"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ЖҮРСІН ҚЫЗЫЛОРДАНЫ МАҚТАП ЖҮРСІН…

ByQAA.kz

Қаз 28, 2021

Қала әкімі Ғанибек Қазантаев қала күні мерекесі аясында өткен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерманның 5 томдық таңдамалы жыр жинағының тұсаукесер рәсіміне және Жастар театры ұсынған «Ұлардың дауысы» атты поэзиялық қойылымының премьерасына қатысты.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы төл өнер – айтыс атасын мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты. Ақын өз кезегінде қала күніне орай біршама кітаптарын қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне сыйға тартты. Салтанатты шара «Ұлардың дауысы» атты поэзиялық қойылымның премьерасымен жалғасты.

Ж.Ермановтың өмірі мен өлеңдеріне құрылған «Ұлардың дауысы» атты поэзиялық қойылым – Қызылорда қаласының Жастар театры, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, жырау, профессор А.Алматов пен ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, режиссер-сценарист О.Нұрмахановтың бірлескен туындысы.

Бала Жүрсіннің асқақ арманынан бастап айтыстың жанашыры, төл өнерді жаңғыртушы сәтке дейінгі түрлі кезеңді аталған қойылымның бір сағатына жұп-жұмыр етіп сыйғыза алыпты.

Жалпы, құс биік ұшқан сайын оның жерге түсер көлеңкесі де алып болады емес пе? Жәй құстың өзі былай тұрсын, қыран бүркіттің ізінен еріп, жерде өзімен жарысқан кең көлеңкесін айтсаңшы. Сол сияқты қазақтың қара ошағы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, өнерінің туұстары Қызылордада Жүрсін Ерманның ізінен еріп, айтыс көркін қыздырып жүргендер аз емес.

Қазақ айтысының туын тігіп, бабадан қалған өнерді бүгінгі ұрпаққа аманат еткен, Сыр елінің де талай дүл-дүл айтыскерлерін елге мәлім етуге белсенді үлесін қосқан Жүрсін Ерманның құрметіне мұндай шара ұйымдастыру заңдылық еді.

  • Әлгінде осы Нұрмахан бауырымды креативті режиссер деп айтып еді. Сол рас болып шықты. Ішінде менің өзім түсінбеген жерлер бар. Десе де, осы жастардың тілімен қойылымды өрнектеп, әдемі әуенмен көмкеріп, қысқа болса да басы бар, аяғы бар дүние жасап шыққанына рақмет айтамын. Талай кеште болып жүрміз. Бірақ, бүгінгі кеш маған тосын сый болды. Сыр елі маған бөтен емес. Осы жақтың шаңына аунадық, өсіп-өндік,-деді Жүрсін Ерман.

Осылайша, бала кезде аспандағы жұлдызды ұстауды қатты арман еткен бала Жүрсін уақыт өте сол жұлдызға қолы жетіп, елдің алғысын алуда екен. Қала күні қарсаңында Жүрсін ағамыздың да туған күнін атап өтудің сәті бұйырды. Мәдениеттегілер іс-шараны қызықты етуді біледі ғой.

Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М.НИЯЗОВ:

Оны Сыр елінен бөлек қарай алмаймыз

Сонымен Жүрсін ағаның шығармашылығын негізге алған “Ұлардың дауысы” атты қойылымды көрермен назарына ұсындық. Көрген кісілердің жылы лебіздері жан-жақтан құйылып жатыр. Көре алмай қалған кісілер үшін алдағы уақытта тағы да қайталау болады. Ал жалпы көре алмай “әртүрлі әсерде күз әсер етіп” жүрген пенделердің “дертіне” шипа берсін. Ылғи да жоқ іздеп, қазақ іздеп, ұлттық рухтың жолында қызмет еткен Жүрсін секілді тұтас қазақты еш өңірден әсіресе Алаштың Анасы атанған Сыр елінен бөліп қарай алмайсыз. Кешегі қойылым соны көрсетті. Сөз ұстаған, қалам ұстаған ағаларымыз бен апаларымыз бұл туралы өз әсерімен бөлісе жатар. Талантты режиссер Оңталап Нұрмаханов пен даңқты жырау Алмас Алматовтың одағынан осал дүние шыға ма? Ең алдымен осы шараға барлық жағынан демеу берген қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы Қазантаевқа мың алғыс. Одан әрі бұл шаруаны аяғына жеткізгенше аяғынан тік тұрып қызмет қылған қалалық мәдениеттің барлық қызметкерлеріне, жастар театры ұжымына, қолдау білдірген достарға, азаматтарға айрықша алғыс айтамыз. Сонау Батыстан арнайы ат терлетіп, шараның мейманы болған Бауыржан Халиолла ағамызға, Түркістаннан алып-ұшып жеткен Бекарыс Шойбеков ағамызға да разымыз. Елге келген Жүрсін ағамыздың атының шылбырын ұстап, қасында қосын жегіп қызмет қылған Асқарбек Темірбекұлы, Дінмұхаммед Абизов, Елмұрат Рахматуллаев секілді азаматтарға да айтар алғысымыз мол. Бұл біздің бес жылда қадамын қаз басып келе жатқан жастар театрына да үлкен тәжірбие жинайтын мүмкіндік болды. Жақын күндері бұйырса жас театрымыз бірнеше қойылымдармен Алматы, Нұр-сұлтан сияқты үлкен қалалардың сахнасында өз өнерлерін көрсететін болады. Оған Жүрсін ағамыз да барлық жағынан қолдау білдіруге дайын екенін, тіпті Алматыға өзі арнайы алдыратынын айтып уәде беріп кетті. Ал қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы жастар театрының өз алдына отау құрып шығу үшін бар мүмкіндікті қарастыратынын жеткізді. Қаламыз гүлденіп, өсе берсін, барлығымыз осы сүйікті шаһарымыздың барлық жағынан кемелденуіне ат салысып жүре берейік!

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған