QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Т.Шарманов: Саулық сақтықта екенін естен шығармайық

ByQAA.kz

Мам 6, 2021
  • Қым-қуыт тіршіліктің соңына түскен адамзат баласы кейбір табиғатында бар қарапайым дүние­лерден алыстап, қасиет қалы­бынан ажырап бара жатқандай еді. Адамдардан мейірім кетіп, жа­нашырлық азайып, табиғатты аялаудан, өмірді сезінуден қалды. Ең сорақысы, жұмыр басты пенделер ақшаны алдыңғы орынға қойып, ол бәрін шешеді дегенді берік ұстанымға айналдырды. Жас пен кәрі, бай мен кедей деп жікке бөлмеген жаман індет жаһан жұртшылығына бұл қағиданың қате екенін ұғындырғанын көзіміз көріп отыр. Коронавирус қаншама асыл азаматтарымызды келместің кемесіне мінгізіп, әкетіп жатыр. Бұл қауіпті індеттің жаңа толқындары туындауда. Халыққа айтарым, саулық сақтықта екенін естен шы­­ғар­майық. Біз тапқанына той жасап, қуанышын елмен бөлісуге асы­ғатын тойшыл халықпыз. Де­ген­мен мына күрделі әрі қауіпті кезеңде тойшылдығымызды, дара­қылығымызды тоқтату керек. Тойшылдығымыз, думан­шыл­дығымыз басымызға таяқ болып тиіп жатыр. Соны ұғынып, бұл әде­тімізден өзімізді алшақ ұстайтын кез келді. Көріп отырғанымыздай, бүгінгінің талабы – жылдам әрекет ету, өзгерістерге бейім бола білу. Тіпті қарапайым жүрген же­­­ріңде жеке гигиенаны сақтау, көп­шілік жерде маска тағып жүру, әлеу­меттік қашықтықты ұстануды қа­таң түрде әдетке айналдыруымыз керек. Өткен жылы мерейтойымды атап өту жөніндегі ұсыныстан бас тартып, түбегейлі қарсылығымды білдірдім. Мен үшін халқымның сау болғаны анағұрлым маңызды. Отандастарымның денсаулығын қауіп-қатерге тігу – үлкен қылмыс. Көңілге бай қазағымның «сақ жүрсең, сау жүресің» деуі қазір өзекті болып отыр. Бір-бірімізге қамқорлық танытып, өзім­шіл­дікке бой ұрмауымыз қажет. Тө­ңі­регіміз түгел болсын десек, ай­наламыздағы адамдардың аман-саулығына жауапкершілікпен қа­раға­нымыз  жөн.
  • Мен тоқсанға толған өмірімнің көбін қазақ елінің гүлденуіне, тұрғындардың дұрыс тамақтанып, саулықта болуына арнап, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дә­ріптеу жолында өмірімнің ең қымбат және қиын кезеңдерін өткеріппін. Алдағы уақытта да елімнің амандығын тілеймін. Біз – небір жаугершілік заманды, ашаршылық нәубетін, соғыс жылдарындағы ауыр тұрмыс дейсіз бе, небір қиындықты көрген және жеңген рухы берік ха­лық­пыз. Мұны да жеңеміз! Қазір бізде мүмкіндік көп. Технология дамыған, білімді, білікті мамандар бар. Заман өзгерген. Сол үшін ертеңге деген сенімнен адаспауымыз керек.

Ғалым, академик Төрегелді Шармановтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан үзінді.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған