Қаладағы қызыл мектеп 101-де елге мәлім, мұғалімдер арасында абыройлы басшы Әділбеков Асқарды еске алуға арналған турнир ұйымдастырылды. Өзінің өмір жолында түрлі сатыдағы қызметте еңбек етіп, мектеп басшысы да болған. Осы шара ұйымдастырылған нөмірі 101-ші мектепте де бір кездері директор қызметін атқарған еді. Әріптестері бұл кісі жайлы өте жақсы пікір айтуда.
Шараның ашылу салтанатына келген Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Ибадулла Құттықожаев Әділбеков Асқар жайлы жылы естеліктерімен бөлісті.
– Біз сонау 2004 жылдан бері таныс әрі қызметтес болдық. Мен қала әкімінің орынбасары болған уақытта бізде бас маман болып қызмет атқарды. Өте тәрбиелі, адамгершілігі мол кісі еді. Уақыт өте мектепке де басшы болып тағайындалды. Бүгінгі волейболдан өтетін жарыста барлық ұжымға сәттілік тілеймін, – деді қалалық мәслихат хатшысы.
Жарыстың өзіне 12 команда қатысты. Қаладағы және қалаға қарасты ауылдық округтердің ұжымдары кіл мықтыны таңдап, жақсы команда жасақтап жіберіпті. Шараның басы әсем ән мен биден басталып, ойын барысы әрі қарай қыза түсті. Аспандағы допты жерге түсірмеу басты мақсат еді. Маңдайынан тер шыққанша жүгіріп, жанын салып доп қуалап, қарсыластарынан оза шапқандар көп болды. Бұл уақытта мектеп асханасындағы аспаздар, қатысушыларға арнап қуат берер тағамдарын әзірлеп, асханасын дайындауда. Жарыс біткен соң ауқаттанып, әл жинауға келер спортшы мұғалімдер көп болмақ.
Ал жүлдеге 100 000, 60 000, 40 000, 20 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықтар тігілді. Одан қалса Алғыс хаттар тағы бар. Жарыстың өзі қалалық білім бөлімі мен спорт бөлімінің қолдауымен өтіп отыр. Жарысқа қатысушылар қос бөлімге алғыстарын жеткізді.
«Әділбеков Аскар Калиулы 1962 жылдың қазан айының 17 жұлдызында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Төменарық елді мекенінде дүниеге келген. 1984 жылы Гоголь атындагы Қызылорда педагогикалық институтын бiтiрiп, физика және математика пәні мұғалімі мамандығын тәмәмдаған. Алғашқы еңбек жолын 1984 жылы Жаңақорған ауданындағы №162 орта мектепте шәкірт тәрбиелеуден бастап, облысымызда түрлі басшылық қызмет атқарып, 2017 жылдын 18 сәуірінен бастап Қызылорда қаласы бiлiм бөлiмiне қарасты 101-ші мектеп – лицейінде директорлық кызмет атқарған».
Дамир АМАНГЕЛДІ