QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ТӨСЕКОРЫН 3 ЕСЕГЕ ҰЛҒАЙДЫ

Автор:QAA.kz

Июл 29, 2021

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен КВИ жағдайы бойынша жедел штаб отырысында аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды жақсарту мәселелері қаралды. Жиынға әкім орынбасарлары, бірқатар басқарма және департамент басшылары мен онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты.

Аймақ басшысы өңірде вирустың тәулігіне 100-ден астам жағдайы анықталып, індеттің күшейгеніне орай сақтық шараларын қатаң түрде күшейтуді тапсырды.

 Облыс аумағындағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндама жасаған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова ағымдағы жылдың наурыз айындағы мерекелік күндерден кейін сәуір айында ауру санының күрт жоғарылап, тәуліктік тіркеменің артқанын жеткізді. Мұнан бөлек департамент басшысы әлі де екпе алмаған жекелеген санатты азаматтардың вирус жұқтыру қаупі жоғары екенін, ал ұжымдық вакцина алған қызметкерлердің аурушаңдық деңгейі төмендеп келе жатқанын тілге тиек етті.

 Облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан өңірдегі мониторингтік топтардың жұмысын әлде де күшейту үшін топ құрамына тәжірибелі сала басшылары қосылып, карантиндік шараларды жіті бақылау қажеттігін атап өтті.

Қызылорда облысының әкімі Г.ӘБДІҚАЛЫҚОВА:

 — Республика бойынша жаңа үнділік «Дельта», оған қоса «Дельта плюс» штаммы тіркеліп, қазіргі таңда біздің облысымызда да кең таралуда. Жағдай өте ауыр. Былтыр осы кезеңде, облысымызда коронавирус салдарынан қаза көп болғаны белгілі. Биылғы жылы сол қайтыс болған адамдардың жылдық астары өткізілуде. Сондай-ақ жағдайға қарамастан тойлар кеңінен өткізіліп жатқандығы туралы мәліметтер түсуде. Күні кеше Қызылорда қаласында орналасқан «Арнау палас», «Бақ-Сарай» мейрамханаларында өткен отбасылық шаралар мониторингтік топтардың назарынан тыс қалған. Дәл осындай жағдай аудандар көлемінде де орын алуда. Сондықтан мониторингтік топтардың жұмысын қатайту қажет.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов ауруханаларды төсекорындармен қамту және жаппай вакциналау жұмыстары барысын баяндады. Жүктеменің артуына байланысты коронавирус індетін емдеуге арналған инфекциялық төсекорындар саны 3 есеге ұлғайды. Яғни 1820 төсек-орын ұйымдастырылды.

Қажеттілікке қарай инфекциялық және провизорлық стационарларда төсек-орын қорын 3200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Сонымен бірге 518 орны орталықтандырылған оттегімен жабдықталған. Ал, үй жағдайында ем алуға мәжбүр азаматтарға 138 дәрігерлік мобильдік топ құрылған. Мобильдік топ дәрігерлерінің науқастарға шұғыл түрде жетуі үшін облыс әкімдігі мен қала әкімдігі тарапынан қосымша көліктер қарастырылды.

Жиында дәрі-дәрмек мәселесі де талқыланды. Облыстық медициналық және фармацевтикалық қадағалау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ғалима Азирова апта сайын коронавирустық инфекцияны амбулаториялық емдеу кезінде пайдаланылатын сұранысқа ие 10 дәрілік заттың мониторинг нәтижесін баяндады. Яғни қызуды түсіретін, қабынуға қарсы, антикоагулянттардың 2 айлық қажеттілік мөлшері жасақталғанын, қажет болған жағдайда қорлар толықтырылатынын хабарлады.

Штаб отырысында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысы Фердоуси Қожабергенов «Ashyq» жобасына кәсіпкерлерді белсенді түрде тарту жұмыстарының барысын баяндады. Бүгінде 252 нысан «Ashyq»-қа енген.

Облыс әкімі қоғамдық тамақтану мен сервистік қызмет орындарында қауіпсіздікті сақтау үшін кәсіпкерлік нысандар «Ashyq» жобасына белсене қатысу қажет екенін, бұл бағытта тиісті сала басшыларына жұмысты қысқа мерзім ішінде үйлестіруді тапсырды.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментіне науқастармен қарымқатынаста болған тұрғындарды шұғыл түрде анықтап, аурудың таралуына жол бермеуді, сондай-ақ, облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау және полиция департаменттеріне Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп күнделікті мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.

Аймақ басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасына барлық медициналық мекемелердегі құрал-жабдықтарға, төсекорындарға күнделікті ревизия жасап, белгіленген алгоритмге сәйкес кезең-кезеңімен қайта бейімдеу және қажет болған жағдайда қосымша төсекорындар әзірлеу мен вакцинациялау жұмыстарын қатаң түрде күшейтуді міндеттеді.

— Вакцинациялауға басты назар аударылуы тиіс, өйткені ол ауруды жұқтырмаудың бірден-бір жолы. Мұнан бөлек, төсекорынмен қамту мен реанимациялық бөлімдерінің дайындығы аса маңызды. Сондай-ақ, үйде емделіп жатқан науқастардың толыққанды ем алуын қамтамасыз ету қажет. Сырқатын асқындырып алмас үшін күнделікті олардың жағдайын қадағалауды тапсырамын. Барлық жұмыстар ұйымдасқан түрде жүргізіліп, тұрақты бақылауда болсын, — деді облыс әкімі.

Жедел штаб отырысында берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменоваға жүктелді.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *