Қаламызда орналасқан пробация үйінде өткен аптаның жұма күні Қазақстан Республикасы түзеу мекемелерінен босатылған және жазасын өтеп шыққан азаматтар мен пробациялық есепте тұрғандар, өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың азаматтары арасында волейболдан жарыс өтті.
Бүгінде елімізде тура жолдан адасып шалыс басқандар мен қасақана қылмыс жасап жазасын өтеп келгендер қаншама. Әрине, жазасын өтегеннен кейінгі қоғамның оларға деген көзқарасының өзгерері анық. Осындайдан кейін әр адам әртүрлі жағдайға тап болады. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, оларға осындай сәттерінде көмек қолын созар «Пробация үйінің» болғаны үлкен көмек. Қазіргі таңда, барлық өңірлерде пробация үйі бар. Олардың негізгі мақсаты қылмыс жасап жазасын өтеп келген адамдардың қайтадан қылмыс жасауының алдын-алу, өмірлік түрлі қиын жағдайларға тап болғандарға көмек көрсету және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Егерде оларға көмектер көрсетілетін болса, еркін өмірге деген құштарлығы артып, қоршаған ортаға сіңісіп кетуі оңайырақ болар еді. Осыған орай, қаламыздағы «Пробация үйінің» спорт залында «Салауатты өмір салтын насихаттау» бойынша волейболдан жарыс өткен болатын.
2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегияны жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған жарысқа барлығы 3 команда қатысты. Олар: қылмыстық жазасын өтеп шыққандардан «Жеңіс», өмірлік қиын жағдайға қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығында қызмет алушылардан «Тасбөгет», пробация қызметінде есепте тұрған азаматтардан құралған «Пробация» командалары.
— Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығына биылғы жылдың 1-тоқсанында 174 азаматтың әлеуметтік картасы толтырылды және олардың әрқайсымен жекелей сөйлестік. Бүгінгі жарыс «қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандарымен ұйымдастырылып отыр. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталады, — дейді орталықтың психолог маманы Тұрсын Налибаев.
Биыл түзеу мекемесіне көптеген түрлі хабарламалар келіп түскен. Соның негізінде орталық 62 азаматттың үйіне барып, олардың тұрмыстық жағдайларын көрген. Сонымен қатар, жұмысқа мұқтаж болып отырған азаматтарды жұмысқа орналастырып, құжаты жоқтарға құжаттарын алып беруге, тұрғылықты мекен-жайына тіркеле алмай жүргендерге тұрып жатқан орны бойынша сол мекен-жайға тіркеп беру секілді көмектер көрсеткен.
Жазасын толық өтеп шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қоршаған ортаға бейімдеу мен өмірге деген көзқарастарын жақсартуды көздеген жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі І орынды «Жеңіс» командасы иемденді. Жеңіске деген ерекше құлшынысымен ІІ орынды «Тасбөгет» командасы алса, «Пробация» командасы ІІІ орынды иеленді.
Қоғамнан тысқары қалып, өмірге деген құштарлық пен қамқорлықты аңсайтын азаматтарға «Пробация үйінің» алдағы уақытта да оларды барынша қоршаған ортаға бейімдейді деген сенімдеміз.
Т.КЕНЖЕБАЕВА