QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАРДЫҢ САНЫ ӨСТІ

Автор:QAA.kz

Сен 23, 2021

«БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Құрманғалиев Арнұр Дәденұлы: ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАРДЫҢ САНЫ ӨСТІ

Зейнетақы жүйесіне тиесілі көпшіліктің сауалы сансыз. Салымшылар соңғы өзгерістер мен жаңалықтарға ілесіп, зейнетақы жүйесін тиімді, әрі оңтайлы пайдалануды көздейді. Көптің көкейіндегі көп сұраққа жауап алу мақсатында «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Құрманғалиев Арнұр Дәденұлымен тілдестік

— Облыс бойынша жыл басынан бері БЖЗҚ салымшылары қанша қызмет түрін ала алды?

— Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2021 жылдың сегіз айында өз салымшыларына 24 миллионнан аса қызмет көрсетті. Бұл өткен 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47 % көп. Салым­шылар мен алушыларға электрондық форматта көрсетілген қызметтер бұрынғысынша басымдыққа ие. Жыл басынан бері сандық технологиялардың көмегімен шамамен 17,3 миллиондай қызмет көрсетілді, ол жалпы көлемнің 72% тең. Былтырғы жылмен салыстырғанда, онлайн қызметтердің танымалдылығы біржарым еседен аса өсті. БЖЗҚ өз қызметтерінің көптеген түрлерін автоматты форматқа ауыстыруда. Қазір міндетті және ерікті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шоттарын Қорға жүгінбей-ақ, автоматты режимде ашуға болады. Уәкілетті операторлардан түскен өтініштер бойынша арнайы шоттарға бір жолғы зейнетақы төлемдері де аударылып, тағы басқа да қызметтер көрсетіледі. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 тамызына дейінгі аралықта осындай операциялардың шамамен 4,3 миллионы іске асырылды, ол барлық көрсетілген қызметтер көлемінің 17,7%. Қызылорда облысындағы Қордың 9 кеңсесі салымшыларды қабылдады. Осы кеңселерде жыл басынан бері шамамен 98 000 аса қызмет жүзбе-жүз көрсетілді.

— Басым көпшілігі қандай мәселелер бойынша?

 — Біраз уақыттан бері елімізде көтеріліп жүрген мәселе бұл зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану болатын. Осыған орай мемлекет басшысы үкіметке тапсырма беріп биыл 2021 жылдың бірінші күндерінен бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру құқығы берілді. Осы өзгерістерге сәйкес Қор филиалына келіп немесе телефон байланысы арқылы хабарласқан салымшылардың басым бөлігі зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жоғарыда айтылған мақсаттарға пайдалану болды.

— Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 12,8 триллион теңгені құрайды. Оның қаншасы Қызылорда облысына тиесілі?

— Қызылорда облысы бойынша:

Міндетті зейнетақы жарналарының сомасы – 394 751 597 мың теңге; Міндетті қәсіптік зейнетақы жарналар есебінен – 9 778 227 мың теңге; Ерікті зейнетақы жарналар есебінен – 20 715 мың теңге.

 — Білуімше, зейнетақы жарналарын алу үшін өтініш беру мүмкіндігі қашықтан да жүзеге асуда екен. Осы турасында кеңірек тоқталып өтіңізші…

— Қазіргі уақытта Қор виртуалды кеңістікте қызметтердің толық спектрін ұсынады. Өткен жылмен салыстырғанда онлайн қызметтердің танымалдығы екі есеге дерлік өсті. Атап айтқанда, корпоративтік сайттың немесе мобильді қосымшаның көмегімен бірнеше минут ішінде жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алуға, деректемелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, ЖЗШ-ның бар екендігі туралы анықтама алып, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беруге, төлемге берілген өтініштің мәртебесін бақылауға және т. б. қызметтерді алуға болады.

Егер біржолғы зейнетақы төлеміне келетін болсақ, Қордағы зейнетақы жинақтарын бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану туралы шешім қабылдаған салымшылар арнайы шот ашу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаныпайдалана отырып, біржолғы зейнетақы төлеміне өтініш беру үшін уәкілетті оператордың интернет – порталы арқылы уәкілетті операторға жүгінулері тиіс.

Қормен уәкілетті операторлар арасында ақпарат алмасу электрондық түрде өтеді.

Сондықтан салымшылар өтінімдерін тікелей уәкілетті оператоларға жолдайды. Уәкілетті оператор 2 жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді, онда төлемге қабылданған өтініш туралы мәліметтер, оның ішінде алу мақсаты, ТАӘ, туған күні, ЖСН, салымшы айқындаған мөлшердегі біржолғы зейнетақы төлемінің сомасы, жеке табыс салығы ұстап қалу тәсілі туралы мәліметтер қамтылады.

БЖЗҚ уәкілетті оператордан электрондық хабарлама алғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға салымшының біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын аударады, ол өз кезегінде бұл соманы салымшының арнайы шотына аударады. Біржолғы зейнетақы төлемінің сомасы уәкілетті операторда ашылған салымшының арнайы шотында 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзім ішінде сақталады. Осы мерзім ішінде салымшы уәкілетті операторға нысаналы мақсаттар бойынша құжаттарын ұсынуы тиіс. Егер ол көрсетілген мерзімдерде ұсынылмаған жағдайда, уәкілетті оператор біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын БЖЗҚ-ға қайтаруға тиіс, Қор ол соманы салымшының жеке зейнетақы шотына қайта қосады.

 — Мұнан өзге, зейнетақы жүйесіне тиесілі қандай жаңалықтарды жеткізесіз?

 — 2021 жылдың 1 мамырдан бастап ЕЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын алушылардың тізімі кеңейді. Ерікті зейнетақы жарналары – бұл салымшылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға салатын ақшасы. Оларды жеке тұлғалар өз пайдасына, жеке және заңды тұлғалар үшінші тұлғаның пайдасына аудара алады. Бұл ретте ЕЗЖ мөлшері мен төлеу кезеңділігін жеке немесе заңды тұлға дербес белгілейді. ЕЗЖ төлеудің артықшылықтарының бірі – жеке тұлға ЕЗЖ-ны өз табысы есебінен жеке пайдасына төлеген кезде салық заңнамасында ЕЗЖ төленген сомаға салық шегерімінің көзделгендігі. Бұдан басқа, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап салық агенті (жұмыс беруші) өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ЕЗЖ корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Сонымен қатар, жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердің табысына салық салу кезінде ескерілмейді.

 «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабы 1-тармағына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:

 1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған;

4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорындағы ерікті зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомалары шегінде кемінде бес жыл зейнетақы жинақтары бар адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.

— Қызылорда облысы бойынша БЖЗҚ салымшылары біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай қызмет түрлеріне пайдалануда?

 — Қызылорда облысының салымшылар біржолғы зейнетақы төлемдерін бәрінен бұрын тұрғын үй жағдайын жақсарту, оның ішінде тұрғын үй сатып алуға пайдалануда. 2021 жылдың басынан осы күнге дейін алсақ Қызылорда облысы бойынша келіп түскен өтініштердің жалпы саны – 15 830, оның ішінде 4 040 қайтарылып, 64 өңдеуге алынса, 11 726 орындалды, өтініш берушілердің арнайы шоттарына 36 703 миллион теңге аударылған. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 4,4 млн теңге. Ал емделуге Қызылорда облысы бойынша келіп түскен өтініштердің жалпы саны – 2 149, оның ішінде 1484 миллион теңгеге 1 849 өтінім орындалыпты.

 — Президент Тоқаев өз Жолдауында тұрғын үйге Зейнетақы жүйесіндегі салымды мерзімінен бұрын қолдану арқылы қол жеткізуге болатынын атап өтті. Осы бағытта облыс тұрғындары тарапынан қызығушылық қай деңгейде?

— Біраз уақыттан бері елімізде көтеріліп жүрген мәселе бұл зейнетақы жинақтарын бір бөлігін пайдалану болатын, осыған орай мемлекет басшысы үкіметке тапсырма беріп заңнамалық актілерге өзгеріс еңгізіліп тиісті жұмыстар басталғалы облыс тұрғындары арасында Қордағы жинақтарына қызығушылық артты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, екі есеге өскені байқалады.Бұл салымшылардың Қордағы жеке зейнетақы жинақтарына көзқарасы өзгеріп келе жатқанын байқатады. Қордың электронды қызметтерін электронды сайт және мобильді қосымшасын пайдаланушылар артты. Қор кеңселерінен келіп тікелей қызмет алып жатыр.

— Ол үшін басты ережелеріне тоқталып өтіңізші… Жинақтағы төменгі сома қанша болуы тиіс?

— Зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегіне келетін болсақ — республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен емес ай сайынғы зейнетақымен қамсыздандыру үшін қажетті, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған, міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төмен мөлшері.Әрбір жас үшін жеке есептеледі.

 Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы корында міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өзінің, жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделу ақысын төлеу мақсатында қолдана алатын азаматтарға келетін болсақ:

 1) азаматтардың зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинағының белгіленген ең аз жеткіліктілік шегінен асып түсуі керек. Бұл ретте салымшының зейнетақы жинақтарының сомасы мен Зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне сәйкес есептелген зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырма сомасынан аспауы тиіс; жеткіліктілік шегі әр жас үшін жеке анықталады (ҚР-ның Үкіметі бекіткен)

2) зейнет жасына жеткен кісілер Қордағы қаражатының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Бұл азаматтардың алып отырған зейнетақысының жиынтық мөлшері (мемлекеттен алып отырған зейнетақысы, базалық зейнетақы және БЖЗҚ алып отырған төлемдерді қосқан кезде) жоғалтқан орташа айлық табысының 40 пайызынан төмен болмау керек. Бұл санатқа құқық қорғау саласының зейнеткерлері де кіреді.

 3) сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан жеке түлғалар; Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотындағы жинақталған зейнетақы жинағының мөлшерінен аспауы қажет.

 — Тұрақты жұмысы болмаса да, нәпақасын әртүрлі бағытта табатындар бар. Алайда, келешегі үшін зейнетақы жүйесінде салымы түскенін қадағалайды. Қайтпек керек?

— Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу, яғни жеке зейнетақы шотына ай сайынғы міндетті зейнетақы жарналарын аударып отыру еңбек өтілінің дәлелі болып табылады. Уақытша жұмыс істемейтін немесе тұрақты табысы жоқ азаматтар бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы ЖЗҚ-ға қатысуын жалғастыра алады. Төлем 4 міндетті төлемді алмастырады:

 — жеке табыс салығы; — БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасы;

 — Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік аударым (МӘСҚ);

 — әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына әлеуметтік жарна (ӘМСҚ).

Осылайша БЖТ барлық төлемдерді жеңілдетілген шарттарда төлеуге және әлеуметтік қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйелеріне қатысуға және медициналық мекемені таңдау құқығы бар медициналық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 БЖТ төлеушілер үшін БЖЗҚ-дағы өзінің зейнетақы жинақтарын толықтырудан бөлек болашақта зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы төлемін алу мүмкіндігі бар. БЖТ екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы мысалы, «Қазпошта» АҚ арқылы жалпы сомамен төленуге жатады. БЖТ төлеушілер салық есептілігін ұсынбайды. Қызметтің басталуын тіркеу және Қызметті тоқтата тұру туралы өтініш талап етілмейді. Жеке тұлға БЖТ төлеу жүргізілген күннен бастап оны төлеуші болып танылады. Бұл ретте БЖТ күнтізбелік жылдың ағымдағы және келесі айлары үшін төленуі мүмкін. Бірақ сіз төлем жасалған айды көрсетуіңіз керек. Бұл еңбек өтілін есепке алу үшін маңызды.

Төлемді тоқтату жеке тұлғаның бұдан былай БЖТ төлеушісі болып табылмайтынын білдіреді.

— Біздің облыс тұрғындары тарапынан аталған қызмет түрлерін электронды түрде қолдануға қаншалықты сауатты?

— Халықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылығының деңгейін айқындай­тын жыл сайынғы тәуелсіз әлеуметтік зерттеудің қорытындылары шығарылды. Зерттеу республикалық маңызы бар 3 қала мен Қазақстанның 14 облысындағы қала және ауыл тұрғындары арасында телефон және сауалнама жүргізу арқылы өткізілді. Жалпы алғанда 3000 респонденттен сұхбат алынды, олардың ішінде жалдамалы қызметкерлер – 2 085 (69,5%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 768 (25,6%) және жұмыссыздар – 147 (4,9%).

Сауалнамаға қатысқандар интернет-сайттардың ішінде Қордың enpf.kz корпоративтік сайтын ең танымал және жиі айтылатын ақпарат көзі деп атады. Респонденттердің пікірінше, жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алудың екінші оңтайлы тәсілі – БЖЗҚ ұялы қосымшасы арқылы ақпарат алу кеңінен таралған. Жалпы, халықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылығы деңгейін зерттеу нәтижесі көрсеткендей, халықтың басым бөлігінің зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылық бойынша базалық білімі бар. Бұл ретте, ілгері деңгейдегі білімнің де өсуі байқалады.

 — Сұхбатыңызға рақмет!

 Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *