"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Соттарда оңайлатылған іс жүргізу тәртібі

ByQAA.kz

Қаз 29, 2021

2016 жылы қабылданған Азаматтық процестік кодекске оңайлатылған іс жүргізу тәртібі енгізілді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодекстің 13-тарауында оңайлатылған іс жүргізу тәртібі көзделген. Оңайлатылған іс жүргізу кезінде аталған кодекстің 2 бөлімі, 1-кіші бөлімінде көзделген барлық міндеттемелер орындалуы тиіс. Оңайлатылған іс жүргізу – ең алдымен экономикалық жағынан қаражатты және азаматтық соттың, сонымен қатар тараптардың уақытын үнемдейді.

ҚР Азаматтық процестік кодекстің 144-бабы 2-тармағына сәйкес, судья істерді арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды. Істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды. Қаралған істер бойынша істі қарауға берілген бір ай мерзім сақталған.  Әрбір істі мұндай тәртіппен қараудағы негізгі мақсат – іс бойынша тараптарды сот отырысына шақырмай, сот отырысын өткізбей, олардың алдын ала ұсынған дәлелдемелерін судьяның жеке, ішкі пайымын басшылыққа ала отырып шешім қабылдауына мүмкіндік туғызу. Ең бастысы судья бапқа сәйкес, қос тарапқа заңнаманы барынша түсіндіріп, жауапкердің өзі негіздейтін құжаттар мен дәлелдемелерді беруі үшін мерзім белгілейді. Пікірді, дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну үшін сот белгілеген мерзімдер өткеннен кейін тараптарды шақырмай-ақ, істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды. Сот шешімді қабылдаған кезде тараптардың ұсынған түсініктеме, қарсылық және дәлелдемелерін басшылыққа алады. Бір айта кетерлігі, істі оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қарау барысында хаттама жүргізілмейді және істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды.

Сот, егер тарап бұл туралы өтінішхат берсе, үшінші тұлғаның іске кіруі туралы өтінішхаты қанағаттандырылса, қарсы талап қою қабылданса, осы іс бойынша қабылданған сот актісімен басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылуы мүмкін болса, дәлелдемелерді олардың тұрған жерінде қарап тексеру және зерттеу жүргізу, сараптама тағайындау немесе куәның айғақтарын тыңдау қажет болса, қосымша мән-жайларды анықтау немесе қосымша дәлелдемелерді зерттеу қажет болса, істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша қарауға көшеді, бұл туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда көрсетеді.

Істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда іске қатысатын адамдар жасауға тиіс әрекеттер мен осы әрекеттерді жасау мерзімдері көрсетіледі. Іс аталған Кодексте тиісті санаттағы істер үшін белгіленген мерзімдерде қаралуға тиіс. Істі қарау мерзімі талап қою арызы қабылданған күннен бастап есептеледі.

Егер бір мезгілде бірнеше талап мәлімделсе, оның біреуі немесе одан да көбі осы Кодекстің 145-бабында көрсетілген тізбеге сәйкес келмесе және сот осы талаптарды жеке іс жүргізуде бөліп қарамаса, олар Кодекстің 14-тарауында белгіленген тәртіппен қаралады.

          Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен егер талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін – екі мың айлық есептік көрсеткіштен, дара кәсіпкерлер, азаматтар үшін бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ақшаны өндіріп алу туралы талап қою арыздары бойынша, талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қою арыздары бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарауға жатады.

Ж.Дайрабай,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған