Елімізге белгілі ақын, облыстық мәслихат депутаты, “Қоғам ТВ”
телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ: БАСҚА ЖОЛДЫ КӨРІП ТҰРҒАН ЖОҚПЫЗ…
“Nur Otan” партиясының сиезі өтіп, көңілді күпті еткен көп сұрақтарға жауап алдық дегенімізбен көңілде тағы да көп күдік, күмән қалды. Содан да елге белгілі ақын, облыстық мәслихат депутаты, “Қоғам ТВ” телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВПЕН кезекті сұхбат-әңгімемізді әрі қарай осы тақырыпта жалғадық.
– Өзіңізбен бірге еліміз тәуелсіздік алғалы бері ақпарат айдынында қатар келеміз. Осы жылдардағы саяси оқиғалар, жайттар бізді де айналып өтпеді. Жасыратын несі бар, кім не десе о десін, кешегі сиез өткенше қалай болар екен деп елмен бірге елеңдегеніміз рас.
– 2019 жылы биліктен кетсе де, Қауiпсiздiк Кеңесi төрағалығы мен “Nur Otan” партиясының тiзгiнiн уыстап ұстаған бiрiншi президенттiң 2021 жылы қараша айында Саяси Кеңес жиынында сөйлеген сөзiндегi партия көшбасшылығын қазiргi мемлекет басшысына беру ниетiн биылғы жылдың қаңтар айындағы тұтқиыл төңкеріс оқиғасы және күрделі жағдайда Қауіпсіздік Кеңесін президенттің құзыретіне көшіру турасындағы Қ.Тоқаевтың шұғыл шешімі еріксіз жылдамдата түсті. Кезектен тыс сиез өтетіні белгілі болып, күтпеген қақтығыстан есін жиып үлгермеген қазақстандықтар енді бір сәт қара күйемен ысталған һәм тысталған ғимараттарды, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен дүние-мүліктерді, арандап қалып абақтыға қамалған албырт жастардың, сондай-ақ, ауруханаларда “аһ” ұрған жәбірлеуші, жәбірленушілердің жанқиналысын, тіпті харам пиғылы әшкереленіп, “тұтылған текедей” (козел отпущения – менің тәржімәм, Б.Омаров, С.Негимов, Д.Қамзабекұлы сияқты көрнекті ғалымдар бірден мойындады) тордан сығалаған К.Мәсімовтің тәлкек тағдырын ұмытқандай боп, әңгімені сан-саққа от ала қашқандай лаулата жөнелді. Жапон поэзиясының хайку үлгісіне салсақ, Патшаға да, пақырға да ыңғайлы:
Ғалам мынау гаджеттерге үңіліп,
Гаремдердің әңгімесін тыңдайды…
“Тисе терекке, тимесе, бұтаққа” кесек лақтырған біреулер бүй деді: – “Партияны таратып, Тоқаев жаңа саяси бірлестік құрады”…
“Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп” топшылағандар өй деді: – Президент бұл партияның басшылығына сайланса, бітті дей бер, ешнәрсе өзгермейді, елге масқара болады”…
Сұқ саусағын ішіне бүккен әккіс саясаткерлер “уай” деді: – “Тоқаев төрағалықты сөзсіз қолына алады”…
Партия таратылса, парламенттің де, жергілікті мәслихаттардың да құрдымға кететінінен қауіп алған біздің әріптесіміз, қазақтың аяулы қызы Аида Әбибуллаева:
– “Мандатты өлсек те тапсырмаймыз. Мәслихат жаңа Қазақстанды құратын мәслихат болудан бастау керек! Соған жұмыс жасауымыз керек” деп, аспанға атылып тұрды!
Қысқасы, тәмсіл көп, тәмәм жоқ. Қазақстанды 23 жыл бойы жылқыдай жусатып, сиырдай сусатып, түйедей қыдыртып, ешкідей жүгіртіп қойған билік партиясы туралы әңгімемізді сұхбат сыңайында суыртпақтайтын шығармыз…
– Негізі өзіңіз де осы партияның мүшесі емессіз бе?
– Әрине, мүшесімін. Кеңес кезеңінде коммунистік партияның сапында тұрғым келген, ақынсың деп алмай қойды. Бағыты – социал-либерализм, демократиялық болған соң, 1998 жылы желтоқсан айында құрылған Қазақстан халықтық партиясына тұтас “Қоғам ТВ” ұжымымен мүше болып кіргенбіз. 1997-2005 жылдарғы телерадиокомпанияның қызметін құрметлі һәм ғиззатлы көрермендер ұмытпаған шығар? Ашық ақпарат ағысы, тың тақырыптар топырағында өсіп-өнген өміршең хабарлар, кенеусіз қоғамдық-пікірлер “пәттәсі”, проблемалар папкасы, сақалыңды саудаласаң да сынбайтын сыни материалдар жиынтығы жұртты ғана емес, журналистерімізді де қанаттандырды. Тасбөгеттен жұмысқа қатынайтын телеарнамыздың талантты, әрі белсенді қызметкері Жеткерген Жүсіпов бір күні “Автобуста бөшкедегі селедкідей сіресіп келдік. Қатты ашуланған жолаушылар жүргізушіге: “Мұныңды қоймасаң, “Қоғам ТВ”-ға барып айтамыз” деп қорқытты” деп бәрімізді желпіндіріп тастады. Ай, мына “РНПК”-ның бағдарламасы біздің ұстанымымызға дәл келеді екен деп ойладық. “Қызығын” кейін көрдік қой: – ұлттық қауіпсіздік қызметінің қудалауы, әкімдердің әкіреңі… ақыры, эфирімізді екі айдай еріксіз тоқтаттық. Осы ретте тақырыпты тұздықтайтын дерек–деталь айта кетсем қалай болады?..
– Әрине…
– Әлқисса, телеарнамыз жабылып тынған соң, Астанаға шаппаймын ба? Алдымен ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың қабылдауына кірдім. Мән-жайды түсіндіріп, арнамыздың демократиялық бағытта қызмет етіп келе жатқанын, “РНПК” төрағасының орынбасары Әміржан Қосановты студияға шақырып, сұхбат хабар жасағанымыз, дұрысы, жасағаным үшін “Қазақстан” теле-радиокорпорациясы арамыздағы келісім-шартты үзіп, жиілікті пайдалану құқығынан ада қалғанымызды баяндадым. Сол екі ортада рұқсат сұрап, кабинетке министрліктің жауапты қызметкері Жанай Омаров, атақты жазушы Сейітжан Омаровтың баласы кіріп келді. Бір-бірімізді сырттай танимыз, сәлеміміз түзу.
– Мына Шәкең қазағы 100 пайыз аймақта демократия орнатамыз деп делебесі қозып жүр, – деді жарықтық Алтынбек жымия күліп. Жанай да жанай күлді. Мәселенің мәнісінің мен жаққа жығылатынын ішім сезіп:
– Қайдан білейін, Алтеке, өздеріңіз “демократия-демократия” дегенге шынымен сеніп қалғаным ғой… – деп күлген сияқты болдым. Аталарына рахмет, мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтың, министр Алтынбек Сәрсенбаевтың “Қазақстан” корпорациясының бірінші вице-президенті Сауытбек Абдрахмановтың қолдауымен “Қоғам ТВ”-ымыз эфирге қайта шықты. Қызылордаға оралған соң, дереу жиналыс жасап, ұжымымызбен Қазақстан халықтық партиясының мүшелігінен шығып кеттік. Адалын айтайық, сол кезде ақиқаттың ақ семсерін жарқылдатып жүрген Жеткергеніміз дініне берік екен, қара аспан асқан Қажыгелдиннің шалғайынан ұстап қалды. Қыстамадық, “арпа ішінде бір бидай” жүре берсін…
– Содан “Отанның” ордасына кіріп келдіңіздер?
– Жо-ға. Ол – кейін. Осы орайда, тақырыпқа тақай, Қазақстанда кешелі-бүгінгі құрылған саяси партиялардың шежіресін шыжымдай тарқата кетсек…
– Ол да дұрыс болар…
– Әмбеге аян, КСРО-дан мұраға қалған коммунистік партиямен ілесе, алғашқы кезеңде ҚР Президенті – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен социалистік партия құрылды. Ол кешегі коммунистер мен зиялы қауымның, жаңа мүшелердің басын біріктірді. Осылайша, Конституциямызға сәйкес, елімізде көппартиялық жүйе қозғалысы көшкіндей лықсып жүре берсін. Әр жылдарда ҚР Әділет министрлігіне тіркелгені бар және тіркелуі күмәнділеу Халық Конгресі, Республикалық, “Қайта өрлеу”, Демократиялық, Халықтықкооперативтік, Халық бірлігі, Еңбек, Алаш, Отан, Халықтық, Аграрлық, қайсы бірін түгендейін, партиялар айдынға жүзіп келіп, азғантай қазақты үзік бөліп, ал, халқыңыз партияға өткенді “қызық” көріп, ой-дөйт, алақұйын ала жөнелсін! Жалғыз көзді аға сұлтанның маңдайында “үшінші” көзі бар ақын баласы әулие екен:
“Болды да партия,
Ел іші жарылды…”
“Қойшы көп болса, қой арам өлер”. Маңайына мәтіби болған партиялар сапар алды нанталап, ала дорба арқалап, “қара қазан, сары баланың қамы үшін” базар аралап, босып жүрген жұртты жағына тартып, шулердің қолындағы шатыраш картадай қақпақыл ойнасын. Қылғынып сөйлеген көсемдер, шідерін сүйрей шапқан шешендер, жағын сауған жиналыстар, қай топқа қосыларын білмеген қиналыстар… Бір отбасының алты партияға мүше болып, кермалдасып-керісіп, берекеден айырылғаны – сатиралық шығарманың шақпатіл көрінісі емес, күнделікті тірліктің ғадетіне айналды. Кезінде Абайды Оразбайларға сабатып, Шоқанның “шарын ұрлаған”, Ақанды арбаға байлап тастаған, намазға ұйыған Жанқожа батырдың жауырынына жебе қадаған қазақ жетпіс жыл бойы коммунистік қоғамның қапасында тұншыққан екен, шыға сала қолқасын толтыра жұтқан бостандықтың саф ауасына тез масайып қалғандай. “Кел – қайт” күй кешті. Еліктеді – солықтады. Саясаттан соқты, сайлауларға маңдай терін төкті!
– Ол кезде төмендегі елдің бәрі «саясаткер» емес еді ғой…
– Артықтау асырғанымды ішім сезіп тұр. Күйіп айтқаным, бәлкім, қазақты сүйіп айтқаным шығар… Сол кезеңдегі жағдаяттар екеуміздің де есімізде.
Бір қызығы – жаранын жағалап сайлауларға қатысқан сол партиялардан Жоғарғы Кеңеске біраз белсенді, ұлттың тағдырына шынымен алаңдаған, тәуелсіз мемлекеттің тұғырына іргетас болатындай депутаттар сайланды. Төрағаның тағында аса білікті экономист, сарабдал саясаткер Серікболсын Әбділдин көкеміз отырды көсіліп! Алаштың ұятындай, иман-арындай Әбіш Кекілбаев ағамның жарқыраған маңдайын айтсаңшы! Бір өзі жарты қала (“ҚазГуград”) салған, желтоқсан ызғарында жазықсыз қудаланған ректорымыз Өмірбек Жолдасбековтің үлкен мінберден білім-ғылымның тағдыры туралы толғаған түйінді сөздерін, Сәрсенкүл-студент, қалай ұмытарсыз? Не керек, кезіндегі Жоғарғы Кеңес депутаттарының басымы мірдің оғындай еді ғой, мірдің оғындай! Олардың есімдері бүгінде тәуелсіз еліміз тарихының төрінде тұлғаланып тұр! Ал, шын мәніндегі халық кеңестерінің неге, қалай таратылғаны – басқа әңгіменің арқауы. Топырақтан тыс жүрсек, ол тақырыпқа да оралармыз…
Хош, сонымен, тоқсаныншы жылдардың аяғына таман дүрк ете қалған әлемдік дағдарыс бесіктен белі шықпаған біздің елді де есінен тандыра жаздады. “Көппен көрген – ұлы той”… – емес екен! Қаржың не, өндірісің не, ысқырығы жер жарған, көл құрғатып, шөлді алған, қорасында көң қалған бірталай партияларың да зыптурын заманның зәріне шыдамай, зым-зия жоғалды. Құр кетпей, есіктің ергенегін мойнына іле кетті. Сол кезде ғой деймін, “алдымен – экономика, сосын – саясат” деп шыр ете қалғанымыз. Бірақ, осы сөздің кейін мемлекеттік идеологияның негізгі ұранына айналатынын, азаматтық қоғам дамуының тегершігін тежейтінін, саясаттың суфлерге жалтақтайтынын, авторитарлық биліктің бишігін ұзартатынын, тіпті сол айтып отырған экономикамызды әлсірететінін, қала берді, зардаптарының кешегі желтоқсанда Жаңаөзенде “Гладиаторлар көтерілісіне” ұласатынын, мазмұны әлі түсініксіз қаңтар қақтығысымен қаттасатынын қайдан білейік? Жә-жә, жұрттың атынан сөйлеп мүләйімсімейақ қояйын, көзі ашық қазақ осылай боларын баяғыда-ақ білген! Алайда, бұл да басқа әңгіменің арқауы. Біздің тақырып – партиялар ғой…
“Аборттың күнәсіз құрбандарына” салауат дейік, Миллениумның үстінде партиялар монополиялана бастады: – қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар, азаматтық қоғамға тән майда-шүйде компоненттер “Отан”, “Ақ жол”, “Аграрлық” (кейін “Ауыл”), “Коммунистік”, “Асар”, “Патриоттар”, “Жалпыұлттық социал-демократиялық”, “Азаматтық”, “Халықтық коммунистік” және т.б. ірі қоғамдық бірлестіктердің жұмырына жұтылып, сайлау науқандары қарсаңында жоғарыда айтылған партиялар одан әрі коалициялық одақтарға жұмылды. Ә дегенде әлемет қуат көрсетіп, әжептәуір мүше, сайлаушы жинап алған “Асарыңыз” әйбат екен, билік партиясының өзін абыржытып тастады. “Отан” дереу оттан да ыстық құшағына қыса қойды. Әке мен перзенттің махаббатынан артық не болушы еді? Айтпақшы, Аграрлық және Азаматтық партиялар кірігіп, “АИСТ” деген бұлыңғырлау тандем құрды. Ән-ұраны:
“Аист на крыше,
Аист на крыше,
И мир на земле…”
Қазақшасы жобамен былай:
Дегелек қонды шатырға,
Дегелек қонды шатырға,
Тыныштық ұйықтап жатыр ма…
Ойпырмай, аграршылар мен өнеркәсіпшілерге дегелектің қандай қатысы бар? Жалдамалы саяси технологтардың бар ойлап тапқаны осы болғаны ма? Шаһарларды шулатып, алаңдарды теңселтіп, көшелерді көпсітіп, көбелек… кешіріңіз, дегелек қуып жүрді. Парламентке қанша мандат алғаны бізге маңызды емес, әйгілі әнші, сылқым сұлу София Ротарудың орындауындағы бейбітшілік туралы әнге құлақ құрышымызды қандырып, сонау бір жасөспірім шағымызды сағына еске алғанымыз рас енді… Мүшелігіне өте қоймаған кезімде “Отан” партиясының имидждік бейнеролигі үшін мен де өлең жазғанмын.
Аспанның асты түнеріп,
Жауратты бойды күз лебі.
Түстікке қайтты үдеріп,
Қараша қаздар тізбегі.
Кеудеме тұнды мұң еріп,
Құс–көңіл нені іздеді?
Қайтады құстар… егілме,
Сала алмас бізге ол қайғы.
Оралып ертең өңірге,
Көктемнің жырын толғайды.
Өйткені, мынау өмірде,
Отаның екеу болмайды!
– Саяси сарыны солғындау, лирикалық шумақтар. Бірақ, біреудің көшірмесі емес қой!
Бұл партия дегендеріңізді қойсаңызшы, сайлаудың кезінде не бір құйтырқылық әрекеттерге барды. Ел арасында әлі де беделі бәсеңсімеген коммунистік партиямен қосамжарланып, халықтық коммунистік партиясы құрылып, “ескі гвардиямен” жағаласып, жаңылысқан жұрттың біраз дауысын жинап алып кетті. Содан көсемі Косарев бірнеше шақырылым бойы Мәжілісте мүлгіп отырды. Менің Аманжол Сақыпұлы інімнің: “Шіркінай, Парламентте Косарев сияқты көсіліп жатсам ғой” деп мысқылдайтын жөні бар. Бүгінде сексеннің төбесіне жеткенше селкілдеген шалдың ізі жоқ. Партиясының аты да өзгерген: “Қазақстан халықтық партиясы”.
Осыған ұқсас тағы бір ережесіз ойын туралы айта кетейін. Әлгі жүгірмек технологтардың ойлап тапқаны-ау деймін, сайлауға түскен үміткердің аты-жөніне дәл келетін екінші бір кандидатты бәсекелес партия ұсына қояды. Сайлау бюллетені қолыңа тигенше ажыратып ал, қане! Кімнің сойылын соғып жүргеніңді білмейсің, алжасасың, адасасың. “Матаның даңқымен бөз өткісі” келеді. Дауыс беретін күні үй шаруасындағы әйелдер, аталар, әжелер немесе алғаш рет саяси науқанға қатысқан жастар, кім сайланса да бәрібір дейтін енжарлар көзтаныс, құлақсіңді фамилияның тұсына белгі салады, партиясында шаруасы не? Менің айбынды Қожахмет Баймаханов ағамды қарымды қарсыласы, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің беделі тіпті де тайсалдырған жоқ, інісі Самат Баймахановтың көлеңкедей көлеңдегені, әншейін, жүйкесінде ойнады. Мұндай омоним-кандидаттардың біршама округтерде “кездейсоқ” беттесіп қалғанын айтуымыз керек. “Болды да партия, ел іші жарылды”… Абай атамның осы сөзінің есіме қайтақайта орала беретіні несі екен? Сертте тұрып үйренген қазақтың басын өртке тығып, обалына қалған шуылдақ партиялардың көбісі бүгінде бұлдыр елеске айналған, іріктеліп алтауы қалды.
– Бірегейі – біздің “Нұр Отан”…
– Иә, солай. “Отан” партиясы 1999 жылы 12 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. 2006 жылы атауы “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы болып өзгертілді. 23 жыл бойы еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Осыдан 15 жыл бұрын мүшелігіне қабылдандым. Өз еркіммен… Өз принципіммен! Сондықтан маған оның бағыт-бағдары, қызметі, шешуші ролі жақсы таныс. Әрине, жұмсартып айтсақ, кемшіліктері де… Бірақ оған тоқталмаймын, бұқараның көзі басыр емес қой, бәрін көріп отыр, көзқарасы да орнықты. Дауласуға жүрек дауаламайды. Доминант екеніміз рас. Бәсекелестеріміздің “бауырласып” кеткені қаш-шан, айтқанымыздан шықпайды. Жарасқан ағамның эпиграммасына “жиендік” жасасақ:
Радионы ашып қалсақ – “Нұр Отан”,
Теледидарды басып қалсақ – “Нұр Отан”,
Телефонды теріп қалсақ – “Нұр Отан”,
Жарнаманы көріп қалсақ – “Нұр Отан”!
Оңашалау “кафешканы” ұнатам,
Кіріп барсам, оның да аты – “Нұр Отан”!
Біз араласпаған жер қалды ма өзі? Әй, қайдам… Биліктің лауазымды баспалдақтарында мүшелеріміз отырғандықтан, облыс әкімдері филиал төрағалары болып сайланып алғандықтан, қос палаталы Парламент пен жергілікті мәслихаттар мандатының басым бөлігін иеленгендіктен, еліміздің даму көрсеткіштерін атымызға жазып үйрендік. Әлгі бір “Мың бір түндегі” Синдбаттың мойнына оратылып, түспей қойған Шайқы Шынжырдай Елбасыны арқаланып, асқақтадық, асқындық. Бірақ бізде ұят бар: 2013 жылы 18 қазанда атауымыздағы халықтық-демократиялық деген анықтауышты алып тастап, жәй “Нұр Отан” партиясы бола салдық.
– Партияға кірудегі мақсатыңыз не?
– Елге қызмет ету десем, сенбейсің ғой…
– Енді көп жұрттың осы партия мүшесі болған сыры белгілі ғой.
– Шынымды айтайын ба? Түкірігі жерге түспейтін партияның атынан депутат болғым келді! “Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын” журналистердің қоғамға сөзі өтпейтін заман туды. Әлеуметтік-рухани күрделі мәселелерді қозғап, шырыл қақсақ, қабырғалар міз бақпайды. Әлдекімдер адал ниетіңнен астар іздеп әлек. “Полундра, оппозиционер!” Осы бір “оппозиция” деген саяси терминді репрессияға ұшыратып жібергеніміз қаш-шан! Құдды бір жат пиғылды жау тигендей! “Нұр Отанға” мүше болсаң, таусылмайтын жиналыстарда ойыңды ашық айтасың, әділеттілікті алдыңа салып сөйлейсің, қарау пікірлерге тосқауыл болуға тырысасың, депутаттық мандатыңды пайдаланып, өзекті мәселелерді қозғайсың, “Гордий түйіндерін” Ескендірдей қылышпен қиып түспесең де, әріптестеріңмен ынтымақтаса отырып, ығытын табуға ұмтыласың, сын – өзара сынның отына май құйып, “қара көбейтушілердің” намысын оятасың. Бірде мынадай әңгіме өрбіді: – филиал төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков: “Сыни пікірлеріңіздің бір ұштығы өзімізге тиіп жатыр” деп ренжіді. Ойланбастан: “Біздің бағдарламамызда сын – өзара сынды дамытуымыз керек деп жазылған емес пе, соны басшылыққа алдым” деп құтылдым. Өмекең үндемей қалды. Кейін “Нұр Отанның” Жарғысын, бағдарламасын толық оқып шықпаймын ба, мен айтқан дәйек жоқ! Демек, баяғыда коммунистік партияға өтуге дайындалғанымда, есімде қалған гәп екен. Өлмесханның үндемей қалғанына қарап, ол да партиялық концепциямызды тиянақтап оқымағанау деп топшыладым.
– Мақсатыңызға жетіп жүрсіз бе?
– Хал-қадырымша. Партиямызда да, мәслихатымызда да рухы таза, іскер, тыңғылықты әріптестер жеткілікті, ойға алған жоспарымызды аяғына жеткізуге тырысамыз. Әй, бірақ, догмалық қалыпты, орталықтандырылған жүйені бірден бұзу мүмкін болмай тұр. Ісіміз бен сөзіміз алшақ, популиске айналып кетпеймін бе деп қорқамын.
– Биылғы жылғы қаңтар оқиғасының мән-жайын талқылағанда, “Нұр Отан” партиясының атына да көп сын айтылып жатыр. Бұған қалай қарайсыз?
– Бұрын да аз айтылып па еді? “Аталы сөзге арсыз таласады” деген кемпіршалдан жаралдық қой екеуміз де…
– Мемлекет басшысының “Жаңа Қазақстан” бағыты ұғынықты ма?
– Әрине. Сөзсіз қолдауымыз керек. Әзірге басқа жолды көріп тұрған жоқпыз…
– Жуырда өткен партиямыздың кезектен тыс сиезінің қорытындылары туралы не айтар едіңіз?
– “Тойдың болғанынан болары қызық” деген мәтелдің бұл оқшау жиынға қабыса қоюы екіталай, бірақ сиезге дейін де, кейін де әңгіме өте көп болды! Былай қарасаң, бәрі де дұрыс сияқты, алайда түйіні босаң. Елді сенімді басқару үшін қолында толық саяси пакеттің болуы керектігін түсінген Президент ұсынысқа қарсы болмады, партия төрағасы болып сайланды.
Ал, енді әртүрлі пікірлер мен көзқарастардың мозаикалық қиықтарын жиыстырып, саяси панно құрап көрелікші: Біріншіден, Президент партияны тарата алмайды, немесе ұсынбайды, ол әлі бірлестіктің төрағасы емес. Екіншіден, оның партия мүшелігінен шығуының немесе көшбасшылықтан бас тартуының саяси қисыны әлсіздеу, өйткені, президенттікке Қ.Тоқаевтың кандидатурасын “Нұр Отан” партиясы ұсынған. Үшіншіден, биліктің барлық сатыларында, маңызды мансаптарда, парламентте, жергілікті мәслихаттарда, аймақтар басшылығында партия мүшелері отыр. Олармен де санасу қажет, билікті нығайтуға қосқан үлесі бар. Төртіншіден, партияның формасы мен мазмұнын аяқ астынан өзгерту – күрделі мәселе. Уақыт керек, сосын қаржы. Бесіншіден, өз партиясын құруға да уақыт керек, сосын қаржы. Алтыншыдан, “Нұр Отанның” тізгінін басқа біреудің қолына ұстата салу да – нық шешім емес. Кешегі “билікті басып алу” әрекеті толық әшкереленген жоқ. Конфронтация пайда болса ше? Жетіншіден, бірте-бірте реформалауға көшкен жөн, Қ.Тоқаевқа дәл осы партия шынымен керек болса. Сәрсенкүл, бұл көпшіліктің пайымы, ішінде екеуміздің де пікіріміз болуы мүмкін.
– Қасым-Жомарт Кемелұлының сиездегі сөзін қалай қабылдадыңыз?
– Елбасының еңбегі жөніндегі тұжырымы тұғырлы. Біз Тұңғыш Президенттің Тәуелсіздіктің бастауында тұрғанын, аумағы алып мемлекеттің 15 мың шақырымға созылған шекарасын, Ресей, Қытай сияқты алпауыттармен тіл табысып, ың-шыңсыз шегендегенін, ашқарақ пиғылдардың аранына тас тығып, еліміз астанасын Сарыарқаға көшіруін, сыртқы саясатты сындарлы жүргізу арқылы Қазақстанды әлемге танытып қана қоймай, мойындатқанын аса бағалауымыз керек. Сөзсіз, тарихи тұлға. Дегенмен, мемлекет басшысының шамамен “өткенін қаралаған халықтың болашағы бұлдыр” деген мағынадағы сөзін түсінбей қалдым. Жер бетіндегі қандай халық та өткенін қараламайды. Ал, қазақ әруақты жұрт! Егер осы сөз Елбасына қатысты айтылса, ақ пен қара қашан да қатар тұрады, оны біздің көрмеуіміз мүмкін емес!
– Президент партия төрағалығын уақытша атқаратынын мәлімдеген сыңайлы…
– Биліктің партиядан тыс тұру саясаты өте дұрыс. Отбасындағы он баласының біреуін ғана артық санайтын әкені қайдан көріп едіңіз? Қолдан басымдылық жасамай, партиялардың еркін де, анық бәсекелестігіне жағдай туғызу – азаматтық орнықты қоғам орнатуды тездетеді. Қайбір жылы Германияның Маиндағы Франкфурт қаласына бардым. Бундестаг сайлауы өтіп жатыр екен. Көшелердегі жарық шамдарының бағаналарына үміткерлердің көлемі бірдей суреттерін сүйеп қойыпты. Қабырға, қабаттарға ілінген насихат плакаттарын, мегафонға үрлеп, үңіреңдеп жүрген үгітшілерді, қарқалләзи хоштанып, көпшілікпен кездесу өткізіп жатқан кандидаттарды көрмедім. Бүкіл неміс үйлерінде футболдан жастар арасындағы әлем чемпионатын тамашалап отыр. Сөйтсек, олар азаматтық қоғам институтының мықты қалыптасуының арқасында партиялар қызметі мен қайраткерлігін әлдеқашанақ саралап, бағалап қойған екен ғой. Құдая тоба! Ал менің сайлаудан кейінгі ауылдағы алтыбақан ағайынды ойлап, жылағым келіп кетті.
– Құрылымдық, құрамдық өзгерістер ойландырған жоқ па?
– Неге ойландыруы тиіс? Мен тіпті әр жылдарда партиялық Нұрекеңнің бірінші орынбасарлары алмасып жатқанда, ауылдағы көлем қарауылы ауысқандай селт етпей, әлгі бір франкфурттық неміс сияқты теледидар көріп отыра беретінмін. Жоғарғы қызметінен түскен біреудің немесе зау биікке ұшқысы келетін тағы біреудің транзиттік тұғырға жайғаса қалғаны соншалықты қызық па? Саяси Кеңестен Дариға Назарбаева, Асқар Мамин, бала Байбек кетіпті деп шулап жатыр. Олар келгенде де бірдеңе өзгеріп пе еді? Сыртынан аялап жүретін аяулы досым Мұхтар Құл-Мұхаммедке сол Саяси Кеңестің мүшелігі керек пе? Онсыз да алашқа аян туымды тұлға емес пе!
– Партия атауының бір буыны алынып тастала ма деп үміттенгендер де болды…
– Он алты жыл бойы қазақтың жазылу стилистикасын белінен басқан атауды бүгін еске алған кімдер екен, ә? Мұны Елбасына еншілемейік енді. Бәрін бүлдіріп жүрген айналасындағы алаяқ идеологсымақтар, икемсіз имиджмейкерлер, жәреуке жағымпаздар. “Отан деген – Сізсіз!” деді. “Күн дидарлы көсемсіз!” деп, орыстың иконасындағыдай, Елбасының келбетін көк байрағымызда айшықталған күннің үстіне апарып қондырды. “КорольСолнце”! Біздің Нұрекең де Людовик ХІҮ сияқты бала кезінде талай рет айнадай қақтың бетінде жүзген күнді көрген шығар. Бірақ оның “Мен – күнмін!” деп айқайламағаны анық.
– Жалпы, кешегі сиездің солай өткеніне көңіліңіз толды ма?
– Толды.
Сәрсенкүл БИХОЖА
(Жалғасы бар)