QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

БАҒА ҰШЫП БАРА МА?

ByQAA.kz

Мау 24, 2021

Бүгінде қала бойынша шағын және орта бизнес үшін күрделі кезең. Дұрысы қала үшін ғана емес, ел үшін делік. Мәселен, соңғы жылдары қала көлемінде ірі инвестициялық жобалар жүзеге аспай, жаңа жұмыс орындары ашылмаған. Себеп – эпидахуал. Олқылықты орнына келтіру үшін өткен жылы 3,4 млрд. теңге, биыл 2,1млрд.теңгеге салық жеңілдіктері қарастырылуда. Нәтижесінде, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда түсім 2560,2 млн. теңгеге азайған. Түсімнің төмендеуін Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б.Ниетәлиев қала әкімінің қатысуымен өткен аппараттық жиын барысында былайша түсіндірді:

  • Түсімнің төмендеуі негізінен 2021 жылдың қаңтарынан бастап Қызылорда қаласының жергілікті бюджетіне түсетін жеке
    тұлға салығы мен әлеуметтік салықтың үлесі қайта қаралып
    10 пайыз болып бекітілуінен. Негізгі капиталдың «Азаматтарға
    пәтер сатудан түсетін түсімдер» және салықтық емес түсімдердің
    есебінен болып отыр, – деген Ниетәлиев басқарма тарапынан жергілікті бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты негізгі жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Мұнан көрсеткіште өсім байқалады. Осы жылдың алғашқы жарты жылдығында жергілікті бюджетке қосымша 709.3 млн.теңге өндірілді. Әйткенмен, баяндамашы өз сөзінде қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде жеке тұлғадан салық берешегін өндіру жұмыстары баяу екенін алға тартып, ұсыныстарын жеткізді. Осы орайда, қала әкімі кент және ауылдық округ әкімдеріне елді мекендегі жеке тұлғалардың салық берешегін 30-ы маусымға дейін жинау керек деген тапсырманы жүктеді.
Қалалық әкімдікте өткен жиында келесі сөз болған мәселе – қала тұрғындарын вакцинациялау жұмыстары. Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев бүгінге дейін атқарған біршама жұмыстарын баян дады. Оның баяндауынша, қалада ковидқа қатысты иммундау науқанына 10 екпе кабинеті мен 70- тен аса медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. Қала бойынша 13 жылжымалы пунктің жұмысы ұйымдастырылды. Екпе кабинеттері қажетті мұздатқыш жабдықтарымен, мұздату элементтерімен қамтамасыз етілген.

Қызылорда қаласы бойынша халық арасында ақпараттық түсіндірме жұмыстары «Қорқыт», «Отырар», «Сулпак», «Мечта», «Фристайл» сауда үйлерінде, «Арай сити» сауда ойын сауық орталығында, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті студенттері арасында жүргізілді. Халықты иммундауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі кешенді жоспарды орындау бойынша жұмыс тоқтамайды, – деді Ерлан Ұзақбаев.
«Қала тұрғындарының екпе алмауы ақпараттық насихаттау жұмыстарының әлсіз жүргізілу салдарынан орын алып отыр» деген Ғанибек Қонысбекұлы басқарма басшысына «Баяндамада ақпараттық насихаттау жұмыстарының тұрақты жүргізіліп жатқанын айтып өттіңіз. Нәтижеге мән беру керек, – деді.

Қала әкімінің төрағалығымен өткен отырыста қаладағы азық-түлік тауарларының сапасы мен нарықтағы бағасын көтермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да айтылды. Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулетбек Әбдірасуловтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына аптаның дүйсенбі күні Қызылорда қаласы әкімдігі, облыс­тық ауыл шаруашылығы басқармасы, статистика департаменті, «Байқоңыр» ӘКК-мен бірігіп облыс орталығындағы негізгі ірі сауда орындары мен супермаркеттерден ашылған әлеуметтік бұрыштар бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілуде. «Бүгінде қалада жағдай тұрақты, сауда орындарында азықтүлік тауарларының қоры жеткілікті, азық-түлік өнімдерінің тапшылығы байқалмайды деген» бөлім басшысының сөзіне қала әкімі:

«Баяндамада көрсетілген бағалар мен мониторинг нәтижесінде анықталған бағалар арасында айтарлықтай алшақтық бар. Сондықтан ақпараттың нақтылығына тағы бір мәрте
көз жеткізіңіз». Сондай-ақ, тиісті сала басшыларына базарлар мен
ірі сауда орындарындағы баға тұрақтылығын сақтау мақсатында
«Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, көтерілуі ықтимал тауарлардың алдын алу бойынша іс-шаралар
ұйымдастыру қажет. Сонымен бірге бағасы көтерілген өнімдердің бағасын тұрақтандыру бағытында құзырлы мекемелермен бірлесіп жұмыс жасап, әлеуметтік дүкен және ірі сауда орындарында орналасқан әлеуметтік бұрыштарда 19 түрлі азық-түлік тауарының жеткілікті болуын күнделікті қадағалауды тапсырамын, – деді.

«Баға ұшып бара ма?» деген көпті алаңдатқан сауалға бірқалыппен жауап берген ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы әлеуметтік дүкендер мен әлеуметтік бұрыштарда бірқатар азық-түлік өнімдерінің бөлшек саудада қамтамасыз етілуде екенін жеткізді.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған