"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

«Қауіп сейілген жоқ!»

Автор:QAA.kz

Янв 28, 2022

Елімізге белгілі ақын, облыстық мәслихат депутаты, “Қоғам ТВ” телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ: Қауіп сейілген жоқ!

Неге бұлай болды? Өз-өзімізбен тыныш жатқан, ешкіммен шаруасы жоқ, момын ел емес пе едік? Аяқ астынан бүлінетіндей, жаманатқа қалатындай тұрмыс соншалықты ауыр ма еді? Жоқ, әлде халық сонша тұрлаусыз ба еді деген сан сауал сананы сансырататыны сөзсіз. Сұрақ көп. Күдік пен күмән да. Осы орайда елімізге белгілі ақын, облыстық мәслихат депутаты, “Қоғам ТВ” телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімовпен сұхбат-әңгіме бастадық.

Кешегі «қанды қаңтарда» күштік құрылымдарды, оның ішінде армияны тәртіп орнатуға, террорлық, узурпаторлықсепаратистік пиғылдағы топтарға қарсы күресуге алып шықпаған, қазіргі президенттен емес, кейін «мен 2019 жылдан бері зейнеткермін» деп жалтарған ақсақалдан пәрмен күткен басшылықтың «қосүрейлігін» қалай түсінеміз? Шамасы, «билікті басып алу» сценарийінің бір эпизоды солай болуы керек шығар… Қорғаныс министрі қызметіне қайта тағайындалған Бектанов санаулы күндерден соң Президент Жарлығымен қайтадан жылы орнын суытты.

Себеп: — күрделі кезеңде командирлік міндетін дұрыс атқара алмады… Мүмкін, адал атқара алмады ма? Соғыс жағдайында директиваға сай әрекет етпеген, міндетін дұрыс орындамаған командирлерді «Отанды сатты» деп айыптап, жазаға тартқан, тіпті әскери соттың жедел үкімімен атып тастаған! Еліміздің Қарулы Күштері Бас Қолбасшысының маңайына топтаса алмаған ол қандай армия сонда? Бейімбет Майлиннің «Охрана нәшандігі» Құрымбай айтқандай: «Сабатаж! Сабатаж!»

 Күрделі мезетте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымы күштерін еліміз аумағына енгізуге тәуекел еткенін енді түсінген боларсыздар. Жол-жөнекей ҰҚШҰ – ның шежіресін тарқата кетейін. Халықаралақ әскери-саяси ұйым 2002 жылы құрылып, Шарт 2003 жылы 18 қыркүйекте күшіне енді. Оған мүше – мемлекеттер – Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Тәжікстан. Басым бағыттары: — жаңа трансұлттық айбаттар мен қауіптерге қарсы тұру, орын алып отырған немесе ықтимал аймақтық немесе шағын қақтығыстардың алдын алу, шешімін табу; халықаралық терроризммен, агрессивті экстремизммен, қару мен есірткінің заңсыз айналымымен, ұйымдасқан қылмыспен, жаппай қырыпжою қаруын таратумен күрес.

Ұйымның әскери контингенті жекелеген майда-шүйде шараларға елеусіз қатысқаны болмаса, кешегі күнге дейін пәлендей көзге түсе қоймады. Тіпті ондай қажеттілік туындамаған да шығар? Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен мүше-мемлекеттік аумағына енуі олардың практикасындағы алғашқы жағдай. Менің Сәпен Аңсат ағам қауіп еткендей, Ресей жасағы жағдайды пайдаланып немесе сыныққа сылтау тауып, осында біржолата тұрақтап қалуды ойлаған да жоқ, он күн ішінде қарулас әріптестерімен ынтымақтасып, Ұйым Кеңесі ұсынған нақты міндеттерді адал атқарды. Тағы да, кейбіреулер «қауып» айтқандай, бес елдің берен құрамасы басы бейбіт басталып, террористердің арандатуымен аяғы ойран-ботқаға айналған шеруге қарсы оқ жүгірткен жоқ. Алматы әуежайын лаңкестерден арылтып, бақылауға алды, әлеуметтік, мемлекеттік маңызды нысандарды қорғады, мародерлік талапайдың жолын кесті, шет елдерден келген жалдамалы террористерді ауыздықтады. Астанамыздағы Министрліктер Үйін, Президент резиденциясын, тағы басқа құрылымдарды күзетті. Қысқасы, олардың келуімен елдегі дүрбелең ахуал біршама саябырсыды. ҰҚШҰ-ның контингенті алғашқы әскери емтиханды жақсы тапсырды. Миссия орындалды! Дүние демін тартып күткендей, бір кезгі Югославиядағыдай қырық пышақ қантөгіске жол берілмеді. «Түрлі-түсті революциялар» сценарийлерінің сыртқы авторлары, бейбіт шеруге шығушыларды көзсіз қатыстыра отырып билікті басып алуға ұмтылған ұрымтал топтар (өзіміздікі, Мәсімов жалғыз емес!) оқиғаның басқа бағытта өрбитінін, 82 жастағы ақсақалдың аузына жалтақтаған оқалы иіндердің армияны бейтараптандыру әрекетінен түк шықпайтынын ойламапты. Салымды саясаткер Қ.Тоқаев сабаздарға сан соқтырып кетті. Кім біледі, хаос жағдайындағы қақтығыс одан әрі өршіп, бой бермей, тәртіп орнатуға шақырылған әскер кенеттен «халықтың жағына шығып кетсе», конституциялық биліктің күйреуі мүмкін ғой. Біз мұны ойдан шығарып отырғанымыз жоқ, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Чилиде Сальвадор Аленьденің үкіметі осылай құлатылған. Берідегі Ливия, Мысыр оқиғаларының формалары да соған ұқсастау. «Форма да – мазмұны сияқты» дейді әйгілі ақын Е.Евтушенко. Қалай десек те, біздің генералдар қарекетін «ГКЧП» кезіндегі маршал Д. Язовтың азаматтығымен салыстыра алмайсың. Ол Мәскеуге баса көктеп кіріп келіп, хунтаға қарсы шыққан ельциншілерге оқ атуға дайындалған бронетанк әскерлерін гарнизондарға қайтарды. Ертең «ГКЧП»-ға қатысқаны үшін ауыр айыпқа тартылатынын біліп тұрса да! Мемлекетшіл тұлға Тимофеевичтей болу керек!

«Қанды қаңтардың» қыртыстары бүгін жазыла бастады, «саботажшылар» да анықталып жатыр. Бірі қызметінен түсіп, бірі жауапқа тартылып… дегендей. Бір өкініштісі, іздестіру-зерттеу-тергеу процедурасының талаптарына сәйкес, біз әзірге олардың атыжөндерін білмейміз. Бірақ күндердің күнінде міндетті түрде білетін боламыз! «Қой терісін жамылған қасқырлар» Мәсімовтің мекемесінде ғана емес, басқа да мемлекеттік немесе квазимемлекеттік салаларда, тіпті армияда да болуы ықтимал. Станиславский айтқандай, «сахнадағы ілулі мылтық әйтеуір бір атылуы тиіс». Елімізді әбден сорға батырған кешегі биліктің құйыршықтары әлі де жұмсақ креслоларына жарқанаттай жабысып алған. Әрі – сәрі… Екінші президенттің дәргейіне біржолата көшіп алайын десе, қолтығына жастықты емес, қап-қап компроматтарды қысып жатқан Қожайын, өзі айтқандай, «бастарын жұлып тастайды». Біздің заманда «сезікті секір… мейді» екен, мемлекет басшысы өткізген кешегі жиында солардың көбісі түк болмағандай маңдайы жарқырап алдыңғы қатарларда отырды. Демек, қауіп сейілген жоқ!

Сақ болғанымыз жөн. Ол үшін бізде, санының қаншалықты екені соншалықты маңызды емес, «үш жүз спарталықтың» жүрегіндей жүрегі, білегіндей білегі бар, тамырында қазақтың қаны тулаған, бұлшық еті қатып-пісіп қунаған, намысын нартқа суарған, қолына көкшіл ту алған, Қабанбайларды пір тұтқан, дұшпанын көрсе ынтыққан, семсері желге суынған, бес қаруын буынған армия болуы керек! Кешелі-бүгінгі бұқпантай түрімізбен, оқдәрінің иісін айыра алмайтын Д. Ахметов, И. Тасмағамбетов, С. Ахметов басқарған қарулы күшімізбен қай ұшпаққа шықтық екен? Айтпақшы, Қорғаныс министрлігінің тізгінін ұстаған Әділбек Жақсыбековтің негізгі мамандығы киногер-экономист, кәсібі – өндіруші-саудагер. Мемлекеттік қызметтің маңдайалды кабинеттерін түгендеп тауысқан ол баяғы армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетовтың орынтағында қорықпай-ақ, қысылмай-ақ бес жыл отырды. Не бітіргенін сайтан білсін! Менің білетінім – «Афалиннің секірісі», «Оберон бүлігі» сияқты «боевик» фильмдердің сценарийін жазып, қорғаныс саласын нығайтуға з-о-о-о-р үлес қосқаны.

Өткен аптада кәсіпкерлермен кездесу өткізген Президентіміз Қ.Тоқаев: «Қаңтар оқиғасы бізге үлкен сабақ болды. Қазақстан дамудың жаңа жолына түсті» деп мәлімдеді. Бір серпіліп қалдық. Бұл жолы туннельдің түбінен көрінген жарық тепловоздың шамы емес енді! Демек, жаңа жолдың Қорғаныс министрлігінің үстімен өтетіні анық. Қапы қалмайық, Қарулы Күштерімізді заманауи талаптарға лайық жасандырайық, жабдықтайық, нығайтайық! Басымыздан бұлдырық та байқап ұшатын болсын! Ұзын сөздің қысқасы – осы.

… Айтпақшы, Қорғаныс министрлігінің басына жаңа басшы келді: Руслан Фатихұлы Жақсылықов. Таяқтай генерал – лейтенант «Күрең береттің» иесі көрінеді…

Соғуға әзір ертерек алақанды, Күрең күзде «санаймыз балапанды»…

Сәрсенкүл БИҚОЖА

Жалғасы бар

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *