QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Электр желілерінің тозуы әлі де жоғары

Автор:QAA.kz

Сен 23, 2021

2021 жылдың 17 қыркүйегінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның жаңғыртылған және қайта қалпына келтірілген жәйін таныстырмақ ниетте біраз жұрттың басын қосқан еді.

«КРЭК»-тің ішіне барып, тындырылған шаруаларды көріп қайттық. Ішін жөндеуден өткізгелі біраз өзгеріп, жайлы болып, жағдайы қатып кетіпті. Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасымен келісіп Департаменттің бұйрығымен 2016-2020 жылдарға Еуропалық қайта құру және даму банкінің есебінен жалпы сомасы 4017,0 млн теңгеге инвестициялық бағдарлама бекітілген болатын. Бұл қаржыға көбіне сандық технологияға өтуге басымдылық берілген екен. Сондай-ақ, мекеме өз гаражына жаңа тракторды да сатып алыпты.

 Бұл жерде тұтынушылардың есепке алу аспаптары олардың деректері «Альфа Смарт» бағдарламасына әрі қарай берілетін тіректерде орнатылған.

 Біздің жұртқа тоқ беріп отырған «КРЭК» былтырдың өзінде сандық технологияны өз төріне шығарды. Іштегі жігіттер қаладағы, облыстағы әр тұрғынның үйінің күніне қанша тоқ жұмсап отырғанын біле алады. Анау-мынау әккі ұрылар кездесіп, тоқ ұрласа оны да әшкере етеді. Күніне қанша тоқ жұмсағаныңның орташа есебі шығады. Егер сол есеп бұзылып, не көтіріліп, не түсіп кетсе бүткіл тоқ қызметкерлерінің назары сенде деген сөз.

Электр энергиясының нормативтік ысыраптары 15,4 пайыздан 14,7 пайызға және электр желілердің тозу деңгейі 74 пайыздан 69 пайызға төмендеген болатын. Бұл жұмыстың барлығы инвест бағдарлама аясында жүзеге асты. 2020 жылы мекеме өз қаражаты есебінен 231,0 млн.теңгеге ұзындығы 1198,9 шақырым 110/35/10/0,4 кВ электр желісіне, 165 трансформаторлық қосалқы станциясына, 2021 жылы 283,9 млн. теңгеге 1118,5 км 0,4 кВ және жоғары әуе желілеріне, 140 трансформаторлық қосалқы станциясына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізді. Көшедегі жалауша жалбыраған тоқтардың басын біріктіріп, арнайы қабықпен қаптап қойыпты. Одан қалса ескі тоқ қораптарын жаңартқан. Қазіргі кезде қаланың сыртқы аумағында орналасқан тоқ бөренелерінің түбі (бетоны) мүжілген. Анау-мынау жәй бола қалса жерге құлап та кетуі мүмкін. Одан қалса, акционерлік қоғам осыдан 2 жыл бұрын, яғни 2019 жылы өзіміздің қалада халықаралық жарыс өткізіпті. Пәлен елден тоқтың мамандары, төтенше жағдайдың алдын алатын білгіштер келіп біздің «арыстандармен» сайысыпты. Қазақтың шаңырағында өткен жарыс болғандықтан біздің бас жүлдені алғанымыз анық-ақ. Десе де, жарыс өте жоғарғы деңгейде өткізілгенін жұртшылық әлі де сағына еске алады. Алыс-жақын шетелден қонақтар келіп, жұрт назарына тоққа түскен адамды құтқару, жанудың алдын алу, жылдамдыққа бағанаға міну секілді әдістер ұсынылыпты. Аталған мекеменің ішінде өздерінің мұражайы да болып шықты. Ішінде сонау заманнан келе жатқан тоқтың құралдары, қорғаныш киімдері секілді бұйымдар, мекеменің жеткен жетістіктері көпшлік назарына ұсынылған екен.

 Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *