Елімізге белгілі ақын, облыстық мәслихат депутаты,
“Қоғам ТВ” телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ: ҚОЛ ЕҢБЕГІ ҚАДІРСІЗ…
Бұл жолғы әңгіме-сұхбаттың желісін жұмыссыздық мәселесіне арнадық. Алға қарай дамыған, өзімізден көш бойы озып кеткен алдыңғы өркениетті елдер қатарына қосыламыз деген үмітті елдің осал тұсы дәл осы болып тұр.
– Кейде Абай атамның өлеңдерін қайталап оқып отырып, данагөйдің ғасырлар қабатын көктеп өткен көрегендігіне һәм болашақ жағдайларды бұлтартпай сезетін түйсігіне қайыл қаламын. Оның заманында “жұмыссыздық” деген ұғым мүлде болмаған. Үлкенді-кішілі жыл бойы малдың тісіне еріп, тұяғын санап күн кешкен. Қала берді, “Столыпин реформасы” дүмпуімен Ресейден төгіле көшіп келіп, хутор салған қотыр мұжықтардан үйреніп, егін еккен, диірмен айналдырған. Капитализмнің көлеңкесі түспеген феодалдық-патриархалдық қоғамда одан басқа не істерсің? Кейін ғой – “феодализмнің арбасынан социализмнің экспресіне секіріп міндік” деп мақтанатынымыз.
Сол Абай айтады:
“Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын”.
Ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен имани сана қаймағы кертілмеген, ата-баба абыройына кір келтірмеген, шекпендісі шоқпыттысын аштан өлтірмеген, “бір жұрттық” байы да, “бір оқтық” батыры да, ауыздығымен алысқан ақыны да, етегі құрғамаған қатыны да дала демократиясының дәріптерін бетке ұстаған заманда Абай көкем неге күңіренді? “Жер дауы”, “жесір дауынан” өзге басараздығы жоқ,
Баяғының бағланы-ай… асыл адам!
Қабағынан шамшырақ шашыраған.
Садағасы арымның – мал-жаным” деп.
Бір ауылды бір өзі асыраған – ағайындығын алдыға салып күн кешкен қоғамда оның кеуілін не алаңдатты екен? Әлде айналдырған алты кәсіптің айналасындағы тоқмейіл тірлік, ілімбілімге ілігуден гөрі, сүйегі мас серіліктің шылауында шалқыған, бойына сыймаған бұла күшін жілік сындырып, “барымтасырымтаға” жұмсаған жастардың бұлдырлау болашағы қам жегізді ме? Мүмкін, көрген-баққаны, оқыған-тоқығаны көп хикметшіл хакімді батыстан бері қарай қаулай қарыштаған көмірлі-темірлі, зауытты-ауытты, зор тынысты өндірісті өркениеттің қазақ даласына әйтеуір бір келетіні, ол келгенде, аттың үстінен әзер түскен қазақтың тақымын жаза алмай, тапырақтап қалатыны, басқалар жанжағын жұлып жеп жатқанда, қыстауының іргесін, жайлауының қордасын қазып, ен пайдаға кеңірдектеп кенелетін келімсектердің “түндіктен ас, түтіктен су беріп” алдайтыны ашындырған шығар? Қалай десек те, данышпан ақырын айтқан жоқ, батырып айтты-ау! Шауып ал, қане!
– Енді, міне, соны басымыздан кешіріп отырмыз дейсіз ғой?..
– Солай шығар… Бірақ, Абайдың сөзі кеңес дәуіріндегі еңбек нарығының даму көрсеткіштеріне жүрмесе керек-ті. Тіпті ол “жоспарлы экономика” болса да. Сол кездегі жоғарғы партия басшыларының бірінің мәлімдеуінше, “КСРО-да “жезөкшелік және жұмыссыздық мүлдем жоқ!” Еңбек қатынастарын қалыптастыру қатаң қадағаланды. Мектеп қабырғасында “Еңбектану” пәнін оқығанымыз да есіме түсіп отыр. Он бес одақтас республиканың өнбойында түрлі мамандықтар бойынша жұмыс орындары табылатын. Қол еңбегін аса қажет ететін өндірістер үшін кәсіптік-техникалық училищелер дайын тұр. Бітірдің бе, далада қалмайсың, жергілікті басшылық жұмысқа өздері орналастырады! Жоғарғы және арнаулы оқу орындарының түлектеріне министрліктер арқылы түскен сұраныстарға сай жолдама беріліп, қалтасына бір реттік көтерме қаржы мен жолақыны басып алған жас мамандар: “Ұшырса ұямыз, қалайша қиямыз? Біздерді тосады, туған жер құшағы” деп, пойыздар мен автобустарда (ұшаққа жолақы қарастырылмаған) заулап бара жататын. Жолдаманың шарты қатты, сол барған жеріңде міндетті түрде екі жыл жұмыс істеуің керек. Алда-жалда тәуір немесе жалақысы мол қызмет тауып, ауысып кетсең, деміл-деміл бақылап тұратын құзыретті орындар құйрығыңа қоңырау байлап, “қораңа” қайта әкеліп кіргізетін және сені мерзіміңнен бұрын қызметке қабылдаған бастықтардың да басынан сипамайтын.
– Өзіміздің өмірбаянымыздан сызып тастауға тырысатын кеңес өкіметінің ең бір жетістігі еңбекті ұйымдастыру, жастарды еңбекке баулу, еңбекті құрметтеу дәстүрі болғанын қалай ұмытамыз?! Капиталистік елдердегідей қолымызға мырыш-мырыш ақша ұстамасақ та, ішіп-жемімізге жетерлік айлық алдық. Еңбек озаттары мемлекеттік наградалармен марапатталып, “социалистік жарыстың жеңімпаздары” кезектен тыс автокөлік сатып алатын еді ғой…
– Ал, “Тоғышарлыққа – жол жоқ!” ұранын айтсаңшы.
– “Еңбек етпесең, ішіп-жемейсің!” ше…
– Иә, “ішіп-жеу” үшін, еңбек нарығының тұрақтылығын сақтау мақсатында шығынды экономикаға әдейі жол берілді. “Горький автозауытынан” шыққан жүк машиналарының қорабы Қырғыз КСР-інің астанасы – Фрунзеде құрастырылды. Финляндияның “Айокки” фирмасында жасалған үш сатылы, жабық “КамАЗ” көліктері Литваның Шяуляй қаласында теле-радио қондырғыларымен жабдықталды. Ал “Жосалы механикалық зауытының” КСРО Геология министрлігінің құзіретіне тікелей қарағанын, одақтағы мұнай кеніштері үшін асай-мүсей құралдар дайындағанын, онда 500-ге жуық адамның жұмыс істегенін кім білмейді? Кейде ойлаймын – еңбек қатынастарын осылай құру да КСРО-ның құлауын тездетті-ау деймін.
– Социалистік қоғамның тағы бір ерекшелігі – масылдар мен еңбек етуден қасақана бас тартқандар заңмен жазаланатын еді ғой?
– Мұндай заң әлемнің бірде-бір елінде қолданылмаған. Алты айдан бір жылға дейін шөп басын сындырмай, ұсынылған жұмыстан үнемі бас тартқан азаматтар тоғышар саналып, 1-2 жылға сотталып, жазаларын емдеу-еңбекпен түзеу (ЛТП) колонияларында өтейтін. Бұл заңмен, мойнына “кержалқау” деген қарғы салынып, саяси дессиденттер де сотталды. Мысалы, Буковский, Гинзбург…
– Екеуміз де екі дәуірдің даму үдерісіне қатыстық, қатысып келеміз, түйткілдеріне төздік, игіліктерін көрдік. Сондықтан сұхбатымыздың осылай басталуы да орынды шығар… Енді бүгінгі күннің мінберінен сөйлесек. Кешегі “қаңтар оқиғасы” көрсеткендей, қоғамдағы қарамақайшылықтардың, жоғарыдағылардың бұрынғыдай елді басқара алмауының, төмендегілердің билікке басыбайлы бағынбауының үлкен бір себебі жастар жұмыссыздығында жатқан сияқты…
– Бұл біздің “Ахиллестің өкшесіндей” ең осал тұсымыз! Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінен бері еңбек нарығын қалыптастыруды, еңбек бөлінісін реттеуді, жұмыссыздықпен күресуді толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Халықты еңбекпен қамту қызметінің 2021 жылғы есебі бойынша елімізде жұмыссыздардың саны (тіркелгендер) 223,5 мың адам, яғни, жалпы жұмыс күшінің 2,4 пайызы екен. Сен осы цифрға сенесің бе? Мен өлсем де сенбеймін! Егер көрсеткішті 35 есеге көбейтсең, сенуім мүмкін. Капитализм қақпасынан аңырағанқаңыраған күйінде енген ауылдар мен қалалар әлі күнге әл-қуатын жия алмай, өлмешінің күнін кешіп жатыр. Мінбелерге мініп сөйлегенде, Марғұланға мал жаямыз, Самарқанды суға алдырамыз! Ойпаңнан ойнақтап өрге шықсақ, “отыз елдің” төбесін де көріп қаламыз-ау! Ақылымыз – кемел, бірақ неге кедейміз? Білек күшіміз – берен, бірақ неге жұмыссызбыз? Биліктің есебіне қарасақ, жыл сайын пәлен өндіріс орындары ашылып, пәлен адам жұмыспен қамтылуда. Онда неге бәдәуидей босып жүрміз? Әу баста еңбек нарығы жолға қойылмаған соң осылай болады. Оны реттейтін Үкімет те бізде болып көрген емес! Табиғи байлықтарды шикізат күйінде шет елдердің базарларында бұлдап, пайдасын біреу көріп, салықтан түскен азды-көпті қаржыға малданған атқарушы билікті елімізді ендеген жұмыссыздық, әлеуметтік қайшылықтар, жастар болашағы тіпті де толғандырған жоқ. Толғандырса, шұжық цехтары мен сауда орталықтарының, бесжұлдызды қонақүйлердің, әжетхана қағазын шығаратын зауытсымақтардың лентасын қиғанына мәз болмай, мұнайгаз, темір-терсек, тағы басқа шикізат өнімдерін өңдейтін өндіріс ошақтарын ашпай ма, жастарды мұрнынан тізіп сонда апарып, станоктің түбінде тұрғызып қоймай ма? Қаржы жетіспейді дейсің бе? Қайдан! Бір баррель мұнайды 200 долларға сатқанымызды, уран өндіруден әлемде екінші орынға шыққанымызды, алтын-күмісті тонналап құйғанымызды, көмірден Қап тауын жасағанымызды қалай ұмытамыз? Ақша пішен болды, бірақ оның еңбек нарығын реттеуге септігі тимеді. Мақұл, өңдеуші кәсіпорындар салуға жүрегіміз дауаламады немесе құлқымыз болмады делік. Сол ақшаны әзелден атакәсібімізге айналған ауыл шаруашылығын аяғынан тұрғызуға жұмсауға болмас па! Қаншама жас кәсіп ашып, заманның ағымына еріп, лайықты азамат болып өсер еді. Рас, соңғы уақытта Үкімет ауыл шаруашылығын қолдауға қыруар қаржы бөліп отыр. Стратегиялық бағдарламаларын оқысаң, керемет, ғажайып! Ауылдар әпсәтте аққудай сыланып шыға келетіндей, екі қолдары алдарына сыймаған жастар легі сейілдеуге мұрсат таппай, еңбектің қызығына түсіп кететіндей, урбанизацияның кері ағысы қалалықтарды ауылға үйіріп әкелетіндей! Бірақ сол қаржылар елге жетті ме, жетсе, жайынауыздар неге сотталып жатыр?
Икемі бар, ісі жоқ, нар күші бар, мысы жоқ жастардың жаппай жұмыссыздығы – мемлекеттің басты проблемасы болуы тиіс. Ол мәселе шешімін таппаса, қазақ елінің болашағы бұлдыр дей бер.
– Еңбек ресурстарының даму орталығының сарапшы-талдаушылары “Қазақстандағы еңбек нарығы: жаңа жағдайдағы даму” тақырыбында алғаш рет ұлттық баяндама жасапты. Онда жаһандық трендтердің Қазақстан еңбек нарығына әсерін дәлелдей отырып, жұмыс орындарының жарыдан астамы (52%) автоматтандырудың жоғары деңгейіне жеткендігін, яғни, кей елдермен салыстырғанда, өте жоғары екендігін ашып көрсетіпті.
– Не қыламыз, қол соғайық па? Осы баяндаманы жасаған мамандардың біліктілігіне күмәнім бар. Қазақстандағы еңбек нарығының мәселелерін бұлай зерттей ме екен? Шетелдік трендтер деген не, олар біздің елімізге пайда табу үшін келеді, “автоматын” да осы мақсатқа пайдаланады. Аз шығын, мол табыс, жұмыс күшінің қажеті жоқ. Мүмкін, сарапшылар елімізге автоматтандырылған жүйенің барынша енгізіліп жатқанын айтып отырған шығар? Бірақ қайда енгізілуде? Шикізат өндіру саласына ма, оған қол күші бәрібір керек. Банктер мен қызмет көрсету орындарына ма, әлде пәлен миллиард теңгеге пәлен жыл салынып, пәлен адамның “басын жұтқан” шыны зауытына ма? Бұлардың барлығы еңбек нарығы мұхитындағы тамшыдай ғана үлес. Ал, мынаны айтыңызшы, жаһандық трендтер “автоматын” асынып, электроникасын арқалап неге келеді біздің елге? Себебі, Қазақстанда шикізаттан басқа ешнәрсе жоқ, шеге де шығармаймыз, ең ақыры “ит к… тінен ине де суыра” алмаймыз. Шетел болмаса, үнді шәйін де құрсаулы, кетік кесемен ішіп отыруымыз мүмкін екен. Жаһандық трендтердің еңбек нарығына әсерін талдағанша, айналамызға қарасақ нетті. Мысалы, Қырғызстан, Өзбекстанға… Айырқалпақты ағайындар біздегідей табиғи қорларға бай емес, аумағы да алақандай. Алайда, алақан жайып жүргендер шамалы, бәрі еңбекпен қамтылған, зауыт-фабрикалары, өңдеуші кәсіпорындары болмаса да. Себебі, шағын және орта кәсіпкерлік мейлінше өркендеген. Ол ішкі өнімнің 50 пайыздан астам үлесін құрайды. (Бізде қанша пайыз екен?). Мәскеудің метроларын толтырып жүрген қырғыздарды есептемегенде, мұндағы жастар осындай құрылымдарда еңбек етеді, азды-көпті жалақысын білім алуға жұмсайды. Олар әр түрлі өндірістік шағын жобалар жасауға шебер-ақ, және де креативті ұсынымдары құзырлы орындар тарапынан дереу қолдау таба қояды. Бішкекке барғанда талай рет байқадым, саяси белсенділіктері ғаламат! Жұмыстан “қолы босағанда” кезекті президентті тақтан тайдыру ереуіліне қатысады. Әрине, ақ сарайға басып кіріп, ізін суытқан басшының креслосына отырып ап сельфи жасайтындары, нысандарды қиратып, дүкендерді тонайтындары ұят енді… Ал, өзбектер ше? О-о-о, олардың еңбекқорлығында шек жоқ! Қазіргідей емес, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде өз-ағам қатты қиналды. “Көгілдір отыны” мен Зарафшан алтынынан басқа көзге көрсетері шамалы жас мемлекеттің сыртқы саясаттағы тұйықталу доктринасы инвестиция тарту арқылы өндірісті сауықтыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, қаржы нарығын қалыптастыруға, мемлекеттік сектордағы меншіктерді еркін саудаға шығаруға кері әсер етті. Кеңес өкіметі кезінде де “жекеменшік” ұғымын жоғары қойып, алдымен өзінің, сосын үкіметтің жұмысын істейтін ала тақиялар оған қарасын ба, берісі Қазақстан, Ресей, әрісі Түркия, Оңтүстік Кореяның еңбек нарығына ұмтылды. Бұл дұрыс та еді. Баяғыда, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң Түркия Батыс Германияның күйреген қалалары мен өндірісін қалпына келтіруге қатысып, атом бомбасынан есін жия алмаған Жапония жастарды Еуропаға, Америкаға білім алуға, жаңа технологияны игеруге жіберіп, кейін рәтін көрген. “Үт кірді, сарттың артына құрт кірді” деген мәтелді қазақ бекер айтты дейсің бе, тумысынан қолының ісекері бар өзбектер еліміздің түкпіртүкпірінде жалданып тұрғын үйлер, үлкен құрылыстар, мейрамхана, қонақүйлер, қызмет көрсету нысандарын салып, қап-қап ақшаның астында қалды. Солармен жымдасып алған менің Қарасай досымның банктер арқылы Өзбекстанға ақша аударудан қолы бір босамады-ау. Әуестігіміз оянып, “бұл ақшаның бәрін не істейсіз?” деп сұрамаймыз ба Тәшмат қардаштан. “Үй саламын, үйленемін, сосын кәсіп ашамын”. Құдая тоба, бұлардың біреуінің “мынау менің қолымнан келмейді” деген сөзін естіп көрмеппіз, “қатырамын, ходжайын”. Боданындағылардың басқа елге науадай құйылғанына Ислам ака Каримов те, Шафқат Мирзиев те қуанбаса, ренжіген жоқ. Табыстан салық ұсталынбайды.
Сол уақытта мынадай анекдот тараған: – Екі елдің басшылары мақтанып отыр дейді. “Ахуалымыз жүдә яқшы. Әр өзбектің ауласында екі машинадан қаңтарылып тұр” – деп мақтаныпты Ислам ака. “Біздің де жағдайымыз ешкімнен сорлы емес, – депті сонда Бастығымыз, – әр қазақ үйінде екі өзбектен жұмсап отыр”.
– Қазақстандағы барлық жұмыс орындарын өзбектер жаулап алғанда, қазақтар қайда жүрді? “Жұмыс жоқ!” деп жер тепкілегенде, табанымыздың асты ойылып кетердей.
– Әңгімемнің әлқиссасын Абайдан бастап едім, әрі қарай Әуезовпен жалғастырсам қайтеді? “Абай жолы” эпопеясында мынадай эпизод бар: Қысты күні үйіне қи сұрап келген көрші кемпірді жақтырмаған Тәкежанның қатыны күңкілдеп жүріп орта қап отынды зорға қияды. Осы көріністі бағып отырған Абай: “Біздің Қаражанның қолы қандай ашық еді, жарты қап қиды қиналмастан бере салды” деп сылқ-сылқ күледі. Сонда жеңгесі: “Сенің менен басқа жауың жоқ па, табалауыңды қоймайсың” деп ашуланады.
Мен бұл ретте Қаражан жағындамын! Он жерден қайнылығына басып, батыра қалжыңдаса да, ұлы көкемнің күлкісі әнтек шықты-ау деймін. Дәл осы жолы Қаражан, сараңдығы ұстап емес, әлгі кемпірге, тепсе темір үзетін баласы мен байы бола тұра, алажаздай көпсіп бос жатқан қотанның қиын ойып алуға ерінгені, қысқа қамданбағаны, тереңірек қазсақ, қазақтың керенау, кержалқаулығы үшін ренжіген болар?
Желкемізден тартып, жеті насырымызды жерге бүккен жалқаулық бар енді бізде… Әйтпесе, өзбек істеген жұмысты қазақ та істей алады. Тәшмат тапқан пайданы Дүйсенбай да табар еді ғой. Манарбек досым күйіп айтады: “Құрылысқа алдымен жерлестерімді шақырамын. Жалақысы жарытымды. Қара жұмысты ауырсынып келмейді. Келгендері ауы мен бауын түгендеп, ертеден қара кешке дейін митыңдап жүріп алады, бүгінгі жастардың қимылы баяу. Талап етсең, тайып тұрады. Әр нысанның циклдік кестесі бар, уақытында бітіруің керек. Амал жоқ, ылдида салсақ, төске озған, ертеден салса кешке озған” өзбектерді шақырамыз. Ал, сіздер бізге қазаққа қырын қарайсыңдар деп өкпелейсіздер”. Тағы ма? Облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов: “Көпбалалы ана жұмыс сұрап келді. Арнайы мамандығы жоқ. Беделімді салып, бір асханадан аспаздық орын таптым, жалақысы жүз мың теңге, күнделікті тегін тамақтанады. Әлгі әйел “жүз мың теңге үшін аяқ-табақ салдыратып жүруім керек пе?” деп өзіме дүрсе қоя берді”. Мұндай мысалдың мыңын келтірер едім. Елімізде жұмыссыздықтың мөлшері азаймай тұрса, онда жастар арасындағы бойкүйездік пен тоғышарлықтың да ащы үлесі бар.
Енді мемлекеттік қызметтегі жастарға бұрсақ әңгімені. Жалақысы жарытымсыз болса да, ата-ана баласының кеңседе керіліп отырғанын қалайды. Қадым заманнан қалжауырдай сүйретіліп келе жатқан қазақы менталитет. Айлық жетпесе – “шайлық табылар”… Әке-шеше де, бала да осылай ойлайды. Біз, әрине, мемлекеттік қызметтің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген, өз міндеттерінің қыры мен сырын жетік білетін мамандардың беделіне кіршік түсіруден аулақпыз. Бірақ шөп басын сындырмай, бір істі аяғына дейін тындырмай, қағазбасты боп, қара орманның қабығына көміліп отыратын, креативтік қозғалысы жоқ, функционалдық міндетінде плагиаттық әрекеттен аса алмайтын, “барып кел, шауып келге” бейім шенеуніксымақтардың “артық салмағының” кәсіби жастардың мойнына түсетінін ойлауымыз керек. “Бүгінгі жұмыс аса ауыр болды, жеті жиналысқа қатыстым” деп күрсінген сабаздарды да көргенбіз. Мына бір мысалдың ойыма оралғаны…
Бірде әкімдікте нәмантай қызмет атқаратын баласына әкесі:
– Ертеден қара кешке дейін кеңседе қадалып отырасың. Алайда пәленшенің баласы пәлен істі бітіріп тастапты деген атыңды әлі күнге дейін естігем жоқ. Мемлекеттік қызметіңнің мәнісі қалай осы? – дейді. Баласы жауап қатпай, мырс етіп күледі де қояды. Ертеңіне екеуі арбамен өзеннің арғы бетінен отын шауып әкелуге шығады.
– Жүгіміз жеңіл, турасынан мына көпірден өтіп кетейік, уақыттан ұтамыз, – дейді қария өзенге тірелгенде. – Жоқ, болмайды. Ана тақтайшаны көрмейсіз бе, “Көлікке тиым салынады. Қауіпті!” Айналып барамыз, – дейді баласы. Қарт амалсыз көнеді. Бұлар жыңғылды бұтарлап, арбаға тиеймін дегенше күн кешкіреді.
Әкесі көлікті бағанағы келген ізіне бұра бергенде, шаршап-шалдыққан бала:
– Көпірден өтейік, әйтпесе үлгере алмаймыз, – дейді. – Оу, қауіпті ғой… – Ештеңе етпейді. Ауыр жүкті көтере алмаған көпір қақ бөлініп, әке мен бала ат-мат, отын-мотынымен суға құлап, әзер-алда жағаға жығылып, жаяу-жалпылап үйіне келеді.
Жылынып, кептірініп, ас-суанын алдарына ала бергенде баласы:
– Әке, уайымдамаңыз. Ертең бәрін қайтадан бастаймыз, көпірді жөндейміз, ат, арбаны судан шығарып, кешегі ізімізбен отынға барамыз, -дейді. Ажалдан аман қалғанын алланың рақымына балап, кәлимасын қайтарып отырған ақсақал: – Айта көрме, отынды базардан-ақ сатып аламыз, – депті шошынып. Сонда мырс етіп күліп жіберген шенеунік бала:
– Кеше маған бір сұрақ қойып едіңіз… Мемлекеттік қызмет деген осындай болады, әке! – депті жайбарақат. Алыпқосарыңыз бар ма?..
– Жастар арасында жұмыссыздықтың асқынуының себептерін саусақпен санасақ, ұштығына жете алмай қиналасың. Анау да – себеп, мынау да – себеп…
– Әңгімеміздің ыңғайында халық шаруашылығының барлық саласының қан-сөлсіз қозғалысы, жұмыс күшін қарпып қамтитын өндіріс орындарының жоқтығы, жаппай кәсіпкерлікке жеткілікті қолдаудың болмауы салдарының еңбек нарығына тигізген жағымсыз әсері туралы айтқан болатынбыз. Кезекті бір жиында Президентіміз Қ.Тоқаев қазақстандықтардың тең жарымының 50 мың теңге жалақымен күнелтіп жүргенін қынжыла баяндады. Сондайақ Қазақстан байлығының жартысын 162 олигархтың иеленіп отырғанын да жасырмай жариялады. Америка тарихында отыз жылда мұндай есепсіз дәулеті бар дүмділер шығып көрген емес. Егер ол байлықтар олигархтардың иелігіндегі кәсіпорындар мен корпорацияларда халықтың тынымсыз еңбек етуінің арқасында құралса, әңгіме басқа, онда қазақстандықтар 50 мың емес, 500 мың теңге жалақы алып, жайраңдап күн кешер еді ғой! Нонсенс! Ендеше, жастар ашынбағанда, кім ашынады. Далада қалды ғой олар! Жұмысқа тұрайын десе, пара сұрайды, оқиын десе, ақысын төлей алмайды, кәсіп ашайын десе, тамыр-таныс керек. Қылаяғы қарауылдықты да қимайды келімсектер. Ата-ананың зейнетақысына жалақтап отырғаны сол!
“Жұмысы жоқтық,
Тамағы тоқтық,
Аздырар адам баласын”…
Қайран, Абай көкем-ай, неткен “қатыгез” едің, өлтірдің ғой бізді, өлтірдің! Сіз тұспалдаған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Жастарымыздың бетәлпеті, киім-кешегі жылтырағанымен, жан-дүниесі, моральдық мәнері, психологиялық парығы өзгеріп барады. Бізден қайран жоқ – “Ағаның көрдік алқасын, құбылған күндей дүние екен” (Есенғали Раушанов). Биліктің жолдауларындағы жастар саясаты туралы жылы сөздер қағаздан қарғып түсіп, жабыққан жастарымызды зауыттарға қарай қолтықтап ала жөнелсе, шіркін! “Жұмысы жоқтық” не істетпейді, әйтпесе… кешегі “қанды қаңтарда” арандатушылардың азғыруына алданып, дінбұзарлардың уағызына уланып, хақиқат пен харамның, әділет пен әбілеттің ара-жігін айыра алмай, өз тұғырын құлата жаздады емес пе!
Қорада бұққан тобырдан,
Түңіліп, қара тұтты анам!
Орап ап жұтқан обырдан,
Отанды қалай құтқарам? – деп, еңіреп тұрғанымда, жаным жастар, сендердің де обалдарыңды ойлағанмын. Құдайға шүкір, Жаңа Қазақстанның жаңа таңы атып келеді. Оқшау оқиғаның ақ-қарасы ашылар, биліктің “өкпесі” басылар, қапастағы жастар жарыққа асығар. Қабағы түзу қоғамда, Қалмасын көңіл қарайып. Аяқпен емес, алаңға, Жүрекпен жүріп барайық! – деп, оларды жетектеп ала жөнелем ғой. Бірақ, қай жаққа?..
– Жұмыссыздықты жоюда қол еңбегіне көп үміт арта алмаймыз. Ал, технократтар қатарын көбейтуге біліміміз жете бермейді. Не істеуіміз керек?
– Сарапшылардың жұмыс орындарының жарымынан астамы автоматтандырылды деген сөзіне тіпті де сенудің қажеті жоқ. Ол әншейін жұмыссыздық проблемасын ақтап алудың, шарасыздыққа көндірудің сылтауы ғана. Атымын тауып, көзін көзесең, алып Қазақстанның әр түкпірінен жамыратып жұмыс орындарын ашуға болады. Адам аяғы баспаған аумақтар бар, біз олардың табиғи қорлары мен мерзімдік мүмкіндіктерін зерттеп үлгере алмай жатырмыз. Мүмкін, “май айдаудан” мойнымыз босамаған болар? Бірақ түптің-түбінде “ашылмаған аралдарды” қолға алатынымыз, игеретініміз анық. Ленин айтқан ғой, “Қазақстан – бай өлке, оны игеру керек” деп. Осы жұмыстардың басым бөлігінің қолмен атқарылатыны тағы рас. Саусағың тимейтін жер бар ма өзі? Сортаңданған теңіздің табанына сексеуіл ексең де, жапан түзге жол апарсаң да, тауды тесіп туннель жүргізсең де, зәулім үйлерді айтпай-ақ қояйын, айналасын көгалдандырсаң да, қол-аяғың қимылдайды. Еңбектің үлкен-кішісі жоқ. Ал жағалы клерк үстелі мен көк жейделі оператор пульті ешкімге арман емес! Мәселе – еңбектің қадірін білуде, жұмысыңды ынты-шынтыңмен атқаруда, сосын… жаныңды жайландырар жалақыда! Біз көбіне қол еңбегін бағалай бермейміз. Бір вагон ұн түсірген жұмысшыны 30 мың теңгемен алдарқатамыз, неге 100 мың теңге бермеске! Ай бойы қара жұмыс істеп, шаршап-шалдыққан адамның анатомиялық-биологиялық болмысына, моральдық-психологиялық конституциясына қанша салмақ түсетінін, қыруар биоэнергия жұмсайтынын ойладыңыз ба? Ойламайсыз ғой, әйтпесе оның еңбегін 120 мың теңгеге бағалай салмас едіңіз! Осыны көріп тұрған жастар қолына күрек ұстай ма? Атамаңыз! Оларды лайықты жалақымен ғана жаныңа жақындата аласың, басқа амалы жоқ. Іздемей-ақ та қой…
“Технократтар қатарын көбейтуге біліміміз жете бермейді” дейсің, ә? Жұмсартып тұрсыз, жетпейді деп кесіп айтпайсыз ба? Жет-пей-ді! Осы уақытқа дейін отыз мың заңгер, қырық мың банкир, пәлен мың экономист-есепші дайындаған шығармыз. Біріншіден, Қазақстан Чикаго емес, екіншіден, олигархтар қаржысын офшорға салады, үшіншіден, қандай экономикамызды есептеп шығара алмай жатыр екенбіз? Арғы жағы түсінікті, жастар дипломдарын қашан алғанын да ұмытып қалды-ау деймін. Білім саласын реформалау, мамандықтарды оңтайландыру мәселесі талайдан бері айтылып жүр. Енді айтылмайтын шығар, Президенттің тапсырмасымен Қазақстанның бес аймағында осы заманғы бес техникалық университет ашылмақ. Ақырын күтейік!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сәрсенкүл БИХОЖА
Жалғасы бар