QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ЖЕМҚОРЫ ЖОҚ…

ByQAA.kz

Ақп 4, 2021

Облыс орталығындағы оңынан болған жұмыстарды саралап, биылғы жылға жоспарланған жобаларды жүйелер сәт те келді. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен жүзеге асқан ілгерілеу мен
өркендеу бағытындағы жемісті жұмыстар жұртшылық тарапынан бағаланбақ. Осы негізде әкім алдымен қоғамдық кеңес алдында
есеп беріп, өткен жылды қорытындылады. Артынша, осы жылға тиесілі жаңа бастамалар мен айқын бағыттарды атап өтті. Өткен жылы 68,9 млрд теңге болып бекітілген бюджет қорытынды бойынша 94 млрд. теңгені құраған. Артқан цифр облыс орталығындағы оң өзгерістердің орын алғанын да айғақтайды.

Мәселен, бір ғана құрылыс жұмыстарына аударылған назар қала келбетінің келісті әрі көрікті болуына үн қосты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 58,1 млрд. теңгеге жетіп, орындалу көрсеткіші 124,7 пайызға жеткен.

Өткен жылы 1 342 қызылордалық қоныс той тойлады. Осы сарындағы қуанышқа куә болу үшін 2 мың 380 пәтерлік 52 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық, облыстық және қалалық бюджеттерден барлығы 19,2 млрд. теңге бөлініп, белгіленген жоспар өз межесінде жүзеге асқан.

Нәтижелі саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Аталған шаруашылықта жалпы өнімнің көлемі 9,4 млрд. теңгені құрап, 02 пайызға артығымен орындалған. Сандарға сүйенсек, қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымының барлық нысандарында 8 мың 722 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары орналастырылған. Сырдың символы саналған «Сыр маржаны» 4 мың 50 гектарға егіліп, оның әр гектарынан 52,2 центнерден өнім алынып, ел қамбасына 21 мың 160 тонна «Сыр салысы» құйылған.

  • Мемлекетіміздің алға қойған басты мақсаттарының бірі, ұлттық экономиканың жетекші күші – орта және шағын бизнесті жан-жақты қолдау. Облыс бойынша нақты жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 47,7 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. «Индустриалық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға» арналған мемлекеттік бағдарламасына сай қалада өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген жалпы құны 67,5 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске қосылғанда 1000 – нан аса қызылордалық жұмыспен қамтылатын болады. «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы негізінде бүгінгі таңда жалпы құны 6,5 млрд. теңгені құрайтын 161 жоба қаржыландырылса, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру бағыты бойынша комиссия шешімімен құны 56,5 млн. теңге болатын 30 тұрғынның жобасы қолдау алды. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несиелеу арқылы өткен жылы құны 968,3 млн. теңгені құрайтын 13 жоба қаржыландырылды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші бағытындағы бағдарламаға қатысушыларды қысқа мерзімді кәсіптік біліммен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен бөлінген 114,3 млн. теңгеге қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 659 азамат жолданды. Екінші бағыты бойынша кәсіпкерлік бастамасын қолдау бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Өңірлік инвестиция» орталығы, «Микроқаржылық» ұйымы арқылы 125 азаматқа 615,2 млн. теңге несие берілсе,үшінші бағыты бойынша қоғамдық жұмыстарға 598 млн. теңге бөлініп, 2 мың 511 адам қоғамдық жұмысқа тартылды, –
    деген қала әкімі салада оң өзгерістер барын тілге тиек етті.
  • Қуантарлығы, қала көлеміндегі мектептерде орын тапшылығы орнымен шешім табуда. Мәселен, жаңадан бой көтерген білім ошақтары соның дәлелі. Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық мектептің құрылысы аяқталса, инвестор есебінен 500 орындық «Зерде» жеке мектебі өз жұмысын бастаған.
  • Қала және қалаға қарасты ауылдар мен кенттерде спорт саласының өрістеуіне тиесілі жоспарлар да көңіл қуантарлық. Себебі, Бірқазан елді мекені, Ақсуат, Ақжарма, Қосшыңырау ауылдық округтерінде дене шынықтыру алаңдарын салуға қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген. «Жұмыспен қамту 2020-2021» Жол картасы бағдарламасы аясында 4 облыстық спорт мектептеріне ағымдағы жөндеу, «Локомотив» стадионының футбол алаңына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, байдарка мен каноэ есу базасының құрылысын жақын күндері аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.

Қаламыздың әлеуметтікэкономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда белсенді жұмыстар атқарылды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылы қала әкімдігіне қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелмеген.

(Әкім баяндамасынан)

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

Жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылауымызға, өңір экономикасының даму динамикасына оң әсер еткен Ел Президентінің бастамасымен жүзеге асқан Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған «Жол картасы» болды. Жол картасы аясында қала бюджетіне 10 млрд. 889,7 млн. теңге бөлініп, 64 жоба қаржыландырылды. Бұл қаражаттар қаладағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды. Бірнеше мәдениет, білім нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, «Тағзым» мемориалы, «Сыр Ана» монументі, «Темір жол» паркі, Назарбаев даңғылы абаттандырылды. Көппәтерлі тұрғын үй аулаларына 30 спорттық және 3 стритбол алаңдары, 70 аялдама орнатылды. 2 млрд. теңгеге 68 көшеге тротуар салынды. Аталған жобалар аясында барлығы 5021 жұмыс орны құрылды. Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Ақсуат ауылдық округіндегі №143 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге және 16 көшенің жол жөндеу жұмыстарына да басымдық берілді. Оған 375,3 млн. теңге бөлінген.


Қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев:

Қала көлемінде түрлі жобаларды жүзеге асыруға орай бірнеше мекемелер жұмыс істеуде. Атап өтерлігі, қалаға қарасты
мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қатысты фактілер тіркелмеген. Бұл үлкен көрсеткіш. Қоғам дамуының тежейтін, халықтың көңіліне кірбің түсіретін жемқорлықты азайтуға, оның тәуекелдерін жоюда жыл бойына үлкен жұмыстар атқарылғанын аңғаруға
болады. Нұрлыбек Машбекұлының алдағы жоспарларына сәттілік тілеп, облыс орталығының дамуына қосқан үлесіне алғысымызды жеткіземіз.

Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, қоғам белсендісі Эрик Теңізбаев:

Мойындау керек, Нұрлыбек Машбекұлы осы қызметке келгелі қаламыздан оң өзгерістерді аңғаруға болады. Мұны қала тұрғындары да, қонақтар да оң бағалап жүргендерінен аңғаруға болады. Тазалық бар. Жолдар жөнделді, жаяу жүргішілер жолы салынды. Қала өркендеп, өрістеп келеді. Алдағы уақытта
Нұрлыбек Машбекұлы атқаратын ауқымды жұмыстар сәтімен орындалсын деп тілейміз.

Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов:

Қаламызда атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды екенін есеп барысынан да айқындай түстік. Бюджеттің игерілуі халықтың
сұранысына сәйкес жүзеге асқаны да белгілі. Қалалық мәслихат депутаттарының пікірлерін назарға ала отырып, әр саланың ілгерілеуіне басымдық берген қала әкімінің жұмысына көпшілік жоғары баға беріп келеді. Осы ретте біз де Нұрлыбек Нәлібаевтың ендігі берекелі бастамалары мен айқын мақсаттарының жоғары деңгейде жүзеге асуына тілектеспіз!


А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған