QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Жаяуларға жасалған жол

Автор:QAA.kz

Сен 8, 2020

Кез-келген аймақтың ең түйткілді мәселесі жол құрылыстарының сапасы екені шындық. Бұрын-соңды асфальт көрмеген көшелер  биылғы жылы тың жаңалықтарымен қуантпақ. Оның үстіне жол жиегіне жаңадан тротуарлар салынуда. Бұрынғыдай тротуар болмай тұрғындарды жол жиекте тұра тұрар деген көрініс енді қайталанбайды. Көлікке бөлек жол, жаяу жүргіншіге басқа жол қарастырылған. Бұл жобаның барлығы «Жол картасының» арқасында жасалуда. Бұл өзі керемет бағдарлама көрінеді. Биттің қабығындай асфальт қазір жоқ. Қалың, сапалы және уақытымен орындалуда.

Атап айтқанда осы жылы 68 көшеге  жаяу жүргіншілер жолы төселуде. Тротуарлардың жалпы ұзындығы 102 шақырымды құрайды. Көшелер бойымен көлік те, халық та көп жүреді. Сонымен қатар, мектептер мен балабақшалар және әлеуметтік маңызы бар нысандар осында орналасқан. Бұдан былай мектепке баратын оқушы шаң-топырақты кешпей, түзу әрі тегіс жолмен баратын болады.

«Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Елмұрат Рахматтулаевтың айтуынша бүгінгі күні көшелердің қырыққа жуық пайызы толықтай аяқталды. Бұдан бөлек, әр мердігер мекеменің жасаған жұмыстарының кепілдік мерзімі болады. Демек, белгіленген уақыт ішінде жолдың сапасы нашарлап, сынып, қирап қалған жағдайда жауапты мекеме қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізеуге тиісті. Жүргіншілер тротуарына берілген кепілдеме мерзімі екі жылға жетеді. Ал көше асфальттары үш жылға дейін міз бақпай тұруы қажет. Басқашалай болса, мекеме атына нұқсан келмек әрі екі есе шығын болмақ.

Мәселен, Ергешбаев көшесінің Жетоқсан көшесінен Абай даңғылына дейінгі аралығында жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Ұзындығы 700 метрді құрайтын жол аумағының жиегіне қиыршық тас төселуде. Мердігер компания «Қызылорда жолдары» ЖШС. Жол пайдаға берілгеннен кейін «Қызылорда жолдарының» жасаған жолдары қандай екенін халық шеше жатар.

Бұл тізімде Сәдуақасов көшесі де бар. Ергешбаев көшесіне көрші орналасқан.  Жолдың ұзындығы 0.78 шақырымды құрайды. Онымен қатар тротуарлар құрылысы жақсы жасалуда. Ең бастысы мүгедек жандарға ыңғайлы болмақ. «Эко-Сервис» ЖШС атты мердігер компания бұл жобамен айналысуда. Жалпы халықтың игілігіне беретін шаруаларды сапалы жасап, елдің батасын алғанға не жетсін. Бұл жолдардың сапасы да, түрі де жаман емес.

Тәуелсіздікке 20 жыл көшесінде де тротуарлар салынып жатыр. Жол жөндеу жұмыстары қарқын алып, жүйелі жүргізілуде. Ұзындығы 1,6 шақырымды құрайтын көшенің жөндеу жұмыстарын «Қасиет ЛТД» ЖШС жасауда. Жаппасбай батыр көшесінен Жасыл өлке көшесіне дейін салынған тротуарлар көз қызығарлық. Алайда, жасыратыны жоқ, жергілікті тұрғындар бордюрлерді қолды қылуда. Десе де, жөндеу жұмыстары толығымен біткеннен кейін  жолдың сапасы көше аттары секілді керемет болары сөзсіз.

— «Мен 1998 жылы осы «КБИ» мөлтек ауданына көшіп келдім. Ол жылдары бұл жер қаланың ең шеткі аймақтарының бірі еді. Алайда, жасыратыны жоқ. Газ да, су да, жарық та біздің шағын ауданға уақтылы келді. Барлық жағдай жасалуда. Міне, енді жолдарды жаңғыртып, жаяу жүргіншілер жолын құрастырып жатыр. Осы іске атсалысып жатқан барлық жауапты адамдарға алғыс айтамын», — деді жергілікті тұрғындардың бірі Ізбасар ШҮЛЕНБАЙ.

 Бүгінгі күнге дейін Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған «ЖОЛ КАРТАСЫ» аясында барлығы 260 жол салынбақ. Соның ішінде, қаладағы 111 көшеге және аудандар мен кенттердегі 32 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалады. Ал 50 көшеге қиыршық тас төселмек.

Сапалы жолдың пайдасы ұшан-теңіз. Жол апаттары мен адам қағу фактілері азайып, қаламыз одан сайын гүлдене түспек. Айта кететін маңызды жәйттердің бірі көшелердегі салмағы ауыр жүк машиналарының жиі көзге түсуі. Дәл бұлай пайдаланылған жол әп сәтте маңызын жоғалтпақ. Осы мәселені ойлы түрле қолға алған жөн болар.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *