QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Жыңғылдың жыры немен бітер?

Автор:QAA.kz

Июн 5, 2020

Қаладағы Айтбаев көшесінің бойындағы көпқабатты үйдің алды тұрғынның сеп болуымен жасыл желекке бөленген. Алайда, ол бақша жұртшылыққа қоршалған жыңғылымен таныс. Демек, қала тұрғындары ағаш көлеңкелеріне саялауға мүмкіндік ала алмайды, бақша ішіне кірмейді әрі көрмейді. Оған себеп жоқ емес…

— Мен бұл үйдің іргетасы қаланған сәттен бергі тұрғынымын. Көше бойында орналасқан көпқабатты үйлердің қоршаулары бұрыннан басқаша нұсқада болған. Қазір ол қоршаулар неліктен қойылмайды? Ағаштар да болатын… Өзімнің ойымша, көпқабатты үйлердің маңындағы желектерге назар аударған жөн. Оның үстіне өзіме әртүрлі ағаштарды егіп, оның күтімімен айналысқан ұнайды. Бүгінде ойымды жүзеге асырып бақшамның бабын жасаудамын, -деген зейнеткер Ермахан Шангереев қоршауды өз қолымен тұрғызған.

Өйтпеске амал болмаған да екен. Жемісін берер шақта көше кезген иттер еңбекті әп-сәтте жоқ қылса, жастар бақша дақылдарының кедергісіз өсуіне тосқауыл болған. Одан қалды қысы-жазы панасы жоқ адамдар мен алқаштар осы маңда мекен етіп, қоқыс ордасына айналдырған. Ал қала көркіне үлес қосуды мақсат еткен тұрғын бірнеше жылдық еңбегін сөз еткендерге наразы.

Бақша иесі Ермахан Шангереев:

— Көше бойынан ағаштар отырғызып, қала табиғатының жандануына үлесімді қосып жүргеніме осымен 20 жылдан асып 30 жылға аяқ басуда. Осы уақыт аралығына бұлай талқыға түспеп еді. Түсінбеймін, мұның несі ерсі?! Осы қоршауды тұрғызу үшін жобамен 2 жылдық зейнетақымды жұмсадым.

Ермахан Шангереев баптаған бақшасына қылтима арқылы кіріп, 5-ші қабат тұрғындары тастаған қоқыстарды жинап ағаштардың күтімімен айналысады. Көршілері тарапынан қолдау болмаса, үйдің сыртқы кейпін құртты деген сарында қарсылықтары жоқ.

Бұл жыңғылмен қапталған қоршау қаланың өзге тұрғындары тарапынан және әлеуметтік желі қолданушылары арасында да біраз пікірталас туғызып, талқыға түсті. Бірі дұрыс деп, екіншісі бұрыс деп өз пайымдауларын жеткізді. Алайда, кім қалай ой толғамдарын жеткізсе де, тәртіп ортақ, талап бірдей дейді қалалық әкімдіктегілер.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ғабит Қожахметов:

— Қоршау қала сәніне сын келтіреді. Оның үстіне көпқабатты тұрғын үйдің қоршауы заңдылыққа сәйкес тұрғызылу керек. Біз алдын ала ескерту жасап, 5 күн ішінде алуын өтіндік. Сондай-ақ, қоршауды қысқартуға тура келеді. Шыны керек, өздігімізден қопарып тастау да әбестік болады. Себебі, ол кісінің еңбегін ескерусіз қалдыруға болмайды. Тек, қоршауын талапқа сай етсе жақсы болар еді.

Расында, қала көркіне үлесін қосуды мақсат еткен тұрғын тірлігінде аса әбестік жоқ. Бір тал егудің өзін міндетсініп көмек сұрайтын тұрғындар да жоқ емес. Оның қасында өз қаржысына ортақ ауланың сәнін келтірген бағбанның ісін құптауға тұрарлық. Әкімдіктегілердің айтуы да орынды. Жасыл желек сақталуы да тиіс. Ал ол әрекеті үшін зейнеткерге айыппұл салу қаншалықты құптарлық іс? Тек, басқадан бес-он тиын дәм етпей, өз зейнетақысымен көгалдандыру жұмыстарына қосқан үлесі үшін жаңа қоршауға қолдау білдірсе де жеткілікті оған. Мүмкін, осыдан кейін өзге тұрғындар да өз ауласының желегіне назар аударар?!

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *