"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ӘКІМ ЖҮКТЕДІ, БАСШЫЛАР ОРЫНДАЙДЫ?..

ByQAA.kz

Қаз 28, 2021

Қала әкімі Ғанибек Қазантаев жылдың соңғы тоқсанында қала тірлігіне қатысты барлық саланы пысықтауды мақсат еткен болар, бөлім басшыларын жинап жиын өткізді. Көтерілген мәселе де, тапсырылған тапсырма да аз болмады. Әкімдіктің мәжіліс залында өткен басқосу алдымен ұлттық халық санақ бойынша өрбіді. Қала көлемінде санақ жұмыстарының орындалу барысын білген әкім өз орынбасары Бектас Нуриддиновке бұл жұмысты белгіленген мерзімде талапқа сәйкес нәтижелі аяқтауды тапсырды.

 Жиынға арқау болған келесі мәселе – қала көшелерін өз қорасындай емін-еркін кезіп жүрген үй жануарларының көркейту, көгалдандыруға, тазалыққа келтіріп жатқан залалы туралы болды. Жасыратыны жоқ, жайылымы жоқ қалада тұрған төрт түлік ұстайтын тұрғындардың соңғы уақытта жауапкершіліктері сезіле бермейді. Мейлі жем-шөбін тауып келсе болдының кебі ме дерсің,көшелерде тіршілік деп жаныққан адаммен қатар қалада өсіп тұрған шөп, гүл, талды жеуге асыққан төрт түлік көрсек тандана қарамайтын болдық. Айта кету керек, ауланы былғаған жылқыға, сиырға реніштерін білдіріп, ашынған тұрғындар да әкімдіктегілерді де аямауда. Әйткенмен, бұған тиісті шара көрілгені жөн деген әкім қалалық полиция басқармасына бір емес екі тапсырманы жүктеді. Біріншісі, атап өткендей көшелерде кезген үй жануарларына бейберекет қарамау болса, екіншісі қала тазалығына келгенде жауапкершілік сезінбейтіндерді анықтау үшін жауапты полиция инспекторларын бөлу қажеттігін бұйырды.

Қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы:

Көше бойларында қараусыз бос жүрген малдардың жол бойында апаттық жағдайлардың болуына себепкер болып, көше тазалығын бүлдіретіндігі кеше немесе бүгін ғана айтылып жүрген мәселе емес. Сондықтан иесіз жүрген үй жануарларын дереу анықтап, айып алаңына қамау арқылы оның иелеріне айыппұл салу керек.

Айта кетейік, қала әкімі бұған дейін қала аумағындағы «Сығанақ» базары маңындағы Аспалы көпір аумағы мен «Қызылорда тазалығы» базасын қала аумағынан екі айып алаңына қалаға жайылатын малдарды қамауды тапсырғаны белгілі.

Содан кейін қала басшысы сала басшыларына тиесілі тапсырмаларды жүктеді. Алдымен қала көшелерінде орналасқан кәсіпкерлік нысандардың сыртқы көрінісін әрлеуді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне бағыттады. Бұл – орынды тапсырма. Неге десеңіз, жөндеуді талап ететін ғимараттар қала келбетіне кері әсерін тигізетіні айқын.

Соңғы кезде баға қымбаттылығына орай қарқыны баяулаған құрылыстың мерзімінде орындалмауы қала құрылысшыларына ғана емес, қала басшылығына үлкен сын. Бұдан бөлек биыл беріледі деп жоспарланған үйлерден баспаналы болуға дәмеленіп жүрген әлсіз топтардың да қарасы аз емес. Барлық жұмыстың нәтижелі әрі мерзімінде орындалуын қала әкімі құрылыс бөлімінің басшысы Б. Далабаевқа тапсырды.

Тек коммуналдық саламен шектелмей, өзге де салаларға басымдық беріп, тиесілі мәселелерді дер кезінде шешуді көздеген қала әкімінің сала басшыларына жүктеген тапсырмаларының орындалу барысы уақыт еншісінде.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған