірі үлкен жобаларды жүзеге асыру болып табылады. Лига жұмысы барысында әріптестерімізбен бірлесіп, тәжірибе алмасып, бірнеше бағыттарда жаңа форматта жұмыс жасағанымыз үшін алғыс білдіремін.

— Қала көлемінде білім саласына қатысты қандай түйткілді мәселелер бар?

— Әрине, кез келген салада мәселелердің болары хақ. Ең бастысы сол сәтте туындаған кез келген проблеманы уақытылы реттеп, алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіліп отыру керек. Менің ойымша, қазіргі жағдайда аса алаңдататын мәселе жоқ деп ойлаймын. — Биылғы оқу жылында мектеп формасы басты талап емес делінді. Мұнан басқа оқушыларға қандай қолдау бар? — Иә,келісемін. Әйткенмен, классикалық үлгідегі мектеп формасы болуы керек. Министрдің талабы солай. Ол да дұрыс. Форма деп эпидахуалға қарамастан атааналар мен балалар базар аралап кетсе ол да жөнсіз. Одан қалды әлеуметтік теңсіздік те бар. Менің ойымша, оқушылар қызылды-жасылды әртүрлі киіммен емес, классикалық үлгідегі формамен жүргендері дұрыс. Мемлекеттен бөлінген қаржы арқылы және демеушілік қор есебінен әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Қала бойынша оқушының 25 пайызы оқу құралдарымен, оқу формасымен және ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

— Қала көлеміндегі мектептерде оқулық жетіспеушілігі орын алуда ма?

— Бірінші сынып оқушыларына тиесілі кітаптар биыл толығымен жаңартылды. Қала бойынша білім беру мекемелерінде қажетті оқулықтар нақтыланып, сұраныс беріліп, толық қамтамасыз етілді. Тамыз айының басында қала бойынша оқулықтар толық таратылды. Оқулықтар жетіспеушілігі орын алған жоқ.

— Қалалық мәслихат депутаты ретінде білім саласына тиесілі қандай мәселелерді алға тартып келесіз?

— Қаңтар айынан бастап қалалық білім беру саласына қаралатын 29 млрд 652 мың тг қаржы облыстық бюджетке өтті. Осы ретте қаржыны бөлу кезеңінде қордаланған бірнеше мәселелер, атап айтқанда балабақшалар мен мектептердің ағымдағы күрделі жөндеуі, 6 қала мектебінің дизель отыннан көгілдір отынға алмастырудағы жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге және сараптамадан өткізу жұмыстарын назарға алып, Облыстық мәслихат жанындағы бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына қалалық мәслихат депутаттарын қосуды ұсындым. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды оқыту, тәрбиелеу, дамыту және әлеуметтік бейімдеу ерекшеліктерін ескере отырып олардың атааналарын да назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Сала аралық байланыс орната отырып ата-аналарға қолдау білдіру, бейімдеу, құқықтық, психологиялық, әлеуметтік, экономикалық көмек беру керекпіз. Қазіргі таңда қала мектептерінде арнайы білім беру бағдарламасымен ерекше білім беру қажеттілігі бар 2000-нан астам оқушы білім алуда. Бұл балаларға мектептердің барлығынан коррекциялық-педагогикалықпсихологиялық орталықтар ашылуы тиіс. Сонымен бірге инклюзивті білім беру үшін кадрлар мен оқу-әдістемелік база жеткіліксіз, ерекше оқытуды қажет ететін балаларды кәсіпалды және кәсіби даярлау шарттары жеткіліксіз құрылған.Мен көтерген мәселенің бірі осы болды. Одан кейін барлық білім беру мекемелерінен «Отбасы мектебін» құруды ұсындым. Бұл бір реттік шара емес, жүйеленген, жыл көлемінде жүзеге асатын жұмыс түрі болып қалыптасуы қажет. Қызылорда қаласы әкімі жанынан құрылған қалалық үйлестіру кеңесі көмегіне жүгініп, кеңес құрамындағы қоғамда өз орны, айтар ойы бар көпбалалы аналар, еңбек ардагерлері, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділерінің қатысуымен кездесулер, дөңгелек үстелдер, шебер сыныптар өткізілуі керек.

— Мектептерде орын жетіспеушілігі әлі де бар. Соған сәйкес білім ошақтарының саны да көбеюде. Алайда, бұл күрделі мәселе шешімін табар емес… Сіздің ойыңызша қайтпек керек?

— Бұл мәселе «Nur Otan» партиясы тарапынан ұсынылған сайлауалды бағдарламада қамтылған болатын. Атап өтер болсақ, қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округінде 600 орындық, сол жағалауда 900 орындық екі мектеп, Арай, СПМК да 600 орындық, Саяхатта 300 орындық мектеп салынады деп жоспарланған болатын. Барлығы 6 мектеп салынуы керек. Енді осы оқу жылында Саяхаттағы 300 орындық мектеп пайдалануға беріліп жатыр. Қалғаны уақыттың еншісінде. Осы құрылыстың қарқыны белең алса, сіз айтқан мәселе де шешім табады деген сенімдемін.

— Өзіңіз мүшелік ететін партия тарапынан ұсынылған сайлауалды бағдарлама бойынша мұнан өзге қандай проблемалар шешім табуда?

-Инклю­зивті білім беруге, ұстаздардың біліктіліктерін арттыру курстарына басымдық берілуде. Мектептерге тиесілі 10 спорт алаңы салынады деп жоспарлануда. Негізі 45 деп жоспарланса, биыл 10-ы салынбақ. Бұл тек білім саласына бағытталған жұмыстар жоспары ғана.

— Қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлымен де кездестіңіз. Қандай мәселелерді алға тарттыңыз?

— Қала әкімімен екі мәрте кездесіп, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы және партиялық жобалардың орындалуын жүзеге асыру мақсатында ойларымызды ортаға салдық. Кездесуде өз тарапымнан бірнеше мәселелерді көтердім. Мәселен, шағын, орта бизнесті қолдау. «Бизнес жол картасы — 2025», «Бастау бизнес» жобаларын үйлестіру мақсатында, яғни, қайтарымсыз несиені әр тұлғаға 500 000 теңгеден емес, топтастырып 10 кәсіпкерге 5 000 000 теңгеден берсе табысқа қол жеткізу жүйесі нақтырақ жұмыс жасайды. Көрсетілген қаржыға тігін цехын, шаштараз, кондитер цехы, құрылыс цехы т.б кәсіпорындары ашылса тұрақты жұмыс орны болып, мемлекетке тұрақты салық көзі түсіп, халықтың кәсіпке бейімделіп, әл-ауқатының жақсаруы орын алады. Сондай-ақ, Баламекен, Шанхай, Титов, КБИ, Белкөл мөлтек аудандары тұрғындарына жылжымалы мәдени шаралар ұйымдастырып өткізу қажеттілігін көтердім. Шет аймақтағы қала тұрғындары үшін кешкілік уақытта балаларымен орталыққа келіп-кету қиындық туғызады. Сол себепті мәдени шараларды түрлі орындарда өткізу тиімді болмақ. Сосын қала жастарының бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізудегі көтерілген келесі мәселе бұл Қорқыт ата кешені жанындағы амфитеатрды жандандыру. Жастардың жиналатын тағы бір орны ретінде тиімді пайдалана отырып жастар аллеясын ашуды ұсындым. Бүгінгі күні әлеуметтік желі, сессия, жылжымалы тұрақты комиссия отырысы, рейдтік жұмыстар кезінде қоғамдық көлік мәселесі көтеріліп, нақты жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдық көліктердің тазалығы сынды мәселелер айтылды. Кездесуде жылу мәселесі де көтерілді. Шұғыла мөлтек ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерге қайта жаңғырту жұмыстарын сапалы жүргізуді ұсындым. Шоқай көшелері қиылысындағы Қызылорда қаласының балансындағы 30 сотық бос жер телімін тиімді пайдаланып, мөлтек аудан тұрғындары игілігіне ортақ пайдалануға арналған спорт және демалыс алаңын салу керектігін жеткіздім. Қала бюджетінің үнемделген қаржы есебінен қаланың шет аймақтарына салыну жоспарланған спорт алаңдары қатарына осы ұсынысымды да қосуды сұрадым. Кездесу барысында қала әкімі айтылған әр ұсынысты назарға алатынын жеткізді.

— Сізге бөлінген аумақ Шұғыла мөлтек ауданы ма?

— Иә, Шұғыла мөлтек ауданы. Ондағы тұрғындармен кездесу барысында және жылжымалы тұрақты комиссия отырыстарын ұйымдастырып, алаңдатқан мәселелерін білдім. «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы мен қалалық мәслихат ғимараттарында бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды жеке қоғамдық қабылдаулар өткіземіз. Әртүрлі мәселелер ретімен шешім тауып келеді.

— «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл жөніндегі» Кеңестің төрағасы болып бекітілдіңіз. Бұл бағытта қандай шаруалар жасалуда?

— Кеңес мүшелерімен бірлесіп, нормативті-құқықтық құжаттарды негізге ала отырып, сыбайлас жемқорлықты алдын алу бағытында ішкі талдау, зерделеу, ұсынымдар беру арқылы біріге жұмыс жасаймыз. «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы жанындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі» Кеңестің жоспарына сәйкес, шет аймақта орналасқан қалалық №4,5 емхана және 6 емхананың филиалы ұжымымен кеңестің көшпелі отырысын өткізіп, 2020 жылғы бюджеттің игерілуі бойынша атқарылған жұмыстар және бөлінген қаржының көлемі, нәтижелері, мемлекеттік-медициналық қызмет көрсетудің сапасына қоғамдық бақылау, «Қолайлы орта» қалыптасу тұжырымдамасына зерделеу, «Д» есепте тұратын науқастарға тегін дәрі-дәрмектердің берілу және таратылу ережесіне сәйкес орындалуына мониторинг жүргізілді.

— Депутатсыз, мектеп директорысыз. Әрбірінің жауапкершілігі де, жүгі де ауыр. Үйдегі әйелдік міндет те бар. Үлгерім қалай?

— Ең бірінші мен әйелмін, анамын. Сосын ғана басшы, депутат ретінде қызметтерім жалғаса береді. Алдымен үйдегі яғни отбасылық міндетімді орындауым керек. Табиғатымнан жайбасар емеспін. Үйдегі және қоғамдағы міндетімді абыроймен атқаруға, үлгеруге әрдайым тырысамын.

— Жасыратыны жоқ, әртүрлі мақсатты негізге алып, депутат болуды көздейтіндер жоқ емес. Сіздің халық қалаулыларының бірі болудағы басты мақсатыңыз қандай болды?

— Облыстық Білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің ұсынуымен, «Сәулет» бастауыш партиясының атынан,партиялық жаңа жоба праймеризге қатысып, халықтың, ұжымның қолдауы және сенімінің арқасында депутаттық мандатқа ие болдым. Отбасымның қолдауы да үлкен септігін тигізді десем де болады. Атаққұмарлық не қандай да бір негізсіз жоспармен депутат болғаным жоқ. Қала тұрғындарын толғандырған әртүрлі мәселелердің ретімен шешім табуына үлес қоссам деген мақсат болды. Атап айтар болсақ, білім саласына тиесілі проблемаларды көтеріп, аталған бағыттың қала бойынша дамуына үлес қосуды көздедім. Ұстаздардың білім берудегі мәртебесін арттыруды, Педагогтер династиясына мотивация жасау арқылы мамандарды қолдаудың жаңа моделін жасау тетіктерін қарастыруға, Білім беру мекемелеріндегі Қамқоршылық және Әдеп кеңестерінің жұмысын жүйелендіріп, құқықтық мәдениет және сана бағытында жұмысын жетілдіруге, «Жас ғалым» жобасы аясында білім беруді қаржыландыру көлемін 6 есеге, ғылымды қаржыландыруды 7 есе өсіруге, жаңа мамандықтар бойынша ерте жастан кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізу – менің сайлауға түсер алдындағы бағдарламам болатын. Бүгінде осы және өзге де бағыттар бойынша өз міндетімді орындап келемін.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *