2021 ж. Сәуір 14

«ЖЕР АЛЫП БЕРЕДІ, ҮЙ САЛЫП БЕРЕДI»

Адам баласы бар кезде алаяқтық та, қылмыс та тоқтамайтын секілді. Соңғы уақытта қала аумағында интернет арқылы жасалатын қылмыстар үймелеп кетті. Әсіресе егде тартқан кісілердің сеніміне кіріп, сеніміне қиянат жасап, зардап шегушінің тапқан таянғанын сыпырып кетеді. Былайынша қарасаң сол өзіміздің қазақтың жұрты. Өз еліне бұндай қасірет көрсетуге не себеп болды екен деген ой келеді. Соңғы кезде жиілеп кеткен алаяқтық түрлері мынадай: Сенімге кіріп, зардап шегушінің өз еркімен ақшасын қылмыскерге беруі. Несие алып беремін деп ақша талап етушілер. Үй кезегін тездетіп, үй алып
беремін деп алдап кету. Телефон арқылы банк қызметкері болып хабарласып, шоттағы ақшаны сыпырып алу және т.б.
Қаладағы қылмыстық ахуал қуантарлық емес. 2021 жылдың екі айында қалада 505 қылмыс тіркелген. Бұл тұста қылмыстық ахуалға қойылатын тосқауыл жеткіліксіз. Көбіне алаяқтыққа баратындар жұмыссыздар мен бұрын сотты болғандар. «Көң қатса қалпына келеді» демекші, алаяқтардың ретке келер түрі жоқ.
Сондықтан, халықты жұмыспен қамтып оның ішінде бұрын сотты болғандарға аса қатты назар аударып, оларды жұмысқа тартып, бақылауға алған жөн болар. Қала прокуроры Ағыбай Қасымбайұлы жақсы ұсыныстарды қарап, тексереміз дейді. Бұл дегеніміз, әкімшілік пен құзырлы органдар прокуратурамен бірлесіп қажетті шешімдер
ойластырмақ.


Қалалық әкімшілік тарапынан да қажетті жұмыстар жасалуда. Қала әкімнің орынбасары Елмұрат Рахматуллаевтың айтуынша құқықтық насихат жүргізуге өткен жылы жергілікті телеарналардан 57 сюжет көрсетліп, мамандар кеңесі талқыланып, қала халқына алаяқтарға арбалмау жолдары бойынша телебағдарламалар көрсетілген. Жергілікті басылым беттерінен осы тақырыпта 20-дан аса мақала жарияланған. Қаладағы оқырманы көп әлеуметтік парақшалардан да
жұртқа үндеу жасалып, алаяқтардан сақтану жолдары жиі насихатталуда. Қала көшелеріндегі жарнама тақтайшаларында аталған тақырып бойынша билбордтар ілінген.


Көп жағдайда, жер телімін алып беремін, пәтерге кезексіз кіресіз деп алдап, өзін әкімшілік қызметкері ретінде таныстырып, талай жұртты алдаушылар көбеюде. Осы орайда әкімият ғимаратынан құқықтық кеңес беру орталығы құрылып, тиісті сала мамандары кезекпен жерді, үйді алу бойынша халыққа кеңестер беруде.


Қала прокуроры жергілікті БАҚ-тан шыққан құқықтық насихат жұмыстарының көлемін арттыру бойынша өтініш білдірді. Бұл тұста әкімнің орынбасары жергілікті бүйжеттен қомақты қаражат бөліп, құқықтық насихат жұмыстарын арттыруға жұмыс жасалатындығын жеткізді. Қалалық полиция басқармасымен де байланыс нығаюда.
Жыл басынан 149 алаяқтық іс тіркелген. Жұмысқа тұрғызамын, зейнетке шығарамын деп те, ұялы телефонын сөйлесуге сұрап,
ұрлап кеткендер де жетерлік.

Бұл тұста, ешқандай адамға заңнан аттап өтіп, кезексіз үй де басқа да бермейтінін жеткізгіміз келеді. Кезегін күтуді білмейтіндер жиған-тергенін алаяқтың қалтасына өздері салып беруде. Артынша шағымданып, алаяқтықтың өзі де, ізі де табылмай қалады. Себебі, өз ақшасын алаяқтың қалтасына өзі салған. Алматыдағы «Кредит 24», «Онлайн кредит» сынды кредит бергіштердің де ісі оңынан туып, талайға кредит беріп пайызын сұмдық өсіріп жіберуде. Алматыда орналасып, жер-жерге де «У»-ын шашатын орындарды жабу бойынша тиянақты жұмыстар жасалуда. Әр жергілікті полицейлер көмегімен, тұрғындарға құқықтық алаяқтық бойынша түсініктеме жұмыстарын жүргізуге қалалық прокуратура тарапынан ұсыныс берілді.
Сондай-ақ, бөгде адамдардың бәз біреудің атынан несие рәсімдеуі де көбеюде. Немесе, үйіндегі қарт әке-шешесінің құжатын сұрап, олардың атынан кредит алып, туғанын сазға отырғызғандар да аз емес. Әлгі кредит бергіштерге кім болса да бәрібір, тек құжатын берсең болды, артыңнан ақшасын іліп жіберуде. Демек, алдағы уақытта кредит алуға адамның өзі келу керек немесе онлайн арқылы түрін көрсетіп байланысқа шығып қана кредит ала алу қажет. Ақша алудың жаңа тәсілдері пайда болып, бұқараның қаржылық сауаттылықтары төмендеуде. Сондықтан, келешекте алаяқтар арбауына түспей, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан кеңестерге жүгіне отыра әрекет еткен абзал.


Р.ТӨЛЕП

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған