"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

«Бүлінген дүниенің бәрі халықтың, елдің ақшасы»

Автор:QAA.kz

Янв 21, 2022

Елімізге белгілі ақын, облыстық мәслихат депутаты, “Қоғам ТВ” телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ: «Бүлінген дүниенің бәрі халықтың, елдің ақшасы»

І — бөлім

Неге бұлай болды? Өз-өзімізбен тыныш жатқан, ешкіммен шаруасы жоқ, момын ел емес пе едік? Аяқ астынан бүлінетіндей, жаманатқа қалатындай тұрмыс соншалықты ауыр ма еді? Жоқ, әлде халық сонша тұрлаусыз ба еді деген сан сауал сананы сансырататыны сөзсіз. Сұрақ көп. Күдік пен күмән да. Осы орайда елімізге белгілі ақын, облыстық мәслихат депутаты, “Қоғам ТВ” телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімовпен сұхбат-әңгіме бастадық.

— Жағдайыңыз қалай?

— Жаман емес. Ел қатарлы.

— “Жаманат жерде жатпайды” деген ғой, естіліп жатыр, қайырлы шығын болсын.

— Ғимараттың 250 шаршы метр жері жанып кетті. Қазір қайта қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Көргендер шошынып қалады. Аймағымызға белгілі ірі құрылыс компаниясының басшысының бірі “Құдай қарасқан екен. Садақаны көп бересіздер, айналаға өктемдік жасамайсыздар. Соның да шарапаты тиген болар” деп жұбатып қояды. Сот ғимаратымен жалғасқан бөлік әбден зардап шеккен. Қайта компанияда жұмыс істейтін жігіттердің жанкештілігімен ғимараттың басқа бөліктері аман қалған. Өрт деген өзі бір бой бермейді ғой. Жігіттер шелектеп су тасып болса да әріге жібермеген.

— Төтеннен келгеннен сақта деген…

— Жаңа жылда ауылда болмадым. Бірақ жағдайдан хабардар болып отырдым. Қалай айтсам екен, ақын дегеннің өзі де бір тылсым ғой. Оқиғаның қай жерде өтіп жатқанын, бұл жолы алаңда емес екендігін, даңғылдың бойы дабыр-дабыр екендігін білдім. ОблГАИ, облакимат жаққа бет алғанынан да хабардар бола тұра, компанияның құралжабдықтарын қауіпсіз жерге көшіргім келді. Алаңға қалайша келмейді? Алаң дегеннің өзі де алыстан шақырып тұрады емес пе? “Жаман айтпай жақсы жоқ” деп, қанша сақтанғым келгенімен жаманат шақырғандай болмайын дедім. Ертеңгі күні жұрт “Жау жоқта жар жағалағаны несі” дер дедім… Жұрттың айтар әңгімесін ойладым.

— Ішкі түйсігімді санаға бағындырдым десеңізші.

— Санаға емес, жұрттың күйкі түсінігіне бағындырдым. Әдеттегідей, жамандық шақырып “алдын-ала сақтанғаны несі” деп жұрт айыптар, күлер деген оймен сақтанбадым. Ғимарат зардап шекті, 4-5 аппаратурадан айырылып қалдық. Бірнеше күн эфирге шыға алмадық. Кеңседе әлі күйік иісі өкпені күйдіріп тұр.

— Ренжулісіз бе?

— Кімге?

— Көтерілісшілерге?

— Не деп ренжимін. Ренжір де едім. Кімге ренжимін? Еліміздің барлық жерінде осындай жағдай орын алды. Бізді әдейі өртеген жоқ. Өртенген облсот ғимаратымен жапсарлас болғаннан соң, өрт зардабы бізді де айналып өтпеді. Өртенген ғимараттардың қазіргі жағдайы өзекті өртейді. Қай-қайсысы да халықтың мүлкі емес пе? Түсініксіз тұстар көп қой. Мәселен, өрт сөндірушілер айтуына қарағанда, өрт сөндіруге оларға нұсқау берілмеген. Біздің жағдайымыз бұдан да қиын болар ма еді, тек жігіттердің жанашырлығы. Шатыр өртене бастағанда шелектеп қолмен су құйған. Әрі қарай лауламасын деп алдындағы жабындыларды алып тастап отырған. Бір қызығы су құйып, отты тұншықтырдық дегенменен, қоламтасы қайта тұтанып, қоздай бастағанда, сол жердегі ағаштарды балтамен шауып тастаған. Пожарный жоқ, полицейлер өзіне төнген қауіппен арпалысты. Әскер көрінбеді, шынын айтқанда хаос. Кейінгі ақпараттардан белгілі болғанындай, кей облыстардың полицейлері қорғана алмады. Біздікілер “өліспей беріспеді”. Оқиғаның өзегінде болған полицейдің бірі алғаш рет қару ұстаған жас лейтенанттардың қолы дірілдегенін айтады. Әрине, ол діріл болуы заңдылық. Ол қорқақтықтан емес. Сезімнен. Алдында жау тұрса, бір сәрі… Атса да кінәлі, атпаса да кінәлі. Екі оттың ортасында қалғаны анық. Қалай болғанда да жауап беретіні де белгілі. Амал жоқ, ел мүддесі үшін басын тікті. ГОВД, ГАИ маңындағы жағдайдан жұрт толық хабардар. Айта кетейік, бұл қантөгісте жасырын ештеңе жоқ.

Бәрі жариялы, ашық. Кездескенде тиісті сала басшыларынан сұрадым: ішкі әскерді неге ұстап тұрмыз? Оларда қару-жарақ та жоқ болып шықты. Аймақ тыныштығын сақтау үшін оларды асырап жүрген жоқпыз ба? Кезінде барлау полкі деген немен айналысады деп сұрағанымда азан­нан кешке дейін жаттығады. Әлдеқандай оқыс оқиға орын алса, соны ушықтырмауға дайын болуы керек деп жауап берілген. Қайда сол полк деп қайта сұрайтын уақыт келді. Кемінде 1000 адам емес пе? Ал, ол деген кешегідей жағдайда орасан күш қой. Аэропорт жақта тұр дейді. Түсінбедім, қаланың іші хаос, ал олар аэропортта не күтіп жүр?

— Елмен бірдей шығыныңызды есептеген боларсыз…

— 15 млн-дай. Бұдан да көп болар ма еді, өртті өршітпеген жігіттердің ерлігі. Әрі бізге тіктеп келіп шабуыл жасаған жоқ. Егер дер кезінде өртті сөндіргенде ғой деп қоясың…

— Бүгінгі қоғамда “қаңтар қасіретінің” шығынын айтқандарға қарсылар да бар. Қаза болған адамдарды неге айтпайсыңдар деп…

— Өзің сұрағаннан соң айттым. Шынын айтқанда “Бүлінгеннен бүлдіргі алма” деген бар. Зардап шектім деп байбалам салатындардан емеспіз. Бір оқиға айтып берейін. 1992-ші жылы Байқоңырда қазақ әскерінің көтерілісі болды. Басы-қасында болдық. Мәселе мынада. Армия – қазақтікі, басқару – Ресей. Біраз шығын болды. Осындай есептеу, тіркеу басталды. Бір інім бар еді. Аэродромда прапорщик. Жабық мекеме ғой. Түсте үйге келді. Қағаз толы папкі ұстап алыпты. Космодром штабына келген екен. Аэродромға тышқан да өтпегенін білемін. “Бізге пайдалы болып тұр. Біраз нәрсені есептен шығармақшымыз” дейді. Штаб қол қойса болды. Әлгі қағаздағы мүліктерді сатып, пайда қылады. Қазір жағдай ондай емес. Бүлінген дүниенің бәрі халықтың, елдің ақшасы. Әттең, дүние бүлінбегенде, қаншама қаржы әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалар еді. Біз сияқты жекеменшік нысандар көп болмауы керек. Бүгінде 164 адам қаза болды деп айтылуда. Бұл санды дәл етіп нақтылау, қай кезде де бұндай жағдайларда адам шығынын дәлме-дәл шығару, ғасырлар бойы мүмкін емес. Жақынын, туысын жоғалтып, өлі-тірісін білмей іздеп жүргендер көп. Қанша күн өтсе де әлі бір дерегі шықпағандар қайда кетті дейсіз?

Жалғасы бар

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *