Жаз келісімен қолайсыз ыстықтан жұрт көлеңке, қоя берді салқын су іздеп, шыжыған күннен қорғанып, кейде жалпы демалып терең суға бір сүңгуге аңсары ауып тұратыны анық. Осындай жағдайлардың кейбірі кісі өлімімен аяқталып, су айдындарын бақылауда төтенше жағдай қызметкерлерінің бұрынғыдан да аса қырағы болуын талап етуде. Осы орайда қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Түйменов Жасұланмен жолығып, өткенге көз тастап, келешегімізді бағдарлап, қауіпсіздік саласындағы жұмыстардың жәйін сөз еткен болатынбыз.

Біз кездесуге барған күні аспан бұлтты, күн көзі көрінбей, жаңбырдың да иісі шығып тұрған болатын. Десе де ел аузында «Запад» аталатын мөлтек ауданда орналасқан төтеншеліктердің ауласында жас студенттер жаттығып, биікке шығып, секіріп, адам өмірін құтқару, өртті өшіру секілді қимылдарға машықтанып жатыр екен. Кәбинетінің терезесінен сол жастардың жаттығуына көз тастап, ойланып тұрған Түйменов бүй деді:

 – Осылай жаттығу керек. Бізге осындай жастар керек. Қателеспесем қазір Абылайхан атындағы колледждің студенттері жаттығуда.

Өзінің жұмыс үстеліне жайғасып, алда айтар, талқылар сөзімізді ой елегінен бір сүзіп, қызу сұхбатқа кірісіп кеттік.

 – Өзіңізбен осыдан бір жыл бұрын жолыққан едік. Өз салаларыңызда су, өрт апаттары, терезеден құлау фактілері өршіп тұрды. Содан бері нендей өзгерістер орын алуда?

– Ойланып қарасам, 2020 жылы өзім осы қызметке келіп, талдау жұмыстарын жасадым. Сонда көбіне үш жағдайдан адамдардың қаза болатыны анықталды. Сараптамаларға сүйенсек жылына 10-13 адам суға кетіп қаза табады. 2-7 жас аралығында кішкене балалардың биік үйдің терезелерінен құлауы да көбейіп тұр. Жылына шамамен 7-10 бала терезеден құлайды екен. Мәселен, былтыр он бала терезеден құлап, 2 бала қайтыс болды. Және өрттен де жарақат алып, қайтыс болғандар бар. Өткен жылы бес адам өрттен қаза болса соның үшеуі бала. Былтыр суға кеткен 13 адамның сегізі бала. Көп жағдайда ата-аналар жұмыста, кейде қарамай немқұрайлық танытып, балалары суға кетіп жатады. Мәселен, тоғызыншы мамыр күні Көкжиде аумағында кірпіш зауытында жұмыс жасайтын қызметкер суға түсіп, тамыры тартылып қаза тапқан.

 – Қайсыбірде көпірден жасөспірім қыз секіріп, қоғам арасында қызу талқыға түсті. Бұл жайлы не айтасыз?

 – Бұл оқиғада қыздың суицидке барғаны анықталды. Психологиялық әсерлер болса керек. Бұл оқиғадан кейін тағы да осыған ұқсас жағдай болды. Ерлі-зайыптылардың ажырасуына байланысты олардың сегіз жасар баласы көпірден секірген. Оны құтқарамын деп артынан әкесі секірген. Барлығы дін аман. Қазір қалпына келді. Өткен мамыр айының өзінде төрт жас бала суға батып кеткен. Жазда дене қызу болады, су мұздай. Қызу денемен мұздай суға түскен жағдайда тамыр тартылып, адам қозғала алмай қалады. Сондықтан суға батып кетіп жатады.

– Жалпы қаланың қай аумағына суға түсуге рұқсат бар?

 – Негізі қалада суға түсуге арналған жер жоқ. Өзімізге белгілі жалғыз жағажайға ғана суға түсуге болады. Біз сонымен қатар БҚОда қолданған «модульді бассейн» жобасын іске асырғалы жатырмыз. Ол бойынша әкімге хат жолдадым. Демек, әр көпқабатты тұрғын үйлердің арасына бассейн қойып, оларды таңертең толтырып, кешке ағызып жіберуге болады.

– Енді көп жағдайда балалар суға түспейақ, жаяулардың көпірінен құлап, суға батуда. Былтыр да ондай жағдай орын алды. Жақында Қойкөпір аталатын өткелді жөндеп, қалпына келтіріп, адам өтуге ыңғайлы еткенін байқадым. Бірақ, бұдан да басқа қауіпті көпірлер бар ғой?

– Сталин каналы басталып, шалғайдағы күріштіктерге су ағады. Осы Қарауылтөбе ауылының бойында Р-1 каналының үстіндегі көпірден су тасып жүрген баланың бөтелкесі суға құлап, оны аламын деп бала суға кеткен. Араға екі күн салып баланың өлі денесі су бетіне қалқып шықты. Негізі Сталин каналы суға түсуге арналмаған. Ол техникалық су. Онымен күріштіктер суарылады. Биылғы жылы қалаға қарасты барлық мектептермен бірігіп, жұмыс жасаудамыз. Өзіміздің әлеуметтік желіде чатымыз бар. Суға түсуге болмайтын жерлерде оқушылар анықталса суретін ортақ чатқа салып, әрі қарай мектеп директоры, ата-аналары бұл мәселемен айналысатын болды. Оның үстіне масаң күйде суға түсіп, батып кеткендері де болды. Айта кететін жағдай өткен жылы еріктілер көп көмектесті. Олардың жұмыстары биылғы жылы да жалғаспақ. Осындай қауіпті кезеңде полиция басқармасы, жергілікті әкімдік, өрт сөндіру қызметкерлері жұмылдырылады. Қазір біз адамдардың батып кеткен, өртеніп кеткен “қорқынышты” бейнероликтерін жұртқа көрсету арқылы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша халық арасында оң өзгерістер болады деп күтудеміз.

 – Қазір білім бөліміне қарасты мектептермен ғана байланыстасыздар ма? Өйткені қалада колледж, университеттер де бар дегендей…

– Негізі қалада орналасқан барлық оқу орындарын, тіпті балабақшаларды да қамтып жатырмыз.

 – Өткен жылы өз сөзіңізде өрт гидранттарының жұмыс жасамайтындығын айтқан болатынсыз. Биылғы жылы бұл бойынша жұмыстар атқарылды ма?

 – Биылғы жылы “Су жүйесі” мекемесімен жұмыс жасап, қазіргі уақытта гидранттардың жарамдылығы тексерілді. Соңғы мәліметтерге сай 308 гидрант жарамсыз. Ал олардың қала бойынша жалпы саны мың жарымға жуық. Бізде өзекті мәселе сол жағалауда болып тұр. Ол жақта бар 11 гидранттың түгелі жұмыс жасамайтындығы анықталды. Сондықтан, сол жағалаудағы өрт гидранттарын жаңғырту бойынша жұмыстар атқармақпыз.

– Соңғы үш айда бізде өрт болды ма?

– Бізде бір айдың ішінде 150 шақты шақыртулар болды. Біз өрт және өртке жатпайтын жану оқиғасы деп екіге бөлеміз. 150 шақырудың барлығы осы қоқыстардың жануы, яғни өртке жатпайтын жану оқиғасына жатады. Ал жалпы алғанда қазіргі таңда 12 мамырға дейін 59 өрт оқиғасы тіркеліп отыр. Материалдық шығыны 4,865 мың теңгені құрайды. Көктем уақытында тұрғындар ауласын тазалап, қоқысын өртеп, екі ортада оттың ұшқыны олардың көршілеріне де тарап, екі-үш үй немесе сарайлар қатар-қатар өртеніп жатады. Кейбірі өз кінәсін мойындамайды да. Өрт оқиғасының саны төмендегенмен суға бату фактілері бойынша жұмыс жасау керек. Біз қазір, тіпті мешіттерге жұма күні келетін тұрғындарға да қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ұдайы қолға алғымыз келіп отыр.

– Негізі суға түсуге болмайтын аймақтарда сіздердің қызметкерлеріңіз қауіпсіздікті қадағалап тұрады. Өткен жылы кей аумақтарда ондай қызметкерлер болмай шықты. Сөйтсек олар өз шаруаларымен кетіп қалса керек. Әйткенмен, қауіпсіздікті күзететін қызметкерлер болса да, олардың сөзіне құлақ аспай суға түсе беретін тұрғындардың да бар екенін ескеру керек. Қазір сіздер суға түсуге болмайтын аумақта суға түскендерге тек ескертпе жасайсыздар ма, әлде заң бойынша әрекет етесіздер ме?

 – Өткен жылы қызметкерлердің өз постын тастап кеткен жағдайларының болғанын жасырмаймын. Биылғы жылы бұл мәселе қатаң бақылауда. Жалпы алғанда өткен жылы суға түсуге болмайтын тұстарда суға түскендерге біз тек ескерту жасадық. Қазір ондай болмайды. Біз бірден заң бойынша жұмыс жасаймыз. Себебі, кей тұрғындар біздің қызметкерлермен сөз таластырып, ерегесіп те жатады. Сондықтан, бірден полицияға хабар беріп, хаттама толтырамыз. Қазірде күнделікті алпыс шақты адам кесте бойынша өз посттарында екі қызметкерден тұрады.

 – Кеше Нұр-Сұлтан қаласында біздің жерлесіміз Сәбит баланы терезеден құлаудан аман алып қалды. Ондай жағдай бізде де бар. Биыл терезеден құлау жәйі қалай болмақ?

– Биыл он жеті отбасыға терезесіне тор орнатып бердік. Олар жағдайы төмен отбасылар. Былайынша терезеге орнататын тор шамамен 2000 теңгедей тұрады. Көпқабатты тұрғын үйлердің маңында үнпарақтар, дауыс зорайтқышпен ескертулер жасалуда. Қазіргі қала әкімі төтенше жағдай саласында, жұмылдыруда еңбек етті. Сондықтан ол кісі қауіпсіздік саласының қызметкерлерінің жұмысын біледі. Бұл орайда қала әкімімен тығыз жұмыс жасаудамыз. Қазір терезеден құлау бойынша екі жағдай орын алды. Екі бала да дін аман.

 – Сұхбатыңызға рақмет.

P.S: Басқарманың басшысы өзіміздің әріптестеріміз, БАҚ сала­сының қызметкерлеріне алғысын айтуда. Олар арқылы тұрғындарға жол тауып, қауіпсіздік шаралары жайлы түсіндірме жұмыстарын жасағанына дән риза. Біз де қауіпсіздік дегенде ішкен асымызды жерге қойып, адам амандығы үшін күресетіндердің біріміз. Осылайша қырық минутқа созылған сұхбатымызды аяқтап, Түйменовтің қолын алып, кәбинетінен шығып, ауласына барып, әлгінде жаттығып жатқан жастардың қимылына, шапшаңдығына көз тастап, қызыға қарап, біраз тұрдық.

Д.АМАНГЕЛДІ

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here