"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ҚАЗІРГІ МІНДЕТ ЖАҢА БОЛМЫС ҚАЛЫПТАСТЫРУ

ByQAA.kz

Қар 4, 2021

Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Парасат ЖАҢАБЕРГЕНОВ: ҚАЗІРГІ МІНДЕТ – ЖАҢА БОЛМЫС ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Саясаттың қай саласында болмасын қызмет ету, басшы болу жауапкершілік жүгін еселері сөзсіз. Мәселен, ішкі саясаттың өзі белгілі бір аймақтағы тыныш ахуалды, саяси тұрақтылықты, өткір идеологияны және өзге де міндеттемелерді қамтиды. Қаладағы бір бөлімдегі бірнеше бағыттың жүйелі жүзеге асуына жауапты басшылардың бірі – Парасат Жаңабергенов. Ол Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімін басқарады. Аталған қызметке келген жарты жыл уақытта ол басқаратын бөлім жаңалықтарымен танысуды өзінен бастадық.

Идеологияның сан алуан қыры бар

Басшы болу – үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті талап етеді. Сондықтан қашан да қызметіме жауапкершілікпен қарап, абыроймен атқаруға тырысамын. Қиындықтар болмайды емес, болады. Бірақ барлығының уақытында шешімін тауып, нәтижелі жұмыс істеуге тырысамыз. Бөлім қызметкерлерімен бірлесе отырып мәселенің оң шешімінің табылуына ықпал етеміз. Идеологияның сан алуан қыры бар. Бірде ол сырт дүниені бейнелейтін қоғамдық сананың пішіні болса, енді бірде адамның басты сенімі орнынан көрініс табады, яғни, ұлттық идея мәселесінің мәні ұлттың тілегі, ниеті, ойы дегенге саяды. Сондықтан ұлттық идеяны ұлт мұраты деп алып, қабылдайтын болсақ, онда нақты ұлттық мүдде тұрғысынан ой өрбітуге жетелейді. Оны әлемдегі дамыған мемлекеттер мен дамып келе жатқан мемлекеттердің тәжірибесінен көреміз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Жолдауында «Ұлттың жаңа болмысы» деген мәселені көтерді. Бұл тұнып тұрған идеология. Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру.

«Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алатындығы» бұл Жолдауда көрініс тапты. Бұл бізге берген бағыт-бағдар. Оны орындау үшін, халқымыздың рухы биік, тұрмысы жайлы, табысы жоғары болу үшін аянбай еңбек етеміз. Елге қызмет-абыройлы міндет.

Парасат Болатұлы 1987 жылы дүниеге келген.
2009 жылы «Болашақ» университетін «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2009 жылы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы ретінде бастаған. 2010-2012 жылдары №101 орта мектептің мұғалімі;
2013-2019 жылдары облыс әкімі аппаратының ұйымдастыруинспекторлық жұмыс және аймақтық даму, қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімдерінің инспекторы, бас маманы, бас инспекторы;
2019 жылдан осы уақытқа дейін қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Бүгінде қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарады.

Сын түзелмей, мін түзелмейді

Есепті мерзімде қала бойынша қоғамдық-саяси ахуал тұрақты сипатталады. Дегенмен, қоғамдағы келеңсіздіктер мен кемшіліктер, теріс көзқарастар мен пікірлер қай кезеңде де болары анық. Қазір ақпараттың ағыны да, көзі де көп. Жантүршігерлік жағдайды, оғаш оқиғаны сенсация санап, оған елді елітіп әкеткісі келетіндер жеткілікті. Бұл ретте, қоғам болып арзан ақпаратты желеу еткен сенсация емес, халықтың көкейтесті мәселесін жеткізу, сол арқылы байыбына барып бағасын беру міндетіміз. Ел бірлігі мен берекесін сақтап, халық пен биліктің бағытын бір арнада тоғыстыру қоғамда тұрақтылықты сақтаудың кепілі болып табылады. Дана халқымызда «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Ең бастысы сол сынның шығу тегі мен оны шешу тетігін таба білу. Бұл үлкен парасаттылық пен пайымды қажет ететін дүние.

Қала көлемінде діни ахуал тұрақты

Қазіргі таңда қала бойынша 20 мешіт, (1 шіркеу) 10 өзге діни бірлестік тіркелген. Қала әкімдігі жанынан дін мәселелері бойынша тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында 47 мүшеден тұратын ақпараттық түсіндірме тобы құрылып, нысаналы жұмыс атқаруда. Жыл басынан бері аталған топ мүшелерінің қатысуымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында 108 кездесу (71 офлайн, 37 онлайн) ұйымдастырылды. Одан бөлек қалалық ақпараттық түсіндірмелік топ мүшелерінің қатысуымен карантиндік талаптарды сақтай отырып қалада орналасқан 54 мектептің ұстаздары мен оқушыларына «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, шарада барлығы 2765 адам қамтылды.

 Сонымен қатар, арнайы әзірленген бейнероликтер жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерде көрсетілді. Оған қоса, бұқаралық ақпарат құралдарында 31 материал жарияланды. Қала көлемінде 6 сыртқы көрнекі үгіт-насихат ақпарат құралдары орнатылды.

 Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша:

Қала әкімдігі арқылы 2014 жылдан бастап «Қала көлемінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған насихаттық шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып келеді.

Биыл аталған жобаға жергілікті бюджеттен 4 млн 200 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы тәртібімен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры жеңімпаз атанды.

Жоба аясында ағымдағы жылдың 26-28 мамыр күндері республикаға белгілі теолог-ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Дінтану кафедрасының доценті, республикалық ақпараттық-түсіндірмелік топ мүшесі Кеңшілік Тышханның қатысуымен қалалық ақпараттық түсіндірмелік топ мүшелеріне, қалаға қарасты кент және ауылдық округ әкімдеріне, мешіт имамдарына, арнайы сала мамандарына 3 күндік семинар, 12 кездесу өткізіліп, 300 – ге жуық сала мамандары қамтылды. Сондай-ақ, ЗК-169/5 түзету мекемесінде діни экстремизм бағыты бойынша сотталған 2 азаматпен жеке, 18 азаматпен жалпы 2 топтық кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Мұнан бөлек, дәстүрлі емес діни ағым идеясының теріс мәнін әшкерелеу, оларға қарсы иммунитет қалыптастыру, зайырлылық, жастарды патриотизмге баулу, ұлттық құндылықты насихаттау мақсатында «Фейсбук» әлеуметтік желісінде «Руханият және дәстүр» парақшасы жұмыс жасауда. Парақшада 506 тақырыптық постер мен бейнероликтер жарияланды.

 Жоба шеңберінде жастар арасында 2 сауалнама жүргізу және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында 5 бейнеролик әзірлеп, адам көп шоғырланатын орындарда көрсету жоспарлануда.

 90-ға жуық шара өтті

Мемлекеттік жастар саясатын дамыту мақсатында биылғы жылы қалалық жастар ресурстық орталығы арқылы 8 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін ұйымдастырылған жобалардағы 88 шараға 7 000–нан аса жас қамтылды. Жыл басынан бері «QOSYL» қалалық жастар ресурстық орталығының қызметін 10 000-нан аса жас пайдаланып, 12 000-нан астам жас 90-ға жуық шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Келушілерге WI-FI, Коворкинг орталығы, мүмкіндіктер алаңы, спорттық секциялар, робототехника, креатив, жастар ұйымдары кабинеті ақысыз қызмет көрсетеді. Қала аумағында өз қызметін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі қоғамның әртүрлі саласын қамтиды.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша 703 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде, қоғамдық қорлар – 172, діни бірлестіктер – 9, қоғамдық бірлестіктер – 277 (жастар қб – 31, кәсіподақтар қб – 12), ҮЕҰ филиалдары – 245. Қазіргі таңда, 90нан аса үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Бүгінде мемлекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдарға көрсетілетін қолдау мен өзара іс-қимыл нәтижесінде олардың қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешудегі рөлі артып келеді. Осыған сәйкес, бөлім тарапынан қала аумағында өз қызметін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған. Сонымен қатар, қала әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі Кеңес жұмыс жасайды. Жыл басынан бері кеңестің 2 отырысы онлайн форматта өткізілді.

 Мұнан бөлек, белсенді жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйым жетекшілері қала әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялар, қоғамдық кеңес, қоғамдық келісім кеңесі және медиация туралы қалалық жұмысшы топ құрамында жұмыс жасап келеді. Қала әкімдігі жанындағы 14 комиссия мен кеңес құрамында 23 үкіметтік емес ұйым өкілдері мүшелік етеді.

Үкіметтік емес ұйымдармен әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асырылуда

Бөлім тарапынан жүзеге асырылған әлеуметтік жобалар ғылым мен ақпарат, білім беру, дене шынықтыру және спорт саласы мен жастар саясаты бастамаларын қолдау, отбасылық – демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау және діни экстримизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталып, жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2021 жылы Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларын жүзеге асыру қызметіне қалалық бюджеттен 22 млн. 227 мың теңге қаржы бөлініп оған 4 әлеуметтік жоба, «Жастар саясаты саласындағы өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру» қызметіне 15 млн. 899 мың теңге қаржы қаралып оған 8 әлеуметтік жоба қарастырылып, жобалар аясында тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған жобалар аясында жыл басынан бері 200-ден астам шара ұйымдастырылды.

А. ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған