QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Өзіңде бармен өзгені қызықтырғанның өзі күнә

Автор:QAA.kz

Май 23, 2019

Жаман жегенін, жақсы көрген-білгенін айтады. Бұны мен емес атам қазақ айтып кеткен. Бүгінде қыз-келіншектер үйінде жаса­ған тамағын немесе кафе, мейрамханаларда жеген тамағын әлеуметтік желіге салып мақтанып жатады. Осындайда қыз-келіншек­терге   пысықтығын интернет­те емес,   үйінде дәлелдесін дегіміз келеді. Сіздің әлеуметтік желілердегі парақшаларыңыз – диетологтың алдында көрсететін есептік таспа емес, оны оқырмандарыңыз да қарай­ды. Тым құрыса осы қасиетті Рамазан айында ғаламторға тағамның суретін жүкте­меулеріңізді өтінеміз.

Өзімізден алыс жүрген жандармен әлеу­меттік желі арқылы виртуальды түрде жүздесіп жатамыз. Бірақ арамызда ғаламторлық әдеп­тен асып кететіндер де бар. Whatsapp, Іnstagram желілерінде кешке дейін өзін түсіріп, «мен мұнда отырмын», «мен мұндай сөмке сатып алдым», «мен мына жерде кетіп бара жатыр­мын» дейтін жастар, әсіресе әншілер арасында көбейді. Инстаграм желісіне тіркелгеніме 5 жылдай уақыт болып қалды. Осы уақытта бай­қағаным, Іnstagram желісі желі қолданушылар­дың киім-кешек­терімен, демалған орындары­мен, үй-жайларымен мақтануы үшін ашылған сияқты.

Сіз желіге тағамның суретін сала отыра оразадағы жанның   оразасының ауырлауына себепші болатынын білесіз бе? Мәселен, қапы­рық ыстықта ораза­дағы жан шөлдеп отырып, сіз салған балмұздақтың суретін көріп, одан сайын аңсары ауады. Немесе суды мүлдем ұмытып жүрген жан сіз салған шырынның суре­тін көріп шөлдейді, ғаламторға жүктеген ыс­тық тағамның   суретін көріп тамақ есіне түседі. Айта берсек, мысал көп. Иә, сіз жеп отырған тағамды барлығы жеп отыр, сіз пісірген тағам­ды кез-келген қыз-келіншектер үйінде дайын­дап отыр. Барлығымыз не пісіргенімізді, жеге­німізді ғаламторға жүктей берсек не болғаны сонда…

Кейде сол тағамға зар болып отыр­ған, соған қолы жетпей отырған әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы болуы мүмкін. Осы жерде көзбен көр­генін ауызбен жегісі келіп, өз қолымен ұрлыққа да баруы мүмкін. Өзіңде бар­мен өзгені қызықтырғанның өзі күнә.

Немістер рамазан айында көшеде тамақ жемейді екен. Өзі ұстамаса да ораза ұстаған адамға құрметі. Ораза ұстаған адамды сыйла­масаңыздарда, қасиетті Рамазанды сыйласа­ңыздар екен.

Тағы бір айта кетерлігі, «Ауызашар­ды анаған-мынаған бердік, анаумен аштық, мынаумен жаптық» дейтін жарқыраған жазба көп. Оны күнделікті көріп жүрміз. Тіпті ауызашардан бір сел­фи деп те сурет жүктеп жатады. Өзінің ауыз бекіткенін көпшілікке көрсеткісі келетіндердің қарасы кө­бейді. Барған, не берген ауызашарды жарияламаса Жаратқан сауапқа жаз­бай қоя ма? «Әр мұсылман әрбір ама­лын өзі үшін жасай­ды, тек оразаны мен үшін ұстай­ды» деген сөздер Құранда кездеседі.

Ораза – құлшылық айы.   Құлшы­лықты жариялауды қойсақ қайтеді? Ол Алла мен адамның арасындағы сыр емес пе?

Одан қалды жарияланған сурет өз алдына қазір оразаны ифтар, ауыз­ашарға көп шақы­ры­латын адамды ифтаритет деген де жазбаны көріп жүрген боларсыз. Сонда деймін-ау қазақ­тың қарапайым ауызашар деген сөзі аздық етті ме?

Сөз соңында айтарымыз, осы қасиетті рамазан айы көзді, құлақты, ауызды тыятын сәт. Сіздер де ойлары­ңыз бен қолдарыңызға абай болыңыз­дар. Қасиетті айда ішкен-жегеніміз­бен мақтанғанша, Аллаға дұға етіп, тілек тілегеніміз жөн болар.

   А. ОМАШ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *