QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

«ҚОҚЫСТЫ» КӨРСЕТТІ

Автор:QAA.kz

Сен 30, 2021

Сол жағалаудың жайын білмек мақсатта аймақ басшысы жаңа қалаға атбасын бұрды. Бұнда 50 пәтерлік 1 тұрғын үй салынуда. Аталған пәтерлер қаладағы апаттық деп танылған үй-жәйлардың тұрғындарына алдағы уақытта табысталмақ. Ескісін алып, жаңасын беретіндіктен, жаманатты болмай, жөні түзу, қирап, үгітілмейтін пәтерді абыроймен табыстағанға не жетсін? Осы орайда, облыс әкімі де мердігерге пәтерді тәуір етіп салып бітіруді тапсырды. Кең стендті алдына тік тұрғызып, сол жағалаудағы шаруаларды таныстырған қаладағы құрылыстың басшысы Біржан Далабаев жасалған жұмыстардың үтір-нүктесіне дейін қалдырмай баяндап, түсіндіріп берді. Мұнан кейін аймақ басшысы №4 кварталды жалғайтын магистральды жылу желілерінің және сол жағалауды аяқ сумен қамтамасыз ететін су бұрғылау ұңғымасының жобасымен танысты. Сонымен қатар, өңір басшысы №4 тұрғын кварталындағы абаттандыру жұмыстарын көрді. Жобаны жүзеге асыруға жауапты мердігер абаттандыру ісін желтоқсан айында аяқтамақ. Сол жағалаудың қыс қамына дайындығын бір тексерген облыс әкімі көгалдандыруды да, аяқ суды да ұмыт қалдырмай, жылдамырақ аяқтауды тапсырды.

Көпірден өтіп беріп келіп, Белкөлге де барды. Қаладан шыққан пәлен тонна қоқыс тиеген тазалық көліктері осы Белкөлдің маңына ызғиды. Бұл жақта қоқыс аумағы қаяқта деп те іздемейтін кездер болған. Жерде жатқан пакеттердің ізімен жүре берсең сол полигонға қалай жеткеніңді де білмей қалатынсың. Бұл өткен жылдардағы көрініс. Қаланың желі қоқыс аумағының маңына жеңіл, ұшқыш қоқыстарды шашып тастайтын. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Белкөл кентіне, маңындағы қоқыс полигонына да барды. Қоқыстан бұрын Белкөлдің жәйін таныстарған кент әкімі А.Ибраимов Белкөл жайлы аз-кем ақпар мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне де тоқталды.

Кентте биыл мемлекеттік бағдарламалар арқылы 9 жоба қаржыландырылған. Елдімекенде жыл басынан бері 24 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, олардың жалпы саны 235-ке жетті. Артынша аймақ басшысы жаңадан салынған қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешеніндегі жағдайын көрді. «Белкөл» кентінен 7,5 шақырым қашықтықта орналасқан полигон өткен жылы пайдалануға берілген. Нысан күніне 16-17 тонна, жылына 60 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдеумен айналысады. Қазір кешенде 40 адам еңбек етуде. Ауданы 20 гектар қоқыстарды сұрыптау кешенімен және жарамсыз қоқыстарды көму алаңдарымен қамтамасыз етілген полигонға орташа есеппен күніне 110 тонна көлемінде қаладан жиналған тұрмыстық қалдықтар қабылданады. 2020 жылы Қызылорда қаласы бойынша жиналған 27 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 21,8 пайызына сұрыптау және өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 115 тонна сұрыпталған шикізат өнімдер екінші пайдалану үшін кәсіпкерлерге жөнелтілген.

Д,АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *