"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ОТШАШУДАН БАС ТАРТҚАН ҚАЛАНЫҢ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫ

ByQAA.kz

Қаз 28, 2021

Ағымдағы жыл мереке үстіне мереке орнаған уақыт болды. Егемендігіміздің 30 жылдығы мен туған Қызылордамыздың 203 жылдығы қатар келді. Осы орайда бір апта бойы қаланың түкпір-түкпірінде сайыстар мен шаралар өтіп, көпшіліктің көңілінен шығарлықтай жұмыстар атқарылуда.

Соның бірі, қаладағы тұрмысы төмен отбасыларға арнайы ұйымдастырылған қайырымдылық акциясы еді. Таң ата қаладағы «Ақмешіт – Сырдария» мешітінің алдына жиналғандар саны біраз болды. Қаптаған жүк көліктері, іші толған азық-түліктер…

Әлеуметтік сала мамандары қаланың әр ауылын бөліп алып, тұрмысы төмен отбасыларды іріктеп жүрген болатын. Әр шеттен 20-30 отбасыдан құралып, бас аяғы 1700 отбасыға азық-түлігі бар, оның ішінде көгілдір отынға қосылмаған 200 отбасыға 3 тоннадан көмір үйлестірілді. Азықтың құрамы ең керекті деген заттардан тұрады. Шәй, жуа, 5 литр күнбағыс майы, ұны мен күріші бар.

Білгіштер бір отбасыға берілген азық-түлік шамамен 3 айға дейін жетеді деп жоспарлап отыр. Бұл игі шараға қаладағы біраз кәсіпкерлер атсалысыпты. Кәсіпкерлердің біразы жұрт көп жиналатын қымбат мейрамханалардың иелері. Олар мұқтаж азаматтарға қолғабыс етуден аянып қалмады.

  • Құрметті қала тұрғындары! Биылғы жылы еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл, туған қаламыз Қызылордаға 203 жыл толуына орай өздеріңізге азық-түлік пакеттерін үйлестіріп беруді жөн санадық. Биылғы қала күнінде отшашудан да, ірі концерттен де бас тартып отырмыз. Әлемді жаулаған індет уақытша жиын мейрамдарды тоқтауға себепкер болып отыр. Бұл қайырымдылық акциясына қаламыздың белді кәсіпкерлері өз үлесін тигізді,-деді қала әкімі Ғанибек Қазантаев.

Ал қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридиновтың айтуынша бұндай шаралар жыл сайын ұйымдастырылып отырған. Алайда, биылғы қайырымдылық акциясы өте көлемді шара екен. Майдалап азық-түлік бере бергенше, бір жола көлемді, көп қылып беруді жөн санадық дейді орынбасар.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған