QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

АРДАГЕР МҰНАЙШЫ БОЛУ – АРМАНЫМ

ByQAA.kz

Қыр 25, 2020

«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ы мұнай компаниясы Құмкөл кенішінің мұнай-газ өндіру жөніндегі 5-разрядты операторы Ерболат САЛЫМОВ: АРДАГЕР МҰНАЙШЫ БОЛУ – АРМАНЫМ

Елдің әл-ауқаты тасып, өзгеге қол жаймастай деңгейде өмір сүруіне біздегі мұнай шикізатының үлесі басым. Алайда, оны тасымалдаудан бұрын, игере білудің өзіндік ауыртпалықтары бары да аян. Салмағы басым салада жұмыс істейтін әр маманға аз міндет жүктелмейді.

– Салаңызда «Үздік мұнай-газ өндіру операторы» атаныпсыз. Құтты болсын! Бұл – сіз еңбек еткен жылдардағы алғашқы жетістік пе?

– Әумин, рақмет. Иә, дұрыс айтасыз. Менің мұнай саласында жұмыс жасаған жылдарымның алғашқы жемісі. Шыны керек, мұндай марапаттар адамның алға ілгерілеуіне, бар ынтамен нәтижелі еңбек етуіне жағымды әсер сыйлайды екен. Сондықтан, осы аталым менің алғашқы жетістігім. Бұдан да биік дәрежеге жетер күн алда деп білемін.

– Әртүрлі мұнай компанияларынан қатысқан 17 маманның ішінен суырылып шығу қажырлы еңбектің нәтижесі ме, әлде сәттілік пе?

– «Бақ шаба ма, Бап шаба ма» деген сөз бар ғой. Менің тарапымнан айтар болсам, бірнеше жылдық еңбегімнің нәтижесі деп білемін. Үздіктердің қатарында болуыма ұстаздарым берген білім мен ата-анамның тәрбиесі басты себеп болды. Әкемнің “Ыстық пен суықтың төзімділігіне, қажырлылық керек” деген сөзінің өзі менің өмірлік жетістіктерге жетуіме үлес қосып келеді. Сондай-ақ, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, іспен үлгі, сөзбен демеу болып жүрген басшыларым мен кәсіподақ комитетінің төрағасы Бақыт Махашоваға, цехпрофкомы Еркін Ибраевқа айтар алғысым шексіз. Айта кету керек, бұл сайысқа қатысқан мамандардың қайқайсысы да осал емес.

– Конкурс несімен қиын болды? Жалпы, сайыс барысындағы негізгі ережелерге тоқталып өтіңізші…

– Шыны керек, мұндай үлкен сайысқа алғаш рет қатысқандықтан қобалжу болды. Конкурс барысында еңбек қауіпсіздігі, алғашқы көмек көрсету, ұнғылармен және сораптардың ережелері және өзге де жұмыс барысындағы процестер талқыға түсті. Алайда, сауалдарға жауап беру айтарлықтай қиын болған жоқ. Себебі, осы салада еңбек етіп жүргеніме 14 жыл болды.

– Менің сөз еткелі отырғаным да саладағы бүгінге дейін еңбек еткен жылдарыңыз жайлы еді. Мұнай-газ өндіру операторы атанғаныңызға және осы бағытта жұмыс істеп жүргеніңізге аз уақыт болмапты. Сіз үшін несімен қызық, әрі қиын?

– Дұрыс айтасыз, уақыт – жүйрік. Расында аз уақыт емес. Біздің ұжымда жұмыс істеуге еліміздің әр облысынан азаматтар келеді. 14 күндік жұмыста (вахтада) барлығымыз бір отбасындай, бір үйдің адамдарындай араласамыз. Тағы бір қызығы – вахталық жұмыстан үйіме қайтқанымда, перзенттерім кішкентай кездерінде мені жатырқайтын (күліп). Қазір өсе келе үйреністі ғой. Жаз мезгілінде аптап ыстық, әрі жел болады. Қысы салқын. Өндіріс орны болған сон ұңғылар істен шығып жатады. Сондай уақытта күн-түн демей, ауа райының қолайсыздығына қарамай ақауларды тоқтатып, ұңғыларды қайтадан іске қосамыз. Қиын сәті деп осыны мысал етуге болады. Алайда, салаға деген жауапкершілік пен сүйіспеншілік болғандықтан бұл жұмыстағы міндетім деп білемін.

– Операторға жүктелген міндеттерге кеңірек тоқталып өтіңізші…

– Ең алдымен техникалық қауіпсіздікті және тазалықты сақтауымыз керек. Ұнғылардың жұмысын толық қадағалау және олардың сұйықтықтарымен газдарын өлшеу, сораптарды тексеру де оператордың басты міндеті. Сондай-ақ, бекітілген объектілерді, қыстырмалардың дұрыс жұмыс атқаруын және мұнайды жылыту қондырғыларының кедергісіз жұмыс жасауын басымдыққа аламыз. Қырғыштың көмегімен құбыр ішін де парафинмен жиі тазалаймыз. Осы міндеттер операторға жүктеледі.

– Осы уақыт аралығында өз салаңыздың «тәжірбиелі маманы атандым» деп өзіңізге баға бере аласыз ба?

– Менің ойымша аса тажірбиелі маман деңгейіне жету үшін әлі де біршама тер төгілуі тиіс. Өзімнен гөрі, жұмыстағы жауапкершілігіме ұжымның басшылары және әріптестерім бағалаған жөн деп ойлаймын. Алайда, «Үздік мұнай-газ өндіру операторы» аталымын алудың өзі тәжірибелі болудың бір сатысы деп білемін.

– Өзге өңір мұнайшылары жалақыларын көтеру турасында жиі ұсыныс айтады. Сіздер үшін бұл мәселе ме, әлде еңбек әділ бағаланады ма?

– Елімізде азық-түліктің күннен күнге қымбаттап жатқаны және теңгеміздің құнсыздануы бәрімізге ортақ мәселе болуда. Сол себепті жалақы көтеру ұсынысы дұрыс деп ойлаймын. Әйткенмен, бұл біздің компания тарапынан әділ бағаламайды деген сөз емес.

– «Петро Қазақстан» мұнай компаниясы жұмысшыларына қаншалықты жағдай жасайды?

– Жоғарыда атап өткендей, компания тарапынан әр қызметкердің еңбегі ескерусіз қалған емес. Мысалы, жұмысшылардың жоғары оқу орнында білім алатын балаларына тиісті оқу ақысын 20-30 пайызын төлейді. Сосын 50- 60 жасқа толған мамандарға қаржылай көмек үшін бір айлық жалақы төленеді. Көпбалалы мамандарға жылына бір рет ақшалай көмек те бар. Ардагерлер кәсіби мереке қарсаңында және өзге де маңызды мейрамдарда ақшалай сыйлыққа ие болуда. Одан қалды компания мамандарының және олардың отбасы мүшелерінің спортпен шұғылдану үшін арнайы кешендерге тегін жолдама үлестіреді. Тағы да басқа жеңілдіктер мен көмектер жеткілікті.

– Жасыратыны жоқ, осы салада оқып білімін жетілдіріп келсе де, жастар жұмыс бағытын тек кеңседегі қызметпен байланыстырғысы келеді. Яғни, өзіңіздей нағыз шаруа қызған ортадан өздерін көргісі келмейді. Себеп неде?

– Әр адамның өмірге деген көзқарастары мен алдына қойған мақсаттары әртүрлі. Мен кеніш орнында өз білімімді жетілдіріп, осы саланы толық меңгеріп шығуымды мақсат еттім. Демек, менің бағытым сіз мысал еткен қатарға қатысты емес.

– Әлде жұмыс барысы денсаулыққа кері әсерін тигізеді деген үрей басым ба екен?

– Ол басты себеп деп ойламаймын.

– Жалпы, «Петро Қазақстан» жұмысшыларының денсаулығына және қауіпсіздігіне қаншалықты мән береді?

– Компания тарапынан қызметкерлерінің денсаулығына жеңіл қараған емес. Оған еңбек демалысына шыққан сайын әртүрлі шипажайларға берілетін жолдама дәлел. «Бірінші байлық – денсаулық» дегендей, мен жұмыс істейтін мекемеде қызметкердің жұмыс барысындағы қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін де тиісті сала мамандары қарастырылған. Айта кету керек, жыл сайын өрт қауіпсіздігіне және техника қауіпсіздігіне байланысты білімімізді шыңдау үшін түрлі жарыстар өткізіліп түрады.

– Сіздің салаға тиесілі тағы бір мәселе – шетелдік мамандар. Алайда, мұнай бағытында осы кезеңге дейін өзімізден де «сен тұр, мен атайын» мамандардың іске кірісетін уақыты келген секілді…

– «Петро Қазақстан» компаниясында жоғары лауазымды қызмет атқаратын жергілікті мамандар баршылық. Мен оны сеніммен айта аламын. Сіз сөз еткен шетелдік мамандар тәжірибе алмасу үшін де керек секілді.

– Жас мамандардың біліктіліктеріне көңіл толады ма?

– Жас мамандардың біліктіліктеріне және білімдеріне көңілім толады. Практика барысында біз олардың қабілеттеріне қарап, баға береміз. Түсінбеген, үйренуі тиіс тұстарына жеке тоқталып, игеруіне себеп боламыз. Менің ойымша, олардың өз салаларында жоғары белестерге жетуі үшін жұмыс орындарын көбейту керек.

– «Петро Қазақстан» мұнай компаниясына жұмысқа орналасудың өзі кез келгенге бұйыра бермейді. Маман ол үшін қандай талаптарға лайық болуы керек?

– Алдымен, жұмысын, өзіне жүктелген міндетін ұқыптылықпен атқаруы тиіс. Саланың қыр-сырын меңгеру – басты талап. Сосын үнемі ізденімпаз болуы керек. Ұжыммен тіл табысып, өзін ортада сөзімен емес, ісімен таныта білуі керек.

– Мұнайды игерудің әдістеріне өзгерістер қаншалықты жиі енгізіледі? Жаңа технологияның көмегімен жұмыс қарқыны жеңілдейтін болар?

– Қазіргі таңда топтық қондырғыларды автоматтандыру және ортадан басқару әдістерін қ о л д а н у д а м ы з . Қ у а н т а р л ы ғ ы , «Петро Қазақстан» к о м п а н и я с ы өз мамандарының біліктіліктерін арттыруға үлкен мән береді. Жұмысшылардың тәжірибелерін одан әрі жетілдіру мақсатында әртүрлі жиындар ұйымдастырылады. Шетел мамандарымен тәжірибе алмасуды да назардан тыс қалдырмайды.

– Мұнайдың қоры да таусылуға жақын деседі. Біздегі кен орындардағы байлықтың азайғаны да алаңдатарлық проблема…

– Қандай кен орны болмасын, ерте ме, кеш пе тозады, ондағы байлық таусылады.

– Бүгінде мұнай саласының үздігі болсаңыз, болашақта аталмыш саланың ардагері атануыңыз мүмкін бе, әлде жоспарды өзге бағытқа бұрасыз ба?

– Бұл сұрағыңыз мұнай компанияларындағы кез келген мамандарды ойландырады. Тұрақтылық дұрыс қой. Оқыдық, тоқыдық. Енді жемісін көретін сәтте, әр арнаға бір бас сұға бермеу керек. Өзім болашақта осы саланың тәжірибелі ардагері атансам деймін.

– Жұмыс турасында әңгіме өрбіттік. Енді отбасыңыз жайлы да білгіміз келеді…

– Әкем Салимов Амангелді Шиелі ауданында ғалым, агроном қызметін атқарды. 1988-1989 жылдары саланың медалімен марапатталған және одан басқа да бірнеше жетістіктерге жетті. Анам Зухра Сейділдаева Шиелі аудандық ауруханасында жұмыс істеді. Өзім үйдің кенжесімін. Әпкем және екі ағам бар. Келіншегім Қызылорда қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істейді. Құдайға шүкір тәрбиелеп, өсіріп отырған 4 перзентіміз бар.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған