Елімізге белгілі ақын, облыстық мәслихат депутаты, “Қоғам ТВ” телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ:РУХТАР ҚАЙДА КӨШТІ ЕКЕН?..

– Кешегі қаңтар көтерілісінен кейін көп нәрсеге басқаша қарай бастадық. Расын айтқанда сіз де, біз де көп нәрсенің байыбына бара бермеппіз, тереңдемеппіз, көппен бірге ұрандай беріппіз. Енді көзіміз ашылғандай жаңаша ойлап, басқаша айтып жатырмыз…

– Жаздың бұлтсыз күнінде кенеттен жарқ ете қалған жайдың отын көрдіңіз бе? Көрдіңіз. Көргеніңіз сол – найзағайдың жаңбырлы маусымда бұлттардың үстіңгі қабатындағы оң, төменгі қабатындағы теріс зарядтардың тебісуінен пайда болатынын алтыншы сыныпта жағрапия оқулығынан тоқып алған сіз тосын құбылысқа таң қалып, ашық аспанда атой салған “диюлардың қылышы” енді болмаса қылшаңнан қиып түсердей, бойыңды үрей билеп, біразға дейін есеңгіреп жүресіз. Ақырзаман туралы да ойлап қоюыңыз мүмкін. Жаратылыстың жамалындағы жосын жайттар сияқты, қоғам өміріндегі оқшау оқиғалар да күнделікті тірлікке көндіккен ой-санаңызды әп сәтте алашадай сілкіп-қағып, жүрек түбінде құмыққан жан дауысыңызды құлындай шыңғыртып жарыққа шығармай ма? Кешегі қаңтар көтерілісі соны көрсетті.

 Жаңа жылдың жайсыз күндерін қайта-қайта есіңе алу – соншалықты ауыр, әрі қасіретті! “Жаңа Қазақстанның” жақсылығына сеніп, тез ұмытқың келеді, бірақ адал тілектің алданып аяққа тапталғаны, құрбандардың алаңда аққан қаны, аналардың қазаға егілгені, балалардың жазаға жегілгені, азғындардың сыналап кіргендігі, арамызға от салып жүргендігі, ошақтарға ойранды салғандығы, “бүлінгеннен бүлдіргі алғандығы”, жазықсыздың “жазықты” саналғаны, жүздеп, мыңдап түрмеге қамалғаны жадыңнан қалай жоғалар? Мұндайды бұрын да көргенбіз. Осыдан он бір жыл ерте, ешқандай саяси талаптар қоймай, жәй ғана табанақы, таңдай терінің бодауын сұрап алаңда сегіз ай тұрған жаңаөзендіктерді қыр соңынан қуалап атқан билік, оның Басы: “Оқиғаның осылай өршігенін білмейді екем, маған хабар жеткен жоқ” деп ақталғанда, бұл билікке еш-қа-шан-да сенуге болмайтынын іштей ұқсақ та, сенген болып, “жабулы қазанның” қақпағын ашпай қоя салғанбыз. Қос құлағынан тарс бекітілген, бауырын от жалаған қара қазан ақыры жарылып тынды! Тағы да Жаңаөзенде!

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі толқулар мен ереуілдерді, атыс-шабысты кеңес дәуірінен бері теледидардан көріп, “етіміз үйреніп” қалса да, тағдыр-таланы ұқсас, тарихы тамырлас, алыс-берісі мол ағайындас – Қырғызстандағы, Украинадағы ушыққан мәселелер: – жіктік қақтығыстар, тақ таласы, төрдегілер мен төмендегілердің тай-таласы, қандастар қанқасабы тұлабойымызды түршіктіріп, суыт дауылдың суық лебін сезгендей жонарқамыз жыбырлап қоя беретін.

Қап-қара бұлт төнеді торлап көктен,

Аналардың көз жасы-ай… зарлап төккен!

 Алтын шашы қобырап Киев жатыр,

Арудай алма-кезек зорлап кеткен…

– Ұлы Русьтің ұлы анасының көрмегі осы ғана ма, Майдан мәңгіріп тұрғанда, “екі жақ соғысса, үшінші жақ пайдасын көреді” деп У.Черчиль айтқандай, орыстар Қырымды аннекциялап, Донецк мен Луганск облыстары өз алдына бөлініп шығып, Мәскеудің ығына жығыла кетті. 41 миллион 500 мыңнан астам халқы бар, Днепропетровскінің зымыран-тасығыштарын ғарышқа самғатқан елдің ексімді жағдайын ойлағанда, “Жаратқан Алла, осындай нәубетіңнен сақтай гөр, азғантай қазақтың басын қай төбенің астынан тауып аларсың” деп, жағамызды ұстағанымыз рас. Сол жағамыз енді желкелігінен жыртылып, нәмәқұл күйге түсіп тұрмыз. Неге олай? Бір-бірімізді жау санап, халықтық құндылықтарымыздың күлін көкке ұшыратындай, кешегі билікке кектенсе де, “алдыңа келсе, атаның құнын кешпейтіндей”, тұрлаулы сөзге тоқтамайтындай не көрінді бізге? Тентек пен телісін тәлкекке бермей, тыйып алатын қазақтың тосылған тұсы болды бұл!

“Тұрлаулы сөз” дегенді айтып қалдым ғой… Бұл ұғымның астарында ғасырлардан бері ұштасып, ұрпақтар санасында сәулеленіп, бітім-болмысымызды бүтіндеп келе жатқан ұлттық тәлім-таным, қазаққа ғана тән генетикалық асыл қасиеттер, рухани құндылықтар түзілісі жатыр. Оны қазіргі тілмен айтқанда, идеология дейді. Өкінішке орай, отыз жылдың беделінде бұл миссияны орындай алмадық.

– Азия барысына да айналамыз дедік. Өкінішке орай нәтиже басқаша. Орта таптан гөрі кедейі көп қоғамға айналдық. Шикізатты елден өндірісті елге айнала алмадық. Индустрияны дамытамыз деп бес жылдық жоспарлар құрғанымызбен күніміз екі сиырға қарап қалды. Мұнай, тағы да басқа керемет қазба байлықтарымыз бола тұра, бұл ненің зардабы?

– Міне, осы құртты ғой бізді!.. Иә, барыс болдық, сен – ұрғашысы, мен – еркегі, екеуміз – біріміз газетте, екіншіміз теледидарда, Алатау аңының теңбіл терісін жамылып, “Қызыл кітапта” тығылып жатқан жерінен әлгі байғұсты сирағынан сүйреп, суырып алып, шартарапқа насихаттадық. 1998, әлде 1999 жылы президент Н.Назарбаев кезекті бір жиында Қазақстан Азияның барысы болады деп мәлімдеді.

Қара шыңның қасына қарыс қонып,

Ит пен құсқа ұқсауды жарыс көріп,

“Қырып” кете жаздадың қай бір жылы,

 Құрып кете жаздаған барыс болып.

Арғы бабам аузында аты бар-ды,

Ашинамыз аулақта қапы қалды…

Жеті атамнан беріде көрмеген аң,

Жиырылып төрімде жатып алды.

Ақ құртқаның апанда көзі ағарды,

Айтматовтың аруағы азаланды.

Көшелерде –

Барыстың сұлбасы бар,

 Қаңылтырлар қаңғырлап мазаны алды.

 Азияның барысы боламыз деп,

Тұғыр мініп, тақымға толамыз кеп.

Онда неге бүйірім бұлтимайды,

Онда неге билікке бағамыз жоқ?

Жанымды жеп, қаныма тояттаған,

Анау барыс… қарайды а-а-я-я-п маған! …

Аяғы жоқ, басы жоқ гәбім еді,

 Жөн ғой деймін осылай аяқтаған…

Әңгімені барыстан бастадық екен, алыстан шалып көрелік: – қай елдердің тарихын оқып көрсек те, мифологиялық мәнерлердің шынайы даму эволюциясына реңк беретінін, тотемдік наным-түсініктердің рухани мазмұнға ие болатынын аңғарамыз. Түркілер көк бөрі – Ашинадан тарағанбыз дейді, үндістер бизонды асыраушысы санайды, үнділер сиырды кие тұтады, қытайлар “отты айдаһардың” жұмыртқасын жарып шығыпты. Ал, геральдика жылнамасында аң мен құс өріп жүр! Орыстың елтаңбасындағы екі басты самұрық, біздің байрағымыздағы қыран құс, Австралия штандартындағы кенгуру, тағысын-тағылар – символдық постулаттар. Сондай-ақ, тарихи тұлғалардың санасында галлиграфиялық сұлбамен қылаң беретін мистикалық ұғымдар (Жамбылдың “Қызыл жолбарысы”, Абылайдың “түсі”, т.б.), аңыз бен ақиқаттың қылаусыз кірігуінен туындайтын оқиғалар (Ромул мен Ремді ажалдан құтқарған “Капитолий қасқыры”) адамзат руханиятының материалдық емес құндылықтары. Ал, сонда берідегі барыс, кешіріңіз, қазақстандық барыс қайдан пайда болды?

Осыдан жарты ғасыр бұрын мешеу елдер санатындағы Оңтүстік Корея, Сингапур, Тайвань, Гонгонг колонистік құрсаудан сытылған соң, табиғи қорлардан кенде екеніне қарамастан, алдыңғы кезекте осы заманғы технологиялық үдерістерді басшылыққа алып, дамудың жаңа жолына түсті. Билікті басқару моделі, экономикалық қатаң тәртіп, төзімді де арзан жұмыс күштері, рационализаторлық тәуекелді қадамдар оларды дем арасында түлетіп, толыстырды. Әсіресе, өңдеу, ұқсату, құрастыру құрылымдары ерекше өркендеді. Экспорттық қуаты артты. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінде табысы жан басына шаққанда 100 доллардан аспайтын мемлекеттердің аяқ астынан айды аспаннан шығарып, жалпы ішкі өнімнің үлесін, жан басына шаққанда, 38 мың долларға жеткізгенін бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Оларға ұдайы инвестициялықиндустриалдық қолдау көрсетіп келген алпауыттардың өзі оңтүстік-шығыс Азиядағы экономикалық дүмпуден іштерін жиып ала қойды. Әлем нарығында лайықты “ойыншылар” пайда болды. Англияның кезіндегі премьер-министрі, “темір ханшайым” Маргарет Тетчердің “Бір кезде Сингапур бізден үйреніп еді, біз енді олардан үйренетін болдық” деп мойындауы ып-рас. Жаһани қауымдастық бейнелі түрде “Азия жолбарыстары” деп атаған елдердің қатарына соңынан Малайзия, Индонезия, Тайланд қосылып, “дамудың кілті – батыста” деген түсінікті теріске шығарды.

Құрлықтас бауырлардың бұлжытпас бағыттары бізді де қатты қызықтырды. Ешкім үкілеп бейнелі атау бермесе де, өзімізді-өзіміз барыс деп жариялап, аламан дүбірге ат қойдық. Малайзияның “Көкжиек-2020” бағдарламасына жақын “Қазақстан-2030” келді дүниеге! Несі бар, Абай көкем абайламай айтқан жоқ, “болмасаң да, ұқсап бақ”. Дегенмен барыс болғанымыз да дұрыс-ау деймін, жұрағаты демесең, азу тісі ақсиған жолбарыстан қашықтау жүретін мақұлқат. Өзіндік ерек­шеліктері мол. Анықтама былай дейді:

 – “Тектілігімен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланады. Ешкімге бірінші болып шабуыл жасамайды, әрі тікелей соқтығыстардан өзін аулақ ұстайды. Бірақ өзінің еркіндігі мен тұрағына, ұрпағына қатер төнген жағдайда, басын тігіп қорғайды. Сымбаты сыптай әрі серпінді, семіздік пен жалқаулыққа бой алдырмайды, кез-келген ортадағы қатаң бәсекелестік жағдайында ерте сақайып, дербес өмір сүруді қалайды. Ішетін тұнық суының лайланбауын, табиғат пен тыныстайтын ауасының таза болуын қатаң қадағалап отырады”. Мәссаған, тұптура қазақтың көшірмесі, келесіде оның көшірмесіне айналсақ, айып па? Тек, әлгі… “Қызыл кітабы” құрғырдың секем алдырып тұрғаны…

Сонымен, жоғарғы жақ айтты, бітті! Барыс боламыз! Сәрсенкүл, сен – ұрғашысы, мен – еркегі. Есіңде ме, “Ақмешіт ақшамы” газеті мен “Қоғам ТВ”-ның экранына аспанға атылып тұрған барысты бейнелейтін логотип қойғанымыз? “Барыстардың” етек-жеңі жиналмайтын жиналыстары, төменгі сынып оқушыларына “оның ешкімге тиіспейтінін, мейірімді хайуанат екенін, Сыр бойын өмірінде мекендемегенін, сондықтан сабаққа қорықпай-ақ келе беруге болатындығын” түсіндірген кездесулер, физиктер мен фармацевтердің, инженерлер мен кибернетиктердің түсіндірмелеріне негізделген тақырыптық кештер, барыс болғанымыздың 5-10-15-20 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар күнделікті тіршілігіміздің сәніне айналды! Мас боп қалсақ та, бөтелкесін басымызға жастанып жатайық деп, “Барыс” деген арақ шығардық! Атышулы кәсіпкер бауырымыз Аралбай Қозыбақов шаһарымыздағы дағарадай өнер ғимаратын инвестициялық тендер арқылы иелігіне меншіктеп, “Сайгон” деп атау қойып еді, барыстану рөлін ойнауға дарыны жетпеген соң, қайтарып алдық. Қала әкімінің сол кездегі орынбасары, қарымды қаламгер, талантты ғалым Бауыржан Омаров екеуміз, қасымызда сен де барсың-ау деймін, көшелер мен қиылыстардағы, көп қабатты үйлердің аулаларындағы бағаналардың басына ілінген қаңылтыр барыстарды түгендейміз деп табанымыздан тозғанбыз. Бауыржан бізге қарағанда ақылды екен, өз еркімен қызметін босатып, докторлық диссертациясын жазуды аяқтау үшін Алматы асып кетті. Ал, Сәрсенкүл, екеуміз не көрдік? Қысты күні қақпағы ортасынан опырылып қираған “ТЭЦ”-ті, түнімен жиде қағып, жарылған батереялардың жылымшы суын қалбырға құйып жуынып отырған тұрғындарды, күтімсіз клубтар мен жекеге сатылып кеткен балабақшаларды, қанатынан қайырылған кәсіпкерлік нысандарын, санатынан айырылған соқырлар қоғамын, экологиялық жеңілдіктерді жұрттың аузынан жырып алғысы кеп жанталасқан әпенделеу әкімді, аспандап ұшқан алты қазды… кешіріңіз, астам несиелерді, жұтаған ауылдарды, жазылмайтын ауруларды, аялдамадағы “жел-жүрісті”, баяндамадағы өндірісті, субсидияға берілген қаржыларды өңешінен өткізіп жіберіп сотталғандарды және… сотталатындарды, қайсы бірін тізбелейін, тәспіңнің тасын тоғыз аударсаң да таусылмайтын сұрғылт суреттерді көрдік. Тек Сыр бойынан ғана емес…

 Әуелгіде материалдық мұраттарды көздеген барыс болу идеясының күріштің ұшығындай салмағы жоқ науқаншылдыққа ұласқаны жаныңа батады екен. Нәтижесі белгілі. Теңбіл тарланның несі кетті, қадірі қаша бастағанын сезген соң, өзіміз сыпаттағандай, алғыр аң емес пе, көрінгенге көзтүрткі болғысы келмей, Алатауына тартып отырды. Жәй кеткен жоқ, зілін қадап кетті:

Төздім мен – қандай қорлық, қандай сынға,

 Қосақтап, тағы жұртты алдайсың ба?

Менде енді алты атаңның құны бар ма,

Алдымен қазақ болып алмайсың ба?!

– Бізде ұлттық-мемлекеттік идеология осы уақытқа дейін қалыптасқан жоқ дегенді екінің бірі айтатын жағдайға жеттік. Шынымен солай ма?

 – Неге қалыптаспаған? Қалыптасқан. Отыз жылдан бері “алдымен – экономика, сосын саясат” деген биліктің идеологиясын қайда жасырасың? Рухыңды байлап, тіліңді тістетіп, азаматтық үніңді тұншықтырып, корпоративтік көзқарастар институтының есік-терезесін тарс бекіткен бұл идеология күн сайын құлағыңның құрышын жеп, қазақ баласын мәңгүртке айналдырды. Ойбай, жұмыс істе, өзіңді-өзің асыра, “екі сиырдың” емшегінен айырылма, үкіметпен ақылдаспай бала тума, кітап оқыма, сурет салма, саяси жиынға топтаспа, сын айтпа, мін тақпа деген шектеулерді Қазақстан Республикасының ешқандай заңынан кездестіре алмайсың, бірақ неге жоғарыдағы айтылғандарды орындауға мәжбүрміз? Өйткені, мемлекеттің ұлттық идеологиясын қалыптастыратын азаматтық қоғам миссиясын билік бізден білдірмей ұрлап алды. Дұрысы, тартып алды! Ендігі сяасатты халық жиналған станцияларға тоқтамай өте шығатын билік эшалонында отырғандар жасайды, жасап жатыр. Әуелден солай. Алғашқы деректі айтайын ба?

 71 жыл кеңестік социалистік жүйенің құрамында болған Қазақ мемлекеті 1920 жылы 26 тамызда Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы болып құрылып, РСФСР-дің құрамына енді. 1925 жылы Қызылордада өткен Ү сиезде Қазақ АКСР-ы болып қайта құрылды. Ал, 1936 жылы 5 желтоқсанда автономиялық атаудан арылып, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасына айналып, КСРО-ның құрамына кірді. Ресмисіз айтсақ, Қазақ Республикасы! Қазақ мемлекеті! Қазақ Елі! Керемет! Ғажайып! Сынық иненің жасуынан саяси астар іздейтін және таба қоятын, одақпыз деп отырып орға құлата салатын, шовинистік пиғылын ашық көрсеткен қызыл империя идеологтарының өзі “қазақ” атауына күдік келтірген жоқ, тарихи ұғымды сөзсіз мойындады. Ендеше, тәуелсіздік Декларациясы жарияланғанда, тұңғыш Конституциямыз қабылданғанда мемлекетіміздің атауы неліктен Қазақстан Республикасы болып өзгеріп кетті екен? Біреу бізді қыстады ма, әлде халықтан сондай ұсыныс түсті ме? Екеуі де емес. КСРО-дан “мұраға” қалған дағдарыспен алысып-жұлысып, бала-шаға, үй-орманын аман алып шығуды ойлаған қайран қазақ ауызекі тілде күнделікті қолданып жүргесін бе, “стан” қосымшасының ресмиленгеніне мән берген жоқ, тәуелсіздік таңының атқанына шүкіршілік етіп, жаңа мемлекет құру ісін “жоғарыдағыларға” сеніп тапсырды.

 “Мың өліп, мың тірілген” қазаққа өз Отанының атауын қимаған кімдер екен сонда? Дұрыс ойлайсыз, биліктің жарамсақ идеологиясы. Галстугінің түсін өзгертсе де, кешегі ісін өзгертпеген, тәуелсіздік тізгінін ұстағанымен, ұзақ жылдардан қанына сіңген қорқақтық, жалтақтық, тәуелділік гемоглобині қысымын көтерген коммунистер, “ұлт”, “қазақ”, “алаш” ұғымынан өлердей үрейленетін суррогатсаясаткерлер, сосын, “советтік Қазақстан”, “Коммунизм жолы” тақырыбында ғылыми еңбек жазған ғалымсымақтар кең кабинетке жиналып алып, халықпен ақылдаспай, аса маңызды мәселені азғантай ақылының деңгейінде шешіп тастады. Сөйтіп, бабалар аманатына кешірілместей қиянат жасалды!

 Мен “стан” сөзінің түп-төркінін індетпей-ақ қояйын, білетінім – орыста да, парсыда да бұл жұрнақ “уақытша тұрақ” деген мағынаны білдіреді. “Мәңгілік елдің” мұрагеріне, ұшаны жоқ Ұлы Далаға осы атау лайықты ма? Бізден гөрі айырқалпақ ағайынымыз, шығандап кеткен тағы бір бауырымыз марилер мықты екен, мемлекетінің атауын ұлтына қиналмай қия салды: Қырғыз Республикасы, Мари Эл! “Алдыңғы арбаның” қисық жүргені қиын екен, содан бері ана тіліміз де тәлкекке түсіп келе жатыр… Кейде ойлаймын: – О басында аманатқа қиянат жасағандардың аты-жөндерін білсек қой, шіркін.

 – Қажеттілігі бар ма?

 – Тарихта тұлғалар ғана қалуға тиіс деп кім айтты саған?…

– Ұлттық идеологиямыздың біртұтас жүйесін қалыптастыру, тарихи-рухани құндылықтарымызды әспеттеу арқылы ұрпақты ұлттың ұлағатты дәстүрлеріне тәрбиелеу мәселесі қайта-қайта көтеріліп жатса да, өзгермейтініміз неліктен?

 – Бағана айттым ғой, билік өздері ойлап тапқан “алдымен – экономика, сосын саясат” қағидатына тістеп жабысып алған, соңғы сөзден өлердей қорқады. Елдің бәрі Қырғызстандағыдай саясатпен айналысып кетсе, берекеміз қашады деп ойлайды.

Егер халықтың саяси сауаты толыспаса, бүгінгі дәуірдің инерциясына ілесетін ілімілігі, білім-бітігі болмаса, тудың түбіне топтастыратын біртұтас идеологиялық бағдары айқындалмаса, ол қалай мемлекеттік реформаларды жүзеге асыруға қатыса алады? Партиялар мен қоғамдық ұйымдардың негізінде пайда болған саяси архипелагтар біздің әлеуметтік-рухани сұранысымызды ақтай ма? Олар бар болғаны елді көшелер мен алаңдарға ертіп шығады. Арғы жағы әмбеге аян – қақтығыс, қамау, соттау… Әлде билікке алаштың алты бақан алауыздығы ұнайтын шығар? Басқаруға оңай, бөліп ал да, билей бер! Конституцияға қалауыңша өзгеріс енгізесің бе, жаныңа жағатын заңдар керек пе, тақта ұзақ отырудың және өлшеусіз байлыққа кенелудің тетіктері қажет пе, ләппай, “құндақтағы” парламент заңдастырып береді. При чем тут бу-ха-ра?

Ана бір жылғы оқиға есімнен кетпейді. Үкімет “Жер туралы” Кодекске шаруақорлық жерлерді шетелдіктерге сату жөніндегі бапты енгізіп жібермей ме. Құдая тоба, “тфу-таттар” бірден қолдады. Халық өре түрегелді! Кешегі қаңтар оқиғасындай қолына келтек ұстап, көзіне түскенді қиратпай-ақ, ИсатайМахамбет ескерткішінің түбіне жиналып, тәртіп сақтап, полицейлермен жағаласпай, облыс әкімін ортаға алып, “қаралы бапқа” қарсылығын білдірді! Оны Қазақстанның барлық аймақтары қолдады. Ың-шыңсыз. Аяғы не болды? Айтылмыш бапқа уақытша тоқтам қойылғанымен, “іріткі салды, ылаң жасады” деген желеумен белсенділер қапасқа қамалып, сотталып тынды. Ол заман – бұл заманда жанын жалдап жерімізді қорғаған Бөгенбай, Қабанбайларды, Жалаңтөс, Салқам Жәңгірді, бірінші президенттің аталары Қарасай, Саурықты, Абылай, Кенесары хандарды қосақтапматап, зынданға салды деген не сұмдық! Рухтар қайда көшті екен? Біз көргенді келер ұрпақ көрмесін әйтеуір.

 – Мұның барлығы бір қолға шоғырланған авторитарлық жүйенің шексіз билеп-төстеуінен туындап отырған жағдайлар ғой…

– Мен әуелінде президенттік басқару жүйесін іштей қолдадым. Тарихты оқып отырсақ, бөлінгеннің береке тапқанын көрмеппін. Дәуірінде дүниені дүбірлеткен Орта Азия Шыңғыс ханнан неге тез жеңілді? Өйткені, Жібек жолының бойындағы Отырар, Бұхара, Самарханд, Қоқан, Сайрам, Сығанақ ұлыстары Хорезм Шаһқа сый-сияпат, салық төлеп тұрғаны болмаса, әр қайсысы дербес билік құрды. Әскери одақтастығы да әлсіз болды. Моңғолдар оларды бірінен соң бірін жайпады. Сондайақ, қазақтың Үш Жүзге бөлініп, өз алдына басқаруы да ойрат-жоңғар, қалмақ-қытай шапқыншылығына ұшыратты, ұлттың үштен бірі жер жастанды. Абылай ханның “Күлтөбенің басында күнде кеңесінен” кейін ғана ағайынның басы бірігіп, атажауды аяққа біржолата таптадық. Сонан соң ше… патша өкіметінің отарлау саясатының нәтижесінде губерниялар мен уездерге жіктелген, вертикальдық-горизонтальдық (тікелей-көлбеу) байланысы осал Орта Азияны, оның ішінде алдыңғы кезекте Қазақ елін “қызылдар” оп-оңай бағындырды. Беріректе он бес облысымызды 5-6 өлкелік басқару жүйесіне көшіріп, тікелей Мәскеудің құзырына қаратпақ болып еді, халықтың қаһарынан қорықты. Ал, Леня ағайдың – Л.Брежневтің Целиноград облысы аумағында Неміс автономиялық округін құрғысы келген пиғылын қалай ұмытарсың? Тарихи деректерді саралап, “суверенитеттер шеруі” тұсындағы Молдовадан Приднестровьенің, Грузиядан Осетияның жырылып шыққанын, Шешенстанның тәуелсіздік алам деп қисық қылышын жалаңдатып орыстың зеңбірегіне ұмтылғанын, Әзірбайжан мен Арменияның Таулы Қарабақты бөлісе алмай, діңкелеп дағдарғанын ойлап, бізге күшті президенттік басқару институты керек деп түсіндім.

– Бәріміз де солай ойлағанбыз.

 – Ақырының қалай болғанын жыл басында көрдік. Сенім ақталмады. Порымы – президенттік, мазмұны – феодалдықпатриалхалдық астары бар авторитарлықдиктаторлық жүйе айналасына ағайынтуысын, тайпаластарын, сыныптасының баласын, жағымпаз-жәркелестерді, сарай шежірешілерін жинап алып, барымызды бөліске салды. Қағаз жүзіндегі реформаларды жүзеге асырды: – “Мәдени мұра” бағдарламасын орындаймыз деп, біз ата-баба аруағын тірілтіп, жоғымызды түгендеп жүргенде, оның қызы ұлттық құндылығымыздың санатына кіруге тиіс, талай қайраткерлердің ақыл-ойының бесігіне айналған, кезінде тұсынан шерулетіп өткенімізде көкірегімізді жасампаздық сезімі кернейтін Алматыдағы Үкімет Үйін жекелендіріп, оқу орнын ашты. Қарындасымның ниетінен айналдым, ұрпақтың болашағын ойлаған жанға мың мәрте тағзым, бірақ күйеу бала екеуінің көлкөсір қаржысымен жаңа білім ғимаратын тұрғызуға мүмкіндігі бола тұра, еліміздің мәдени мұрасы болып, ғасырларға қызмет ететін аяулы ордаға неге сонша көзін тікті екен? Әй, бүгінгінің жастары-ай, әкесінің осында қызмет істеп, ұшар билікке көтерілгенін де ойламады-ау!

Иранның шаһы Иванның “матын” қайтсін, Ақорда идеологтары Н.Назарбаевты Елбасы деп ұлықтап, туған күнін Астана қаласы мерейтойымен орайластырып, қазақ тарихына қарай бір қадам басты, күнтізбеге “Бірінші президент күнін” белгілеп, екінші қадамын аттады, “халықаралық әуежайға” есімін беріп, үшінші қадам жасады, көзі тірісінде ескерткіштер орнатып, төртінші адымын алды, көшелер мен даңғылдарға дабыратып атын жазып, бесінші рет тақымын жазды, ақырсында Астанамыздың құлағына алты рет айқайлап, “сенің атың – Нұр-Сұлтан” деп барып тыным алды. Қайбір жылы жоғарғы жақтан “Еңбек қоғамына қарай – жиырма қадам” деген дұғай директива жетіп, біз байғұс соны орындаймыз деп шалынысып құлай жаздағанбыз. Енді бірінші президентке қарай неше қадам жасалады екен? Әлемдік қауымдастық Қазақстанда жасалған тауарларды көрмеген шығар, алайда Қазақстанда жасалған жойдасыз тірліктерден хабардар. Бұған қысылмайық, Түркменстан президенті Сапармұрат Ниязов заманында Григориан күнтізбесіндегі он екі айға тұқым-тұғиянының, әке-шешесінің есімдерін қиып бере салып, қызық жасаған.

– Иә, кешегі күнге дейін біздегі барлық шаруалардың бірінші президент есімімен байланыстырылып келгені рас… Тіпті айран, ірімшік атауы президент аталып, “Нұр” ең аржағы шаштараз бен моншаға дейін кетті ғой.

 – Іштегі запыранды шығарған соң, қарынның бүрінде қылтық қалдырмайық та.

Жылдарым босқа өтуде,

Тірелген судай тоғанда.

 Ұлтыма қызмет етуге,

 Рұқсат бермейтін қоғамда –

тағы бір өрескел, қияпат оқиғаның орын алғанын білесің бе? Қай бір жылы еліміздің Әнұраны өзгертілді. Біздің бала кезімізде құлағымызға қарлығаштай ұя салған, үлкен-кіші жатқа айтатын, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде қаһармандық рухымызды асқақтатқан, көмейден шыққан жігерлі үніңде бүкіл қазақ даласы, шерлі шежіресі, ата-баба аруағы, қасірет-қасиетің атойлаған “Менің Қазақстаным” әні Қазақ Елінің Әнұранына айналды. Сол кездегі, қазіргі де, сезімімізді тілмен толғап жеткізу қиын. Өлеңін 1960 жылдары Қарағандыда еңбек етіп жүрген уақытында сондағы қазақ жастарының толқуына арнап көрнекті ақынымыз Жұмекен Нәжімеденов жазған, әні – атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтікі. “Ештен – кеш жақсы! Төрттен бес жақсы! Биліктің идеологиясына көңіліміз бір толды-ау дегенімізде… жазық жерде сүрініп, шалқамыздан құлай жаздадық. Әнұран авторларының қатарында Нұрсұлтан Назарбаев тұр! Өз көзіме өзім сенбедім. Мүмкін, мәтінінің саяси мазмұнын байыту үшін толыққанды өзгерістер енгізіп, шумақтар қосқан шығар деп, әйгілі өлеңді оқып шықтым, қалам тимеген сияқты. Тағы қайталағанымда барып, бірді-екі сөздердің өзгергенін байқадым. Ол сөздердің өзгергенінен саяси реңктің бояуы қоюланғанын байқай алмадым. Ақын деген атымыз бар, білеміз, керісінше, түпнұсқаның гармониялық үйлесімі ғажап емес пе?! Мұнысы несі? Ақын жырын әдейі редакциялап, қосалқы автор болып алатындай басына не күн туды екен? Әрі кетсе, редакторлық ете алады, бірақ ол авторлық құқық мәртебесін бермейді. Өзі қол қойған “Авторлық құқық және сабақтас аралас хұқықтар туралы” Заңымыз қайда? Марал аға, (сол кездегі Қазақ Авторлар Қоғамының төрағасы, жазушы Сқақбаев) қайдасыз, орынбасарыңыз Есенәлиевпен дауласып, ерте күнді кеш қылғанша, мына сорақылыққа сараптамалық баға бермейсіз бе? Пейіште нұрың шалқығыр Жұмекен аға, Шәмші көке, тыржалаңаш шешіндіріп тонап кетті ғой бізді! Өліп қалғандарың дұрыс болған екен. Тірі жүргенде де көрген қызықтарың шамалы еді… Қасақана жасалған қастандықтың қасіретін мен тартып тұрмын енді! Жаназаға қарай ат қойған ертедегі қазақтардай “ой, бауырымдап!” бақырып жылағым келді.

 Ертеректе көрнекті драматургжазушы Дулат Исабековтің авторлық кешін жүргізген талантты жазушы, әдебиеттанушы-ғалым Құлбек Еркөбеков сөзін: “Достар, бүгін әдебиет үшін қаралы күн!” деп бастап, басын төмен түсіріп үнсіз қапты. Зал жым-жырт. Дулат ағамның арқасы шымырлап кетеді. Осы сөз екінші рет қайталанады. Құлбек күрсінеді. “Мынау мені мазақ қылып тұр ма” деп ойлап, Дулат ағамның көзі шатынай бастайды. Үшінші рет қайталанғанда, “Әй, не айтып тұрсың!” деп Дүкең дүр етіп орнынан атып тұрады. Құлбек ағам саспайды, сөзін жалғастырады: “Қазақтың бас халтурщигі Сәбит Досанов мемлекеттік сыйлық алды”… Сол сияқты, “Менің Қазақстаным” әнінің барымтаға түскені жаныма қатты батты. Бәлкім, үлкен кісі авторлардың қатарында менің есім-сойым тұрмаса, жаңа Әнұран қабылданбайды деген шығар… Қабылданбаса, қойсын… кейін де уақыт бар еді ғой…

 – Сәрсенкүл, не істейміз, әңгімемізді әрі қарай жалғастырамыз ба?

 – Жоқ!

 Сәрсенкүл БИХОЖА

Жалғасы бар

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here