QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

“ҮНДІ” ҮРКІТТІ…

ByQAA.kz

Мау 24, 2021

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ПАЗИЛОВ Сәбит Бексейітұлы:

  • Қазіргі таңда бірқатар шетелде және бізбен көршілес елдерде коронавирус инфекциясы қайта бас көтеруде. Ғалымдар әлемде вирус жұқтырғандардың күрт өсуіне коронавирустың Үндістанда табылған жаңа штаммы да себеп болуы мүмкін деген болжам айтып отыр.

Ресейде коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы күн санап нашарлауда. Санкт-Петербургте инфекция жұқтыру оқиғалары санының өскені соншалық, инфекциялық ауруханалардағы палаталар санының тапшылығы байқалуда. Ауруханадағы инфекциялық бөлімде орындар жетіспегендіктен, науқастастар еденге жатқызылуда. Қаладағы жағдайдың күрделене түсуіне үндістандық Дельта штаммының пайда болуы, сонымен қатар, адамдардың вакцина салдырудан бас тартуы және карантин шектеулерінің сақталмауы себеп. Коронавирустық инфекцияны жұқтыру оқиғалары санының артуына байланысты ресейлік ғалымдар 30 маусымнан бастап елде инфекциялық ауруды жұқтыру деректерінің ең жоғарғы көрсеткіші мәнінің шектен асуын болжайды. Себебі коронавирустың жаңа штаммының жұқпалылығы 60%-ке жоғары болып келеді. Осыған орай әр адам өз денсаулығы мен жақындарының өміріне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарауды сұраймыз. Инфекциядан қорғану мен ауруханаға жатудан аман қалудың бірден бір жолы COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның толық курсын алу. Сондай-ақ вирус таралуының алдын алу мақсатында барлық профилактикалық шараларды қатаң орындау қажет: маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету, т.б. Сақтық шараларына бей-жай қарамаңыз.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы ЖАҢАБЕРГЕНОВА Динара Олжабайқызы:

  • Облыс бойынша осы жылғы 1 ақпанынан 21 маусым аралығында коронавирус инфекциясына қарсы екпенің 1 компонентін салдырған тұрғындар саны 120 675 адам, 2 компонентті салдырғандар саны 66 603 адам. Педагогтар 26 345, медицина қызметкерлері 13 807, құқық қорғау органдары қызметкерлері 5 128, мемлекеттік қызметшілер 4 447, студенттер 3545. Екпемен қамтылғандардың 50% жұмыссыздар, зейнеткерлер, кәсіпкерлік саласы. Сонымен қатар созылмалы сырқаты бар 844 адам екпе қабылдаған, оның ішінде 63 тұрғын 70-86 жас аралығындағы егде жастағы адамдар. Бұдан бөлек, «Егов» порталы арқылы онлайн өтініш берушілердің саны да күн санап артып келеді, 9 495 адам. Бұл халықтың басым көпшілігінің қазіргі сәтте вакциналауды қолдайтындығының көрінісі.

Бүгінгі күні облыс көлемінде 19 екпе кабинеті және 10 жылжымалы егу бригадасы жұмыс жасайды. Екпе кабинеттері демалыс, мереке күндері де үздіксіз қызмет көрсетеді. Оған қоса Қызылорда қаласының «Смолл», «Арай сити» сауда орталықтарында екпе пункттері ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта «Спутник V», «QazVac» және «Hayat-Vax», «Корона Вак» вакциналары қолданыста. Екпенің жеткілікті қоры барлық медицина ұйымдарында жасақталған. Егу маусымы басталғалы облысқа вакциналардың 1 компонентінен 165 560 доза, 2 компонентінен 87 300 доза екпе жеткізілді. Қазіргі таңда екпенің 1 компонентінен 46 736, 2 компонентінен 21 121 доза қалды. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 6 875 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның басым бөлігі клиникалық белгілерімен анықталған. Аймақтар кесімінде айтар болсақ, деректердің басым көпшлігі қалада тіркелген, барлығы 4101 дерек. Одан кейінгі үштікте 706 жағдаймен Жаңақорған, 529 жағдаймен Шиелі және 416 жағдаймен Сырдария ауданы бар. Маусымның 20 сына 16 дерек анықталды. 9 жағдай індет жұқтырғандармен қарым қатынаста болғандар арасынан анықталды. 7 адам эпидкөрсеткіштер бойынша ПТР тестілеу кезінде анықталды. Ауру ошақтарында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді, науқастармен байланыста болғандардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Қызылорда 25 мамырдан бастап «жасыл» аймақта.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы ИДРИСОВА Әлия Нұрмағамбетқызы:

  • Ағымдағы жылдың маусым айының 21 жұлдызына Қызылорда облысы бойынша коронавирус инфекциясының 6905 жағдайы тіркеліп, 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш 820,7 құрады. Оның ішінде 51,2% (3542) клиникалық белгілерімен және 48,8% симптомсыз түрі (3363). Барлық тіркелген коронавирус инфекциясының 2% сырттан тасымалданған, 58,% скринингтік тексеру нәтижесінде және 40% қарым-қатынас арқылы жұқтырғандар болды. Ауруға шалдыққан 6905 науқастың 95% немесе 6560-ы емделіп шыққан.

Барлық тіркелген жағдайлардың 59%-ы (4122) Қызылорда қаласының үлесінде болып, 100 мың халыққа шаққандағы орташа облыстық аурушаңдық көрсетіштен 1,4 есеге жоғары деңгейде орналасқан. Ауруға шалдыққандардың жас шамасы әр түрлі, жаңа туылған нәрестерлер мен егде жастағы азаматтар да індет жұқтырған, соның ішінде 20 жастан 69 жас аралығындағы азаматтар көп байқалады. Облыста тіркелген 4684 ошақтың 176-ның инкубациялық мерзімдері аяқталмай, әлі де бақылануда. 176 ошақтың ішінде 17-і ұйымдасқан ұжымда анықталып, 18 науқас тіркелген. Барлық ошақтарда қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, індетке қарсы профилактикалық шаралар ұйымдастырылды. Ошақтардағы қарым қатынастағыларға 14 күнге медициналық бақылау орнатылды. Мамыр айынан бастап коронавирус инфекциясы бойынша көрсеткіштің төмендеу тенденциясы байқалды. Дегенмен соңғы 3-4 күнде орта есеппен 15-25 дерек анықталуда. Маусымның 22-сіне 30 жағдай есепке алынды. Қызылорда қаласында 21, Қазалы, Қармақшы және Жаңақорған аудандарында 1 жағдайдан, 2 жағдай Шиелі ауданынан, 4 дерек Сырдария ауданында тіркелді. Басым көпшлігі науқастармен қарым-қатынаста болғандар арасынан анықталды. Коронавирус жұқтырғандардың 11-і 14 жасқа дейінгі балалар. Өңіріміздегі эпидахуал тұрақты деп бағаланғанымен, Нұр-Сұлтан қаласында «үнділік» штаммның болу ықтималдылығын анықтады. «Дельта» коронавирус штаммы аса контагиозды және анықталған штаммдарға қарағанда жұқпалылығы 60%-ға жоғары, қазіргі айналымдағы штаммдар 1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын болса, бұл штамм 5-6 адамға бірден жұғады және 7 күнге созылатын қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады. Сонымен қатар індетті жұқтырғандар буындар мен іштің қатты ауырсынуын сезінеді, жүрек айнып, лоқсиды, ауру салдарынан адам саңырау болып қалуы әбден мүмкін және аяқтардың микротромбозына әкеледі. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, коронавирустың «үнділік» штаммы ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің жоғары ықтималдығымен байланысты. Осыған орай санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті әрбір қазақстандықты өз денсаулығы мен жақындарының өміріне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарауды сұрайды. Инфекциядан қорғану мен ауруханаға жатудан аман қалудың бірден бір жолы COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның толық курсын алу. КВИ-ге қарсы екпе алуға қарсы көрсетілімдері жоқ әрбір азаматқа қысқа мерзімде вакциналануға шақырамыз.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған