QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ТӘТТІ НАННЫҢ ТӘТТІ ЖЕМІСІ

Автор:QAA.kz

Июл 29, 2021

Белкөлдің орталығында дүкендер көп. Осының арасынан торт цехының да жұмысын байқамау мүмкін емес. Жергілікті халыққа торт деп айтсаң болды, барлығы қолдарын Бақыткүл Романованың торт цехіне қарап шошайтады. Кенттің жергілікті бренді дерсің. Жеке кәсіпкер Бақыткүл Романова 2020 жылы «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 2,5 млн теңгеге кондитерлік цехтың құралжабдықтарын сатып алуға және «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында, «Өңірлік инвестиция орталығы» арқылы 8 млн. теңге кондитерлік цех ғимаратын сатып алуға несие алып жұмыс жасауда.

— Кәсіп бастау үшін қандай көмек керек еді?

 — Мен үкіметтен қаржы сұрағым келмеді. Өз қаржыммен өзім бастадым. Бір күні өнімдерімді таныстырып, жергілікті халыққа көрсету мақсатында жәрмеңкеге бардым. Сол жақта кәсіпкерлік саласымен айналысатын басшы біздің өнімнің дәмін татып, қызығушылық туғызды. Өңірлік инвестиция орталығы арқылы қаржы алып, ғимарат сатып алдық. Оның алдында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 2,5 миллион теңге несие алдым. Осылайша өз кәсібімді дөңгелетіп отырдым. Бірақ ол кезде, мен жалдамалы ғимаратта отыратынмын. Одан кейін жаңа айтып өткенімдей 8 миллион теңге несие алып, жеке тұрғын үй сатып алып, жөндеу жұмыстарын жасап, кондитерлік цехқа айналдырдым.

 — Ішіндегі жабдықтардың бағасы қымбат, бұлардың барлығына қаржыны қайдан таптыңыз?

 — Өзімнің жерім, үйім бар еді. Солардың барлығын сатып, барлық қаржыны осы кәсібіме құйдым.

— Қазіргі таңда қанша адамды жұмыспен қамтудасыз?

— Цехте 8 адам жұмыс жасайды. Олардың ішінде кондитерлік өнім жасаудан хабары бар, тілін білетін адамдар бар. Сондай-ақ, студент болайын деп тұрған мамандар да бар.

— Кондитерлік істі шығармашылық мамандыққа жақындатуға болады. Торт жасауға деген идеяны қайдан аласыз?

 — Әрине, шығармашылық жұмыс екені шындық. Біздің қалаға араға уақыт сала үлкен қалалардан мықты аспаздар, кондитерлер атбасын бұрып, мастер класстарын, дәрістерін өткізіп тұрады. Сырт жақтың идеяларын өз өңірімізге әкеліп, біраз нәрсені үйренудеміз.

— Ең алдымен кондитерлік іспен шұғылданғысы келетін адамға не керек?

 — Миксер керек, пеш керек. Үй жағдайында пісіруге осылар да жеткілікті. Өзім болсам, ең басында асханаларда, цехтерда жұмыс жасап біраз нәрсе меңгердім.

 — Қазіргі таңда кондитерлік цехта қанша өнім түрі бар?

 — Шамамен 30 өнім түрі бар. Соңғы уақытта қара нан, бөлішке шығарамыз. Сұраныс өте жақсы. Әсіресе торттар ел-жұртқа ұнайды.

— Бұны отбасылық кәсіп ретінде қарастыра аламыз ба?

— Жолдасымның өзі жұмысын тастап, осы салаға бет бұрды. Бұны отбасылық кәсіп ретінде қарастыра аламыз.

 — Торттардың орташа бағасы қанша?

— Торттар 8000 теңгеден де бар. 25000 теңгеге дейін бара береді. Тойға да тапсырыс алып, торттан бөлек өзге де кондитерік өнім түрлерін, самса және тағы басқа дәмділер әзірлейміз. Бір торттың өзін бірнеше адам бірлесе жасайды. Менің ойымша, барлығымыз біріксек, үлкен тортты бір сағатта-ақ жасай аламыз. Бір адам бисквитін әзірлейді, сыртқы әлпеті бар және тағы басқа дегендей.

— Тортқа қолданатын заттарды қайдан аласыздар?

— Жергілікті базарлардан аламыз. Тортқа болсын, өзге де кондитерлік өнімдерге барлық заттарды сол жақтан аламыз. Ал жаңа жыл секілді мейрам күндері біраз зат қымбаттайды. Сұраныс та жоғары болады. Сәйкесінше біраз өнім керек болады. Ондай жағдайда көрші Түркістанға да барып, бірден біраз зат алып келеміз.

Торт дегенде…

Жалпы торт бағасының тең жартысына тәтті нанға керекті азық-түліктер алынады. Өз-өзін ақтаса да жарар еді дерсің… Белкөлдің өзінде осындай цех біреу ғана. Ал белкөлдіктердің өзі осы цехтан шәй-пәйіне тәтті нандар алып тұратын көрінеді. Бір Белкөлде мұндай цех ашып күн көру оңай емес. Сондықтан, кәсіпкер Бақыткүл Романова қаладағы дүкендермен де, аймақтағы өзге де дүкендермен де тағыз байланыста. Оның өнімдері бүгінгі күні біраз аудандарға да тарайды. Кәсіп бастайтын кезде біздің қазақ өз-өзіне сенбейді. Одан бірнәрсе шығады ма деген пікірлер көбейеді.

Тіпті Бақыткүл ханымның анасы да осындай пікірде болыпты. Ешкімнің сөзін тыңдамаған қайсар қыз барлық қаржысын осы іске құйып, бүгінде адал асын тауып отыр. Әдетте кәсіп бастауға біреудің қоластында жүріп шаршап, жалығып кетушілік себеп болады. Өз-өзіңе жұмыс жасағаннан астам бақыт бар ма?

Осы жолда тер төгіп келе жатқан Бақыткүл ханымның мақсаты әлі де көп. Ол қазір өзі тұрып жатқан ғимаратты үлкейтіп, цех өнімдерін таситын көлемді көлік алғысы келіп отыр. Өздерінің жеңіл көлігімен де біраз шаруа тындыруға болады. Десе де, бір барған жерге екі бару уақыт ұстайды әрі шығынға әкеледі.

Ал бизнесте әр тиын есептеулі екені көпке мәлім. Қоластындағы цех қызметкерлеріне тәуір жалақыны да береді. Жақсы күндері айлығына қосымша сыйақы да беріп тұрады. Жазғы мезгілде бірқалыпты айлық беріледі. Ал басқа уақытта тапсырысқа байланысты екен. Бір қызығы, цех күні-түні жұмыс жасай береді. Жақын арада цех өнімдерінің қатарына кірген тәтті нандар мен бөлішкелерге сұраныс бар. Қазірдің өзінде күніне 30ға тарта торт әзірленеді. Бұл жәй жұмыс күні дерсің. Жаздық мезгіл болғандықтан сауда да бірқалыпты. Осының өзінде жағдай жаман емес. Ал жаңа жыл, сегізінші наурыз секілді атаулы мерекелерде тапсырыстар күрт өседі. Тіпті кәсіп ашқанын естіген туыстары да, өзге қаладан осы тектес цех жұмысын бастауға ниетті екенін жеткізіпті. Өз ісіңмен өзгеге үлгі болып жүргенге не жетсін?

Дүкендерге күнде торттар апарып қояды, олардың саны шамамен 5-10-ға жетеді. Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш аудандарында да тәтті торты танымал. Ал шығынның басым бөлігі несиеге кетеді. Қыстың кезінде көгілдір отынның да шығыны едәуір болады. Осы кезге дейін Белкөлдің атынан оншақты рет жәрмеңкеге шығып, халықтың оң пікірін алуда. Цех өнімдерінің бағасы орташа. Тым арзан немесе қымбат емес. Бастысы халықтың қалтасы көтереді.

Сонымен қатар, мейрамханалармен де жұмыс жасайтын көрінеді. Бірақ, карантиндік талаптар әзірше мейрамханалармен жұмысты тоқтатып тұр. Бақыткүл ханымда алда жоспар көп. Қаладан келсеңіз 16-шы бағыттағы қоғамдық көлікпен келесіз. Соңғы аялдамасынан түссеңіз дәл алдыңызда кондитерлік цех тұрады. Сонымен қатар, осы маңда спорт мектебі де бар. Бәлкім, біраз қаржының басын біріктіріп, жазғы ауқаттану орнын ашуға да болады. Қоғамдық көліктің қызметкерлері, спорт мектебінің тәрбиеленушілерінің барлығы келер еді. Әзірше, жұмысына шын кіріскеніне бір жылдан аса уақыт болған цех үшін, бұл жетістіктердің өзі үлкен жұмыс емес пе? Алда өзіміздің өнімдер жер-көкке тарайды деген ойдамыз. Тәтті нанды жасау да оңай емес. Қазіргі күні кәсіпкер өзін әлеуметтік желіде жан-жақты дамытуда. Сатып алушылардың, тұтынушылардың бәрі риза. Кезінде базарда тұрған дайын тортқа сызып тұрып құттықтау сөзін жазып апарып беретін едік. Қазіргі күні алдын-ала тапсырыс беру қалыпты жағдай. Шағын және орта кәсіпті дамыту арқылы ел экономикасының нығаяры анық.

Сұхбаттасқан Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *