QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ХАЛЫҚТЫҢ ЖОБАСЫ ОРЫНДАЛАДЫ

ByQAA.kz

Мам 6, 2021

«Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің статисті Бекзат МҰХАМЕДЖАНОВ: ХАЛЫҚТЫҢ ЖОБАСЫ ОРЫНДАЛАДЫ

Облыс орталығының дамуына қатысты түрлі бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Әрине, бағасын халық береді. Көшелердің жаңарып, жолдардың жөнделіп, жарық бағаланаларының түрленіп жатқаны біршама ауқымды жұмыс. Әйткенмен, жұмыстың парқын білсін, білмесін өздігінен кері пікірлерін жолдайтындар жоқ емес. Немесе небір идеялары болып, оны іске асыруға келгенде қызметтік үйлесімділіктің болмауы да дәлел бола алады. Осы үшін мемлекет әр облыс тұрғындарына өз жобаларын орындап, тұрғылықты мекенін ілгерілетуіне жағдай жасауда. Президенттің тапсырмасына сәйкес, «Халық қатысатын бюджет» жобасы біздің өңірде де белең алуда. Дегенмен, түсінік әрқалай. Аталған жоба аясында тұрғындарға ақпараттарды ұғынықты етіп жеткізу үшін қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің статисті Бекзат Мұхамеджановпен тілдестік.

  • Жобаның мақсаты, ережесіне тоқталып өтіңізші…
  • «Халық қатысатын бюджет» жобасының мақсаты – азаматтардың бастамалары мен ұсыныстары негізінде Қызылорда қаласының аумағын дамыту мен көркейту. Жоба ұсынысының авторы Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматы, қандас, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдік және азаматтығы жоқ адам бола алады. «Халық қатысатын бюджет» жобасы – мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы» аясында азаматтардың бюджет процесіне кеңінен қатысу болып табылады.
  • Осы орайда, жобалық ұсыныстарға қойылатын талаптарды да атап өтсеңіз…
  • Жобасын ұсынғысы келгендерге қойылар талаптар біршама деуге негіз бар. Сметалық есептерге тиісті қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар жобалау ұйымдары қол қоюы керек. Жобаларды тапсыру барысында Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңының талаптарына сәйкес болуы міндетті. Мақұлданған жобалар мемлекеттік сатып алу заңнамаларына сәйкес, ашық конкурсқа ұсынылып, авторлық, техникалық қадағалаушы және құрылыс – монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықталатын болады.
  • Жобаны тұрғындар әкімдікке өткізуі міндет қой?
  • Әрине, веб-портал арқылы нақты жобаны әкімдікке ұсына алады. Алдымен келіп түскен өтінімдер талданады, содан кейін «1 тұрғын – 1 дауыс» қағидасы бойынша ашық дауыс беру өткізіледі. Дауыс беру нәтижелері бойынша сараптамалық кеңес пен қаржыландыру үшін жобаның кезектілігін айқындайды.
    Ол үшін жобалық ұсыныстарды әкімдіктің интернет ресурсы – Қызылорда қаласы әкімдігінің «https://www.kyzylorda. gov.kz/» порталы арқылы береді. Портал арқылы «Халық қатысатын бюджет» сілтемесі арқылы жобалық ұсыныстың атауын, оның сипаттамасын, объектінің мекен жайының эскизі мен сметасын міндетті түрде қоса тіркеу қажет. «Халық қатысатын бюджеті» жобасы бойынша жобалық ұсыныстарды қабылдау қазір жүргізілуде.
  • Біздің қалада осы жоба аясында қызығушылық танытушылар көп пе? Жалпы белсенділік бар. Бұл қала дамуына критерий айтатын тұғындар үшін тиімді жоба болды деуге негіз бар ғой? Әлеуметтік желі арқылы қала дамуына түрлі сыни пікір айтатындар қаншалықты жоба аясында белсенділік танытуда?
  • Дұрыс айтасыз. Жалпы, қаланың ғана емес кез келген жұмыстың ілгеруілеуіне қатысты түрлі ой-пікірлерді желілерден кезіктіріп жүрміз ғой. Әртүрлі ойларын ортаға салу арқылы олар да кез келген мәселенің жүзеге асуына түрткі бола алады. Әйткенмен, өзіңіз айтқандай әлеуметтік желіде белсенді болғанымен, өткен жылы аталған жоба аясында белсенділік аса көп байқалмады. Бұл сол тұрғындарға тиесілі үлкен мүмкіндік екенін ескерген жөн.
  • Бүгінге дейін қанша жоба ұсынылып, нешеуі қолдау тапты?
  • Өткен жылы 2 жобалық ұсыныс келіп түскен болатын.
  • Ол қандай жобалар? Біздің қала үшін тиімділігі неде?
  • Тоқталар болсам, Әлфараби – 10 көшесін жарықтандыру және Яссауи көшесін көгалдандыру жобалары. Алғашқы жоба сараптамалық кеңес мүшелерінің талқылауынан кейін жобаның критерилеріне сәйкес келмегендіктен дауыс беруге жіберілмеді. Сонымен қатар, көгалдандыру бағытында әкімдіктің интернет ресурсына келіп түскен жоба саны 1-еу болуына байланысты, сараптамалық кеңес мүшелерінің қортындысына сәйкес жеңімпаз жоба деп танылды. Жалпы жобаны жүзеге асыру үшін биылғы жылдың жоспарына енгізілді. Айта кетерлігі, осы жылы жергілікті бюджеттен 10 млн. тг. қаражат бөлініп, жобаны іске асыру мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Жеңімпаз мердігер мекеме анықталғаннан кейін жобаның құрылысмонтаж жұмыстары жүргізілетін болады.
  • Әкімдік тарапынан қала тұрғындарынан қандай жобалық ұсыныстары мен өтінімдерді қабылдауды жүзеге асырады?
  • Жалпы қала дамуына қатысты тұшымды жобалар ұсынылуған жөн. Мәселен, мынадай:
  • аумақты көгалдандыру;
  • тротуарларды орналастыру;
  • тротуарлардың, пандустардың, арық­тардың құрылысы және жөндеу жұмыстары;
  • ортақ пайдаланылудағы орындарды құру, жөндеу және жарықтандыру яғни саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер жолдары және өзге де нысандар;
  • бордюрларды, брусчаткаларды, тіреу қабырғаларды жөндеу;
  • ортақ пайдалану орындарында беседкалар, орындықтар, урналар және балалар ойнайтын және ересектер демалатын жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу;
  • аулада және ортақ пайдалану орындарында спорттық жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын, балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру. Осы бағытта жобаларын ұсынған адам өз идеясын жүзеге асырып ғана қоймай, қала дамуына ерекше үлес қоса алады.
  • Мақұлдау арнайы құрылған жергілікті комиссия мүшелерінің іріктеуінен ғана өтеді ме?
  • Дауыс беру процесі арқылы да жүзеге асады. Егер жобаны іске асыру жер телімін пайдалануды көздеген жағдайда, ол аумақтық тиесілігі бойынша қала әкімдігіне тиесілі және коммуналдық меншігінде болуы тиіс. Әкімдіктің интернет ресурсында авторландырудан өткен Қызылорда қаласының тұрғындары дауыс беру процесі басталған күннен 10 күн ішінде ұсынылған жобалық ұсыныстар бойынша жүзеге асырады. Негізі Қызылорда қаласы әкімдігінің интернет – ресурсына ұсынылған жобаларға дауыс беру қорытындысы жарияланады. Жобалық ұсыныстардың саны мен әрбір ұсыныс бойынша дауыс берген азаматтардың саны туралы ақпарат оларды іске асырудың бірінші кезектілігін айқындау, сондай-ақ оларды іске асырудың мүмкіндігі мен орындылығы мәселелерін қарау үшін әкімдіктің сарапшылық кеңесіне енгізіледі. Ұсынылған материалдарды қарауды әкімдіктің сараптамалық кеңесі 3 жұмыс күн ішінде жүзеге асырады, оның қорытындылары бойынша тиісті қорытынды шығарылады және шешім рәсімделеді. Әкімдіктің сараптамалық кеңесінің қорытындысы негізінде әкімдік қорытындыда анықталған кезектілік тәртібі мен жобалық ұсыныстарды іске асыруға кіріседі. Жеңімпаз деп танылып, әкімдіктің сарапшыл кеңесінің оң қорытындысын алған жобалар 2022 жылдың жоспарына енгізілетін болады.
  • Бір жоба қаншаға бағаланады?
  • Іске асырылуы әкімдіктің құзыретіне жататын жобалық ұсыныстарды орындау үшін Қызылорда қаласы бойынша 2021
    қаржы жылына жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 50,0 млн. теңгені құрайды, бір жобаның ең жоғарғы құны ұсыныстың жобасы 10 млн. теңге болуы тиіс.
  • Конкурстың кезектілігіне тоқталыңызшы… Тұрғындар жобаларын қай уақытқа дейін өткізулері тиіс?
  • Өзіңіз айтқандай жобаны ұсыну кезегімен жүзеге асады.
  1. Тұрғындар ұсынған жобаларды қабылдау
  2. Келіп түскен өтінімдерге техникалық тексеру және талдау жүргізу аралығында іріктеу
  3. Жобаларға дауыс беру рәсімі
  4. Дауыс беру қорытындысын шығару
  5. Әкімдіктің сарапшы кеңесінің бірінші кезекте жүзеге асатын жобаларды анықтауы
    Тұрғындар ұсынған жобаларды қабылдау 2021 жылдың 26 сәуір – 12 мамыр аралығында жүзеге асырылады.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған