"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Құл өмір бақилыққа дейін құл болмайды

Автор:QAA.kz

Янв 21, 2022

Елімізге белгілі ақын, облыстық мәслихат депутаты, “Қоғам ТВ” телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ: Құл өмір бақилыққа дейін құл болмайды

ІІІ-бөлім

Неге бұлай болды? Өз-өзімізбен тыныш жатқан, ешкіммен шаруасы жоқ, момын ел емес пе едік? Аяқ астынан бүлінетіндей, жаманатқа қалатындай тұрмыс соншалықты ауыр ма еді? Жоқ, әлде халық сонша тұрлаусыз ба еді деген сан сауал сананы сансырататыны сөзсіз. Сұрақ көп. Күдік пен күмән да. Осы орайда елімізге белгілі ақын, облыстық мәслихат депутаты, “Қоғам ТВ” телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімовпен сұхбат-әңгіме бастадық.

— Енді жастарға орын беру үшін де зейнетке жеткендер демалысқа кетсін деп жатқан жоқ па?

— Мәселеге біржақты қарамау керек. Зейнет жасындағылардың да өмірлік тәжірибесі керек. 80-ге келген Байден АҚШ сияқты алып мемлекет Президенті емес пе?

 — Қазіргі күннің бір қайшылығы үлкендер мен жастар арасындағы бір-бірімен келіспеушілік болса керек. Өзіңіз айтқандай жастар бізге мүмкіндік бермедіңіздер деп үлкендерді кінәлайды, үлкендер біздің көргенімізді көрген жоқсыңдар деп жастарға ақыл үйретуден аспайды.

— Жастарды қолдайтын мемлекеттік тұжырымдама, саясат жоқ. Тағы да мынаны айта кету керек шығар. Отыз жыл «алдымен экономика, сосын саясат» деп сайрадық. Орасан табиғи байлықтарды шет елдерге шикізат күйінде өткен бағасына саттық. Үлгере алмағанымызды инвесторларға тиынға үлестірдік. Қаншама байлықтың көз алдынан лықсып өтіп бара жатқанына мән бермеген Үкімет солардан түскен салыққа малданып отырды. Мұндайда жастар түгілі, әкеңді де ойламайсың… Ақыры не болды? Қамқорлықтан ада жастар өздерінше «жол» тапты. Шетелдік «боевик» кинолардан көргендерін істеді. Қырғын-жойқынмен басталған сол кинолардың соңы «қанжоса әділеттілікпен» аяқталушы еді ғой… Міне, бұл жастардың «қалауы» болды.

— Расында да үлкендерге қарағанда жастардың жағдайы жақсы ғой. Бұрын 25-ке толар толмас шағында депутат, әкім болған бар ма? Ең аржағы ақсақал ардагерлердің бас қосатын жері де ескі, ал жастарға ресурстық орталықтар деп тәулік бойы қызмет көрсететін әдемі ғимараттар салып бердік.

— Мәселе онда емес, жастың бәрі депутат, әкім емес, әлгі орталықтарда да бар жас жүрген жоқ. Санаулы ғана ғой.

— Демек жастар арасында да әлеуметтік теңсіздік өршіп тұр.

 — Жастардың проблемасы көп. Ең бастысы жұмыссыздық. Ал, жұмыс орындарын көптеп ашуда қаржыға тірелеміз.

 — Неге жұмыс жоқ? Жұмысқа қабылдаймыз деген хабарлама көп қой.

— Жыртық шалбармен жетіскеннен жүр дейсің бе?

— Шөп оратын адам болмай малды қырып алған жоқпыз ба?

— Жастың ойындағыдай табылатын жұмыс теңіздің тамшысындай ғана.

— Демек, ірі өндірісті дамыту керек.

— Бәлен жерге күріш егіп жүргендерге басқа кәсіппен айналыс дейміз. Ежелден күріш егуді кәсіп еткен, бар шаруасы соған ыңғайланған адам қалай басқа кәсіп бастап кетеді? Бізде жүйе жоқ. Жастарды еңбекке, отау құрып отан болуға тәрбиелеуге қаржы жоқ емес. Бар. Бірақ, жұмсалу көзі көп сауал тудырады.

— Екі сиырмен де күн көруге болады ғой.

— Міне, осы сияқты “баланы бізбен ақылдасып тудың ба” деген билік сөзі жұрт жүйкесін жұқартты.

— Осыны неге осы уақытқа дейін айтпадық?

— Біз қазіргі жүйеге төзімділік таныттық. Осы жүйеге қызмет еттік. Бәріміз де биліктің айтқанын тыңдадық. 1997-ші жылдың 5 наурызында “Ақмешіт ақшамы” газетінің редакциясын ашу туралы қала әкімі шешім шығарды. Ал, 6 наурызда “Қоғам ТВ” телеарнасына шешім шықты. Ел сенімінен шығамыз деп қызмет еттік. Сөз бостандығын қамтамасыз ете отырып, пікір алуандығына ерік беріп, тәуелсіз ойлар жаршысы болдық. Біздегі кемшілікті көрсеткен сын материалдарға, сюжеттерге билік төзді. 1999-шы жылы сол кездегі оппозиция өкілдерінің бірі Ә.Қосанов сөйледі деп, эфирді 2 ай жауып тастады. Қалай болғанда да сөз бостандығын қолдайтын көрермендеріміз, қолдаушыларымыз бар еді. Эфир қайта ашылды. 2005-ші жылдан бастап қиялдағы, “Мың бір түндегі” 40 қақпа жабылды. Қаржыландыру көздерінен айрылдық. Мұнай компанияларындағы жағдай төмендеді. Облыстағы ірі мұнай, өндіріс компанияларының әлеуметтік салаға бағытталған қаржыларын облыстағы әлеуметтік корпоративтік қорға аударды. Тұйық шеңбер тарылды. Мемлекеттік тапсырыс орындауға көштік. Сын мен өзара сын келмеске кетті. Бұрын “Ара”, “Крокодил”, “Біте” дегендер биліктің зәре құтын қашыратын. Жоғары жақтан саясат өзгерді. Нашар айтылмауы керек. Құдай-ау ең аржағы комхоз дегеннің инженерінің де кемшілігін айта алмайсың. Өйткені мемлекеттік тапсырыс беріп отырған билік басындағы “оны сынағаның, мені сынағаның” дейді. “Жасаған жағымсыз ісі билікке деген сенімді әлсіретеді. Қызметтен алмайсыз ба?” десең, “ол – менің командам” дейді. Біз билік саясатын қолдағанымызға өкінбейміз. Арасында аз да болса Ахмет Байтұрсыновша “ебін тауып елге де қызмет еттік”. Бұл әңгіменің қайдан шыққанын айтайын. Ақтар да, қызылдар да Алашордаға қарсы болды. Ақтарды қызылдар жеңді. Алашорда қызылдардан жеңілді. Енді не істеу керек? Сонда А.Байтұрсынұлының айтқаны: “Ағы не, қызылы не. Енді ебін тауып елге қызмет етейік”. Билікті басып алғысы келгендер жастарды қалқан етті. Ымыраға келмейтін топ ешкімді тыңдамады. Біз сияқты үлкендер аз, дені жастар “қаңтар қантөгісіне” қатысты.

 — Зейнетке шыққан бір кісі айтады: Бір құрдасым алаңға шығайық деп хабарласты. Үйім жылы, жарық. Кемпірім, немерелерім қасымда. Пенсиям уақытылы берілуде. Алаңда не бар деп бармадым дейді.

— Дұрыс емес. Жеке бас жағдайым жақсы екен деп тоғышарлыққа баруға болмайды ғой. Бәлкім үлкендер көп болғанда мұндай сорақылық та бола қоймас па еді. Ең құрығанда ақыл айтып, сабырға шақыру да үлкендік емес пе? 1945-ші жылы кеңес әскері Берлинге жақындай бастағанда фашистер 9 жас пен 15 жас аралығындағы жас өскіндерден “Гитлер югенд” деген неофашистерді дайындап, оларға бірбір бомба беріп танкі астына итерді. Бұл да тарихтың үлкен сабақтары. “Біреу тоңып секіреді” дегендей тойып секіргендердің билікке таласы салдарынан қаншама адам опат болды. Жандары жаннатта болсын. Ия, үнсіз қалдық, бірақ үмітімізді өшірмедік. Құл өмір бақилыққа дейін құл болмайды. Спартак та сол құлдардың арасынан шыққан азат етуші құл. Біз де өз уақытымызды күткен шығармыз…

С.БИХОЖА

Жалғасы бар

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *