QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ЖАМАН БОЛАЙЫН ДЕП БОЛМАЙДЫ

Автор:QAA.kz

Сен 23, 2021

Қызылорда қалалық мәслихатында қалалық мәслихат депутаты Қайрат Ерназаровтың төрағалығымен тұрақты комиссия отырысы өткізілді. Қаладағы білім бөлімдері, облыстық білім басқармасының, полиция департаментінің өкілдері жиынға қатысып, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың жайын сөз етті.

Былтырғы уақыт тәртіп сақшылары үшін де, білім мекемелері үшін әлдеқайда оңай болғандай. Жұрттың бәрі онлайнда, оның үстіне оқушылар, студенттердің қарасы көрінбейтін. Биылғы оқу жылы ауыл-аймақтан, басқа өңірлерден студенттер келіп, қаламыз біраз «тіріліп» қалды. Қаланың көркі студент пен оқушы ма деген ой келді. Көшедегі кептелістер, даңғыл сайын иісі бұрқыраған тез әзірленетін тамақтардың бәрі студенттер келгелі пайда болды.

Алайда, бұған жұрт қуана қараса да, тәртіп сақшылары мен білім мекемелерінің тақымын қысатын уақыты еді. Себебі, жастар арасындағы құқық бұзушылық, топтық төбелестер саны артады. Оқу жылының басталғалы кеше ғана, әзірше бәрі қой аузынан шөп алмас, бір-бірін зерттеп, әлдері келетін жұртты анықтайтын кез. Жаңа жылға жақын уақытта, одан кейінгі кезеңде топтық төбелестер мен заң бұзушылықтардың артатыны анық.

Күні кешеге дейін өзіміздің Арбатта (Ы.Жахаев көшесі) талай жұртты тыныштандырып жүрген екі топ тәртіп сақшылары болған еді. Үш адамнан бірлесіп, арбаттың бойын әрі-бері кезетін. Себебі, Қорқыт Ата университеті, Медициналық колледж, Аграрлық колледждің «батырлары» осы көшеде жиналып, өз арасында соғыс ашатын көрінеді. Одан қалса орталықтағы, шет аудандардағы күні-түні жұмыс жасайтын дүкендерде спиртті ішімдік, темекі сынды рұқсат етілмеген заттарды сатып алатын жасөспірімдер де азаймай тұр.

Ішкі істер министрлігінің және тікелей полиция департаментінің бастамасымен кәмелетке толмағандар мен жастар арасында және оларға қарсы жасалатын әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада», «Қауіпсіз мектеп», «Ата-ана, Жасөспірім, Көше», «Бақытты балалық шақ», «Тұрмыс», «Квадрат», «Түнгі қаладағы балалар», «Учаске», «Абайлаңыз балалар» жедел-профилактикалық ісшаралар ұйымдастырылды.

Дүкендегі сатушылар жас балалардың құжатын тексермей, саудасын жүргізу үшін зиян заттарды сата береді. Оларды анықтап, үстінен сотқа арыз түсірген күннің өзінде біршама қиындықтар болып, сот жабылып қала береді екен. Мәселен, осындай сауда үстінде құрықталған дүкеннің айыбын оның иесі емес, оны сатқан сатушы көтереді екен. Сондықтан, сатушысына анаумынау шара қолданылғанмен, дүкенді лицензиясынан айыруға мүмкіндік жоқ. Оны лицензиядан айыру үшін дүкен иесінің өзі сол зиян заттарды сатып жатқан жерінен анықталу керек. 2021 жылдың 8 айында 2312 құқық бұзушылық анықталса, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 183 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Олардың ішінде, түнгі уақытта яғни, түнгі 11-ден кейін заңды өкілдерсіз жүрген 1735 жасөспірімнің ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, балаларын тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамағандары үшін Әкімшілік кодекстің 127-бабымен 11 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Жастар арасындағы қылмысты зерделей келе орын алған қылмысқа қатысқан 20 жасөспірімнің 1-уі қаладағы №101 орта мектебінің оқушысы, 4-уі колледж студенттері (Болашақ, Абылай хан, М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық, Нұр-Сұлтан қаласындағы колледждер), 15 оқуда немесе жұмыста жоқ жасөспірімдер.

Соңғы 15 жасөспірім мектебін бітіріп, куәлігін алып, оқуда да, жұмыста да жоқ жастардың қатарына жатады. Осы орайда тоғыз сыныпты тәмәмдап, колледжге оқуға түсіп артынша шығып кеткен жастардың да барын айтқымыз келеді. Қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Қонақбайқызының айтуынша оқудан шыққан жастар мектепке қайта оралады. Егер оқушы жұмыс жасап жүрсе кешкі мектепке орналастыруға міндетті екендерін жеткізді. Ал осы мектептер мен балабақшаларға бейнебақылау камерасын қою жұмыстары қазірде қарқынды жүргізілуде. Қаладағы 55 мектепке бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың 14-і орталық жүйеге қосылған.

Биылғы жылы аудандарға бөлінген қаржы қайтарылып, қаланың жайын қарық қылып алайық деген шешімге келген басшылар, қазірде жұмыстарын жүргізуде. Жыл соңына дейін 14 мектептен бөлек тағы да 30 білім ұйымында орнатылған камераларды орталық жүйеге қосу көзделуде. Қазіргі таңда түнгі уақытта көшеде жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдер анықталып, аты-жөндері, мек­­тептері тікелей қалалық білім бөліміне жіберілуде. Осы арқылы кімнің не істеп жүргенін білімдегілер бақылауда ұстамақ.

 Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *