"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

«ӘКЕМ МҰҒАЛІМ БОЛАТЫНЫМДЫ СЕЗГЕН БОЛАР…

ByQAA.kz

Қар 4, 2021

Мамандықтар әлемінде мұғалім мамандығының алатын орны ерекше. Мектеп мұғалімі… Оның еңбегі бүкілхалықтық алғысқа лайық. Жаңаны, жасампаздықты тану шексіз болатыны сияқты оған деген құрмет те сондай шексіз. Ең құрметті мамандықтардың бірін таңдаған ұстаз жаңа өмірдің жасампазына айналады. Оның үстіне мұғалім – өте көне әрі ең қиын мамандық. Сондықтан жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеумен атам заманан өте ұқыпты, білімді адамдар айналысқан.

Алғашқы қауымның өзінде балаларды ересек өмірге ру ақсақалдары мен көсемдері дайындаған. Ежелгі Шығыс елдерінде ұстаздар болып діни қызметкерлер тағайындалды. Ал ежелгі Грекияда ең ақылды және ең талантты азаматтар мұғалім болып қызмет еткен екен. Римде мұғалімдерді императордың өзі ең білімді шенеуніктердің арасынан тағайындайтын болған.

Жер бетінде мыңдаған мамандық бар. Біз олардың кейбірін естімеуіміз де мүмкін. Кейбірін естісек те, көрмеген болуымыз мүмкін. Алайда, мұғалімді көрмеген адам жоқ шығар. Тұлғаның көптеген құнды қасиеттерін қалыптастыратын, қызығушылықпен, мектепке жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейтін адам – ұстаз. Ғалымдар, психологтар және педагогтар мынадай қорытындыға келеді: тұлғаның қасиеттері көп жағдайда тәрбие процесінің қаншалықты дұрыс жүргізілгеніне байланысты. Мұғалімнің көмегімен тұлға қалыптасады, балалар адамзат жасаған байлықтармен танысады, өзін-өзі түсінуге үйренеді, болашаққа дайындалады.

 Ел мақтаған, оқушылары құрмет тұтатын қаладағы білікті мұғалімдердің бірі – Гүлхан Демеуова. Ол жайлы оқушылары өте көп естеліктер, ойлар айтады. Кейбірі менің екініші тынысымды ашқан ұстаз деп те марқая айтып жатады.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 25 жыл бойы оқушыларға білгенін үйретіп жүрген қаладағы нөмірі 8-ші мектептің ұстазымен біз де тілдесіп қайтқан болатынбыз.

Ол 1981-1991 жылдар аралығында Мақпалкөл ауылындағы №117 орта мектебінде білім алып, бітірген соң 1991 жылы Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университетке оқуға түсіп, оны 1996 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмәмдаған. 1996-1997 жылдары өз туған жері Мақпалкөл ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қызметін бастайды. Ал 1998 жылдан бастап №8 П.Д.Осипенко атындағы орта мектебінде бүгінгі күнге дейін қызмет етуде. Осы жылдары шәкірттері қалалық, облыстық,республикалық жарыстардың жеңімпаздары атанды.

– Гүлхан ханым,өзіңіздің ұстаздық қызметіңіз сонау ауыл мектебінен бастау алыпты. Сол шаққа қайта оралсақ?

-Үміт өрге тартады… «Талаптың мініп тұлпарын,тас қияға өрледім», -деп Абай атамыз айтқандай атаанамның үмітін ақтағым келіп еңбек жолымды өз туған жерім, балалық шағымның көркем кезеңі өткен Мақпалкөл ауылында бастадым. Яғни, Әбдікәрім Оңалбаев атындағы №117 орта мектебінде жастық жалынмен, арман-мақсатыммен ұстаздық қызметімді бастап кеттім. Алға ұмтылу-өмірдің мақсаты емес пе? Ұлағатты ұстазым,қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжахан апайым қасымнан табылып, болашағыма айқын бағдар берді. «Белес түбі-бір асқар» демекші, апайымның байыптылығы мен шәкірттерімнің ыстық ықыласы мамандығыма деген сүйіспеншілігімді арттырды.

– Балаға білім беруде әр мұғалімнің тәсілі әрқалай. Өз тәсіліңізбен бөліссеңіз…

– Еңбек жолымды 1998 жылдан бері қаладағы белгілі білім ордасы №8 Полина Денисовна Осипенко мектебінде жалғастырып келемін. Мұғалім өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра алғанда ғана шын мәніндегі мұғалім болмақ.Сондықтан өткенді білмейінше, бүгінгі күннің мәнін және келешектің мақсатын түсіну мүмкін емес деген қағидамен жүрген біздер теория мен практиканы ұштастырып, жаңаша әдіс-тәсілдермен оқу әдетін меңгертсек сонда ғана шәкірттің шамш ы р а ғ ы н жаға аламыз. Мен өзімнің іс-тәжірибемде жаңартылған білім беру мазмұны бойынша «Сын тұрғысынан ойлау технологиясын пайдалана отырып,бағалаудың қалыптастырушы түрін кеңінен қолданамын.Бұл тәсіл оқушылардың білім деңгейін көтеруге, шешім қабылдауға,өзін-өзі бағалауға, құнды пікірлер мен ойларын еркін айтуға жетелейді.

 – Қазіргі таңда ұстаздар түрлі біліктілік курстарынан өтуде. Қосымша білім үшін айлыққа да біраз ақша қосылады. Сіздің ойыңызша ұстаздар біліктілігін ақша үшін арттырады ма, әлде білім үшін бе? Бұл мәселенің екі жағын қалай таразылар едіңіз?

 – Қанағат пен еңбек –адамның нағыз қос мұраты. Азды місе тұтып, алдында отырған шәкіртіне ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұсынған ұстаз «біліктілікті ақша арттырады» деген ойдан аулақ болады. Нағыз білім атаулыға өздігінен білім алу арқылы ғана қол жеткізетінін біледі. Менің ойымша, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы мұғалімнің әлеуметтік жағдайын көтеруге көп көмегі тиді. «Мұғалім-өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім» деген К.Д.Ушинскийдің қанатты сөзін ұстана отырып, білім мен ақшаны таразылау артық деп ойлаймын.

– Адамды ұстаз болуға не жетелейді, өзіңіз бұл жолға арман қуып келдіңіз бе?

– Біріншіден, менің ұстаз болуыма себеп-ата-анамның, әпкелерімнің осы салада қызмет етуі. Әкемнің ақыл-парасаты тәрбием мен біліміме ықпал етті. Екіншіден ұстазымның марапаты марқайтты.Өздері мақтауға лайық адамдардың аузынан шыққан мақтау сүйкімді емес пе?! Сондайақ, өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: асқар тау әкемнен тәлім-тәрбие алсам, ұстазымнан жауапкершілікті,өзім таңдаған пәннің, сөз өнерінің кемелдігін ұғындым. Міне, ұстаз болғым келген ізгі ниетім, арманым осылай жүзеге асты.

– Сіздің ойыңызша ұстаз өз оқушысының олимпиададағы жетістігі үшін сыйақы алғаны орынды ма?

– Ойыңызбен келіскім келмейді. Өйткені ұлы да, кіші де, дана да, дара да ұстаздан тәлім алған. Сол берген тәлімін қалай дауламақ!? Ұстаз туралы Мұхтар Әуезов: «Ұстаз-ұлы есім» деген екен.Осы ұлы есімді абыроймен алып жүрген қаншама ұстаздар бар. Олар үйретерін айғайлап кеуде соқпай-ақ үйретіп, шәкірттерінің от төгіп тұратын шақтарын ұшқындатып, құлағына құрыштай сіңдіріп келеді. Орайы келіп тұрғанда айтпағым, талай сайыстың додасында дес бермей, бірнеше олимпиаданың жүлдегері болған Мұратова Алинадай шәкіртімді мақтан етемін. Атап айтар болсам: Республикалық олимпиаданың ІІ кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ІІ орын, Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінен І орын, жалпы білім беру ұйымдарының 7-9 сынып оқушылары арасындағы А.Фейзулдаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен облыстық олимпиадасынан ІІІ орын, Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінен ІІІ орын, республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ІІІ орын. Міне, осындай өнім-мұғалім үшін үлкен сыйақы.

– Әдебиеттегі алыбыңыз кім? Неліктен…

 – Жалпы марқұм әкем көркем туындыларды сүйіп оқитын, үйдегі бір бөлмесі кішігірім кітапхана десе де болады. Әлі есімде, есімді біліп қалсам да мектептен келе салып үйде інілеріммен мұғалім болып ойнаушы едік. Көбіне мұғалім болатын мен. Әкем соны сезсе керек, бірде «Абай жолы» кітабының үш томдығын әкеп берді. Кітаптың тілі ауырлау болса да тете ініміз екеуміз таласып оқыдық. Сондай-ақ туған жерімде біздің ауылдың тумасы, түркі жұртына танымал, қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 100 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. Қайраткерді еске алуға аяулы жары Дәмеш апа, белгілі жазушы Әбділдә Тәжібаев, бүгінде марқұм болып кеткен ақын Асқар Кіребаев сынды танымал тұлғалар келді. Бұл кісілерді әкем үйде қошеметпен қарсы алды.Сонда Әбділда атамыз менің маңдайымнан сүйіп тұрып өлеңдер жинағын естелікке тарту еткен болатын.Сол сәттен бастап менің өнерді бағалауым алғаш Абайдан бастау алса, кейінірек Әбділда Тәжібаев, Асқар Кіребаевтар әдебиетке деген әлемімді биікке көтерді.

– Ұстаз болудың басты артықшылығы мен кемшілігі неде?

 – Өнер де, даналық та, егер оны үйренбесе, қолға түспейді.Оны үйретуші-мұғалім. Алдымызда отырған шәкірттеріміздің сүйіспеншілігіне бөленгеніміз – зор құрмет.Сондықтан да ұстаз болудың басты артықшылығы –адамды тұлға етіп қалыптастыру. Ал кемшілік-ұстаздық мамандықты ата-анасының сілтеуімен құлықсыз таңдағандар. Ондайлар арагідік кездесіп те жатады. Сол себепті ұрпақтың болашағын ойлап, жақсы мұғалімдер жақсы оқушыларды жасақтайтынын әр ата-ана білуі керек. Сонда ғана кемшілік жойылады.

– Шәкірттеріңіз үшін мақтанатын кездер болды ма? Сол кездегі ішкі сезіммен бөліссеңіз…

– Мақтау-алтын мен алмас сияқты сирек болғанда ғана құнды. Шәкіртің үшін алған мадақ жаныңа шуақ төгіп, марқайтып-ақ тастайды. Егер шәкірттің зейінін ашып, оның нәтижесін көрсек неге мақтанбасқа… Қазіргі таңда Мұратова Алина, Қуанышбекова Дильназ, Қаратай Сағыныш, Қалманова Амина, Пердебай Айдана, Әбжами Інжу сықылды жүлделі шәкірттерім бар. Алинам биыл арман қуып, студент атанды. «Апайымның жолымен жүремін», – деп қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын таңдады. Осындайда шәкіртімнің таңдауы мені нұрландырып, мамандығыма деген борыш-сезімімді одан әрі ұлғайтты. Сондықтан адамшылығымшәкірттеріме сапалы білім беру.

– Жауабыңызға рақмет.

Мен өзім Осипенко атындағы мектепте 4 сыныптан бастап оқыдым. Қазақ тілі мен әдебиетінен бізге сабақ берген Гүлхан апайымыздың еңбегі зор. Мен 6-7 сыныптың өзінде-ақ өлең шығарып, шығармашылыққа құштарлығым ояна бастады. Ал оған себепкер болған да осы Гүлхан апайымыз. Менің екінші, беймәлім тұсымды айқындап берді десем артық емес.

Өзім қазірде Алматы қаласында білім алудамын. Апайымның жолын қуып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдадым. Сол сәттерден бастап жас ақындар арасындағы сайыстарға қатыса бастадым.

Сахнаға шығып мәнерлеп өлең оқу алғашында мен үшін өте қиын болатын. Сол қорқынышымды жеңуге де көмектескен Гүлхан апайым. Мен осы мектепке ауыспағанда, жарыстарда топ жармағанда бәлкім бұлай отырмас едім, – дейді шәкірті Алина Мұратова.

 Әңгімелескен Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған