QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Жылу берілер күн жақын…

ByQAA.kz

Қаз 8, 2020

Күн райының күрт салқындауы жұртшылықты алаңдатқаны жасырын емес. Негіз бар. Індеттің беті бері қарады ма дегенде, «салқындауға» сеп болатын құбылмалы ауа райы деннің саулығы үшін де кері әсер етпей қоймасы анық. Осыны ескерген қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің шешіміне сәйкес жылу беру маусымы 10 қазаннан басталмақ.

Ережесіне сүйенсек, сыртқы ауаның орташа температурасы +8 градус және одан төмен болған жағдайда жылу беру маусымы ашық болып есептелетін. Әйткенмен, бұл қағидаға биыл өзгеріс енгізіліп, күздің қақ ортасында берілетін жылу маусымы бес күн ерте басталмақ.

Бұл туралы Қызылорда қалалық әкімдігіндегі баспасөз орталығында өткен брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуге «Жұмыспен қамту жол картасы», «Нұрлы жер» бағдарламаларынан, облыстық және жергілікті бюджеттен 4,2 млрд.теңге бөлінген. Бұл ақша орнымен игеріліп, тиісті жұмыстар ретімен жүзеге асқан.

Қызылорда қаласында 815 көпқабатты тұрғын үйлер бар. Оның 757-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылса, 58 үй жеке жылу көздерімен жылытылады.

Брифингте сөз алған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев көпқабатты тұрғын үйлердің жылу маусымына толық дайын екенін тілге тиек етті.

– Бөлім тарапынан көпқабатты тұрғын үйлердің дайындық барысына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қала бойынша проблемалық 35 тұрғын үй бар екені анықталды. Тиісті жұмыстар жүргізілгендіктен, ондағы ақаулар да шешімiн тапты. Ұнғымаларға, насостық стансаларға және қондырғыларға ревизия жасау жұмыстары да жүргізілді.

Ал, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ң директоры Науырыз Сатханов жылы үйде отырса да, төлеміне немқұрайлы қарайтын кей қала тұрғындарын тиісті қаржыны уақытылы төлеу қажеттігін атап өтті.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған