"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Мектепке дейінгі ұйымдардағы мәселелер

ByQAA.kz

Қар 18, 2021

Қызылорда қалалық мәслихатында өткен тұрақты комиссия отырысында қаладағы білім, спорт, мәдениет және ішкі саясат бөлімдерінің атқарған жұмыстары бойынша баяндама жасалып, депутаттардың ой-пікірлері тыңдалды.

Қаладағы білім ошақтарының жай-күйіне дау жоқ. Десе де, мектеп жетіспеушілігінің бары рас. Қаланың бір басынан екінші басына қатынап оқитын оқушылар да жоқ емес. Себеп, шағын аудандарда ортақ білім ошағының болмауы. Мәселен, нөмірі 264 мектеп лицейіне Арай мөлтек ауданынан да, СПМК-70 шағын ауданынан да, Сырдария мөлтек ауданынан да қатынайтын балалар бар. Ал СПМК-70 шағын ауданының соңы қазір Астана-1,2 микро аудандарына ұласып жатыр. Алдағы уақытта СПМК-70-тен екі 600 орындық мектеп салынбақ көрінеді. Оның өзінде екеуі де жеке мектеп. Соңғы жылдар жеке мектептер саны көбеюде. Бұл әрине мемлекетке де үлкен көмек. Дейтұрғанмен, білімнің соңы бизнеспен бітіп, оқу жайына қалмаса болды деген ой да келеді.

Ал сол жағалау бойынша, алдағы уақытта 1200 орындық зәулім мектеп құрылысы басталмақ. Әзірше келіссөздер жүргізіліп, нәтижесі кейінірек тұрғындарға хабарланар.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Қонақбайқызының айтуынша қала бойынша 238 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс жасайды. Оның ішінде 28 мемлекеттік балабақшада 5373 бала, 5 мектеп жанындағы шағын орталықтарда 95 бала және 205 жеке балабақшада 17337 бала, мектептердегі мектепалды даярлық топтарында 2682 бала, барлығы 25487 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. 2021 жылы 440 орынға арналған 2 балабақша, Махамбет ауылына 120 орынға арналған бұрынғы балабақша ғимараты қайтарылып, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, «Асыл-ай» балабақшасы, мемлекеттікжекешелік әріптестік негізінде 320 орындық «Сыр перзенті» балабақшасы ашылды.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын цифрландыруға көшіру мақсатында мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларға балаларды орналастыру үшін 2021 жылдан бастап «Казна» автоматтандырылған жүйесіне Қызылорда қаласының 238 мектепке дейінгі білім беру ұйымына енгізіліп, жұмыс жасалуда. Бұл жүйе мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың жүйелі орналасуына,жан басына шаққандағы қаржыландыруды тиімді орналастыруға арналғандықтан, балалардың балабақшада екі рет тізілуіне жол берілмей, тиімді жұмыстар жасалуда.

Инклюзивті білім беруді дамытудың 2020-2022 жылғы өңірлік жол картасына сәйкес 2020-2021жылдары 10 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, (№4 «Қуаныш», №14 «Самал», №31 «Алтын кілт», «Ер төстік», «Балапан», №2 «Бөбек», №8 «Бүлдіршін», №50 «Жұлдыз», «Бегім ана», «Нұр Орда») логопедиялық пункттер, «Нұрбесік» және «Балбұлақ» балабақшаларынан аутизм балаларға арналған қолдау кабинеті ашылды. Аутизм кабинеттерінде 19 аутист бала тәрбиеленуде. 90 педагог инклюзивке байланысты біліктілік курсынан өткізілді. Мектепке дейінгі ұйымдар бойынша, 4 арнайы балабақшада (№5 «Шаттық», №50 «Жұлдыз», «Сыр жұлдызы», «Шағбан» жеке балабақшасында) барлығы 190 мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленуде. 28 мемлекеттік балабақшаларда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасау мақсатында арнайы логопед, дефектолог мамандар жұмыс жасауда.

Үстіміздегі жылы қала бойынша 5 санаторлық балабақшаның мәселесі көтерілген болатын. Санаторлық балабақшалардағы бала санының азаюы, жан басына шаққандағы қаржыландырудағы қаражаттың жетіспеушілігі, қызметкерлердің жұмыс уақытының қысқаруы әлеуметтік мәселе тудырған болатын. Бұл мәселе облыстық білім басқармасының және облыстық денсаулық сақтау басқармасының 22 маусым 2021 жылғы №252 бұйрығымен регламенттелді.

Қазіргі таңда балабақшадағы балалар арнайы жолдамамен қабылданып, толықтырылуда. Қала бойынша 4 санаторлық балабақша өз режимінде жұмыс жасаса, №8 «Бүлдіршін» бөбекжай-бақшасы коммуналдық мемлекеттік мекемеден мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып қайта ұйымдастырылып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қамтитын балабақша ретінде қайта құрылды.

Қызылорда қаласы бойынша 3 балабақшаға (№4 «Қуаныш», «Балбұлақ», №14 «Самал» ) күрделі жөндеу қажет етеді. 0-2 жас аралығында мектепке дейінгі ұйым қажеттілігі бойынша порталда 6001 бала кезекте тұр.

2022-2024 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру шеңберінде жекешелік әріптестік негізіндегі балабақшаларға 2 жастағы балаларға мемлекеттік тапсырыс орналастыруға қаражат бөлінуді қажет етеді.

Бұл ретте тұрақты комиссия отырысына қатысып отырған депутаттардың біразі педагог, балабақша ісін меңгерген азаматтар. Олардың ойынша 2 жаста баланы балабақшаға апару тым ерте. Ал басқалары керісінше бұл ойды қолдайды.

Негізі, босанған әйел баламен 3 жылға дейін үйінде отыруға құқылы. Десе де, қазіргі нарықтың заманның лебі кім-кімді де қозғалыссыз қалдырмас.

– Қазір екі жастан баланы балабақшаға беруге асығуда. Бірақ, ата-ана бұл жаста баламен жеке айналысып, тәрбиелеу керек. Бұлай жалғаса беретін болса ертеңгі күні баланы перзентханадан балабақшаға әкеліп тастайтын болады. Бұның жалғыз себебі, біраз ата-ана бала тәрбиесімен көп айналысқысы келмейді.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған