"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ЖОҚ ДЕЙ БЕРУ ЖОҒАЛУҒА БАСТАЙДЫ

Автор:QAA.kz

Май 12, 2022

Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Н.БАЙҚАДАМОВ: ЖОҚ ДЕЙ БЕРУ ЖОҒАЛУҒА БАСТАЙДЫ

Қазіргі турбелентті геосаяси жағдайда Тәуелсіздікті ұлы ұғым деп айту оңай, алайда толық сезіну қиын. Адамзат жаратылғаннан бірі бағынышты болмаудың, бірі үстемдік етудің талас-тартысында келеді. Қазақстан халқы да алауыздық болғанда жапа шекті, шығынға ұшырады, басы айдауда, тілі байлауда болды. Бірақ сын сағаты туғанда, рухымыз жаңғырып, біріктік, жеңдік, жеңісті ұстап, жерді қорғап, азаттығымызды сақтап қалдық.

Яғни әрбір мемлекеттің дамуында тағдыршешті кезеңдер болады. Жаңа мемлекеттік құрылымдарды қалыптастырып, біртұтас ел болудың мақсат-мұратын Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үнемі зерделеп те, айтып та келеді. Алдағы асуларымыздың нақты қадамдарын мемлекет басшысы биылғы наурыз Жолдауында тағы бір ресми түрде нақтылады.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылындағы табыстармен бірге уақтылы шешілмеген қайшылықтар саяси проблемаға айналды. Саясаттағы проблема дегеніміз – туындаған жағдайларды оңтайлы және уақтылы шешуге қоғамдық деңгейде өзара келісімге келе алмау. Келіспеушіліктің себептеріне: саяси жүйенің тұйықталуы, экономиканың әлсізденуі, әлеуметтік мәселелердің ұзақ жылдар дұрыс реттелмеуі, халықтың саяси процестерден, саяси шешім қабылдаудан шеттетілуі жатады. Жыл басындағы «қаңтар қақтығысы» осының шартты дәлелі. Бұл оқиғаға тарих өз бағасын беретіні анық. Дегенмен тарихтың ашқан басты жаңалығы – тарихи процестердің қайталатыны, бірақ адамдардың сол тарихтан сабақ алмайтындығы. Енді, «қаңтар қақтығысының» бізге берер сабағын қазірден жүрекпен сезініп, ел басқаруда басты назарда ұстамасақ, оның зардабы бұдан да зор болатынын жоққа шығара алмаймыз.

Адамзаттың бүкіл өмір сүру жолында, биліктің, халықтың бақылауында болуы, өте өзекті мәселе ретінде қарастырылады.

Әрине мемлекет мәжбүрлеуге негізделген билік монополиясын иемдене алады. Бірақ, мемлекет қарулы күштерге емес, халықтың қолдауына сүйенгені дұрыс.

Адамдарды қорқытпау керек, сендіру қажет. Сонда билік пен халық арасында өзара сенім күшейеді. Жолдаудың негізгі мазмұнын құраған, саяси ұстанымдарымызды жаңғырту осы бағыттарды көздейді.

Президентіміз «саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік- экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес»,-деп дәл тұжырым жасады.

Еліміздегі саяси жаңғырту ісі, адал, әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды мақсат тұтады. Бұл айтуға оңай түсінік. Әділдік дегеніміз барлық жерде, бәрімізге ортақ құндылық па деген сұрақ адамзатпен бірге келе жатыр. Кезінде Әлихан Бөкейханов: «Әділдік жоқ жұртта береке – бірлік болмайды»- деп өсиеттеп кеткен екен.

Бұның барлығы Президенттің проблемаларды тұжырымдап, тиімді шешім қабылдай алу жауапкершілігіне тіреледі.

Бұл жерде тұжырымдау деп қоғамда қалыптасқан шиеленісті түсіну және оның себебін анықтау, алда тұрған қауіпті дөп болжай білуді айтамыз. Яғни, барлық бастамалар саясаттағы маңызды проблема конфликтіні басқара білуді оңтайлы шешуі тиіс.

Осындай саяси сараптамалар негізінде, жан-жақты халықтық талқылауға мүмкіндік жасалып, мемлекетіміздің саяси жүйесін реформалаудың құқықтық базасын жетілдіру қолға алынды. Президентіміз 5 маусымға «Ата заңымызға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдағы сауал қойылып, жалпыхалықтық референдум өткізуді жариялады. Бұл референдум, еліміздегі жинақталған проблемаларды шешуге қолдау білдірушілер мен қарсылық білдірушілер арасындағы бәсекенің оңтайлы шешімін табуына нақты қадам деп есептеймін. Жалпы халықтық таңдау арқылы мемлекеттік басқарудың шынайы демократиялығына жол ашылады деп сенеміз. Біз тәуелсіз ел ретінде халықтың атынан басқару, халық үшін басқару кезеңдерінен өттік, енді халықпен бірге басқаруға мүмкіндігіміз артады. Бұқара халықтың билікке араласуы, саяси шешімдерге тікелей қатыса алудың құқықтық негізі нақтылана түседі. Өйткені, Конституция – біріншіден, әділеттілік, теңдік ұғымымен тығыз байланысты. Екіншіден, табиғи теңдіктің алдыңғы қатарда болуын рәсімдейді. Дегенмен, бір мәселедегі теңдік, екінші мәселеде теңсіздік тудыруы мүмкіндігіне байланысты, әрбір бап бойынша көзқарастар тартысы туындауы заңдылық. Сондықтан да референдум өткізудің өзіндік жауапкершілігін баршамыз сезінгеніміз жөн болады.

Әлемде геосаяси ойындар тоқтаусыз жүруде. Бұл ойында жеңіске жетуге әркімнің таласы бар. Біз соған қаншалықты шыдас береміз? Қайсысына ақылымыз бен айламыз жетеді? Дайындығымыз қаншалықты? Бұл сұрақтар бәрімізді толғандыруы тиіс. Қазіргі басымыздан өткізіп жатқан күрес заңы өз-өзімізді сақтау инстинктін арттыруды талап етуде. Сондықтан да тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуымыз керек. Бас-басымызға би болмай, елдің ығырын шығармай, таласпай өзара жарассақ қана жетістікке жетеміз.

Қаңтар оқиғасынан кейін, арамызда, ештеңе жоқ деп, барымызды жоққа шығарушылар, жамандық шақырғандай күңіреніп-түңіліп сөйлеушілер көбеюде. Жоқ дей беру жоғалуға бастайды.

Ел аман, жұрт тыныш, мемлекет тұр, мемлекет басшысы орнында, 30 жылдық тәжірибеміз бар. Ендігі жерде, зар заманмен тар заманда кеткен мал-мүлкімізді емес, бірлікшіл, мемлекетшіл рухымызды қайтарып бер деп тілейік.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *