QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

СӨЗШЕҢНІҢ БӘРІ ІСКЕ МЫҒЫМ ЕМЕС…

Автор:QAA.kz

Окт 8, 2021

Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты, «Қызылорда Жарығы» холдингтік бірлестігі төрағасының орынбасары — коммерциялық директоры Дархан КӨШЕРБАЕВ: СӨЗШЕҢНІҢ БӘРІ ІСКЕ МЫҒЫМ ЕМЕС…

Ел алдындағы уәдені орындап, халық қалаулысының бірі болу үлкен жауапкершілікті талап ететіні айқын. Осы үдеден шығып, жас та болса бас болып жүрген депутаттар да жетерлік. Айталық, Қызылорда қалалық мәслихатындағы жас халық қалаулысының бірі — Көшербаев Дархан Жомартұлы. Сөзге емес іске жақын жас депутат бүгінде біршама тыңдырымды тірліктерді атқаруда. Мәселен қандай деген сауал туындайтын болса, толығырақ Дархан Жомартұлымен өрбіген сұхбат арқылы білуге болады.

— «Nur Otan» партиясы ұсынған сайлауалды бағдарлама бойынша бүгінге дейін қала көлемінде қандай жұмыстардың атқарылуына үлес қостыңыз?

 — Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев парламенттік фракцияға «Nur Otan» партиясының барлық сайлауалды міндеттемелерінің орындалуына тікелей және қатаң бақылау жасау міндетін қойған болатын. Бүгінде партияның осы сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша Қызылорда қалалық филиалы жанынан құрылған «Өңірлік даму» жөніндегі кеңес төрағасымын. Сондайақ, «Nur Otan» партиясынан сайланған мәслихат депутаты, фракция мүшесімін. «Өңірлік даму» жөніндегі кеңес қалалық мәслихаттың депутаттары, партиялық кадрлық резервте тұрған кандидаттар, қоғам және партия белсенділері, зиялы қауым, қоғамдық пікір көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен өзге де сала өкілдерінен құралған болатын. Бұл партия жанындағы орган негізінен партияның сайлауалды бағдарламасының бағыттарын жүзеге асыру мәселелерін қадағалауды мақсат етеді. Осы мақсат бойынша біз яғни депутаттар бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Мәселен, кеңесте «Nur Otan» партиясының Қызылорда қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасының» №37 Электр желілерінің тозу деңгейін төмендету бойынша атқарылған жұмыстарын қарап, сала басшыларына одан әрі дамытуды тапсырдық. Екінші мәселе «Жол картасының» №5,1 КазАгроМир ЖШС-мен жылыжай кешені жобасы пайдалануға берілуі бойынша атқарылған жұмыстарды назарға алдық. Нәтижесінде, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің жұмысына оң баға беріп, қаламызда азық-түлік тапшылығын болдырмау бағытындағы жұмыстарға талдау жасалды. Кеңестің сеп болуымен сайлауалды бағдарламаның орындалуы негізінде ел сенімін нығайтары анық. Ендігі жоспар сайлау науқаны кезінде партия тарапынан қаланың экономикалық дамуына, қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына бағытталған уәделердің, ұсынған бағдарламаның орындалуына бағытталып отыр.

 — Сессия отырыстарында депутат ретінде мұнан өзге қандай ұсыныстар, сауалдар жолдап келесіз?

 — Партияның халыққа берген уәделерін орындауына үлес қосуды, сайлаушылардың сенімін ақтауды басты міндетім деп білемін. Осы негізде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне қатысты қаламыздың түнгі жарық шамдарының қысқы уақыттарда үздіксіз қызмет етуін және қосымша жетіспейтін қаржыландыру мәселесінің шешілу жолын қарастырғанды да айтар едім. Қалалық мәслихат депутаты ретінде қала бюджетіне өзгерістер енгізу туралы мәселе сессияның күн тәртібіне енгізілгеннен бастап, талқылау отырыстарында немесе депутаттық сауал ретінде қала аумағында қордаланған мәселелерді ұсынып отырамыз. 7-ші шақырылым өз жұмысын бастаған уақыттан бері 400-ден аса ұсыныстарды құзырлы органдар назарына жеткізіп келеміз, кейбір мәселелердің шешімін табуына бірлесе атсалысып, үлесімізді қосып отырамыз. Жалпы, тек сессия отырысында емес, жалпылама ең маңызды және бірінші кезекте шешілуі қажет деп мына мәселелерді назарыма алдым:

— КБИ мөлтек ауданы, Есет батыр көшесінде орналасқан «Қанат» мүгедек балалар үйі аумағын асфальттау немесе қиыршық тас төсеу;

— Ақмаржан көшесіндегі тұрғындардың өз күшімен орнатылған электр бағаналарын стандартқа сай электр желілеріне ауыстыру, орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу;

— Қыс мезгілінде су қатуы жиі орын алуына байланысты Тәуелсіздік және Егемен көшелеріндегі ауыз су жүйесін қалпына келтіру;

 — Ғимараты типтік жобаға сай емес, әрі ескі №197 орта мектебіне жаңа ғимарат салу мүмкіндіктерін қарастыру;

— КБИ мөлтек ауданы бойынша жастарға арналған спорттық воркаут стиртбол алаңын және балалар ойын алаңын салу мүмкіндігін қарастыру мәселелерін ұсыныс ретінде жеткізудемін. Бұндай ауқымды мәселелердің орындалуы бюджет қаржысына тәуелді екені баршаңызға мәлім.

— Бұл сіздің тәжірибеңіздегі депутаттық мандатқа алғаш ие болуыңыз. Жауапкершілік жүгін қаншалықты сезініп келесіз?

 — Партия тарапынан ұсынылған сайлауалды бағдарламаның орындалуына үлес қосу кәсіби, азаматтық жауапкершілікпен тығыз байланысты. Абыройыма нұқсан келмесі үшін мойныма артылған жүкті орынды атқаруға тырысамын.

 — Осыған дейін мұндай қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытушы ма едіңіз?

— Жоғары оқу орнын аяқтап, өзімнің кәсіби саламда жұмыс бастап жатқанымда ауыл шаруашылық бағыты бойынша кәсіпкерлікке енді аяқ басқандарға саланың қыры мен сырын меңгертіп, бизнес жоспар құруды үйретуге бағытталған жобаның орындалуына септігімді тигіздім. Нәтижесінде, 600-ге жуық болашақ кәсіп иелерін дайындап, олардың басым көпшілігінің бизнес жоспарларын қорғатып, үкіметтің жеңілдетілген несиесіне қол жеткізулеріне қосқан үлесімді айтуға болады. Сол кәсіпкерлердің, жұртшылықтың, көптің жақсылығына себепші бола отырып, олардың жылы лебізіне ие болудың қымбат екенін сол кезде сезінгенмін. Сонымен қатар, жыл сайын отбасымыздың мұрындық болуымен ұйымдастырылатын қайырымдылық марафонын атап өтуге болады.Пандемия кезінде медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында отбасымыздың атынан облыстық медицина орталығының 60 қызметкерлеріне қаржылай сыйлық және дезинфекция жасауға арналған жабдықтарды сыйға тарттық. Сосын қалалық аурухана дәрігерлеріне емдеу процессіне қолайлы жағдай жасау мақсатында 11 планшет табысталды. «Атамекен» балалар ауылының «Мектепке Жол» бағдарламасы шеңберінде мектепті тамамдайтын 10 баланы және мектепке енді қадам басқан бүлдіршіндерді мектеп формаларымен, оқуға керек құралдармен қамтамасыз еттік. Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері қоғамы, Атамекен балалар ауылы, «Көкжиек» мүгедек балалардың қолдау қоғамы әрдайым біздің отбасымыздың қамқорлығында.

— Білуімше, VII шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының құрамындағы ең жас депутаттардың бірісіз. Жаңашылдық, креатив, ерекшелік деген жастардан болуы тиіс. Қаланың дамуына қатысты қандай да бір түйткілді мәселелерге ерек шешім болатын ой, пікірлеріңіз бар ма? Болса қандай?

— Негізі өзім жұмыс жасайтын саламда креативті идеяларды іске асыруға, одан өзге қаламыздың тұрғындарына қолайлы жағдайлар жасауға атсалысудамын. Мысалы, өңірімізді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етуде 2013 жылы холдингтік жүйе жасалып оның тиімді басқару әдістері енгізілді. Айта кету керек, өңірімізде 2013 жылға дейін бірнеше энергиямен жабдықтаушы компаниялар өз жұмыстарын тоқтатып нарықтан кетуге мәжбүр болды. Қазіргі таңда қиын жағдайда тұрса да тұрақты 8 жылдан астам қала тұрғындарын, тұтынушыларын Қызылорда жарығы холдингі оның ішінде «Энергосервис» ЕЖШС мекемесі энергиямен жабдықтап келеді. Тұтынушыларымыз өздері тұтынған электр қуатының мөлшерін білуіне, есептеуіне оны бірден интернет банкинг немесе мобильді қосымша арқылы төленуіне мумкіндік жасалды. Соның нәтижесінде 70 пайызға жуық тұтынушыларымыз кеңсеге келмей, кабинет жағаламай онлайн төлеуге жағдай қарастырылды. 80 мың тұтынушыларымыздың 56 000ға жуығына қашықтан қызмет түрін пайдалануларына жол ашылды. Сонымен қатар 2017 жылдан бері қаламызда Бірыңғай төлем құжаты ендіріліп қаламыздың коммуналдық төлем жүйесін бір жерден төлеуге мүмкіндік жасалды. Өткен 2020 жылы облыстық кірістер департаментімен бірлесіп Бірыңғай төлем құжатына жеке тұтынушылардың жер, мүлік және көлік салығы туралы ақпарат енгізіліп,салықтық төлемдер туралы уақытылы ақпараттандырылып ол өз кезегінде тұтынушыларымызға және бюджетке оң ықпалын тигізуде. Алдағы жоспарымызда да қала тұрғындарына «Ақылды қала» концепциясы аясында коммуналдық, тұрмыстық қызметтерді көрсетуді цифрландыру жұмыстарын жалғастыру басты мақсат болып табылады.

— Бұлай сұрауыма себеп, сессия отырыстарында өзге депутаттар секілді әртүрлі тақырыпта жиі пікір білдіре бермейсіз… Неліктен?

— Негізі табиғатым солай. Сөзшеңнің бәрі іске мығым емес деп ойлаймын. Мәселелердің шешу жолын қарастырып,тиісті орындармен шешім қабылдар алдында барлық ұсыныс-пікірлерді талдаған тиімді. Көп құр сөзден гөрі көтерілетін немесе көтерілген мәселелерді зерделеп, жауапты тұлғалармен уақытылы сараптап, талдап содан кейін ғана қорытынды шығарғанды жөн санаймын.

— Жасыратыны жоқ, сессия отырыстарында және қабылдауларда ғана төбе көрсететін депутаттар бар. Өзіңіздің жұмысыңызды қалай бағалайсыз?

— Барлық депутаттардың бөлінген аумақтарында жүргізетін тиісті жоспарлары бар. Тұрғындарды қабылдайтын нақты уақыт кестелері бар. Соған сәйкес әр депутаттың жұмысының тиісті нәтижесіне сайлаушылар өз бағаларын беріп отырады. Өз тарапымнан барлық қабылдауларда болатын мәселелерді мұқият тыңдап, шешу жолын қарастырып ізденуге күш саламын. Айтпасаң тағы болмайды, қоғамдық қабылдауларда қаржы сұрап келетіндер де бар. Қолымнан келгенше қатты мұқтаж жандарға көмек қолын да созып келемін. Алайда, өтініш білдіруші тұрғындардың барлығының қаржылай өтініштерінөтеу мүмкін емес.

— Өзіңізді ең жас депутат ретінде қала көлемінде не толғандырады?

— Ең бастысы тұрғындарымыздың тұрмыстық жағдайының жақсаруымен қатар жастардың әсіресе мектеп жасындағы балалардың жақсы деңгейде білім алулары мен денсаулыққа деген күтімдері алаңдатады. Бұл мәселеде партия тарапынан және өз тарапымнан оқушыларымыздың таланттарын ашуға жұмыс жасап, балалардың білім олимпиадаларына қатысуына және олардың теориялық тұжырымдамаларын нақты практикамен байланыстыруына жұмыс жасағым келеді. Сондай-ақ, олардың ғылыми жаналықтарын өңіріміздің барлық шаруашылық түрінен өндірістік қоғамдық нысандарда кеңінен іс жүзінде пайдаланып, олардың ары қарай ғылымға қызығушылықтарын дамытуға атсалыссам деген ойым бар. Мысалы, физика, математика, информатика пәндерінен білім олимпиадаларына қатысушыларының ғылыми ұсыныстарын біздің энергетика саласына әртүрлі программалық қосымшалар жасауға, тұтынушыларымызға қолайлы процесстер жасап жұмысты жеңілдетуге сервисті көтеруге бағытталған конкурстар жариялап талантты жастарды ынталандыруға қатысты жоспарымыз бар. Осы бағытты іске асыру мақсатында қаламыздың сол жағалауында орналасқан «Жастар ресурстық орталығы» мен «Кызылорда жарығы» холдингтік бірлестігі атынан «ЭнергоИнвест» групп компаниясы арасында меморандумға қол қойылып, талантты жастарды қолдауға нақты қадамдар жасалуда. Сонымен қатар, өзіме қарасты «КБИ» мөлтек ауданында спорттық алаңдар, тренажерлар салуға ықпал етіп, балалардың бос уақытында спортпен айналысуына негізгі жұмыстарды жүргізуге деген жоспарлар бар.

— Тегіңіздің өзі танымал. Ел алдында абыройлы қызмет атқарып жүрген ел ағаларының ізбасарысыз. Сіздің осы мандатқа ие болуыңызды, қызметтегі жетістіктеріңізді сонымен байланыстыратындар бар ма? Жалпы бұл сізге қалай әсер етеді?

 — Ағаларымның ізбасары болу үлкен жауапкершілік және абыройлы қызмет атқаруға үндейді. Сондай-ақ, жақсы тәлім-тәрбие мен жоғары білімді ел қажеттілігіне дұрыс, әрі тиімді нәтижелі қолдана білуді қажет етеді. Расында да олардың жетістіктерімен менің мандатқа ие болуымды тікелей байланыстыратын пікірлер болып жатады. Әрбір адамның өзіндік пікірі болатындықтан ондай сөздердің ел арасында жүруі заңдылық деп есептеймін. Әйткенмен, мен де осы 30 жасыма дейін жоғары оқу орнын бітірісімен мамандығым бойынша жұмыс жасаумен қатар, 10 жылдай кәсіби білімімді арттыруға күш салдым. Атап айтсам, энергетика саласы бойынша тәжірибе алмасуға Германия, Ұлыбрытания, Ресей елдерінде энергетика саласының мамандырымен озық тәжірибелі мекемелерде тәжірибеден өтіп кәсіби қабілетімді жоғарылатумен айналыстым. Сонымен қатар, Ресей Федерациясы президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызметтер жөніндегі Академиясына түсіп, осы оқу орнында «Іскерлік әкімшілендіру мастері және бизнесті әкімшілендірудің Докторы» атты жоғары кәсіби дәрежелерін алдым. Оқу аясында ғылыми монография жазып, өңіріміздегі энергетика саласын дамытудың стратегиялық бағыттары ғылыми түрде негізделді. Яғни, осы монография тезистері Қызылорда облысының әлеуметтікэкономикалық даму концепциясының негізінде өңіріміздің энергетикалық даму стратегиясын іске асыруға нақты түрде құжат ретінде қабылданып, тиісті жұмыстар атқаруға негізделіп отыр.

— Өзіңізге тиесілі аумақтың тұрғындарымен қаншалықты байланыстасыз? Шағым естисіз бе, әлде алғыс па?

 — Өзіме тиесілі «КБИ» мөлтек ауданының, оның ішінде Жаппасбай Батыр көшесінің және сол көшенің жан жағында орналасқан тұрғын квартал тұрғындарымен әлеуметтік желілер, телефон арқылы тікелей байланыстамын. Кездесулер де ұйымдастырып тұрамыз. Негізінен әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерге қатысты сұрақтарға тиісті құзырлы мекемелермен шешуге тырысып алғыс естіп жатамыз, алайда барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес.Уақытты талап ететіндері де бар. Тұрғындар осыны да түсінсе деген ұсыныс бар.

— Сіздің мұрындық болуыңызбен оларға тиесілі қандай мәселелер шешім тапты, әйтпесе не шешім табуда?

— Биылғы жылы депутат ретіндегі аумақ бөлінісімде ұзындығы 10,7 шақырымды құрайтын 24 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстарының басталуына ықпал жасалды. Бұл жұмыстардың сапалы орындалуын өз бақылауыма алдым. Сондай-ақ, менің ұсынысыммен «Көп қабатты тұрғын үйлерде Үй кеңестерін құру және олардың сервистік мекемелермен келісім шартқа отыру мәселелері» тамыз айындағы тұрақты комиссия отырысында талқыланды. Нәтижесінде, 256 жәй серіктестік құрылды және 12 заңды тұлға тіркелді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Жақында «Мектепке барар жол» акциясы бойынша да «КБИ» мөлтек ауданында орналасқан 271 және282 мектептерінде оқитын 60 баланы оқуға қажет формалармен және құралдармен қамтамасыз еттім. Ана мен баланың қуанышын көрген сәтте ерекше сезімде болып, көпшілікке көмек соза алатын мүмкіндік болғаны үшін де қуанады екенсің.

 — Өзіңіз энергетиксіз. Осы турасында бірер сауал қойғанды жөн санап отырмын. Біздің қаланың ауарайы белгілі. Жазында күн ыстық. Ылғалды емес. Күн сәулесінен қуат алатын күн электр станциясын салу жөнінде не айта аласыз?

— Біздің облыста күн электр станциясын пайдалану бойынша Қызылорда маңында қуаты 50 МВт, Жалағаш ауданында 20 МВт бірнеше жобалар аяқталды. Облыс аймақтарында шағын шаруа қожалықтарынан электр және ыстық су өндіретін шағын жергілікті станциялар бар. Біздің аймақта жылына 300-ден астам шуақты күн бар және күн энергиясын пайдалану өзекті болып табылады. Күн станциясының әлсіз дамуының проблемалары — олар тек күндізгі уақытта жұмыс істейді. Өткен жылдың соңында электр энергетикасы туралы заңға осы ақауларды жабатын маневрлік электр станцияларының құрылысына рұқсат беретін түзетулер енгізілді. Айта кету керек, қуаты 240 МВт жылу электр станциясының салынуы Қызылорда қаласында жоспарлануда.

 — Қала көлемі де кеңейіп келеді. Жаңадан тұрғын, мөлтек аудандар қосылуда. Осы орайда, қаланың барлық аумағын электр желісімен қамтамасыз етуге қауқары бар ма?

— Негізінен жаңадан салынатын мөлтек аудандардың жобасында инженерлік жүйелері оның ішінде электр желілері алдын ала ескеріліп тиісті қаражаттары бюджеттен бөлініп салынады. Жаңа мөлтек аудандарды және жалпы Қызылорда қаласын электр қуатымен жабдықтауда жалпы қажетті электр қуатының сырттан сатып алынатын мөлшері 75 пайызын құрайтынын атап өткен жөн. Ішкі нарықтан Кызылорда электр жылу орталығының электр қуаты 25 пайызды ғана қамтамасыз етеді. Қызылорда қаласын электр энергиямен жабдықтау, қызмет көрсету көлемі жылына 5-6 пайызға өсуде. Соңғы 5 жылда қалаға қарасты саяжайлар, ықшам аудандар мен мөлтек аудандардың қатарының артуынан 12 000-ға жуық тұтынушыларымызды электр энергиясымен жабдықтау мәселесі шешіліп келеді.

— Көпшілікті алаңдатқан тағы бір сауал. Электр энергиясының бағасы неліктен қымбат?

— Электр энергиясының бағасы қымбаттауының негізгі себебі — электр энергия өндірушілердің, тасымалдаушылардың бағаларының өсуімен түсіндіріледі. Атап айтсақ, Энергетика министрінің 24 маусымдағы №211 бұйрығына сәйкес 1 шілдеден Қазақстандағы жылу-электр станцияларында тарифтің шекті деңгейі орташа есеппен 3 пайыздан 9,1пайызға дейін өзгеруімен және Ұлттық электр қуатын реттеуші тасымалдаушы «КЕГОК» компаниясының тарифі 14,3 пайызға өсуімен байланысты негізделіп отыр. Өсу себебі электр қуатын өндіруде шикізаттың яғни көмір бағасының өсуімен және «КЕГОК» компаниясының алдағы жылдарға жасалып, іске асырылатын ұлттық электр желілерінің жөндеу жұмыстарының жобаларының аясында түсіндіріледі. Қызылорда қаласының энергиямен кепілді жабдықтаушы «Энергосервис» ЕЖШС компаниясының жалпы тариф құрамында жабдықтау шығындары 2012 жылдан бері казіргі таңға дейін тұрақты 0,52 тенге мөлшерінде келеді. Жалпы орташа тарифтің мөлшері 17,53 тенге болса, бұның құрамында энергия мен жабдықтаушы компанияның шығыны 0,52 тенге яғни 2,9 пайызды ғана құрайды, жоғарыда айтқандай 8 жылдан астам бұл шығындар тұрақты 0,52 тенгені құрап келеді.

 — Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *