Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Business-Start» бизнес инкубаторының жетекшісі Тубекбаев Жанарыс Алтынбекұлы: Жаңа Қазақстанды жемқорлар жасай алмайды

1. Жаңа Қазақстанды құру үшін алдымен саяси экономикалық реформаларды жасап, солардың тиімді жүзеге асырылуына аянбай жұмыс жасау керек. Елімізде соңғы кездерде саяси дағдарыс болып жатқаны айдан анық, сол дағдарыс нәтижесінде елімізде әлеуметтік және экономикалық мәселелер туындауда.

Жаңа Қазақстанның жолы ескі сабақтарды түйіп, өзгерістерді еңгізуден тұрады. Мемлекет басшысы соңғы үндеуінде сол өзгерістерге қадам басты. Расымен, айтылған мәселелер халықтың көкейінде ұзақ уақыт жүрді. Утильсбор, ЛРТ ж.т.б. тиімділігі жоқ жобалар Жаңа Қазақстанда болмауы керек.

2. Жаңа Қазақстанды бүкіл халық болып жасаймыз. Мемлекетіміздің дамуындағы жаңа жолын бастау оңай жұмыс емес. Оны жүзеге асыру үшін билеуші органдар мен халық бірігу арқылы жұмыс жасау керек. Жаңа Қазақстанды ел сатқындары, парақорлар мен жемқорлар жасай алмайды.Сол себепті мемлекеттік және соған теңдес секторларда осы факторларды болдырмау қажет.

Мемлекетіміздің жаңа жолын бастауда назар жастарда болады. Алдағы уақытта елді басқаратын, жұмыс жасайтын, салық төлейтін – ол жастар. Сол себепті жастарға осы кезде мықты қолдау берілуі тиіс.

3. Мемлекетіміздің өзгеруі алдымен барлық отандастарымыздың өзгеруінен басталады. Сол себепті әрбір азаматымыз өзінен бастауы керек. Елімізде болған жағдайда тек сыртқы ланкестер ғана емес, өз халқымыз да әртүрлі қисынсыз әрекеттерге барып жатты. Нақтырағы кейбір бауырларымыздың сауда орындарына ұрлыққа түсулері, өзімізге тиесілі дүниені өз халқымыздың тонағаны орынсыз болды. Сол себепті әр азамат өзінің білімін, имандылығын, тәрбиесі мен тәртібін түзеу қажет.

Әрбір азамат жемқорлық, көреалмаушылық, іштарлық, өсек, пайдакүнемшіліктен арылуы керек. Сол кезде ғана Мемлекетіміз тұрақты даму үстінде болады.

4. Елімізде болған соңғы оқиғалар біз үшін сабақ болып қалуы тиіс. Жемқорлық пен парақорлықтың белең алуы жиілеген.Осы орайда, халқымыздың бірлігін ерекше атап өтуге болады. Қазақ хандығымыздың құрылуынан бастап халқымыз қиын кезеңдерде бірлігін көрсеткен болатын. Бұл біздің ұлтымызға тән қасиет. Соны ұмытпаумыз керек.

5. Мемлекеттік қызметте жұмыс жасамағандықтан жұмыс жүйесі туралы нақты айта алмаймын. Бірақ қарапайым тұрғын ретінде мен әкімдердің сайлауын қалаймын. Әр өңірді тек сол жақтын мұңын, халық қалауын және мәселелерін білетін азамат басқару керек. Арамызда ондай азаматтар көп, мемлекеттік қызметте де жүргендері бар. Халықтық сайлау мықты лидерлерді шығаруға мүмкіндік береді.

Депутаттарымыздың басты жұмысы ол халықтың қалағанын билікке жеткізіп, халыққа пайдалы болатын заң жобаларын әзірлеп, бекіту. Сол жұмысын мықты атқарса, жүйені өзгертудің қажеті жоқ. Ал егер депутат мырзалар өздерінің «халық қызметшісі» екенін ұмытып, қиын заманда халқына көмегін тигізбесе, бұндай депутаттардың бізге қажеті жоқ.

6.Халықтың ойында масылдық болмауы тиіс. Билеуші органдарға қол жайып отыру мүлдем дұрыс емес. Жаңа Қазақстанды құру үшін халқымыз аянбай жұмыс жасауға дайын болуы керек. Әр азаматқа артылатын үлкен жауапкершілік – ол өз ісіне адал болуы. Оқушылар мен студенттер білім алуға, ата-аналар бала тәрбиелеуге, жұмысшылар мен кәсіпкерлер өз жұмысына, мемлекеттік қызметкерлер қызметіне адал болса – Жаңа Қазақстанның бағындағы бақыты мәңгі болары айқын.

А.ӘЛИАРЫСТАН

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here