QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

БЖЗҚ салымшылары зейнетақы төлемдерін тұрғын үй сатып алуға пайдалануда

Автор:QAA.kz

Сен 5, 2021

Биылдан бастап қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салым мөлшері жеткілікті шектен асқан жағдайда оның бір бөлігін ала алады. Оның тәртібі қандай? Азаматтар біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсатқа пайдалануда? Осы және өзге де салымшыларды толғандырған сауалдар аясында Қызылорда облыстық «БЖЗҚ» АҚ филиал директоры Арнұр Құрманғалимен сұхбаттастық.

– Арнұр Дәденұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында негізгі бес бастаманың бірі ретінде зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп атап көрсетті. Президент бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді деді. Сіздің пікіріңіз?

– Алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеуге үш триллионнан астам теңге бөлінеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, бағдарламада негізгі 4 басымдық бар. Бірінші — әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндік беру. Әлеуметтік-экономикалық саясатта нарық тәсілдері басшылыққа алынады. Қаржыны және жәрдемақыны негізсіз, оңды-солды таратуды доғару қажет. Мемлекет атаулы көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдарға беру керек. Ең бастысы – әлеуметтік әділдік. Сол себепті Президент мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға баса мән берілетінін айтты.

Әлеуметтік саясатты жүргізгенде қиындыққа тап болған азаматтарға атаулы көмек көрсету шаралары күшейтіледі. Ортақ зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте мұны инфляция деңгейіне 2 процент қосып жүзеге асыру ұсынылып отыр.

Президент зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алу бастамасы оң нәтиже бергенін атап өтті. Бұл үрдісті қолдау үшін жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағының бір бөлігін болашақта баспана сатып алу үшін «Отбасы банк» шотына аударуға рұқсат беру қажет деп санайтынын жеткізді. Сонымен қатар, «Баспана хит» және 7-20-25 тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі аяқталатынын мәлімдеді. Нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында бір терезе қағидаты бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр.

– Кейбір әлеуметтік желілерде зейнетақы жинағы есебінен автокөлік сатып алуға болатыны туралы хабарламалар тарап жатыр, бұл рас па?

– Зейнетақы жинағы автокөлік сатып алуға немесе тұтынушылық несие төлеуге жұмсалмайды. Тек заңнамада белгіленген мақсаттар мен тәртіпте

пайдаланылуы мүмкін. Атап айтсақ, азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емделуге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға ақы төлеуге, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалануға құқығы бар.

Міндетті зейнетақы немесе міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар адамдар жинағының бір бөлігін өзінің, жұбайының жақын туыстарының тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында, өздері немесе жұбайы, жақын туыстары үшін емдеу ақысын төлеу үшін пайдалану құқығын қолдана алады.

Ол үшін зейнетақы жинақтарының сомасы белгіленген ең аз жеткіліктілік шегінен асып түсуі керек. Зейнетақы мөлшері алушының ҚР Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленетін 40 проценттен төмен емес деңгейдегі орташа айлық табысын алмастыру коэффициентін қамтамасыз ете алуы керек. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті оператордан бастапқы электрондық хабарламаны алған күнге салымшының МЗЖ және МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мөлшерінің 50 проценттен аспауға тиіс.

Жинағының бір бөлігін алу құқығын сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқандар да қолдана алады. Ол үшін біржолғы зейнетақы төлемі салымшының жеке зейнетақы шотындағы МЗЖ және МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы жинағының мөлшерінен аспауы қажет.

– Мемлекет басшысының азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге немесе жеке қаржы компанияларға басқару үшін бөлуге мүмкіндік беру тапсырмасы өңірде қалай орындалуда?

– 22 тамыздағы жағдай бойынша Қызылорда облысы бойынша БЖЗҚ салымшылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мен емделулері үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы 16 166 өтініш қаралды. Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін облыс бойынша БЖЗҚ шамамен 10 816 өтінішті орындай отырып, 34 млрд теңгені салымшылардың арнайы шоттарына аударды.

Орындалған өтініштердің басым бөлігі «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы берілген. Естеріңізге сала кетейік, «Отбасы банкі» уәкілетті операторында ашылған арнайы шотқа біржолғы зейнетақы төлемі түскеннен кейін, алушы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақының тағайындалған мақсатын растайтын құжаттарды төлемдер түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде ұсынады. Белгіленген мерзімде уәкілетті операторға растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылуға жатады. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарын пайдалану кезінде азаматтар уәкілетті операторлар арқылы жылжымайтын мүлікті тіркеу кезінде өтініште көрсетілген мақсатты өзгертуге құқылы.

Салымшы аударылған соманы БЖЗҚ-ға көрсетілген мерзімді күтпей-ақ, «Отбасы Банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-на өтінім беру арқылы

қайтара алады. Оны банк алушыдан қайтару туралы өтініш алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде орындауы керек.

– Орындалған өтініштерде зейнетақы жинақтарын пайдаланудың қандай мақсаттары көрсетілген?

– Азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша тұрғын үйді жеке меншікке сатып алуға, жеке тұрғын үй құрылысына, жер учаскесін сатып алуға, ипотекалық тұрғын үй заемын алу үшін бастапқы төлем жасауға, ипотекалық несиені қайта қаржыландыруға және т.б. өтініштер. Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша БЖЗҚ емделу мақсаттары үшін жалпы сомасы 997 млн теңгеге 1 191 өтінімді орындады. Біржолғы зейнетақы төлемдерін емдеу үшін пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор – «Отбасы Банкі». Егер алушы БЖТ мақсатты пайдалануды растайтын құжаттарды 45 күн ішінде ұсынбаған болса, олар уәкілетті оператордың арнайы шотынан салымшының жеке зейнетақы шотына кері қайтарылады.

– Қазір зейнетақы шотын ашу үшін қандай құжаттар ұсыну керек? Шотты жұмыс беруші аша ала ма?

– 2019 жылдан бастап міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шотын ашу автоматты түрде жүзеге асады. Сәйкесінше, жеке тұлғалардың шот ашу үшін өтініш беруі қажет емес. Егер шот жоқ болса, ол БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде бірінші жарна түскеннен кейін автоматты түрде ашылады. Жеке тұлға зейнетақы жарнасын аудару кезінде төлем тапсырмасының электронды форматында көрсетілген дербес деректермен сәйкестендіріледі және құжаттың деректемелері мен басқа да мәліметтері туралы барлық қажетті ақпаратты БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады.

– БЖЗҚ-дағы ақшаның инвестициялануы туралы айтсаңыз. Қазіргі табыстылығы қандай?

– Зейнетақы жинақтары үздіксіз инвестицияланады және салымшыға жұмыс істейді. Биыл бірінші жартыжылдықта БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 753,3 млрд теңге таза инвестициялық кіріс қосылды. Бұл өткен жылдағы көрсеткіштен 210 млрд теңгеге немесе 39%-ке көп. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы жыл басынан бері 6,1%-ті құрады, ал инфляция 4,6% болды. Осы ретте соңғы 12 айдағы табыстылық 12,1%-ке жетсе, инфляция 7,9%-ті көрсетті.

Салымшылардың зейнетақы жинақтарының мөлшері зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық кіріске бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі кірістер – депозиттер және басқа операциялар, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау түріндегі, валюталық қайта бағалау түріндегі, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және басқалар жатады.

ҚР Ұлттық Банкінің, инвестициялық портфельді басқарушылардың зейнетақы активтерін инвестициялауы туралы толық ақпарат пен 2021 жылдың 1

шілдесіне дейінгі инвестициялық қызметке шолу enpf.kz сайтындағы орналастырылған.

Жалпы, БЖЗҚ-дағы барлық зейнетақы активтері шоғырландырылғаннан бері Ұлттық банк ұсынған инвестициялық кіріс 5,4 триллион теңгеден асты. 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық кірістің үлесі 36,3%-ті құрады.

Ұлттық Банктен басқа, БЖЗҚ салымшыларына өз жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға аударуға болады. Қазіргі уақытта БЖЗҚ төрт инвестициялық портфельді басқарушы компаниямен зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы келісім жасасты. БЖЗҚ сайтында олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларациясын зерттей аласыз.

22 тамыздағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға аудару туралы өтініштерінің саны мен сомасына тоқталатын болсақ, Қызылорда облысы бойынша БЖЗҚ-ға 50 өтініш түскен. Оның ішінде қабылдаудан бас тартылғандар – 9, өңдеуге қабылданғандар – 2. Барлығы 39 өтініш бойынша 43 млн теңгенің төлемдері арнайы шотқа аударылды.

– Егер адам зейнет жасына жетпей қайтыс болып кетсе, оның зейнетақы жинағы не болады? Жерлеу төлемі бар ма, әлде барлық ақша бюджетке түсе ме?

– Зейнетақы жинағы – салымшының меншігі. Салымшы немесе алушы, сондай-ақ, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар зейнет жасына толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған тұлғаға БЖЗҚ-дан республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 52,4 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жерлеу үшін біржолғы төлем төленеді. Бірақ ол шоттағы қаражаттан аспайды. Егер алушының жерлеуге біржолғы төлем жасағаннан кейін зейнетақы жинағының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құрайтын жағдайда қалдық сома жерлеуге төлем ретінде төленеді.

Сонымен қатар, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның жинағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мұрагерлік тәртіппен беріледі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *