QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ЕСКЕРТУГЕ ҚҰЛАҚ АСПАЙТЫНДАР КӨП

Автор:QAA.kz

Июл 29, 2021

Өзіміздің қалалық Төтенше жағдайлар басқармасына ат басын бұрып, қаладағы төтенше жағдайларға қатысты жасалып жатқан шаралар мен тұрғындарға арналған ескертпе жұмыстарының барысымен танысып қайттық. Жазғы мезгілде әлі де болсын төтенше жағдай орын алуда. Осында 12 адам күн демей, түн демей қызмет етеді. Былайынша қарасаңыз қалада 300 мыңнан асатын халық бар. Солардың біреуі баласын қараусыз қалдырса, біреуі отты дұрыс пайдаланбаса, біреуі суда жүзе алмаса түрлі төтенше жағдайдың тууы ықтимал. Осынау көп адамға қалтқысыз еңбек етіп жүрген бар-жоғы 12 қызметкердің жұмысы көзге ілігеді ме? Әрине, көмекке келер еріктілері, бөлінген қызметкерлері болса да басты жұмыс, құжаттардың реттілігі, жұмыстардың орындалуы осы азаматтарымызға тікелей байланысты. Осы оймен Қызылорда қалалық ТЖБ-нің бастығы Жасұлан Түйменовпен біраз ой қозғадық.

— Күні жақында болған Шіркейлі каналындағы жол апаты әлі де халықтың ойында. Негізі, қала ішіндегі су жағаларында қоршау болу керек секілді. Бұл жайлы ойыңыз қандай?

— Дұрыс айтасыз, қала ішіндегі көпірлер маңында қоршау болу керек. Бәлкім, қоршау болған кезде қаза тапқандар аман қалар ма еді. Бұл жайлы әкімшілікке ұсыныс беретін боламыз.

 — Штатта 12 адам бар. 300 мыңға жуық халық үшін аздық етпейді ме? — Бір басшы, бір орынбасар және мамандар бар. Бұл жоғарыдан бекітілген болатын.

— Өзіңіз ұйымдастыратын рейд жұмыстарының өту барысын кім қадағалайды? — Өзіміз қадағалаймыз. Мысалы қазір рейд жүретін болса, кез-келген уақытта өзім-ақ барып тексере саламын. Кешкі сегізге дейін жүру керек болса, кім қанша жүрді, барлығын қадағалаймыз. Сонымен қатар, суға түсуге болмайтын жерлерде суға түскендерге, ішімдік ішкендерге ескерту жасаймыз. Тәртіпке көнбесе, полицияның құзырына тапсырамыз.

 — Біздің халыққа ескерту жақпайтындай ма?

— Мені де осы жағдай қынжылтады. Күн сайын теледидарлар, БАҚ беттерінен адамдардың суға кетуін хабарлаудамыз. Алайда, көбісі құлақ аспайды.

 — Қаланың ортасында отбасылық кафеде жарылыс болды. Төтенше жағдай бойынша басты жорамалы қандай? Өйткені әлеуметтік желіде сол кафенің маңында тұрған үйлерге зақым келсе не болар еді деген сұрақтар бар.

— Бұны сараптама жұмыстарына жібердік. Ол 15 күнде дайын болады. Біздің талап бойынша, екі ғимараттың арасы 6 метр болу керек. Бұл жерде, табиғи газдың салдарынан жарылыс болды. Ең бастысы адам шығыны жоқ. Түні бойы газ ішке ұрған, таң ата жарық жанған кезде жарылыс болған.

 — Жарылыс тақырыбы демекші, қалада бірнеше бекеттерді байқадық. Тіпті, газ құю бекеттерінің қасына тиіп тұрған дүкендерді де көзім шалды. Бұл қаншалықты қауіпсіз, әрі заңды?

 — 2015 жылға дейін бұл жағдаймен айналысатынбыз. Заңдылыққа сәйкес келмесе біз дәл солай ескерту жазып береміз. Алайда, қазір кәсіпкерлерді қолдау барысында біраз жүйеде жеңілдіктер қарастырыла бастады. Сондықтан, қазір кім не ашқысы келеді, қалағанын ашады. Алайда, қазір министрлікте өзге бөлімдер бар. Онымен солар айналысады.

— Жалпы, жылдың төрт мезгіліне тән әралуан төтенше жағдай оқиғалары бар. Қандай төтенше жағдайлар қай жыл мезгілдеріне бейім?

 — Жалпы қазан айынан наурыздың 15-не дейін жылу беру маусымы болады. Сол уақытта біз тұрғын үйлерде үгіт-нәсихат жұмыстарын жүргіземіз. Оның ішінде саяжайлар бар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар бар. Көмір жағатын тұрғындар да бар. Сол кезеңде өрт оқиғалары, газға улану секілді жағдайлар көбейеді. Ал наурыздың 15-нен бастап маусым айына дейін «Өрт қауіпті кезең» деп аталады. Ол кезеңде көктемгі тазалық жұмыстары жүреді. Барлығы қоқыс жинап, шөптерін тазалап, өртейді. Жеке тұрғын үй секторларында кей жағдайда оттың ұшқыны көрші үйлерге де тиіп, өрт оқиғаларын туғызады. Далалық алқаптар, көлік жолдарының жиегінде, егіс алқаптарын тазалап өртейді, оны қараусыз қалдырады және арты жаман жағдайға ұласу мүмкін. Бұл кезеңде орман шаруашылығымен дайындық жұмыстарын жасаймыз. Техникаларымызды саптап дегендей… Қаладан бөлек, облыс бойынша да осындай дайындық жұмыстары жүргізіледі. Кейін маусымнан бастап қыркүйектің 15-не дейін суға түсу маусымы болады. Ол кезде де рейд жұмыстары жүргізіледі. Ал қысқы кезеңде Сырдария өзеніне мол су келеді. Жазғы уақытта судың бәрі егістікке, өзге де шаруашылыққа жұмсалып, су аз болады. Ал қыста суды аз пайдаланғандықтан ол судың барлығы бізге келеді. Сол кезде су деңгейі жоғарылайды. Жер-жерді аралап, қауіпті аумақтарды анықтаймыз. Сол тұсты актілеп, әкімнің атына ұсыныс жазып, бүйжеттен қаржы бөлінеді. Су алған жағдайда тұрғындарды көшіретін жерлердің барлығы дайындалады. Тағы бір пысықталады.

 — Соңғы кезде орын алып жүрген төтенше жағдайларға тоқталсаңыз…

— Соңғы кезде балалардың терезеден құлау жағдайы көптеп орын алып кетті. 2019 жылы 7 жағдай, 2020 жылы 6 бала тіркелді. Биылдың өзінде жеті жасқа дейінгі 8 бала терезеден құлап кетті. Москитті торға сеніп, талай ата-ана баласынан айырылды. Биыл тіркелген 8 жағдайдың 1-уі қайғылы аяқталды.

 — Білуімше, өздеріңіз жағдайы төмен отбасыларға терезеге қосымша тор орнатып бересіздер.

 — Қысқы кезеңде жағдайы төмен отбасылардың тізімін алып, нақтылаймыз. Оның ішінде көпбалалы, мүгедек отбасылар, үй-жайы жоқтардың барлығын анықтаймыз. Егерде пеш жағатын болса әкімшіліктен қаржы бөліп, көмірқышқыл газын анықтайтын құрал орнатамыз. Барлығы тегін. Өткен жылы 300- ден аса құрал орнаттық. Осы жылы да «Жұмыспен қамту орталығынан» тізімді қайтадан алып алдынала дайындалып жатыр. Қалаға қарасты ауылдық округтерден де отбасылардың тізімін сұрап, осындай құралдарды орнатқан болатынбыз.

 — Қазір қалаға қарасты қай ауылда төтенше жағдай көп орын алады?

 — Біздегі Абай және Махамбетов ауылында өрт оқиғалары көп тіркеледі.

— Жыл басынан бері көлік өрті де көбейді…

— Жыл басынан бері 22 автокөлік өрті тіркелген. Біз аптасына бір күнді белгілеп қоямыз. Мысалы, бір күнді терезеден балалардың құлауының алдын алып, ескертпе жұмыстарын жүргіземіз. Көп қабатты тұрғын үйлердің арасында дауыс ұлғайтқышы бар көлікпен ескертпе жұмысын жүргіземіз. Өзге қалаларға, аудандарға жол жүретін автобустардың жайын тексеріп, от сөндіргіш құралды қалай қолдану керектігін көрсетеміз. Биылдыққа газ баллон жарылысы да көп тіркелді. 5 адам қаза болып, 12 адам жарақат алды. Көп жағдайда қысқы уақытта газ баллонды далаға қояды. Күннің суығынан газ баллонның шүмегіндегі резеңке қатты болады. Артынша сынып, бөлініп кетеді. Кейін газ баллонды үйге кіргізген кезде, жылы жерде ісінеді. Сол кезде әлгі резеңкені қысыммен атып жібереді. Содан ішке газ жәймендеп тарай бастайды. Оттық немесе жарық жаққан кезде жарылыс орын алады.

 — Қазір қалада қанша жерге суға түсуге тиым салынған?

 — Біз жалпы 26 аумақты белгіледік. ЖКХ-мен бірігіп 50 шақты ескерту тақтайшалары қойылды. Әкімшілікте төтенше жағдайлардың алдын алу комиссиясында жылына 10-12 сұрақты зерттеп, қарастырамыз.

 — Былтырғы уақытта тазалық қызметкерлері де өрт жасап, қолайсыздық туғызған еді. Енді айлығы шайлығына жетпейтін қарапайым қызметкерлерге қалайша айыппұл саламыз деген сұрақ туады. Бұл жайлы қандай жұмыстар атқарылуда?

 — Өткен жылы өрт орын алған болатын. Сол жылы біз ескертпе хаттарын жолдадық. Келер кезекте қайталанса мекеменің өзіне айыппұл салынатын болады.

 Жалпы қалада жағдай мәз емес. Абыройлы мамандардың тынымсыз еңбегінің өзі текке кететіндей. Ескертпелерге халық құлақ аспауда. Бұны төтенше жағдай саласынан ғана емес, күнделікті карантин шараларының бұзылуынан да байқап отырмыз. Биылғы жылы 97 өрт оқиғасы тіркелген. Өзіміз де әлеуметтік желіден қала аумағына жанып жатқан ғимараттарды байқап отырамыз. Осы өрттің өзі 29 миллионға жуық шығын әкелген. Бұл қомақты қаржы. Тазалық қызметкерлері тұрғындарға үй алдына қоқыс жәшігін қою керек деп дабыл қағып жүр. Алайда, біздің жұрт ақшасын қимай, қоқыстарын қорасына өртеп, артын жаман жайға ұластырып, өзіне де, маңындағы тұрғындарға да кесірін тигізуде. Шындыққа тура қаралық. Барлық адам бірдей емес.

Десе де басым бөлігі қорасына қоқысты жағып, үйіне кіріп басқа шаруаларын жасай береді. Десе де, қоқысты лаулатқан екен, өрт оқиғасы болса сақтаса суын сайлап соңына дейін қасында тұрып бақылау қажет.

Сонымен қатар, қаланың әр шетіндегі өрт гидранттарының барлығы да жұмыс жасай бермейді. Өрт сөндіргіштер сумен келсе де, кейде оттың мықтылығынан судың өзі жетпей жатады. Қала аумағында 1304 өрт сөндіру гидранты орналасқан. Олардың 330-ы жарамсыз деп табылған. Алайда, жауапты мамандар дер кезінде мәселенің ақ-қарасын анықтап, істен шыққан гидранттардың 42-сін қайта жарамды етті.

 Бүгінгі таңда қала бойынша суға шомылуға болмайтын жерлерде ылғи тексеріс, бақылау жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар, көп қабатты тұрғын үйлердің ауласында балаларды терезеден құлаудан сақтау бойынша да түрлі үгіт жұмыстары жүргізілуде. Қайта біздің қаладағы үйлердің біразы бес қабатты болып, жанымыз аман қалуда. Үлкен қалаларда балалар тіпті 10-шы қабаттан да құлап, мерт болуда. Өз кезегінде ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауын сұраймыз. Ажалдың айтып келмейтіні белгілі, осы орайда тұрғындардың барлығын жауапкершілікке шақырамыз.

Сұхбаттасқан Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *