QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

НӘРЕСТЕГЕ ЖЕТКЕН ІНДЕТ

Автор:QAA.kz

Авг 19, 2021

 Балалар арасында індеттің таралып жатқандығы белгілі. Ресми дерек бойынша Қазақстанда алғашқы рет кішкентай баланың індеттен көз жұмуы тіркелді. Қаза болған алматылық нәрестеден екі жақты пневмония анықталған дейді дәрігерлер. Жалпы ел бойынша қоғамдық көлікте де індет жұқтыру жағдайлары көбейген. Әзірше, қоғамдық көліктен келетін қауіп үшінші орынға жайғасқан. Ауырғандардың 18 пайызы індетті жақындарынан жұқтырғаны анықталды.

Ал Қызылордада болса жағдай әлі бір қалыпқа түскен жоқ. Тұрғындар тарапынан карантин ережелерінің сақталмауы, көп адамның басын біріктіріп жиын той өткізулері тоқтамай тұр. Қызылорда облысында 16 күн ішінде 3141 жағдай тіркелген.

«Вирустың мутацияланған штамдарының инкубациялық кезеңі екі-үш күнде бас көтереді. Уақытылы қаралмай, медициналық ем қабылдамаған жағдайда ауыр халге әкеп соғады. Статистикалық талдау жүргізгенде екпенің әсері өте жоғары екенін байқадық. Екпе егілгендерде ауру жеңіл өтеді. Тағы бір айта кетерлігі, науқастанған жандардың екпе алғандары мен алмағандарына екі түрлі ем-шаралар жасалады. Сондықтан да жалған құжат алғандар өз өмірлеріне өздері қауіп төндірмек,- деді облыстың бас санитары Әлия Мүтәліпқызы.

 Тамыз айының 18-і күнгі деректің өзінде облыс бойынша 150 адамнан індет анықталған. Біз бақсы да, болжаушы да емеспіз. Алайда, көрер көзге жағдайдың енді оң болмайтыны айқын байқалады. Себебі, халық тарапынан билік үніне құлақ асу байқалмауда.

 Бүгінде коронавирус індетіне қарсы карантиндік шараларды сақтауда 167 мониторингтік топ жұмыс жасауда. Облыс көлемінде мониторингтік топтармен барлығы 4167 рейд жүргізіліп, 12750 нысан рейдтік тексерумен қамтылды. Нәтижесінде 305 нысанда заң бұзушылықтар анықталды. Белгіленген карантиндік шаралардың орындалуын бақылау нәтижесінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы бойынша 533 құқық бұзушыға жалпы соммасы 37 187 714 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. «Жалпы эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Вирустың репродуктивтілік индексі – 0,97. Ауруханалардағы орын 53 және реанимациялық бөлімдері 47 пайызға жүктелген. Вакцинаның бірінші компонентін салдырғандар саны 6,1 млн адамнан асты, екінші компонент 4,8 млн-нан астам адамға салынды», — дейді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша Түркістан облысы және Алматы, Шымкент қалаларында вакцина салу қарқыны жақсы. Ал Маңғыстау, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында вакцина салу қарқынын күшейту керек. Вакцина қорын толықтыру шаралары қабылданып жатыр.

 «Оқу жылына дайындық аясында мұғалімдерге вакцина салуды 25 тамызға қарай аяқтап, оқу орындарының дайындығын бақылауды күшейту қажет», — деді Асқар Мамин.

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *