QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Жас спортшылар саны өсуде

ByQAA.kz

Жел 3, 2020

Жастардың спортқа белсенділік танытып, түрлі жарыстарға қатысып жүргені жақсы-ақ.

Белкөл кентіндегі спорт орталығына ел-жұрт лық толды. Басым бөлігі ата-аналар. Спортшылар дегенге зор денелі, шымыр ұл-қыздарды көзіміз шалар деп ойлап едік. Алайда, өзіміздің кішкентай балалар екен. Олардың өзі, кіші жасына қарамай, осы бастан түрлі жүлделі орындарды ұтып алуда. Жастарын айтсам күлкілі секілді. Бірақ арасында бұғанасы қатпаған балалар да, мектеп оқушылары да жүр. Әдепкі жылдары спортқа деген құлшынысы мол ер жүректілер көп емес еді. Қазірде саны күннен күнге көбеюде. Оның үстіне бұл заманның балалары біраз әлсіздеу, аурушаң келеді емес пе? Бұған кей жұрт экология дейді, тұқым дейді. Әйтеуір бір анығы дәл осы балаларға спортпен жаттығу таптырмас мүмкіндік.

Шара барысы «Жыныстық қолсұғушылықтың алдын алу» жайлы болды. Бұл жерде кіші балалардың көптігі жайдан-жай емес. Өйткені дәл осы балаларды алдап, арбап түрлі әрекетке бой алдыратын қаскөйлер саны азаймауда. Біреуін тәтті беремін деп, басқасын үйіңе жеткізіп саламын деп алдап, маңына жақындатып алады. Бұның соңы ешқашан жақсы біткен емес.

Осы ретте, шараға қатысушы Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов жастарға арнап бір трейнинг өткізді дерсің. Жастарға түрлі сақтық шараларын ұғындырып, бөтен адаммен өзін қалай ұстау керектігін түсіндірді. Әр жасқа деген іштей ағалық қамқорлығын сездіріп, жастарға біраз ой-ақыл айтты.

Шараның тұздығы соңына қарай сезілді. Шет елден, оның ішінде Тбилиси қаласында өткен онлайн спорттық жарыстан жүлделі орын иеленген жастарды марапаттап, сыйлықтар табыстады. Сыйлық деген кәдеге жарау керек. Бұрындары жарыстардан телефон, суреттер немесе асхана құралдарын ұтатындар көп еді. Бұл жолы расында спортта кәдеге жарар сыйлықтар табысталды. Жарқыраған медәлі мен мақтау қағазы тағы бар.

Жарысқа белсене қатысқаны үшін Алтынбек Ерқожа, жеңіске деген жігері үшін Жылқайдаров Икрам атты жас спортшылар марапатталды.

Бір жақсысы, аймақта бой көтеріп жатқан спорт нысандары мен алаңдары жастардың, орта буынның тіпті зейнеткерлердің спортқа деген ерік жігерін шыңдауда. Таң ата жүгіріп жүрген ақсақалдарды көргенде бір марқайып қаларың анық-ақ.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған