"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ҚАЛА КҮНІ ТОЙЛАНСЫН!..

ByQAA.kz

Қаз 25, 2021

Біздің сауалнама


Облыс орталығының дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген жастардың қаланың келбетіне, ілгерілеу бағытына қатысты
айтар ойлары да жоқ емес. Осы орайда, қала күні қарсаңында әртүрлі салада қызмет атқарып жүрген олардың пікірлерін білу мақсатында сауалнама жүргізгенді жөн санадық. Өзіндік ойларын ортаға салған жастардың ұсыныстары да жүйелі, қомақты.

Қала дамуына қандай үлес қостым деп айта аласыз?


Еліміздің алғашқы астанасы ретінде қалаға қандай тарихи
ерекшелік енгізу қажет деп ұсынар едіңіз?

Ал бүгінгі келбетіне қандай жаңашылдық керек деп ойлайсыз?

Өзге қалалардан ерекшелігі неде деп айтар едіңіз?


Қала күнінің тойлануына көңіліңіз толады ма?

Мерекелік лебізіңіз…

«Отбасы банкі» АҚ Қызылорда филиалы Бизнесті дамыту бөлімінің 1 санатты маманы Мархабат Сынасапова:

Жарықтандырылған ойын алаңы да қажет

1. Әрбір азамат пен азаматша қызметін адал атқарып, өз еңбегінде нәтиже көрсете білсе тек қала дамуына емес, еліміздің алға жылжуына үлес қосқаны деп білемін. Мен Банк саласында қызмет атқарғандықтан халықтың тұрғын үй мәселесінің шешілуіне,сондай-ақ қаржылық сауаттылықты арттыруға қатысты қала, аудан, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіземін. Сол жұмыстардың нәтижесінде көптеген тұрғындар жеке баспанаға ие болып, жыл сайын мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл тек менің ғана еңбегім емес, Отбасы банкі ұжымының бірлескен нәтижесі деп айта аламын. Себебі, халықтың қаржылық сауаттылығы артқан сайын ақшаны үнемді пайдалануды және жинақтауды көздейді. Жинағы бар адам баспаналы болуға ұмтылады, сол сұраныстың нәтижесінде жаңа тұрғын үйлер бой көтереді. Қазіргі таңда қаламыздың сол жақ жағалауы қарқынды дамуда. Сондай-ақ,қаламыз тұрғын үй құрылысы бойынша республика көлемінде ірі қалалардан кейінгі алдыңғы қатардан орын алуда. Осы атқарылған жұмыстардың барлығына менің теңізге тамған тамшыдай болса да үлесім бар деп есептеймін.

2. Біздің өңіріміз Сырдария өзенінің төменгі ағысында, Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, күріш өсіру біздің жерімізде ертеректе басталған деседі. Сол себептен, өңірімізді басқалардан ерекшелендіретін «Сыр маржаны» қазіргі таңда шет елдерге экпортталуда. Осы орайда, Сырдария өзенінің жағасынан «Сыр Ана» монументі де бой көтерді. Киелі топырақтың перзенті ретінде монументке жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын. Енді Сыр маржанының тарихы мен ерекшеліктерін баяндайтын галерея орнатқан дұрыс деп ойлаймын. Жаз мезгілінде кешкі уақытта тұрғындар тынығатын керемет орын, ал жас ұрпақ үшін тарихтан сыр шертетін құнды ақпарат тақтасы болар еді деп есептеймін. Мәселен, бізде жұмыс барысында туған қаламыз туралы ән шырқап, бейнебаян түсіретін сайыстар жиі ұйымдастырылады. Сондай сәттерде біз бейнероликке мақтана түсіре алатын, әдемі локацияға арқау болатын көрнекі тұстарымыз да жетерлік.

3. Қаламыздың сол жақ жағалауына тынығуға арналған үлкен саябақ қажет деп ойлаймын. Көз алдыңызға елестетіңізші Алматы, Шымкент қалаларындағыдай жасыл желекті, субұрқағы мен кең жолдары бар үлкен бақ болса керемет емес пе? Бала арбасы мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жүруге қолайлы жағдай болса деп ойлаймын. Екі бүлдіршіннің анасы ретінде жарықтандырылған ойын алаңы да қажет деп есептеймін. Сүйікті қаламыздың көркейіп дамуын, көгалдануын, халқының бай – қуатты болуын қалайтын тұрғындардың бірімін.

4. Өзге қалалардан ерекшелігі тұрғындарының пейілдерінде дер едім. Яғни, халқының кеңдігінде, қазақылығында, бауырмалдығында және салт – дәстүрге беріктігінде. Қазақ тілінде жетік, бұрмаламай сөйлей алатын жандардың шоғырланған мекені Қызылорда қаласы деп мақтана аламын.

5. Қала күнін атап өту мақсатында жылда түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Әрине, көңілім толады. Қаламыздың төл мерекесін қалай атап өтсек те жарасады деп ойлаймын.Осы сәтті пайдалана отырып, барша қызылордалықтарды қала күнімен құттықтаймын. Ең бастысы әр шаңыраққа денсаулық, шадыман-шаттық, берекебірлік тілеймін. Қаламыз өркендеп өсіп, қарыштап дами берсін. Ел ертеңін ойлайтын білімді, білікті, ұлтшыл ұрпақтар өсіп-өнген киелі топырағымыздың құты қашпасын. Қаламыздағы әр отбасына баспаналы болу бақыты бұйырып, сүйікті қаламыз гүлдене берсін!

Журналист Әсия Нұрлыбаева:

Ескі қаланың көрінісін тамашалау мен үшін де арман

 1. Қаламыздың дамуына атсалысу оның тынық ауасымен тыныстап, құнарлы жерін басып жүрген әрбір тұрғынының міндеті дер едім. Ес білген сәттен бастап Сыр шаһарының көз алдымызда күн санап көркейіп келе жатқандығы қуантады. Бала-шағымыздан болашағымызды осы қаладан көргеннен соң ба, әйтеуір ЖОО тәмамдап туған елдің дамуына үлес қоспақ ниетпен сүйікті қаламызға оралдық. Бүгінде Қызылорда – еліміздегі мәртебесі асқақ қала. Мұнда саяси, экономикалық, мәдени республикалық маңызы жоғары ауқымды кездесулер, мазмұнды шаралар жиі ұйымдастырылады. Бұл – қаламыздың абыройын асыратын маңызды бастамалар. Мұндай кездесулер, өңіріміздің мәртебесін биіктететін шаралар БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өтпейтіні анық. Қаламыздың кешесі мен бүгінін ақпараттандыратын да – осы БАҚ өкілдері. Сондықтан БАҚ саласында жүрген 5 жылдан астам уақытымда қаламыздың дамуына ақпараттық, насихаттық тұрғыда үлесімді қостым дер едім.

 2. Еліміздің алғашқы астанасының Ақмешіт атануы бекер емес. Әркез тарихи нысандарымен ерекшеленетін Қызылордаға шаһар тарихынан ғана сыр шертетін мұражай халық игілігіне жараса деген ойдамын. Сырда туған әрбір тұрғын өзінің туған жерінің тарихын біліп қана қоймай, насихаттап жүруі тиіс-ақ. Мұражайда бұрынырақта қолданып, қазір де халық игілігіне жарап тұрған тарихи нысандар жайлы ақпараттық тақталар, ескі қаланың макеті орналастырылса игі. Өйткені ескі қаланың көрінісін тамашалау мен үшін де арман.

3. Қаланың дамуы мен өркендеуі алдымен, заманауи ғимараттарынан байқалады. Қай шаһарды алып қарасаңыз да, ең бірінші көзге түсетіні әсем ғимараттар мен заманауи нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер. Қаламыздың бүгінгі келбетіне осы типтегі ғимараттар жетіспейтіндей. Байқасақ, шаһар шырайын келтіретін тұрғын үйлердің барлығы тек 5 қабатты. Жаңашылдыққа ұмтылғымыз келсе, жаңа типтегі заманауи нысандардың көптеп салынуы қолға алынса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Жастар мен балаларға арналған демалыс орындары, жасыл желекке оранған саябақтар да аздық етеді. Осы бағытта жұмыс жасалса деген ойдамын.

 4. Қызылорданың өзге қалалардан ерекшелігі – тұмса табиғаты, өзені мен құнарлы жерінде. Ешбір өңірде өсірілмейтін жасыл желектің біздің қалада өсуі, ешбір өңірде өспейтін сары алтын күріштің біздің жерде шығуы жеріміздің құнарлылығы мен климатының ерекшелігінде дер едім. Тағы бір айрықша тұсы – Сырдария өзенінің сол және оң жағалауында да қала тіршілігінің жалғасуы. Қызылорда Сырдарияның оң жағалауында орналасса, сол жағалауында жаңа қала бой көтерген. Күн санап бой түзеп келе жатқан сол жағалаудың да алдағы уақытта қаланың көзтартар нағыз орталығына айналатынына сенемін.

5. Қала күні мерекесі – әрбір тұрғын асыға күтетін ерекше мейрам. Жаңа жылды балақайлар Аяз ата мен сыйлықтар үшін жақсы көретін болса, қала күнінде елімізге танымал эстрада жұлдыздарын асыға күтеді. Сондықтан болар бұл мерекені кең көлемде атап өту қала тұрғындары үшін дәстүрге айналған. Айрықша күні шаһардың бүгінгі бейнесіне қатысты мектеп оқушылары, студенттер мен жастар арасында түрлі бағыттағы байқаулар ұйымдастырылса мейрамның мазмұнын аша түсері анық. Мәселен, жас журналистер арасында қала келбетін қара сөзбен сипаттау, жас суретшілер арасында шаһар шырайын қылқаламмен суреттеу, жас ақындардың қара өлеңмен өрнектеуі, оқушылардың қала тарихына қатысты білім бәйгесі сынды бәсі биік шараларды өткізу қолға алынса деп ойлаймын. Әйтсе де, қала күнінің маңызы тұрғындар арасында еш жоғалмақ емес. Осы орайлы сәтті пайдаланып, мен де сүйікті қаламды туған күнімен құттықтағым келеді. Жыл санап ажарың айшықтала, келбетің көз сүйсінер сұлулана түсуде. Әлде де жанарың жарқырап, жасарып, жайнай бер, Қызылордам! Барша жерлестерімді де мерекемен құттықтаймын. Ортақ қаламыздың дамуына қолымыздан келгенше үлесімізді қоса берейік!

Қызылорда оқушылар сарайы «іТIMAQORDA балалар технопаркі» бөлімінің меңгерушісі Мақсат Серікбаев:

Жыраулар үйі, жыраулар аллеясы, жыраулар қалашығы болса деймін

1. Әрбір тұрғын қаламыздың көркеюіне үлес қосуы керек. Мен білім саласында жұмыс жасап жатырмын. Қаламыздың болашақ талантты тұлғаларын тәрбиелеуге үлес қосудамын. Сонымен бірге, қаламыздың оң имиджін көтерерлік роликтер түсіріп жатырмын. Қаламыздың көркіне айналған керемет дүниелердің одан әрі көрікті болып тұруына қамқорлық танытсақ, ауламыздан бастап тұрғылықты жерімізді таза ұстасақ соның өзі үлкен үлес деп білемін.

2. «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмаған. Тарихи тұлғаларымыздың есімдерін дәріптерлік дүниелер көп болғаны жақсы. Жыраулар үйі, жыраулар аллеясы, жыраулар қалашығы болса керемет болар еді.

3. Еліміз күн санап көркеюде. Қаламыздың көркіне айналған керемет ғимараттар да көп. Біздің климатқа сай келетін ерекшелікті сақтайтын ғимараттар архитектурасына қарай жұмыс жасалса деген ұсынысым бар.

4. Қазақы ойлау білуіміз, әрекетіміздің де салт-дәстүрмен біте-қайнасуында дер едім. Сондай-ақ, ауызекі сөйлесу барысында қазақ тілін ұмыт қалдырмауымызда. Қалада тұратын өзге ұлт өкілдерінің өздері қазақша таза сөйлейді. Бұл біздің қаланың тұрғындары үшін тән құбылыс.

5. Өткен жылы қала күні мерекесі пандемиялық жағдайға байланысты шығар лайықты деңгейде тойланбауы. Алдыңғы жылдары өте жоғары деңгейде тойланатын. Орталық алаң мен стадионда дүрмектелген той болатын. Алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдемін. Әлемді жайлаған дерт дегбірімізді қашырып, жоспарымыздан жаңылыстырды. Ең бастысы деніміз сау, басымыз аман болса әлі талай той тойлайтын боламыз. Сондықтан елдің еңсесі түспесін. Білуімше, жақында қала күні жоғары деңгейде атап өтілмек екен. Жұртшылыққа қуаныш сыйлайтын мереке құтты болсын! Қала тұрғындары әрдайым мереке тойлап, жақсылықтарда жинала берсе деген тілегім бар.

«Абай» атындағы мамандандырылған мектептің ұстазы Орал Жомарт:

Қаланың қазіргі келбеті көз қуантады

1. Өзім мектепте мұғалім болып қызмет етемін, сол себепті алдыма келген әрбір оқушының бойында патриоттық сезім қалыптастырып, қаламыздың болашағын ойлайтын жастарды тәрбиелегенім қаланың дамуына қосқан кішкене үлесім деп білемін. Жалпы, қаламыздың әрбір тұрғыны өз қызметін адал атқарса, қала дамуына қосқан үлесі сол болады деп ойлаймын.

2. Бар алаштың анасына айналған қаламыздың тарихы тереңге кетеді. Қаламызға келген қонақтар да тарихымен танысқысы келеді. Ақмешіт 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. Осы тарихи дәлелді негізге алып, Сырдария өзенінің бойынан Ақмешіт бекінісінің макеті салынса деген ұсынысым бар.

3. Күннен-күнге дамып келе жатқан қаламыздың қазіргі келбеті көз қуантады.

4. Қаламыздың ең басты ерекшелігі Сырдария өзенінің бойында орналасуы және серуенге арналған өзен жағажайларының болуы деп білемін.

5. Иә, көңілім толады, алайда қазір пандемияға байланысты концерттік бағдарламалардың аз ұйымдастырылуы көңілді түсіреді.Барлық қала қонақтары мен тұрғындарын қала күнімен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бейбіт заман болсын! Қаламыздың көркеюіне тілектеспін.

«Азаматтық қоғам институттарымен жұмыс» бөлімінің басшысы Азамат Мукеев:

«Қазақстанның тарихи астанасы» болса деймін

1. Қызылорда қаласының тұрғыны ретінде шаһардың дамуына қосқан үлесіміз ең алдымен ауламыз бен көшеміздің тазалығына жауапкершілікпен қарайтынымыз болар. Аптасына бір рет көше үлкендерінің бастамасымен сенбілік өткіземіз. Одан бөлек, көгалдандыру мәселесі өзекті. Себебі әр үйдің жайқалған талдары бар, ол да күтім мен еңбектің нәтижесі. Осының өзі қала көркіне сән беретіні айқын.

2. Әр қаланың өз архитектуралық ерекшелігі болады. Оған аймақтың тарихы әсер етсе керек. Елімізде Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының қатарына Түркістан облысы да рухани астана ретінде енді. Дегенмен, қазақ елінің 4 елордасы қоныс тепкен жалғыз өңір Қызылорда облысы. Сондықтан, «Сыр -алаштың анасы» деген мақтанышымызға «Қазақстанның тарихи астанасы» деген атау ілесе кетсе деймін. Барлық архитектура, қаланы безендіру жұмыстары барысында осыған басымдық берілсе. Тағы бір ұсыныс ретінде айтарым, қалалық музейдің ауқымын кеңейтіп, 4 астанадан сыр шертетін жәдігерлермен толықса деген ұсынысым бар. Және заманауи технологияларды қолдану арқылы визуалды көруге мүмкіндік жасалса.

 3. Қала күннен күнге көркейіп келеді. Жаңа зәулім ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтеруде. Алайда, салынып жатқан құрылыстардың басым көпшілігі бір типте секілді. Әрине, көп нәрсе қаржыға келіп тірелетіні анық, бірақ мемлекеттен бөлек жеке құрылысшыларға да осындай талап қойылса ел соған икемделеді ғой деп ойлаймын. Одан тыс жылдың 4 мезгілінде де халық демалатын орындарды көбейту маңызды.

4. Әр адамға өзі туған қала мен үйінен артық жайлы мекен жоқ. Соңғы 10 жылда қала жаңа қарқынмен дамыды. Оны басқа қаладан келген азаматтар да жарыса айтуда. Мен үшін басты ерекшелік ол шаһардың кезкелген басына еркін жете алуымыз. Жол кептелісі жоқ. Екінші жолдың сапасы салыстырмалы түрде жақсы деңгейде. Тағы бір айта кететіні қаланың тұрғындарына байланысты шығар. Ол қонақжайлылық пен үй салса да, дүкен ашса да көлемді етіп жасауға тырысуы. Өйткені солтүстік облыстардан басты ерекшелігіміз халықтың жаңашылдыққа қызығушылығы басым.

5. Қала күнінің тойлануына көңілім толады. Шетелдік әншілерді шақырып та дүркіретіп той жасаған кезеңдер болды. Қазіргі эпидахуалға байланысты мұндай шараларға шектеу қоюымыз заңдылық. Бірақ қала күнінде ең алдымен шет аймақтарға да мән берсе деген ұсыныс. Себебі орталық болмаса темір жолдың арғы жағында мерекелік көңіл күй сезіле бермейді. Бас шаһарамыз көркейіп, ондағы тұрғындардың әл-ауқаты арта берсін демекпін.

Дайындаған А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған