QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ӘЗІРБЕКОВ ДЕПУТАТТАР СҰРАҒЫНА ӘЗІР МЕ?

Автор:QAA.kz

Окт 8, 2021

Өткен қыркүйек айының 29-ы кеудесінде еліміздің туы бар, халыққа қалаулы азаматтардың басы бірігіп, қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы шақыртылды. Ұйымдастырушылар қызу дайындалып, келген жұртты төрге жайғастырып, жиналған қауым алдымен қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаевтың төрағалығымен тұрақты комиссия отырысын өткізді. Бір сағаттай отырыста өзіміздің Ы.Жахаев атындағы ҒЗИ-дің директоры Қамбарбек Мүбараков пен басшылыққа келгеніне бір апта болған ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек алдыңғы аптадағы депутаттармен бірлесе өткізген қаланың ауыл шаруашылық мәселесін сөз етіп, бөлім басшысының баяндамасы тыңдалды.

Сессиядағы басты мәселе су айдындарында жүргізіліп жатқан жұмыс болды. Десе де, алдымен депутаттар халық аузында жүрген сауалдарды қала әкіміне жолдады.

Сонымен қатар, өз алғыстарын да жеткізді. Біздің әкім бұл мадақтамаларды есту, жұмыстың жүріп жатқандығының белгісі деді. Ал қызметке кіріскеніне бір апта болған Нұрбек Әзірбекті де халық қалаулылары жәй жібере салмады. Қаладағы әлеуметтік дүкендердің саны өсіп жатқанмен ондағы азық-түліктер ерте таусылып, көпшілікке жетпей қалуда екен. Ауыл шаруашылығының басшысы қызметке келе сала осы әлеуметтік дүкендермен танысып, бағаларын және 19 түрлі әлеуметтік азық-түліктердің жәйін біліпті. Оған барлығы жақсы депті ондағылар. Өз кезегінде Әзірбеков аталған дүкендерді тағы да шолып өтетіндігін мәлім етті.

 Ал қалалық мәслихат депутаты Талғат Телеубаев азық-түлік қоймаларының жайын сұрады, азық-түлік құртылмайды ма деп сауал жолдады. Талай шаруаны бақылаған ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы әзірге қоймаларға қолы жете қоймағанын мәлімдеді. Бұл жұмысты алдағы уақытта қолға алатындығын жеткізді. Былайынша, Телеубаевтың бұл сұрағы орынды болды.

Қаланың ауыл шаруашылығына келер болсақ 2021 жылдың 8 айының қортындысымен ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға өсіп 4,1 млрд. теңгені құрапты. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының өнімдері 103,3 пайызды, мал шаруашылығының өнімдері 102,6 пайызды құрап, жалпы өнім 102,9 пайызға орындалды. Бұл көрсеткіштер қала халқының сұранысын қанағаттандырса жақсы ғой.

 Егін шаруашылығы бойынша биылғы жылы 8905 гектарға ауыл шаруашылық дақылдары егілген еді. Оның ішінде: күріш 4113 гектар, бидай 524 гектар, арпа 87 гектар, сұлы 5 гектар, сорго 40 гектар, мақсары 40 гектар, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 2818 гектар, жаңа жоңышқа 245 гектар, ескі жоңышқа 1033 гектарға егіліп, құтты орнына қондырылыпты. Егілген 524 гектар бидайдың 361 гектары орылып 2527 центнер өнім алынып, орта өнімі 7,0 ц/га келді, 87 гектар арпадан 435 центнер өнім алынып, орта өнім 5 ц/га келді.

Сонымен қатар 500 гектар картоптан 128,0 центнер, 1328 гектар көкөністен 131 центнер, 990 гектар бақшадан 128 центнерден орта өнім алынған. Бұның үлесі ерте кездегідей емес дейді білгіштер.

Біздің ғалымдар жермен, дақылдармен жөнді жұмыс жасамауда деп баса айтты ел қалаулылары. Бұл жиында отырған Қамбарбек Амангелдіұлы да ҒЗИ-дың жайы жайлы болмай тұрғанын жеткізді. Ол басшылыққа келемін дегенше институтта біткен шаруалар аз-ақ көрінеді. Ендігі кезекте қолға біраз шаруа алмақ екен.

Ал әлгі 3850 гектар күріш дақылы тыңайтқыштармен үстеп қоректендіріліп, күріштің вегетация кезеңінде агротехникалық шаралар қатаң сақталып, арамшөптерге қарсы 3469 гектар көлемге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Дақылдың өсуіне кедергілер болмас үшін жасағаны ғой. Ал тіршілік көзі су деп оның шаруашылығы нысандарын дайындауда жоспарланған су жүйелері шаруашылық аралық каналдарынан 86,3 мың текше метр топырақ шығарылып, су тапшылығына байланысты елді мекендерде 8 насос құрылғылары орналастырылған.

Өткен жиындарда да қалалық мәслихат депутаты Жорабек Ибрагимұлы осы Белкөлде орнатылған насосты жөнді пайдалануды кент әкіміне айтқан еді.

Биылғы жылдың су тапшылығына байланысты 350 гектар күріштің ерте пісетін «Сыр сұлуы», «Маржан» сорттары егілді, қазіргі таңда жинау жұмыстары жүргізілуде. Маусымдық кезеңде картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуге 87 қала тұрғындарына әлеуметтік ахуалды көтеру мақсатында Қарауылтөбе ауылдық округінен 10 гектар егістік жер бөлініп беріліп, егілген өнімдерін жинауда. Сонымен қатар қала тұрғындарын картоп, көкөніс және бақшалық өндірісін дамыту мақсатында Белкөл кентінен жалпы көлемі-254,5 гектар 3 жер учаскесінен тұратын «Агро аймақ» құруға егістік жер бөлініп, қазіргі таңда құжаттары рәсімделуде. Ет етке демекші, малдың жайы былай сайрайды: 2021 жылдың 1 қыркүйекке 25162 бас мүйізді ірі қара,16319 бас сиыр, 27420 бас қой мен ешкі, 9834 бас жылқы, 2369 бас түйе, 15335 мың бас құс өсірілуде. Өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 15,0 пайзыға, жылқы 19,8 пайызға, түйе 0,5 пайызға, қой-ешкі 05 пайызға, құстың саны- 14,2 пайызға өсті. Сондықтан, ет өндіру 3,6 пайызға, сүт өндіру 1,6 пайызға, жұмыртқа өндіру 0,5 пайызға артқан. «Сыбаға» бағдарламасымен 4 шаруашылық «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы 46 бас асыл тұқымды сиыр және 1500 бас қой сатып алуда.

Жердің пайдаланылуы жайына келсек 2020-2021 жылдары бөліммен жалпы көлемі 707,2 гектарды құрайтын жер учаскелеріне 28 бақылау шаралары жүргізілген екен. Тексеру нәтижесінде 25 субъектілер тарапынан құқық бұзушылық деректері анықталып, ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылып, жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.

Сондай-ақ, қазіргі таңда «Иіркөл» су айдынын пайдаланушы ЖК «Нуртаев» жобасы ӘКК «Байқоңыр» АҚ-ы мен мақұлданып, балық шаруашылығын дамыту мақсатында тоған шаруашылығын құрып, Түркістан облысынан 2000 сом тұқымдас балық шабақтарын әкеліп өсіруде. Осыдан бір аптадай уақыт бұрын шабақтар саны 1500 еді. Апта сайын өсіп жатыр-ау шамасы…

Сессияда сонымен қатар, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов та болды. Қалалық мәслихат депутаттарының облыстық сессияға қатысып, бірлесе жұмыс жасау ұсынысын тыңдады. Ал өзіне сөз берілген кезде мәслихаттың халық мүддесіне жұмыс жасауы жайлы біраз ақпарат айтып, елді, билікті бірлікке шақырып, жұмыла қызмет ету керектігін тілге тиек етті.

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *