QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ЖАЛТАРУҒА БОЛМАЙДЫ

ByQAA.kz

Сәу 29, 2021

Қызылорда қаласының әкімі Ғ.ҚАЗАНТАЕВ:

ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ЖАЛТАРУҒА БОЛМАЙДЫ

Қала әкімі қызметіне кіріскелі біршама ауылдарды, мекемелерді аралап келеді. Әрбір тұрғынмен тілдесіп, түрлі сала мамандарының ұсыныстарын қаперге іліп жүр. Тұрғындардың талап-тілегін назарға алып, орындалуы үшін оңтайлы әрекет жасайтын депутаттарды да ұмыт қалдырмауда. Жақында қала басшысы Ғанибек Қонысбекұлы бірқатар депутаттарды қабылдап, айтарларын, ұсыныстарын, пікірлерін тыңдады. Артынша, мәселенің шешіміне сәйкес жауап қатты.

Қалалық мәслихат депутаты Талғат Телеубаев:

  • Облыс тұрғындарын картоппен және басқа да көкөністермен толық қамтамасыз ету мақсатында қалаға қарасты Қараөзек және басқа да ауылдық округтердің жерлерін дайындау және игеру бойынша толық ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Біз картоптың көп бөлігін елдің солтүстік аймақтарынан сатып алатынымыз жасырын емес. Негізі осы ұсыныс қала бойынша өндірістің дамуына серпін береді, ең бастысы, тұтынушылар үшін экологиялық таза өнім болады.
  • Азық-түлік сапасын қамтамасыз ету мақсатында сатылатын жемістер мен көкөністердегі нитраттарды және басқа да зиянды заттарды анықтайтын ескірген зертханаларды жаңарту мүмкіндігін іздестіру қажет. Зертханалық жұмыстарды орындауды осындай қызметтерді жүргізуге тиісті лицензиясы бар аккредиттелген жеке ұйымдарға беруге болады.
  • Мүмкіндіктері шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту
    проблемалары бойынша ақпараттық талдау орталығын құру. Жалпы, аталған бағытта көптеген проблемалар туындауда және көпшілікке тиісті ақпараттың жетіспеуіне байланысты шешім таппай келеді. Сол себепті орталық керек деп есептеймін.
  • Сондай-ақ, қалааралық жаңа автовокзалды Арзан базар маңына алсақ, елдің солтүстігіне де, оңтүстігіне де еркін шығуға қолайлы болады. Негізі дайын инфрақұрылым. Қосымша жұмыс орындарын да жоспарлау керек. Автовокзалдың заманауи жобасын жобалау мүмкіндігі бар.

Әкім жауабы:

  • Мұқтаж азаматтарға көмектесу мақсатында қор құру керекпіз. Бірінші кезекте әлеуметтік салаға қатысты мәселелерді шешу қажет. Сондай-ақ, қаладағы «Қызылорда Автобус Паркі», «Қызылорда тазалығы» сынды кәсіпорындардың проблемаларына да назар аудару керекпіз. Көптеген бағыттар бойынша жұмысты күшейту қажет, біз сіздердің көмектеріңіз бен қолдауларыңызға сенеміз.

  • Қала көлемінде орналасқан мектептер болғандықтан, бөлім облыстық білім басқармасына өткен күнде де мектеп, ата-ана, ұстазға жауапты қала әкімдігі болады. Жауапкершіліктен жалтаруға болмайды. Қаржыны бөлу мәселесінде де ұсыныстар ескерусіз қалмайды. Білім саласындағы орын алған мәселелерге байланысты ұйым құрылып, оның құрамы ардагер ұстаздар, білім беру саласы қызметкерлерінен, депутаттардан жасақталады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен олардың ата-аналарына қатысты болашақта демеушілік қор құрылады. Қор жұмысына теріс пікір, сан сұрақтар туындамас үшін әкімдік пен маслихат емес, тәуелсіз азаматтардың көмегімен үйлестіріледі. Мемлекеттік, құзырлы органдардан көмек сұрап жүрген әлеуметтік аз қамтылған аналардың 10 пайызы тұрғын үй мәселесімен келсе, 90 пайызы балаларының еміне, азық-түлікке, жөнде жұмыстарына қаржылай көмек сұрайтыны анықталған. Осы аналарға қор арқылы жүйелі көмек беру көзделген. Мысалға баласының емі басқа қалада болуына байланысты жолақысына қордан ақша алса, билет көшірмесін қорға өткізу арқылы әр жұмсалған қаржының есебі жүргізіліп отырады. Қор жұмысын жүргізу, көмек беру мақсатында қорға ақшаны әкімнен бастап беру арқылы өзге жеке кәсіп иелерін тартуды көздейміз. Ал қордың жұмысы қамқоршылық кеңес арқылы жүргізіледі.

  • Қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты комиссия құрылады және келісім-шарт бойынша кепілдік болса міндетті түрде жөндеу жұмыстары қайта жасатылады. Бұл мәселе де назарда. Автобус паркіне жұмыс барысымен барған кезде қала тұрғыны ретінде өзімді де ойландыратын көп сұрақтар жауапсыз қалды. Көп мәселенің туындауы кадр тұрақсыздығында, анализ жасай отырып жұмысшыларға мотивация беру қажет. Мекемеге теріс пікір қалыптастырмай, керісінше өз жұмысын тыңғылықты орындаған қызметкерге қаржылай көмек берсе жұмыс сапасы, кадрдың тұрақтылығы, ішкі тәртіп, нәтижелі, табысты жұмысқа қол жеткізіп мәселенің шешімін табады.

  • Тұтынушылардың құқығы әркез қорғалу тиіс. Осы орайда, мәселе бойынша арнайы комиссия құру керекпіз. Кепілдік мерзімі бар барлық адамдар өздерінің құқықтарын қорғаған жөн.

  • Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында қауіпсіздік және сақтық шаралары сақталған жағажай расында болғаны жөн. Осы орайда, Тұңғыш Президент саябағына қарама-қарсы көлдің нұсқасын қарастыруды ұсынамын. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізу қажет болады.

  • Қаланың кез келген аймағында тыныштық сақталуы тиіс. Тұрғындарға қолайлы болуы мақсатында үнемі қадағалауға алу керек. Сондай-ақ бұл мәселені салық қызметінің, құқық қорғау органдарының өкілдерімен және пәтер иелерімен пысықтауды тапсырамын.

  • Жастарға әркез және жан-жақты қолдау бола береді. Әртүрлі сала бойынша ұсыныстарын да орындауға жағдай жасаймыз. «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығына барып, қала жастарының жобаларымен танысамын.
  • Шет аймақтардың да мәселесі шет қалған жоқ. Бұл ретте мен қоғамдық қабылдауларды жиі өткізу арқылы халықтың талап-тілегін тыңдауға мүмкіндік көбейетінін жеткіземін. Қазір қайта жаңғыртудан өткен үйлердің тұрғындарынан шағым көп және оны арнайы қауымдастық құру арқылы шешуге болады. Сондай-ақ, әрбір жұмыстың сапалы атқарылуы, қаржының жоспарлы бөлінуі назарда болады.

Қаланың шет аймақтарына жауапты мәслихат депутаттары қала әкімі Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлымен кездестік. Қала әкімі ертең қалаға қарасты ауылдық округтері мен саяжайларды араламақшы екен. Осы маршрутқа «Сабалақ» саяжайын қосуды ұсындым. Көп проблемалары бар ауылмен танысып, жағдайды өз көзімен көргені дұрыс. Сонымен қатар, қаладағы балаларға байланысты көп мәселелерді көтердім: ерте жүктілік, жасөспірімдердің ата-анасыз басқа қалаларға шығып кету, пәтерлепді кәмелетке толмағандарға жалға беру, құқық бұзушылық мәселелерін айттым

Қалалық мәслихат депутаты
Анар ІЗДЕН


Толығырақ: «Ақмешіт Ақшамы» газетінің 29.04.2021 жылғы нөмірінен оқи аласыз.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған