"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

АЛҒАШҚЫ АСТАНАНЫҢ ДА “ОҢЫ” МЕН “СОЛЫ” БАР…

ByQAA.kz

Қаз 28, 2021

НЕМЕСЕ ҚАЛАДА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС?

Қызылорда қаласының бүгінгі даму қарқыны ілгерілеп, оң өзгерістер орын алып, жақсы жаңашылдықтар белең алуда. Қай салаға тоқталсаңыз, титімдей болса да алға жылжудың нышандарына көз жүгіртесіз. Кеңейген қаланың көлеміне қарап, бұндағы қолайлы тіршілікке зер сала қоныс аударуға ниеттенген тұрғындардың көптігіне де қуанасың. Облыстың орталығында орналасқан тұрғындардың тұрмысы үшін қолайлы жағдай жасалып та келеді. Нәтижесі де белгілі. Қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттерден тыс, тұрғын және мөлтек аудандардың бой көтеруі. Сол жағалау мен ондағы қарқын алған құрылыстың өзі тұрғындар түгілі сырттан келген қонақтардың өзін таңдай қақтырып, көз қуантары сөзсіз. Неге десеңіз, бүгінгі Астанадай алғашқы Астананың да енді «оңы» мен «солы» бар…

Жыл сайын мұнда зәулім ғимараттармен жарыса тұрғын үйлер де салынуда. Қаншама отбасы қоныс тойын тойлап, шаңырақтарын кеңейтуде. Кезекте тұрғандар біртіндеп жаңа пәтердің кілтіне қол жеткізіп, үйі апатты жағдайдағылардың мәселесі де оң шешім табуда. Тіпті, түнгі қаланың ажарын айшықтайтын жарық шамдары да ескі тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жаңа кейіпке еңгізгендей. Сондай-ақ, көпшілік көп жүретін көшелерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердегі және жеке нысандарда орналасқан кәсіптік құрылымдардың да саны артуда. Әрине, бұл қала тұрғындарының кәсіпкерлікке әдепкіден әлдеқайда жақындай түскенін, саланың қыры мен сырын меңгеріп, дамуына үлес қосып жатқанын аңғартады. Әлбетте, тиісінше жергілікті кәсіпкерлерді тұрғындар тарапынан қолдау да бар. Өйткені, бір көшенің бойынан дәмхананы да, қалтаны қағып түсірер қымбат кафелерді де, шағын дүкендерден тыс супермаркеттерді де, сырт келбеттің сұлулығына үлес қосатын сұлулық салондарын да, небір брендті киімдер сататын дүкендерді де және өзге де сұранысқа ие орталықтарды кезіктіруге болады. Сәтін салса, аты аңызға айналған атаның мәзірімен әзір болатын тағам да біздің қалада ашылмақ. Содан өзге сұранысқа ие жеңіл көліктен кем түспейтін электронды самокаттар да орнатылуда. Мұндай құрылғылардың түр-түрін қаланың орталық алаңынан да кезіктіруге болады. Күнделікті кешқұрым жастар үшін әсерлі қыдырыс пен серуендер осы алаңда орын алады. Оған өнерлілердің аспабын сүйемелдеп әндетуге қолайлы жаңарған арбатты да қосыңыз.

Сондай-ақ, қарқын алған құрылысқа жыл сайын саны артқан білім ордаларын да қосуға негіз бар. Мектептердегі орын тапшылығын болдырмау мақсатында қалада жеке білім ұялары бой көтеруде. Одан өзге демалыс саябақтарының саны артып, ескілеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Көшелер де түрлі жөндеуден өтуде. Жоғарыда атап өткен шет аймақтардың инфрақұрылымына да басымдық берілуде. Қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттердегі тұрғындардың да талаптары ескеріліп, оларға қолайлы жағдай жасауға да мән беріліп келеді. Көз алдыңызға келген немесе күнделікті көріп жүрген осы тіршіліктің мекені – Қызылорда қаласы еліміздің мегаполистерінен кем еместігін айғақтайтындай.

Шаруа барда сынның да болары хақ. Кей күрмеуі шешілмей тұрған мәселелер де жоқ емес. Ол бұрыннан болған және қай елдің, қай қаласын алып қарасаңыз да қалыпты жағдай. Бүгінде көпшілікке өзекті болған қоғамдық көлік пен тазалық мәселесі де соңғы өткізіліп жатқан жиналыстардың күн тәртібінен түскен емес. Соған қарағанда жаңа әкімнің де енгізер жаңалықтары да аз болмайтын сыңайлы…

Жыл басынан қала бойынша атқарылған жұмыстар да, жаңа әкімнің қабілеті мен қарымын, іскерлігін де сарапқа салынып, сүзгіден өткізетін уақыт та жетті. Күнделікті ауылдарды, қаланың қақ ортасы мен шет аймағын аралап, жоспар құрып, көпшілікпен тілдесіп, небір уәделердің іс жүзінде орындалуына куә болар сәт. Олай дейтініміз, қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы қызметіне кіріскелі ең алдымен жұмыс бағытын облыс орталығын аралаумен бастаған болатын. Енді жыл басынан бүгінге дейін не бітірді, қай тірлікте ұтқырлық көрсетіп, көпшілік алдындағы тыңдырамын деген тірліктерін бағамдалық.

Сонымен, Ғанибек Қонысбекұлы әкім болып келгелі кей жұрт қалада айтарлықтай өзгеріс жоқ десе, қаланың өзге тұрғындары ұраңдатпай-ақ ісіне мығым адам ғой деседі. Пікірлердің де алуан болуы қалыпты. Жұртшылық алдындағы «үйтем-бүйтем» және «істейміз-тыңдырамыз» деген талай жұмыстың уәделі сөздердің де иесін табатын кез әлі де алда деген сеніммен бүгінгіні тарқаталық. Мәселен, алдымен құрылыс саласына көз жүгіртелік. Өткен жылдың есебімен салыстырар болсақ құрылыс жұмыстары 20,5 пайызға, тұрғын үй пайдалануға беру көрсеткіші 17 пайызға артқан. Нәтижесінде, аталған жұмыстардың атқарылуы 35,1 млрд.теңгеге жетіп, пайдалануға берілген үйдің көлемі 285 982 шаршы метрді құраған.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, тұрғын үйлердің саны артқаны тұрғындар үшін қуантарлық жәйт. Қоныс тойларын тойлауға асығып жүргендердің қатары артпаса, сиремек емес. Тұрғындардың талабына орай, бүгінде 2170 пәтерлі 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

2020 жылы бастау алған Сырдария өзенінің сол жағалауында арендалық 590 пәтерлі 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 588,2 млн. теңге, СПМК-70 тұрғын ауданынында ипотекалық 640 пәтерлі 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 5 млрд. 460,5 млн. теңге қаржы бөлінді. 2021 жылы 2 млрд. 323 млн. теңге СПМК-70 №2 тұрғын ауданында ипотекалық 300 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын бастауға және арендалық 250 пәтерлі 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастауға 275 млн. теңге бөлінді.

Айта кетерлігі, бұл тізімде апатты деп танылған үйлердегі тұрғындардың да базыналары кіреді. Құрылыс жұмыстары реттелсе, жыл соңында пайдалануға беріледі деген де жоспар бар. Ол үшін Сырдария өзенінің сол жағалауында 50 пәтерлі 1 үй бой көтермек. Бұдан бөлек, кезекте тұрған, аз қамтылған көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалмады. Олар үшін 33 пәтер сатып алынды. Барлығы 192 пәтер сатып алуға 2 млрд. 456 млн.теңге бөлінгендіктен, әлі қалған пәтерлерге иелік ету үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда екен.

Сәтін салса, жоспарға сәйкес осы жылы 1370 пәтер, оның ішінде 430 пәтер көпбалалы отбасыларға, 50 пәтер апатты тұрғын үйлерде тұрып жатқан тұрғындарға, 250 пәтер кезекте тұрған отбасыларға, 640 пәтер «Отбасы банк» арқылы пайдалануға беріледі.

Облыс орталығында мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы да қалыпты деңгейде. Нақтырағы мемлекеттік бағдарламалардың септігімен қалаға қарасты біршама жұмыстардың шешім тауып та үлгерген көрінеді. Мәселен, қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және реттестіру үшін«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы тұшымды жүзеге асуда.

Аталған бағдарлама аясында бөлінген 3 млрд. 988 млн. теңгенің бүгінде есебі түгел. Жоспар бойынша Сырдария өзенінің сол жағалауындағы тұрғын үй аулаларын абаттандырып, СПМК70 тұрғын ауданын жылу, кәріз, электр, телефон желілерімен қамтамасыз етіп, Сабалақ саяжайын ауыз сумен қамтып, қаланың бірқатар аумақтарын ауыз су және кәріз су желілері, электр, газ, жылу жүйелері жүргізілмек. Жоспар бойынша аталған жұмыстар жыл аяғына дейін толық аяқталады.

Одан өзге «Өңірлерді дамыту 2020-2025 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да біршама жұмыс орындалмақ. Бағдарлама бойынша бөлінген қаржының бір бөлігіне Белкөл кентіне және Бірқазан елді мекеніне ауыз су желілерінің құрылысы, Талдыарал, Баймұрат батыр елді мекендеріне ауыз су желілерінің құрылысы жүргізілуде.

Сонымен қатар, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында өзге де ауылдардың біраз шаруасы реттелмек. Мәселен, Қосшыңырау ауылдық округіндегі 2,1 шақырымды құрайтын 5 көше және Талсуат ауылдық округіндегі 3,1 шақырымды құрайтын 5 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Индустриалық – инновациялық дамытудың 2020 – 2025 жылдарға» арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 14 жоба жүзеге асырылса, біршама қызылордалық тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Ал «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында жаңадан 687 жұмыс орны ашылып үлгерген. Себебі қала бойынша бұл бағдарлама негізінде 653 жоба қаржыландырылған. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша 6 жоба қаржыландырылып, жаңадан 13 жұмыс орны ашылған. Демек, жұмыс жасаймын деген жұмыссыз тұрғынға біраз мүмкіндіктер болғанын айтпай кетуге болмас. Өйткені, мемлекеттік бағдарламалар тек жұмыспен ғана емес, сәйкесінше баспанамен де қамтамасыз етуде. Айталық,«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қала көлемінде биылғы жылы 110 маманға көтерме жәрдемақы үшін 32,1 млн. теңге, 33 маманға баспана алу үшін 140,2 млн. теңге жеңілдетілген несие берілді.

Тұрғын үйлер қайта жаңғырмақ

Осы мақсатта қала көлеміндегі 11 көпқабатты тұрғын үйді жақсы қалыпқа келтіру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінген болатын. Арнайы қаулы мақұлданса, қала әкімдігіндегілер бүгін-ертең бұл жоспар да орындалады деп отыр.

Жаңа мектептер пайдалануға берілді

Биылғы оқу жылы жақсы жаңалықпен бастау алды. Олай дейтіміз, білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында тағы бір мектеп пайдалануға берілді. «Саяхат» мөлтек ауданынан жеке инвестор есебінен 348 орындық мектептің құрылысы аяқталып, бүгінде балалар білім нәрімен сусындауда. Ол тізімге жақында «Сабалақ» саяжайынан 300 орындық жеке мектеп те кіреді деп күтілуде.

Көшелер жөнделіп, жарық бағаналары орнатылуда

Осы жылдың жоспарына енгізілген жұмыстардың қатарында қалаға қарасты елді мекендердегі жолдарды жөндеу де бар болатын. Атап өтер болсақ, 117 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде Сырдария өзенінің сол жағалауындағы дария бойымен салынған магистральды көшесінен бастап Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі көпірге дейін 2 шақырымы мен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы дария бойындағы жобаланған магистральды көшеден Эдельвейс саяжайы аумағы арқылы 1,1 шақырымды құрайтын жол құрылыстарына тиесілі жұмыс реттеліп, көпшілікті қуантпақ. Тағы бір ауыз толтырып айтарлық жұмыс қала маңындағы саяжайлардың қала аумағына енгізілуі деуге негіз бар. Демек, ондағы халыққа да тиісінше жағдай жасалмақ. Жұмыс басталып та кетті. Сұранысқа сәйкес, «Сабалақ», «Эдельвейс» саяжайларына түнгі жарық бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Еңбек» саяжайына 2,4 шақырымды құрайтын қиыршық тас жолын салуға қалалық бюджеттен 58 млн. теңге бөлініп, пайдалануға берілді. Бұлар біткен сан іске жалпы шолу мен жоспарларды пысықтау делік. Әкімнің келесі есебінің де осындай жүйелі, әрі мардымды боларына сенім білдіреміз…

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған