QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ЖЫР БОЛҒАН ЖОЛАҚЫ ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

Автор:QAA.kz

Авг 25, 2020

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қабылданған электронды төлем мәселесіне қатысты шешім шығарылса да, әлеуметтік желіде  тұрғындар тарапынан түрлі сыни-пікірлер жазылды. Жазбалардың басым көпшілігінде жолақы карталық төлем бойынша 90 теңге болып бекітілгенімен, қолма қол төлемнің 120 теңге болуы тиімсіз делінген.

Қуантарлығы, қала әкімі жергілікті халықтың пікірін әркез назарға алуымен келеді. Бұл жолғы қоғамда талқыға түскен «жолақы» тақырыбында да солай.

— Бұған дейін хабардар еткеніміздей аймағымызда 1 қыркүйектен бастап қолма қол билет алу құны 120 теңге болып бекітілді. Бұл сараланған тариф азаматтарды көлік картасын пайдалануға ынталандыру мақсатында қойылған болатын. Алайда сіздердің өтініштеріңізді ескеріп, ұсыныстарыңызды тыңдай келе электронды немесе қолма қол төлем жасаушылар үшін де ортақ баға 90 теңге болып сақталып, өзгеріссіз қалдыруға шешім қабылдадық, — деді Н.Нәлібаев.  

Соңғы уақытта қоғамдық көлік Сыр халқы үшін өзекті тақырыптың біріне айналды. Жасыратыны жоқ, халық үшін қолайлы баға қалғанымен, «Қызылорда Автобус паркінің» жұмыс жүйесіндегі ілгерілеушілікке бұл қолайсыздық тудырмасына кім кепіл?!

Себебі, көлеңкелі қаражат айналымын жойып, тасымалдаушылардың нақты табыс көлемін айқындау — қолданысқа енгізілгелі тұрған төлем жүйесінің негізгі мақсаты. Сонымен қатар, автобус паркінің материалдық-техникалық базасын жақсартып, тасымалданушыларға қолайлы жағдай жасау да бар.

Қызылорда қаласының әкімі Н.Машбекұлы:

— Электрондық төлем жүйесіне өту — заман талабы. Сол себепті жол ақысын электронды төлеуге ұсынылған 8 түрлі төлем жасау тетіктері дамытылып, жүйеге ауысу 1 қыркүйектен бастап кезең-кезеңімен жалғаса беретін болады. Сондықтан жолақысын төлеудің электрондық жүйесіне ауысуларыңызды сұраймыз.

Естеріңізге сала кетсек, электронды төлем жүйесіне сәйкес, бастапқыда қолма қол төлем жүйесінің бағасы 150 теңге болу ұсынылған болатын. Алайда, бұл қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен жиында қайта көтерілді. Шешімге сәйкес, жолақысы 120 теңгеге түсті. Мұның өзіне жергілікті жұртшылық қалтаға ауырлық түсіреді деді.

P.S: Карантин кезінде демалыс күндері қоғамдық көліктің қала көшелерінде жүрмейтінін ескерсек, тұрғындар такси қызметін пайдалануға мәжбүр. Такси жүргізушілері  қалтаны қалыңдату үшін тиімі уақыт деді ме, тасымал бағасын негізсіз көтеруде. Алайда, қоғамдық көліктің бағасын қымбат деген көпшілік жекелген такси жүргізушілерінің талабына бас ауыртпайтын сынайлы…

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *